Басты жаңалықтарМереке

Елге қадірлі мереке

Астана күнінде Ақтөбеде аквапарк, сондай-ақ  балмұздақ және полиэтилен қалталарын шығаратын цехтар іске қосылды. Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ақтөбелік кәсіпкерлер өз жерлестеріне осындай тартулар жасады.

 БАЛМҰЗДАҚ АТЫ — «АСТАНА»

«Айс плюс» ЖШС-ның жаңа цехының ашылу салтанатында «Астана» аталатын жаңа балмұздақтың шығарылатыны жария етілді.

Цехтың іске қосылуына орай ұйымдастырылған жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ілияс Испанов болды. Олар осында өндіріс барысымен танысты, цех еңбеккерлерімен жүздесті және жаңа өнімнің дәмін татып көрді.

Облыс әкімі жиналғандарды Астана күнімен құттықтап, ел экономикасына қосқан үлестері үшін алғысын жеткізді.

— Елбасы алдымызға Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Бүгінгі экономикалық өсім осы мақсатқа қол жеткізуге негіз болмақ. Әр қазақстандық тынымсыз еңбек арқылы еліміздің өркендеуіне үлес қосуы керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жаңа цехтың ашылуы арқылы 50 жаңа жұмыс орны құрылып отыр.

— «Айс плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өнім түрлерін көбейте түсуге, өндірісті дамытуға мүмкіндіктер зор. Оның үстіне, мемлекет тарапынан да қолдау бар. Міне, жаңа цех арқылы жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл — әлеуметтік жауапкершілікті сезінудің көрінісі. Айта кету керек, компания басшылығы өндірісті заманға сай жарақтандыруға, жаңа технологиялар енгізуге үнемі көңіл бөліп, қаржыландырып келеді. Әрі қарай да осы қарқынмен жалғастырса, мұнда шығарылатын сүт өнімдері атауларын100-ге дейін жеткізуге болады. Сіздер үшін бұл табыс кепілі болмақ, — деді облыс басшысы.

Кәсіпорында қондырылған итальяндық өндірістік желі тәулігіне 20 тонна балмұздақ шығаруға мүмкіндік береді. Балмұздақ — көпшілік, әсіресе, балалар сүйіп жейтін дәм. Бұрын «Айс плюс» ЖШС-ында бұл өнімнің 9 түрі шығарылса, қазір балмұздақ атаулары 40-қа жетіп отыр. Осы аптадан бастап-ақ ақтөбеліктер йогуртты, шәрбатты, түрлі жемістер, жаңғақтар мен ирис, карамель қосылған жергілікті балмұздақтардың дәмін тата алады. «Астана» аталған жаңа балмұздақтың құрамына карамель мен күтірлек ирис қосылған. Әр қорапта 500 грамм балмұздақ болады. «Астана» балмұздағы Ақтөбедегі дүкендер мен супермаркеттер сөрелеріне апта соңында шығарылды.

— Бұрын біз күніне 2 тонна балмұздақ өндірген болсақ, жаңа цехтың іске қосылуы бұл көрсеткішті 20 тоннаға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Жаңа цехты іске қосу мақсатындағы жоба «Даму Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 1,1 миллиард теңге болса, оның 935 миллионы осы бағдарлама арқылы бөлінген. Мемлекеттік бағдарлама аясында біз ескі цех ғимаратын жөндеуден өткізіп, 100 тонна өнім сақталатын заманауи қойма салдық, сондай-ақ балмұздақтарды тасу үшін мұздатқыш камералары бар машиналар сатып алдық, — деді «Айс плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов.

Компанияның өзге де өнімдері секілді, балмұздақтар еліміздің батыс өңіріне — Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына таратылады. Алда ресейлік нарыққа шығу жоспарланып отыр.

Айжан ШАУКУЛОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button