Басты жаңалықтарМереке

Ұлы даланың айбары — Астана

Астана — Ұлы Даланың жүрегі, қасиетті мекен. Қазақстанның тарихи тағдыры айқындалатын киелі орда. Астананы көшіру — Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен геосаяси жобасы екендігі де айқын.    

«Кез келген елдің тарихында ұлттың ұжымдық рухы тыныштық кезеңінен пассионарлық кезеңіне көшетін кездері болады. Сол кезде адамдардың жиынтық энергиясы, олардың интеллектуалдық және шығармашылық күш-қуаты таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізуге, бір ұрпақтың кезінде басқа елдерде жүздеген жылдар кететін жолды еңсеруге мүмкіндік береді. Біздің тарихымызда мұндай кезең біздің елорданың — Астананың пайда болуымен басталды» деген еді Мемлекет Басшысы бір сөзінде. Қазақ халқының кіндік қаласы Астана қаласы осы ғасырдағы  елдің, ұлттың, Елбасының ұлы жобасына айналды. Төмендегі пікірлер бұл сөзіміздің айқын дәлелі.  

 Астана — Елбасының перзенті

 … Астана – тәуелсіз Қазақ­станның дамуының, ұлы армандар мен жарқын, терең ойдың іске асуының символына айналды. Қазақстандықтар ел тағдырын, өз болашақ­тарын Прези­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сеніп тапсырды. Жаңа тарих басталды.  Астана – ұлтымыздың бола­­шағына бағытталған стра­тегия. Жаңа елорда – өзінің сая­сатын­да еуропалық рефор­маторлық пен прагматизм және демократиялық үрдістерге берік­тікті де, сонымен қатар қоғам негізіне тығыз арқа сүйейтін азиялық дәстүршілдікті ұштастыра білген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұзақ ­мерзімді мазмұнды, терең геосаяси жоспары.

… Астана – бейбітшілік алаңы. Жаңа қала құрылысымен бір­ге Ұлы Дала төсінде жаңа идея­лар, батыл инновация­лар мен өр­шіл жобалар дүние­ге кел­ді. Жаһан­дық саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың зияткер әрі өміршең идея­лары, тың бастамалары – ұстанымдары бөлек, саяси, діни, мүдделері то­ғыса бермейтін елдерді Астана­да табыстырды, ортақ мәмі­леге келуге жол ашты. Еуразия­ның кіндігі – Астанада ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕурАЗ ЭО, ҰҚШҰ сынды халықаралық бедел­ді ұйымдар саммитінің, Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лері съезінің, ЭКСПО-2017 көр­месінің өтуі, Сириядағы соғыс­ты тоқтатудағы келіссөз ала­ңын ұсынған араағайындық бітім­гершілік саясаты Қазақ елін әлемдік аренадағы беделді ойыншыға айналдырды. Әлемдік саясатшылар арасында «Астана – бейбітшілік алаңы» деген ұғым пайда болды.

… Астана – сұлу қала. Аз ғана уақыттың ішінде сайын далада ертегідегідей пайда болып, кербездігімен әлемді тамсантқан ғажайып шаһардың бой көтеруі – Елбасының ерлігі. Курокава, Фостер, Танге, Николетти сияқ­ты есімдері әлемге танымал озық ойлы сәулетшілерді Астана­ға әкелді. Өзіміздің үздік шебер­лерді тартты. Алайда қаланың қандай болатыны жөніндегі бас жобалаушы да, идея беруші де Елбасының өзі болды. Сөйтіп елорданың бүгінгі бейнесін қа­лып­тастырудағы жақсылыққа, игілік пен ізгілікке ұмтылған Елбасының ерік-жігерінің арқа­сында дүние жүзіндегі таңдаулы құрылыс туындылары салынды.

… Астана – Елбасының перзенті. Ол – Ұлт көшбасшысы, мемлекет құрушы әрі ғажайып қала – Астананың рухани әкесі, ар­хи­текторы. Оның есімі дәуір­дің ең белгілі, ықпалды жаңарту­шы­ларының қатарында аталады. Ол жаңа Қазақстан мемлекетін орнату кезеңінде қазіргі заман­ның ең дарынды жасампаз реформаторы ретінде танылды.

…Бүгінгі Астана – Елбасы жі­гері­нің айқын жеңісі, әлемдік қоғам­дас­тықтан ойып отырып орын алған Қазақстан жетіс­тік­терінің жиынтық бейнесі. Бозбала Астана Ұлы Дала мен Мәңгілік ел – Қазақ елі Тәуелсіздігінің айбары ретінде көркейе берері анық.

… Астана – қазақ халқының жа­ңаруы­ның нышаны, үлкен үміт­тері ақиқатқа айналған қала еке­нін қазақ­стандықтар күн са­йын сезінеді. Президент Н.Назарбаев дүниежүзілік тарихта жасампаз әрі ықпалды саясаткер ретінде өз орны бар тұлғаға айналды. Бізге, оның замандастарына, Елбасының Отанымыздың өркендеуі жолындағы ерлікке толы ерен еңбегінің мән-мағы­насын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу міндеті жүктеледі. Халық­тың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген алғысы мен құрметі жалпы, ұлттық тарихта, ұлттық жаңару­лар шежіресіне алтын әріп­термен жазылуға тиіс. Президент Н.Назарбаевтың шын мәніндегі жаһандық деңгейіндегі тарихи тұлға ретіндегі теңдесі жоқ ең­бегін келер ұрпақ ризашылықпен мәңгілік есте ұстайтын болады. Оған менің еш күмәнім жоқ.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.  

