Басты жаңалықтарДенсаулық

Жүрек ырғағы қалай бұзылады?

Кейде жүрегіміз қатты соғып кетеді немесе керісінше баяулап, тыныс жетпегендей болады. Бірақ көпшілігіміз осы белгіге мән бермейміз. Ал бұны медицинада аритмия, яғни жүрек ырғағының бұзылуы деп атайды. Егер ауру асқынып, жүректің ырғағы бұзылса, соңы қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін. Қазіргі күні Ақтөбе медициналық орталығында аталған ауруға шалдыққан науқастардың жүрегіне кардиостимулятор аппараты қойылады. Жалпы аритмия қандай ауру? Ем қалай жүргізіледі? Аурудан сақтану үшін  не істеу керек? Осы мақсатта орталықтың кардиолог дәрігері Болат Хамидулла мен интервенционды кардиолог  Жамбыл Жайлыбаевпен сөйлестік…

Аритмия және үш түйін

Аритмияның негізгі  себебі — жүрек импульсінің нашарлауы. Қалыпты жағдайда адамның жүрегі минутына 60-80 рет соғады. Ал аритмияға шалдыққанда жүректің ырғағы бұзылады. Жүректің тым тез соғуын — тахикардия, ал баяу соғуын брадикардия деп атайды. Кардиолог Болат Хамидулланың айтуынша, тахикардия кезінде жүрек тез соғады. Кейде ас ішіп отырғанда, теледидар қарағанда, тіпті жай отырған кезде жүрек дүрсілдеп, қатты соғып кетеді. Ал брадикардияда жүрек минутына 30-40 рет соғады. Адам сәл жүгірсе тез шаршайды. Бойды әлсіздік билейді, бас айналады. Тіпті адам есінен танып, құлап қалуы мүмкін.

— Аритмияға шалдыққан науқас жан-жақты тексеріледі. Аурудың негізгі себебі анықталады. Егер адам жоғары қан қысымы ауруына, қант диабеті, жүрек ауруларына, семіздікке  шалдықса да жүректің ырғағы бұзылады. Ырғақ бұзылысының бұдан басқа да себептері  немесе туабітті ақауы болуы мүмкін. Дәрігер ауруды тудырып тұрған негізгі себепті жоюға, оны емдеуге тырысады. Аритмия ауруының түрі көп. Дәрі-дәрмек әсер етпейтін түрі бар. Бұндай кезде нақты диагноз қойылғаннан кейін науқасқа кардиостимулятор аппараты салынады немесе «Karto-3» навигациялық аппараты арқылы радиотолқынды күйдіру, яғни абляция жасалды, — дейді Болат Хамидулла.

Ал жүрек ырғағы қалай бұзылады? Қалыпты қызмет атқаратын жүрек тәулігіне 100 мың рет соғып, қанды айдап, оны бүкіл денеге таратады. Жүрек соққан кезде оның бөліктері біртіндеп, яғни алдымен жүрекше, сосын қарынша жиырылады.

Жүрек өздігінен үнемі электрлі импульс шығарып тұратын, яғни, қарапайым тілмен айтқанда, электр қуатын  шығаратын ерекше мүше. Жүрек бұлшық еті импульс арқылы жиырылады. Электрлі импульс оң жақ жүрекшеде синоатриалдық, яғни синустық ( СА) түйіннен шығады, яғни жүректің қалыпты  соғуы осы түйінге тікелей байланысты. Осы жерден шыққан импульс  өткізгіш жасушалар арқылы жүректің қалған бөліктеріне таралады. Бұл түйін — жүректің табиғи кардиостимуляторы. Егер жүрек импульсі, медицинада бұны «автоматизм» деп атаймыз, осы автоматизм күшейсе, тахикардия, азайса брадикардияға соқтырады. Жалпы жүректе негізгі синустық түйіннен өзге қосымша екі түйін бар. Негізгі түйін жұмыс істеп тұрғанда бұл екі түйін іске қосылмайды, бірақ импульс шығаруға дайын болады. Егер бірінші түйін істен шықса, екіншісі бірден жұмысын бастайды. Бірақ бұл түйіннің импульс күші біріншіге қарағанда әлсіз. Жүрекке минутына 40-60 импульс береді. Ал бұның жұмысы нашарласа, үшінші түйін іске қосылады. Бұның күші алдыңғы екі түйінге қарағанда төмен. Жүрек өте жай, минутына 20-30 рет соғады. Негізгі түйін импульс шығармай, қызметін тоқтатса да ол жерге қан барады. Бірақ электр тогі бармағандықтан жүректің қызметі, ырғағы өзгереді. Жүрек ырғағы бұзылған кезде кардиостимулятор қойылады. Өйткені негізгі түйін импульс шығармағандықтан оған дәрі-дәрмек әсер етпейді. Науқас жан-жақты тексерулерден өтіп, нақты диагноз анықталған соң оған кардиостимулятор аппараты қойылады, — дейді интервенционды кардиолог-аритмолог Жамбыл Жайлыбаев.

