Мереке

«Yurta park» отбасылық демалыс саябағы ашылды

Ақтөбеде Қазақстанда баламасы жоқ «Yurta park» отбасылық демалыс саябағы ашылды. Орталықтың салтанатты ашылуына Ақтөбе қаласының  әкімі Ілияс Испанов қатысты.

К.Нокин даңғылының бойында орналасқан демалыс саябағының аумағы — 3,5 гектар. Аумақ  үш бөлікке, яғни әкімшілік, мәдени, ойын-сауық және спорттық сауықтыру алаңына бөлінген. Саябақты ақтөбелік және алматылық кәсіпкерлер салған. Жобаны жүзеге асыру үшін бір миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған.

Саябақ отбасылық демалысқа арналған. Сондықтан тек балалар үшін ғана емес, үлкендердің де тынығуына жағдай жасалған. Ойын-сауық алаңдарынан бөлек тамақтануға арналған орындар бар. Болашақта сауда, ойын-сауық  бутиктері, қонақүй, кеңсе салынады, — дейді «Нұрай инвест групп» АҚ-ның  бас директоры Ербол Мұхаметжан.

Ашық аспан астындағы саябақта жасанды жартас, арқан бағы, кітапхана, планетарий, садақ ататын стендтер, этноауыл бар. Ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлерде қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін өнер туындылары қойылған. Бұл жерде арнайы мамандар шеберлік сабақтарын өткізеді.  Аладағы уақытта хайуанаттар бағы болады. Ербол Мұхаметжанның айтуынша, бұл қала балалары үшін қызық болмақ. Құлын, бұзау, қозы және түрлі үй құстарын балалар тамашалай алады және атпен серуендеуге де мүмкіндік жасалған.  Сондай-ақ батут, аумағы 20-30 метр болатын лабиринт және роликке арналған жол бар. Ал қыста бұл жерде мұз айдыны болады. Тамыз айында бассейн, спа-салон, сауна, жаттығу залы ашылады. Мәселен, бала саябақтағы түрлі аттракциондарда ойнап болғанша, ата-анасы спа-салонның қызметіне жүгінеді  немесе шағын гольф алаңында, боулингте көңілін көтереді.

Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де арнайы алаң аштық. Бұл жердегі аттракциондарда олар еркін ойнай алады. Сонымен қатар аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған. Олар арнайы құжатын көрсетіп, кіре алады. Ал бірінші топтағы мүгедектерге саябаққа кіру тегін, — дейді бас директор.

Жасыл желекке көмкерілген тынығу орны келушілерге ерекше көңіл күй сыйлайды. Қолшатыр, көбелек және  түрлі гүлдермен безендірілген арқалықтар саябаққа ерекше сән беріп тұр. Бұл жерде жас жұбайлардың суретке түсуіне арналған арнайы алаң бар.  Қала әкімі Ілияс Испанов саябақты аралап көрді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button