Спорт

Ақтөбедегі бокс мерекесі

Ақтөбеде өткен Серік Қонақбаев атындағы жүлде үшін болған турнирдің дүбірі әлі басыла қойған жоқ. Төрт күн бойы «Қоныс» спорт сарайында былғары қолғап шеберлерінің өнерін тамашалаған жерлестеріміз бас қоса қалса, осы турнир туралы әңгімені бастап кетеді. Талқылайды, талдайды. Арасында ақтөбелік боксшылардың да қарқынды қадамдарын мақтан етеді. Әсіресе, Серіктің өнерін кезінде теледидардан тамашалап, арқалары қозған жанкүйерлер жастарға «сендер оның боксын көрген жоқсыңдар, біздер көрдік» деп шалқып кетеді.

Ал даңқты боксшының мерейлі 50 жасына қарай орайластырылған бұл халықаралық турнирдің Ақтөбеде өтуінің өзі облысымыздың басқа облыстарға қарағанда әлеуетінің жоғары екендігін көрсетсе керек. Кезінде облыс әкімі Аслан Мусин, қала әкімі Елеусін Сағындықов қаржыдан қысылтпай, барын алдына тосып, жағдайын жасап Ермахан Ибраимовты үкілеп олимпиадаға қосты. Ермахан чемпион атанып, жеңісін ақтөбеліктерге арнайтынын ұшақ трапынан жар сала айтты. Одан кейін Галиб Жафаровты атқа қондырып, тақымдарын қысты. Галиб әлемнің күміс және алтын медалін әкелді, екі рет олимпиадалық ойындарға қатысты. Енді бізге алдағы уақытта да әлемді аузына қарататын боксшылар керек-ақ. Оған мүмкіндігіміз де бар. Оны турнирге келген атақты бапкерлер мен боксшылар да айтты.

Сонымен Серік Қонақбаевтың турниріне АҚШ, Ресей, Украина, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркмения командалары өздерінің белді-белді спортшыларын әкелді. Бұған Қазақстан құрама командасымен қоса, Ақтөбе, Шымкент, Тараз, Көкшетау, Ақтау, Атырау және басқа қалалардың командалары қатысты. Әрине, алыс, жақын шет елдердің және Қазақстанның командаларында «нөмірі бірінші» қолғап иелері болған жоқ, бірақ бұл турнирдің салмағын төмендеткен емес. Боксшылардың қай-қайсысы да «сен тұр, мен атайындар» еді. Мұны аузы дуалы бокс мамандары да айтып отырды. Келген қонақтардың кім екенін айтсаңызшы. Турнирдің бас төрешісі — Валерий Лаптев, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем кубогының иегері, Еуропа чемпионы, АИБА төрешісі. Ал бірнеше әлем және олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп өсірген аса білгір маман Тұрсынғали Еділовтің өзі ше? Кезінде әлемді мойындатқан Александр Лебзяк ше? Ермахан Ибраимов, Болат Жұмаділов, Бақыт Сәрсекбаевтар қазақ халқының мақтанышы емес пе?

Турнирдің жоғары деңгейде өтуін ұйымдастыруды қала әкімі, Ақтөбе облысы бокс федерациясының президенті Архимед Мұхамбетов тікелей бақылауына алды. Облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов, қалалық бөлім бастығы Ескендір Маханов ауқымды шараның мүлтіксіз атқарылуына зор үлес қосты. Ал «Тассай» сауда белгісі, «Дина» супермаркетінің желісі, «Кеңес» жиһаз үйі турнирдің ресми демеушілері болып табылды. Айта кету керек, бұл турнирдің жүлде қоры 110 мың АҚШ долларын құрады. 11 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар 4 мың, күміс жүлдегер 3 мың және екі қола жүлдегер әрқайсысы 1500 АҚШ долларына ие болды.