Кардиостимулятор қалай қойылады?

Кардиостимулятор — жүрек ырғағын қалыпты соғуына ықпал ететін, яғни ырғақ бұзылған кезде электрод арқылы жүреккке импульс жіберетін медициналық құрал. Кардиостимулятор науқас кеудесінің сол жақ бұғанасына, терінің астына қойылады. Ал оның электродтары тамыр арқылы жүрекке кіріп тұрады. Егер науқас арық адам болса, аппарат бұлшық етке енгізіліп, тігіледі. Болат Хамидулланың айтуынша, аппаратқа арнайы бағдарлама енгізіледі. Сол бойынша аппарат жүректің белсенділігін сезіп, ырғақты қалыпты ұстайды. Электрокардиостимулятордың түрі көп және бағасы да арзан емес. Ақтөбе медициналық орталығында қолданылатын бір стимулятордың құны 1 миллион теңгеден басталып, 3,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Мәселен, замануи, жоғары технологиялық аппараттың бірі — «CRT-D» үш камералы кардиостимуляторы. Аппарат  үш электродтан тұратындықтан кезекпен жүректің үш аймағын стимуляциялайды. Сондықтан аса ауыр жүрек аритмиясы бар, кенет жүрек тоқтап қалу қаупі бар  науқастарға қойылады. Орталықта Америкада, Германияда жасалған жоғары сапалы аппараттар қолданылады. Америкалық аппараттар орнатылған науқастарға магнитті резонансты томография жасауға болады. Кардиостимулятордың қызметі импульс шығаруға байланысты бес жылдан он бес жылға дейін жалғасады. Науқас үнемі дәрігердің бақылауында болады. Егер стимулятор энергияны көп шығарса, аппарат бес жылға жетпей ауыстырылуы мүмкін.

 Кардиостимулятор қойған науқастар нені ескеруі керек?

Отадан  кейін адам қалыпты өмір сүре береді. Бірақ құрамында магниті бар заттардан сақтанып жүруі керек. Жоғары вольтты электр құрылғыларынан, дәнекерлеу жұмысынан аулақ болуы керек. Магнитотерапия, магнитті массаж алуға болмайды. Әуежайда, теміржолда адам бойында металдың бар-жоғын тексеретін металлодетектор құрылғылары, ота кезіндегі коагулятор аппараттары кардиостимуляторға зиянын тигізеді. Бұл кеудедегі аппаратқа басқа информация беріп, жүрек ырғағын бұзуы мүмкін.

— Науқас дәрігер айтқан ескертулерге салғырт қарамауы керек. Себебі кардиостимулятор бұзылса, науқастың денсаулығына қауіп төнеді. Сондықтан отадан кейін барлығын түсіндіріп айтамыз. Жалпы әлемге танымал спортшылардың көпшілігіне осындай аппарат қойылған. Сондықтан стимулятордан қорқудың қажеті жоқ, — дейді Жамбыл Жайлыбаев.

Аритмология қалай дамиды?

