Спорт

Хиросимадан Джакартаға дейін

Алдағы сенбі, 18 тамыз күні Индонезияның астанасы — Джакарта қаласында XVIII жазғы Азия ойындары басталады.

Төрт жылда бір өтетін Азия ойындары — Олимпиададан кейінгі ең ірі жарыстардың бірі. Биылғы Азия ойындарына елімізден 440 спортшы қатысады. Азиаданың ашылу салтанатында еліміздің көк туын 21 жастағы боксшы, 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл алып шығады.

Қазақ елі — үздік бестікте

Ең алғашқы жазғы Азия ойындары 1951 жылы Үндістанның Дели қаласында өткен. Оған 11 елден 489 спортшы қатысып, спорттың 6 түрі бойынша бақ сынасыпты. Алғашқы Ойындардың жеңімпазы — Жапония. Жапон спортшылары осы жарыста сарапқа салынған барлық 169 жүлденің 60-ын, немесе үштен бірінен астамын жеңіп алған.

Арада 23 жыл өткенде, 1974 жылы Иран астанасы — Тегеранда өткен VII Ойындарға 25 елден 3010 спортшы қатысқан. Олар спорттың 18 түрі бойынша бақ сынасқан.

Ал бұған дейінгі соңғы, 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен ХVII жазғы Азиадаға 45 мемлекеттен 9,5 мыңнан астам спортшы қатысты. Спорттың 36 түрінен жарыстар өткен. Бұл мәліметтер — біз оқырманға Азия құрлығындағы спорттың дамуының көрсеткіштері.

Алғашында құрлықтық ойындар «Азия ойындарының федерациясы» аталған ұйымының ұйымдастыруымен өткен, кейін, 1982 жылы бұл ұйым Халықаралық Олимпиада комитетінің құрамына алынып, аты «Азияның Олимпиадалық кеңесі» болып өзгертілді.

1951 жылдан 1982 жылға дейінгі аралықтағы ойындардың бәрінде жалпыкомандалық есепте әрдайым Жапония бірінші орынға шығып отырды. Ал 1982 жылы Делиде өткен ІХ ойындарда ондаған жылдар бойы Азияның басты спорттық державасы болған Жапонияны алғаш рет Қытай басып озды. Содан бері Қытай Азия ойындарының ресми емес жалпыкомандалық есебіндегі көшбасшылықтан айырылмай келеді.

Азия ойындары тарихындағы барлық 13 744 жүлденің — 2895-ін, ал барлық 4313 алтын медальдың 1342-сін қытайлық спортшылар олжалаған екен. Екінші орында — Жапония, оның «қанжығасында» 957 алтын медаль бар, үшінші орындағы Оңтүстік Кореяның спортшылары алтын жүлдеге 696 рет қол жеткізіпті. Төртінші орында Иран тұр, оның еншісінде 159 алтын медаль бар.

Ал, біз үшін ең сүйсінерлігі, жалпыкомандалық есептегі үздік бестік қазақ елінің көрсеткіштерімен түйінделеді. Қазақстанның еншісінде жазғы Азия ойындарының 481 медалі бар екен, оның 140-ы — алтын. Бұл жерде ескерерлік тағы бір жайт, Қазақстан Азия ойындарына жоғарыда аталған елдерден әлдеқайда кейін қосылды. КСРО Ұлттық Олимпиада комитетінің Азия Олимпиадалық Кеңесі құрамында болмауы себепті, кеңес заманында Қазақстан Азиадаға қатыса алған жоқ. Біздің еліміз бұл додаға 1994 жылдан, сол жылы Хиросимада өткен ХІІ ойындардан бастап қана қосылды. Ал Жапония мен Иран Азия ойындарына түу бастан, 1951 жылдан-ақ қатысып келе жатқан болса, Қытай мен Оңтүстік Корея 1954 жылы Филиппиннің астанасы Манилада өткен ІІ Ойындардан бастап қосылған.

Айта кетелік, Азия ойындарының тарихындағы үздік он елдің қатарында бұрынғы КСРО республикалары арасынан Қазақстан ғана бар. Қазақстаннан кейінгі ең жақсы көрсеткішке жеткен Өзбекстан — 11-орында, оның «қоржынындағы» алтындар саны — 63.