Бұл турнирдің біздерге берері көп

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе қаласының әкімі, Ақтөбе облысы бокс федерациясының президенті:

— Біздің Ақтөбе жері қашан да рухани байлыққа ие дарынды тұлғалардан кенде емес. Ғылымның, мәдениеттің, өнер мен спорттың қай түрінен де мақтанышымызға айналған бабаларымыз бен аталарымыз, ағаларымыз бен інілеріміз жеткілікті. Біз барымызды бағалап, құрмет көрсетуге тырысудамыз. Мифтік тұлғадағы Қобыланды батыр шындыққа айналды. Дүркіретіп той өткізілді. Тама Есет, Табын Бөкенбай батырлар рухы жастарымызды биіктерге жетелеуде. Кешегі Ұлы Отан соғысының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігі жастарға патриоттық тәрбие беру көзіне айналды. Бүгінгі Галибіміз кімнен кем? Енді біз алдағы уақытта да спорт саңлақтарын шығару үшін жұмыс істеуіміз керек. Ал даңқты Серік Қонақбаев атындағы жүлде үшін турнирдің бізде өтуі өскелең ұрпаққа серпіліс береді деп ойлаймын. Кеше жасөспірімдер Ермаханмен, Галибтің жеңісімен қанаттанса, енді Серіктің турнирі едәуір қозғау салатыны анық.

Биылғы турнирдің жүгі ауыр, салмағы бөлек. Өйткені бұл турнир қазақтың мақтанышына айналған боксшының 50 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сондықтан осындай мерейтойы кезінде турнирдің Ақтөбеде өтуіне қарсылық білдірмеген Серік Керімбекұлына шын алғысымды айтамын.

Әлемдік деңгейге көтерілетіні анық

Валерий Лаптев, КСРО-ға еңбек сіңірген боксшы, АИБА төрешісі:

— Мен қазақ спорт мектебімен бұрыннан таныспын. Керемет мектеп. Кешегі КСРО-ның тұсында, бүгінгі тәуелсіздік кезінде қаншама қазақ боксшысы әлемге танылды. Серік Қонақбаев, Серік Нұрқазов, Асылбек Қилымов, Болат Жұмаділов және басқа дарынды бокшылар шықты. Ал бүгін Ермахан Ибраимов, Бекзат Саттарханов, Бақыт Сәрсекбаев сынды боксшылар қазақты әлемге танытты. Сіздердің былғары қолғап шеберлері әлі де әлемді мойындата береді деп ойлаймын. Мен жалпы қазақтардың боксқа икемділігіне қайран қаламын.

Серік Қонақбаевтың турниріне бірнеше елден командалар келді. Иә, олардың сапында ең мықты боксшылары жоқ. Өйткені олар 4 маусымда басталатын Еуропа чемпионатына әзірленуде. Сондықтан оқу-жаттығу процесін бұза алмады деп ойлаймын. Бірақ ол турнирдің деңгейін түсіре алмайды. Себебі, келген боксшылардың бәрі де мықты.

Серіктің турнирінің деңгейі арта беретіні анық. Аты аңызға айналған боксшының турнирі әлемдік деңгейге жетеді деп ойлаймын.

Серікті Олимпиада чемпионы деп есептеймін

Владимир Золотарев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Украина бокс федерациясының вице-президенті:

— Мен Серікпен алғаш рет 1979 жылы Дондағы Ростов қаласында өткен КСРО чемпионатында 63,5 кг салмақта қолғап түйістірдім. Екеуміз жартылай финалда жолықтық. Өкінішке қарай, жеңіліп қалдым. Алғашқы раундта-ақ шабуыл жасап, тұқыртып алғым келді. Үзіліске ұпай алдым ғой деген өзіме сеніммен кеттім. Бірақ келесі раундтар мен күткендей болмады. Оның шалт қимылы, рингтің ана бұрышы мен мына бұрышында еркін көсілуі және үздіксіз соққыға алуынан абдырап қалдым.

Жалпы, Серіктің бокс мәнерін түсіну қиын. Бір орында тұрмайды. Аяғы билеп жүргендей әсер етеді. Ал қолының алыстан да, жақыннан да қалай жетіп келгенін аңғармай қаласың. Басқа бокшыларға да осылай әсер еткен болар. Маған ол ешқашан шаршамайтын сияқты көрінетін. Сол кездегі мықты боксшы армениялық Исраиль Акопкохянмен жұдырықтасу маған қиынға соқпайтын. Ал Серікке келгенде… Не деген күш? Не деген жігер?