Аритмология — облыс медицинасындағы кеш дамыған сала. Алғашқы емдік шара Астана қаласындағы ғылыми кардиохирургия орталығының аритмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Аян Әбдірахманов бастаған дәрігерлердің қатысуымен 2015 жылы жүргізілді. Жүрек ырғағы бұзылған науқасқа  радиотолқынды күйдіру, яғни абляция жасалды.

Адам жүрегінің тінінде  әртүрлі себептерден туындаған немесе туабітті қалыптан тыс өткізгіш жолдар болады. Арнайы тексерулер жасалмаса, бұны анықтау қиын. Әсіресе ер адамдарда әскерде жүргенде байқалады. Жүректегі бұндай ақау оның ырғағын бұзады. Ілгеріде бұндай артық өткізгіш жолдарды  кеуде қуысын ашып, ашық ота жасау арқылы алатын болған. Ал қазір ота денені кеспей жасалады. Ұзын сым тәрізді электродты құрал арқылы тамырға өтіп, жүрекке жетіп, тіндегі тыртықты күйдіреміз. Бұндай отадан кейін ертеңіне-ақ адам тұрып жүре береді.

Жалпы аритмия дертінен сақтану үшін адам салауатты өмір салтын ұстану керек. Зиянды әдеттерден аулақ болған дұрыс,— дейді Болат Хамидулла.

2015 жылдан бастап аритмология бойынша науқастар емделе бастады. Ал бұған дейін сырқаттанушылар Астана мен Алматы қалаларына жіберілетін. Биыл жыл басынан бері 45 адамға операция жасалған. Оның жиырма үшіне радиотолқынды күйдіру жасалса, қалғанына әртүрлі функциялы кардиостимулятор аппараты қойылған. Ота жасатқандардың басым бөлігі  жасы алпыстан асқан азаматтар.

— Аритмологияны дамыту үшін әлі де оқу керек. Жалпы жүректегі бұндай ауру түрі  бұрыннан да бар. Бірақ оны анықтау қиын болғандықтан, нақты диагноз қойылмайтын. Ал қазір диагностиканың сапасы артты, нәтижесінде аурудың да саны өсіп отыр. Қазір бір-екі ай оқып келіп, жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бізге әлі де оқу керек. Біздің негізгі мақсатымыз — Ақтөбеде аритмология саласын дамыту, науқастарды өзге жерге жібермей, өзіміздің облыста емдеу. Егер мемлекеттен сәл қолдау болса, бұған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Қазір қажетті аппараттардың бәрі бар. Дегенмен осы жерде бір мәселені айтқым келіп отыр. Жүрек ырғағы бұзылған науқастарға операция жасау үшін ангиограф аппараты ауадай қажет. Онсыз сәтті ота жасау мүмкін емес. Ақтөбе медициналық орталығында жоғары сапалы осындай аппарат бар. Өкінішке қарай, осы аппараттың мұздатқыш жүйесі бір жылдан бері бұзылып тұр. Осы мәселе шешілсе, жақсы болар еді.  Қазір өзіміздің өңірді қоспағанда орталыққа Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан келетін науқас көп, — дейді Жамбыл Жайлыбаев. 

Қазіргі таңда кардиология бөлімінде Болат Хамидолла мен Жамбыл Жайлыбаевтан бөлек кардиолог Бағлан Кемелбеков жұмыс істейді. Мамандардың барлығы арнайы біліктілік көтеру курсынан өткен. Орталықта астаналық білікті дәрігерлердің қатысуымен  шеберлік кластары жиі өтіп тұрады. Күрделі оталар Астанадағы ғылыми кардиохирургия орталығы мамандарының қатысуымен жасалады.  Аса ауыр науқастар Елордаға жіберіледі.

Бұл кеш қолға алынған  сала болғандықтан біздің үйренеріміз көп. Сондықтан жиі-жиі шеберлік кластарына қатысып, тәжірибемізді шыңдап жатырмыз. Операциялардың барлығы сәтті өтуде, — дейді Жамбыл Жайлыбаев.

P.S.

Кардиологияның күрделі бағыты —  аритмология еліміздің өңірлерінде кенже дамып келе жатыр. Қос дәрігер  облыс медицинасының сапасын арттыру үшін осы бағытты да жандандыру керектігін айтады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button