Басты меже — төртінші орын

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1992 жылы сәуірде өткен Азия Олимпиадалық кеңесінің Бас Ассамблеясында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қырғызстан мемлекеттерін Азия ойындарына қатыстыру жөнінде шешім қабылданды. Сөйтіп, Азия құрлығындағы бұрынғы КСРО республикалары 1994 жылы 2-16 қазан аралығында Жапонияның Хиросима қаласында өтетін ХІІ Азия ойындарына қатысу құқығына ие болды.

Хиросимада өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 210 спортшы аттанды. Тәуелсіз, дербес ел ретінде қатысқан тұңғыш құрлықтық Ойындарда қазақ елінің мерейі үстем болып, жалпыкомандалық есепте 4-орынды иемденді. Жалпы, Азия ойындарының қорытындысында әдетте үздік үштіктің құрамы өзгермейді: Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея. Ал басқа елдер үшін төртінші орын — ең үздік нәтиже саналады. Хиросима ойындарына дейін бұл нәтиже үшін Иран, Тайланд, Солтүстік Корея, Үндістан, Филиппин, Индонезия сынды елдер өзара таласатын болған. Ал қазір бұл елдер үшін Қазақстан төртінші орынды иемдену мақсаты жолындағы басты кедергіге айналды. 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен XVI жазғы Азия ойындары қарсаңында Иран спортшылары: «Біздің көздегеніміз — төртінші орын. Сондықтан, қайткенде де қазақ спортшыларынан басым түсу үшін, барымызды саламыз», — деп мәлімдеген еді.

Хиросимаға қайта оралсақ, қазақ спортшылары бұл додада 25 алтын, 26 күміс және 26 қола, барлығы 77 медальға қол жеткізді. Қазақстанның алғашқы Азиадасында ең биік тұғырға көтерілген спортшылар қатарында жеңіл атлет, кейіннен Олимпиада чемпионы болған Ольга Шишигина, боксшылар — Нұржан Сманов пен Қанатбек Шағатаев, даңқты палуандар — Дәулет Тұрлыханов, Юрий Мельниченко және Мәулен Мамыров, зілтеміршілер —  Вячеслав Ню, Андрей Макаров т.б. болды.

1994 жылғы Азиададан бергі уақытта Қазақстан бұл додаға алты рет қатысып, жалпыкомандалық есепте төрт рет — төртінші6 екі рет бесінші орынға ие болды. 2014 жылы Инчхонда өткен ХVII жазғы Азиадада қазақ спортшылары 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль иемденіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға көтерілген еді.

Биыл да біз спортшыларымызды осы биіктен көргіміз келеді. Джакарта ойындарының бағдарламасында біз үшін тиімсіздеу өзгерістер де бар: мысалы, бокстан ерлер арасындағы сайыстардан 81 кг, 91 кг және 91-ден жоғары салмақтағы категориялар алынып тасталды. Сөйтіп, Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиадаларының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов,  Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Василий Левит және 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев сынды ең мықты боксшыларымыз бұл додадан тыс қалып отыр. Дегенмен, биылғы Азия ойындарының бағдарламасына енген у-шу, джиу-джитсу, кураш, самбо сынды жекпе-жек түрлерінен де қазақ спортшылары әлемдік деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Ендеше, күдіктен үміт басым болуы тиіс.

Азиадаға баратын ұлттық құрамаға Ақтөбеден сегіз спортшы енді. Олардың қатарында өткен жылғы әлем және Азия чемпионаттарында күміс жүлдеге ие болған палуанымыз Мейрамбек Айнағұлов, көптеген халықаралық жарыстарда жүлдегер атанған жүзгіш Айбек Камзенов бар. Айбек брасс әдісімен 50, 100 және 200 метр қашықтықтарда бақ сынайды. Айта кетелік, өткен Азиадада ел қоржынына үш бірдей алтын салған Дмитрий Баландин жарақатына байланысты Джакартаға бара алмайды.

Джакартада спорттың 42 түрінен 476 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button