Серікпен КСРО құрама командасының оқу-жаттығу жиындарында бірге болдым. Ол тек керемет боксшы ғана емес, керемет азамат! Өтірік айтуды, біреуге жамандық ойлауды білмейді. Досын далада қалдырмайды. Ақкөңіл, жеңіл юмор иесі. Көңілді жігіт.

Ол кезде біз, КСРО боксшылары үшін кубалықтар аса ауыр қарсыластар еді. Ал Серік Мәскеу олимпиадасында жартылай финалда кубалықты жеңіп шықты. Ешқандай саясатқа қарамастан. Саясат демекші, Серік сол кезедегі АҚШ пен КСРО арасындағы қырғи-қабақ соғыстың құрбаны болды десем қателеспеймін. Билік басындағылар қалай да Серікке алтын бермеуге тырысып бақты. Жалпы мен Серік Қонақбаевты олимпиада чемпионы деп есептеймін.

Владимир Золотарев КСРО-ға белгілі боксшы. Танымал бапкер. Қазір кәсіпқой бокста алдына келгенді қақыратып жүрген ағайынды Кличколардың алғашқы жаттықтырушысы. Өзінің айтуынша, алдымен 18 жасында Виталий келген. Сосын Владимир жаттыққан. Әуесқой бокстағы несібелерін алған ағайынды жігіттер кәсіпқой боксқа ауысқан. Қазір олар — Украинаның батырлары.

Еліктің лағын елестететін

Тұрсынғали Еділов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

— Серікті бұрыннан білемін. Өзімнің құрдасым. Оқу-жаттығу жиындарында бірге болдық. 70-жылдардың соңына қарай Қазақстанның, сосын КСРО-ның чемпионы болды. Еуропаның алтынын алды. Мұның бәрін жұрт біледі ғой.

Менің айтайын дегенім, Серіктің бокстағы ерекшеліктері. Ол еркін қимылдайды. Қолы еркін серпіледі, діттеген жеріне тиеді. Қорғанысы тас-түйін. Қорғана жүріп, қажетті мезетте қарсы шабуылға шығады. Аяқ, қол, дене жымдасып қимылдайды. Өзі де әдемі жігіт қой. Рингте ойнақтап жүрген еліктің лағын елестететін. Серіктің шеберлігіне сүйсінген жанкүйері көп болатын. Тіпті, шет елдің жанкүйері өз елінде отырып, өздерінің боксшысына қарсы өнер көрсетіп жатса да «Серік! Серік!» деп дем беретін. Бұл оның бокстағы құдіретін көрсетсе керек.

Сіздің сұрағыңызға қарай айтайын, ол кездегі жаттығу Алатаудың биігінде өтетін. Үнемі тауға шығатынбыз. Бұл бокшының қан қысымының тұрақты болуына ықпал етеді. Төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді.

Турнирдің Ақтөбеде өтуінің реті бар. Мұнда облыс әкімі Елеусін Сағындықов спортқа үлкен мән береді. Ал қала әкімі Архимед Мұхамбетов облыстық федерацияны басқарады. Облыстың экономикалық дамуы да жақсы. Бұған қоса, Ақтөбеде бокс жақсы дамып келеді. Болашағы мол спортшылар жеткілікті.

Олимпиадалық резервтер даярлайтын бокс мектебінде болдым. Қандай керемет! Әлімбек Балмағамбетов еліміздегі таңдаулы бапкерлердің бірінен саналады. Ол жақсы спорт маманы, жақсы психолог. Мәселен, Галиб Жафаровты психологиялық тұрғыдан сақтай білді. Екі рет әлем чемпионатына апарды: бір күміс, бір алтын. Екі рет олимпиадаға әзірледі. Ақтөбеде қазірдің өзінде Галибтің жолын қуатын жастар шығып келеді. Соның бірі — Нұрбол Қалжанов. Тек оны жақсы баптай білу керек. Бұл Әлімбектің қолынан келеді.

