Әлеумет

Түйетөбедегі тебіреністі сәт

Тарихтың терең бір белесінде қалғандай болып көрінетін сонау зұлмат кезеңнің жаңғырығы жыл сайын осы бір уақытта қаттырақ естіледі.

Нақ осы күні облыс орталығының күн шығыс жақ бетіндегі Түйетөбе деп аталатын жер ерекше бір тебіреністі сәтті бастан өткереді.

Кеше де солай болды.

Таңертеңнен бастап қала сыртына қарай ағылған көліктерде есеп болған жоқ. Бұл күнде алды тоқсан жасқа ілігіп, соңы жетпістің үстіне енді шыққан әжелер мен аталар жанарларын жасқа шылап, қол орамалдарын әлсін-әлсін көздеріне апарып, сол биіктің басына жеткенше асықты. Олар бүгінде өздері ақсақалдық ауылына еркін енгенімен, бірі   алақан жылуын сезініп үлгерген, енді бірі дидарын да көрмеген әкелерін іздейді. Сондайда олардың көңілге медет, дәтке қуат ететін жерлері де осы ара.

Бұл күні Түйетөбе басында азалы музыка әуені үздіксіз беріліп тұрды. Жиналғандар да үнсіздікпен аруақтарға тағзым етіп, құран бағышталды.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев ескерткіш алдында гүл шоқтарын қойды. Осындай рәсімді қала әкімі Архимед Мұхамбетов, қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің басшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының өкілдері жалғастырды. Сондай-ақ қуғын-сүргін көргендердің ұрпақтары да ата-бабаларының басына тағзым етті.

Жиналғандар атынан аруаққа дұға қылған Төлеу ақсақалдың әкесі Таңсықбай Маймақов Жұрын ауданында қара шаруа болып жүргенінде ұсталып, үштіктің шешімімен 1937 жылы атылады.

— Мен әкемнен екі жасымда қалғанмын, —  дейді Төлеу қария, — бірақ ес білгелі сол әкемді іздеумен келемін. Саясатта ісі жоқ шаруа адамының қалай жазаға іліккені мен үшін шешуі жоқ жұмбақ. Ендігі тілегім – сондай ауыр жағдайға келер ұрпақ ілікпесін.

Әкеден төрт жасында қалған Қылышбай Есбосынов та көп ауыр қасіретті басынан өткеріпті. Шалқар аудандық білім бөлімін басқаратын әкесі Үбінияз елу төрт адамның қатарында 1937 жылы ұсталған. Кейіннен анасы Күлпара да қуғындалып, Қарағандыдағы лагерьде 1957 жылға дейін қамауда болған. «Біз балалар үйінде өстік, әкенің мейірімін, шешенің шапағатын сездірмеді, — деп қынжылады Қылышбай аға, — енді осында мәңгілік тыныс тапқан әке басына келіп тұрудан басқа амал жоқ».

Заманында Тобанияз ханның хатшысы болған Құрманғали Сатыбалдин «алашордашыл» болғаны үшін айыпталған екен. Уақытында қатарының алды, интеллигенция өкілі болған оның ұлт мүддесі үшін ұмтылыстарына осылайша бұғау салынған. Бүгінде жетпістің төртеуіне шығып отырған Жақсылық әке армандаған көп тілектің енді ғана орныққандығына тәубе етеді.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу 1997 жылдан бастап атап өтіледі. Ақтөбе облысы бойынша зұлмат құрбандарының толық тізімі профессор Зәкіраддин Байдосовтың еңбектенуі нәтижесінде толық дерлік құрамда кітап болып басылып шықты. Талай адам өздерінің әкелері мен ағаларын осы еңбек арқылы тапты.

Солардың қатарындағы Сисенғали Қарақұловтың немересі Қуат Жамалов бізге мынадай қасіретті тарихты баян етті. Діни сауатты, ишан атағы бар Сисенғалиды 1937 жылы панисламдық жолды уағыздаушы деп қудалап, ату жазасына бұйырады. Оның баласы Жамал Сисенғалиев қуғын-сүргіннен сескеніп, аты-жөнін Жамаладин Макариев деп өзгертеді. Бірақ ол әке ізімен діни ұстанымын жалғастырып, одан бір сәтке де айнымаған. Одан алты бала өрбиді. Сөйтіп, осындай жанкештілікпен бір әулет шаққа сақталып қалады.

Түйетөбе басына жиналғандардың әрқайсысының басында осыған ұқсас тағдырлар бар екендігі анық еді.

Мұның сыртында біз осында болғанымызда қуғын-сүргін жылдарында Ақтөбе облысына сырттан 3 мың орыс, 5 мың украин, бессараб, 700 болгар, 6 мың шешен, 400 еврей, 1 мың поляк, 1,5 мың неміс  қатаң бақылау астында жер аударылғанын білдік. КСРО аумағын мекендеген халықтардың ортақ қасірет-қайғысы оларды осылай да біріктірді.

… Түйетөбе басына қолдан отырғызылған бір өңкей сарғыш гүлдер баяу толқып, сағыныш күйін шертіп тұрғандай еді.

Кенеттен өрекпи соққан суық жел денемізді тітіркендіріп жібергендей болды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button