Ақтөбеден кеткім келмеді

Ермахан Ибраимов, олимпиада чемпионы:

— Шындығында менің Ақтөбеден кеткім келмеді. Ақтөбе мен үшін ыстық мекен. Олимпиадаға жолымды ашты. Алайда сол кезде Алматыда спорт саласын басқарып отырған Дәулет Тұрлыханов сенің бапкерлігің Алматыға керек болып тұр деп қолқа салды. Амалсыз келістім.

Одан Ақтөбе боксы тежеліп қалған жоқ. Қазір ақтөбелік боксшылар еліміздің қай өңірімен де санаса алады. Осы турнирдің өзінде 5 ақтөбелік финалға шықты. Бұл осындағы бокс деңгейін көрсетеді. Ал Нұрболды биіктерден көреміз, шыңдарды бағындырады деп сенемін. Тек тіл-көзден сақтасын.

Ал еліміз бойынша айтар болсақ, қазір федерация басына Тимур Құлыбаевтың келуі жақсы нәтижелерге жетелеуде. Қаржы жеткілікті. Оны айтып отырғаным, қаржысыз мәселені шешу қиын. Боксшының дайындалуы, ірі-ірі халықаралық турнирлерде шыңдалуы, тамақтануы, күш беретін витаминмен қамтамасыз етілуі — бәрі-бәрі қаражатқа байланысты. Жаттықтыру тәсілінде, боксшыларды іріктеу жұмысында өзгерістер бар. Біз халқымызды әлем, Азия чемпионаттарында, олимпиадалық ойындарда алтын, күміс, қола медальдармен әбден үйретіп тастадық. Сондықтан сәл шегініс болса, сыналып шыға келеміз. Сондықтан жанкүйерлер бізді де түсініп, болашаққа сеніммен қараса деймін.

Біздің жігіттер осал емес

Сергей Кудрявцев, Ресейдің солтүстік-батыс аймағының аға бапкері:

— Менің туған жерім — Рудный. Серікпен жас кезімнен доспын. Талай жаттығуларды бірге өткіздік, тер төктік. Жаттығудан шаршап шыққанда, Серік бір-екі ауыз сөзімен күлдіріп, көңілдендіріп жіберетін. Турнирге шақыруды ресейлік басшылар қуана қабылдады.

Жарысқа Санкт-Петербург қаласының боксшылары келді. Олардың қай-қайсысы да мықты, ішінде Ресей чемпионатының жүлдегерлері, ширек финалистері бар. Сондықтан досымның турнирінен жеңіспен оралсам деген үміттемін.

Екі серік негізгі қарсылас болды

Атом Погосян, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Армения командасының бапкері:

— КСРО кезінде Армения боксының тағдырына екі қазақстандықты — екі Серікті жазды. Біздің Исраил Акопкохянның қарсыласы Серік Қонақбаев болса, Самсон Хачатрянның қарсыласы Серік Нұрқазов болды. Төртеуі де мықты. Біздің өкінішімізге қарай, Исраилға ауыр тиді. Ал Самсон мен Серік тең түсіп жатты деуге болады, бірде ол, бірде бұл дегендей. Бірақ олар шын достар болды.

Армения боксы қазір де жаман емес. Екі Еуропа чемпионы, бір финалист бар.

Қазақстан боксы туралы дейсіз бе? Соңғы әлем чемпионатындағы сәтсіздікке қарап, Қазақстанда бокс құлдырап кетті деуге негіз жоқ. Мәселен, бокс державасы саналатын кубалықтар олимпиададан жүлдесіз оралды. Бұған қарап енді Кубаны «қалпақпен ұрып аламыз» деуге болмайды ғой. Меніңше, қазақ боксшылары әлемді әлі де бағындырады. Оған Қазақстанның экономикалық дамуы, спортқа көңіл бөлуі дәлел бола алады.

Ақтөбеліктер бойыма жаңа күш берді

Серік Қонақбаев, Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін Еуропа чемпионы, 2 дүркін Әлем кубогының иегері, бірнеше дүркін КСРО чемпионы:

— Бокстың әліппесін жаңа игеріп келе жатқан кезде «Балдырған» журналында шыққан суретімді еске салдыңыз-ау. Бұл сурет мен үшін ең қымбат дүние. Өйткені суретім республикалық басылымға шықты. Ол 1973 жыл болатын. Оқушылар арасында КСРО чемпионы атандым. Ол кезде КСРО, Еуропа чемпионы боламын, олимпиадада күміс жүлдегер атанамын деген үш ұйықтасам, түсіме кірген емес. 1978 жылы Қазақстан чемпионы атандым да, содан кейін ғана шындап ойлана бастадым. Одан кейінгі жетістіктер елдің көз алдында.

Егер, Володя (Золотарев) мені олимпиада чемпионы деп есептейтін болса, маған деген құрметі шығар. Ол жылдар қызық кез ғой. Капиталистік және социалистік лагерьлер арасындағы саяси күрес қатты жүріп жатты. АҚШ-тағы олимпиадаға бойкот жарияланды. Бұл Мәскеу олимпиадасында да қайталанды. Жеңісті кімге беру, кімге бермеу Саяси Бюрода қаралған көрінеді.

Бірақ мен ешқандай саясатқа мән бермедім. Жартылай финалда кубалық Хосе Агилларды жеңу оңайға соқпады. Ол менің екі қарымнан әбден ұрып тастады. Финалда итальяндық Патрицио Оливамен жұдырықтасқанымда екі қолым көтертпеді. Дегенмен барымды салдым. Жеңіс Оливаға берілді. Кейін мұны саясат шешті деушілер болды. Қалай болғанда да мен оны айқын жеңе алмадым.

КСРО-дағы негізгі қарсыласым армениялық Исраил болды. Екеуміз қатты доспыз. Осы мерекеге шақырып едім, оған оның анасы науқастанып келе алмай қалды.

Ақтөбеден мықты боксшылар шығатыны анық. Бокс мектебінде болдым, керемет екен. Әлімбек Балмағамбетов — жақсы бапкер. Оған тек қолдау жасау керек.

Батырлардың мекені Ақтөбе жері маған үлкен күш-қуат берді. Турнир өте сәтті өтті. Ол үшін облыс басшысы Елеусін Сағындықовқа, қала әкімі Архимед Мұхамбетовке шынайы алғысымды білдіремін.

***

Серік Қонақбаев 1959 жылы 25 қазанда Павлодар қаласында дүниеге келген.

Үйленген, үш ұл тәрбиелейді. Қазақ. Білімі жоғары. Жамбыл су шаруашылығы-құрылыс институтын, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Инженер-құрылысшы, заңгер-құқықтанушы. КСРО еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақ Туризм және спорт Академиясының құрметті профессоры. Бокс бойынша екі мәрте Еуропа чемпионы (1979-1981жж), Әлем кубогының екі мәрте иегері (1979-1981жж), 1980 жылғы Мәскеудегі XXII Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж).

Идеал тұтатын саяси қайраткері: Шарль де Голль. Ермегі: спорт, аңшылық. Әдебиетте қызыға оқитыны: қазақ және шет елдің классикалық әдебиеті.

Парламентке сайланардың алдында «Өнім» АҚ бас менеджері. Екінші, үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты.

Жамбыл облысының №32 сайлау округінен сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан Республикасы Парламенті халықтың қоныстануы мен дамуы жөніндегі «Отбасы» депутаттық тобының мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының депутаттық фракциясының мүшесі.

***

Боксшылар ағаш егіп, із қалдырды

Осыдан он жыл бұрын Ермахан Ибраимов олимпиаданың алтынын иеленіп келген соң, келесі жылы  ақтөбеліктерге Ермаханның жолын берсін деген ниетпен және Ақтөбе боксына қарқын беру мақсатында олимпиадалық резервтер даярлайтын облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылған болатын. Қазіргі кезде мұнда 330 балғын боксшы жаттығады. Оларға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетов, Галиб Жафаров, Болат Арынғазиев сынды 14 бапкер былғары қолғаптың қыр-сырын үйретуде.

Міне, осы уақыт ішінде мектеп шәкірттері жастар мен ересектер арасында Қазақстан чемпионатын, Азия біріншіліктерін бағындырып үлгерді. Болашағынан мол үміт күттіретін, мынау біздің келешегіміз дейтін боксшылар осы спорт мектебінің қабырғасында жаттығуда.

Турнирге келген қонақтар, атап айтқанда, Серік Қонақбаев, Александр Лебзяк, Тұрсынғали Еділов, Ермахан Ибраимов, Бақыт Сәрсекбаевтар бокс мектебінде болып, мектептің жағдайымен танысты. Материалдық базаны қарап, риза болды. Бір мезет шаршы алаңда жүрген шағын еске алған және жайнап тұрған мектептің жағдайына риза болған Серік Қонақбаев қолғап киіп алып, бокс қаптарын ұра бастады. Батыр бабында болса, жасы білінбейтіні рас екен. Бұлшық еті бұлт-бұлт еткен темір білек ауыр қапты аударып тастай жаздады. Бұдан кейін Александр Лебзяк, Ермахан мен Бақыт қолғап киіп, жас боксшыларға шеберлік сабақтарын көрсетті.

Бұл күні аттары аңызға айналған бокс шеберлері бокс мектебінің аумағына ағаш отырғызды. Серік отырғызған ағашқа жас боксшымыз жастар арасында Азия чемпионы Нұрбол Қалжанов су құйды. Басқа да жас өрендер ардагер ағаларының әр қимылын қалт жібермей, айтқан ақыл-кеңестерін құлақтарына құйып қалуға тырысты.

— Қазақтың бетке ұстар азаматтарының біздің мектепке келіп, ағаш отырғызуын жақсы ырымға балап тұрмын, — деді бокс мектебінің директоры Әлімбек Балмағамбетов. — Бұл ағаштар өсіп, жапырағын жаятын болады.

Иә, бүгінгі өскін тал ертең тамырын тереңге тартқан ағашқа айналады. Осы талдармен бірге ақтөбелік жеткіншектер де бокс сиқырын меңгерген атышулы майталмандар болсын деген тілекпен тарастық.

***

48 кг

1. Теміртас Жүсіпов, Ақмола облысы

2. Ақниет Бекжанов, Ақтөбе

3. С.Юсуфи, Тәжікстан; Е.Голуб, Украина

51 кг

1. Қайрат Төребекұлы, Ақтөбе

2. Азат Махметов, Астана

3. К.Сәрсенбаев, Ақтау; Н.Жүсіпов, Қазақстан құрамасы

54 кг.

1. Темірбек Диханбаев, Қазақстан құрамасы

2. Данияр Тоқбаев, Астана

3. Д.Бадрутдинов, Ресей; А.Сқақов, Қызылорда

57 кг.

1.Мәди Шолақов, Ақтөбе

2.Жандос Момынов, Ақмола облысы

3.З.Сафиуллин, Шымкент; М.Амантаев, Тараз

60 кг

1. Айдар Өмірзақов, Қазақстан құрамасы

2. Берік Абдрахманов, Ақтөбе

3. Г.Арутюнян, Армения; А.Уәлиханов, Алматы

64 кг

1. А.Қасымов, Шығыс Қазақстан облысы

2. А.Егізеков, Қазақстан құрамасы

3. Д.Омаров, Шымкент; Б.Гозиев, Өзбекстан

69 кг

1. Мұхамбетқали Мұсаев, Ресей

2. Джерини Фиорентино, АҚШ

3. С.Бердукаев, Ақтөбе; Т.Головащенко. Украина

75 кг

1. Нұрдәулет Жарманов, Қазақстан құрамасы

2. Рафаиль Аббасов, Ақтөбе

3. М.Құралбаев, Тараз; М.Әшкеев, Алматы

81 кг

1. Мәди Хабиев, Ақмола облысы

2. Дилебержан Абдурахманов, Тәжікстан

3. А.Әбубәкіров, Ақтау; Н.Нұрсейітов, Шымкент

91 кг

1. Нұржан Бекзатов, Алматы

2. Сергей Гончаров, Павлодар

3. Х.Гелисханов, Алматы; М.Молдагереев, Ресей

91 кг жоғары

1. Рахман Әлжанов, Атырау

2. Виталий Бондаренко, Қарағанды

3. Д.Ахметов, Шымкент; А.Томчук, Украина

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button