Таңғажайып бас қала

Болашақта, қазіргі әлем тарихы жазылар уақытта Қазақстан мен қазақ түркі­лері бөлімінде «Тұңғыш Прези­дент», «түркі дүниесі­нің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев», «Астана қаласы» де­ген сөздер бір ұғымға айналып, қатар аталатын болады.

Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табал­дырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстамбұл үшін қолданылған еді. Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз – көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалт­қысыз қадағалап, әр кірпі­шін қамқор қолмен қалады. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді.

… Иә, Астана – байырғы бай­тақ даланың басты орталы­ғы. Жаңа қоныстан соны тех­ноло­гия­мен салынған заманауи ғи­­ма­­­рат­тармен қатар, қай­ма­ғы бұзылмаған көне қазақ мәде­ниеті­нің әр алуандығын көруге болады. Астананың айбары – Қазақ­стан­ның және қазақ бауыр­ларымыздың биік мәртебесі, асқақ абыройы.

…Дінаралық келісім мен ымырагершілік біте қайнасқан ғаламат ғасырдың алтын арқауы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев. Ол Астана арқылы терең парасат иесі, дара тұлға, дана басшы, мемлекет және қоғам қайраткері, ірі саясаткер екенін дәлелдеп шықты.

… Бүгінде Қазақстан – Азия кіндігіндегі төрткүл дүниемен терезесін теңестіріп, шежіре-тарихын түгендеген озық мемлекет, зайырлы республика. Жер бетінде әр саланы ұршықтай иіріп, дамушы елдердің қатарынан қалмай келе жатқан Қазақстан деген ел бар екені сөзсіз. Осы ғажап құбылыстың сәулетшісі, ұлы көшбасшы – түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев, ал оның қолтаңбасы – таңғажайып шаһар Астана.

Ялчын ТОПЧУ,

Түркия Республикасы Президентінің Бас кеңесшісі.

 Ол адал да әділ

Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны, оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады.

… Сіз Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын нығайтуда зор үлес қостыңыз. Сіздің елдеріміз арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты нығайтудағы, сондай-ақ өзара тиімді интеграциялық үдерістерді дамытып, Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жеке үлесіңіз ұшан-теңіз.

 Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті.

 Ақыл-парасаты, күш-қуаты жағынан титандық тұлға

…Нұрсұлтан Назарбаев расында да ақыл-парасаты, күш-қуаты жағынан титандық тұлға. Халық арасынан шығып, өз еңбегімен, қажыр-қайратымен жалпы­планетарлық деңгейге көтерілген адам. Бүгінде  бұрынғы КСРО  аумағында, бүкіл Еуразия құрлығында да  саяси қуаты мен ойлау өресі жағынан  Назарбаевқа тең келер жыл адамы жоқ. 2005 жылы ресей­ліктер оны ТМД лидерлерінің арасындағы ең танымал саясаткер ретінде «жыл адамы»  деп атады. Содан бері  Қазақстан Прези­дентінің беделі жылдан жылға өсіп келеді. Мен  қызмет бабымен Ресей мен Қазақстан аймақтарын  жиі аралап жүремін, әңгіме барысында адамдар: «Қазақстанның жолы болды, оларда Назарбаев бар ғой»  деген жүрекжарды пікірлерімен бөліседі. Қазір Нұрсұлтан Назарбаев  посткеңестік кеңіс­тіктің басты саяси лидер-интеграторына айнал­­ды. Оның  мемлекеттердің Еуразия­лық Одақ форматына бірігуі туралы баста­масының өзі неге тұрады. Мен  ерте ме, кеш пе, Қазақстан Президенті  өз идеяларын жаңа  –  метамемлекеттік деңгейде жүзеге асы­­рудың   тарихи мүмкіндігіне ие болары­на сенімдімін. Меніңше,  Қазақстан көрсе­тіп отырған көшбасшылық моделдің табыс­ты  динамикасы әлі көп елдерге  үлгі болады.

 Юрий СОЛОЗОБОВ,

саясаттанушы.

… Әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын

Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрға­нына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын… Мен Семейде болдым. Ол өңірге жасаған сапарым мен үшін баға жетпес тәжірибе. Семей полигонындағы сынақтар барысын­да зардап шеккен миллиондаған адамдар­дың қасіреті мен ондағы экологиялық ахуал­дың қиындықтарын суреттеуге тіл жетпейді. Тіпті оны елестетудің өзі аса ауыр. Егер Сіздің көрегендігіңіз бен басшылығыңыз болмаса, кім білсін, қазір де миллиондаған адам сол қасіретті бастан өткеріп жатқан болар ма еді? Мен Сізге Семей ядролық сынақ алаңын жапқан және Қазақстан аумағында барлық ядро­лық инфрақұрылымдарды жойған ұлттың басшысы ретінде шексіз ризалығымды айтқым келеді… Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне жер бетінде Сізден лайық адам жоқ.

Пан Ги МУН,

Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы.

Нұрсұлтан Әбішұлы әлемдік дәрежедегі тұлға!

Астана халықаралық деңгейдегі ауқымды шаралар өтіп жататын ірі қалаға айналып келеді. Сол шаралардың бірі ретінде – «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін атап өтуге болады. Өздеріңіз білетіндей, Әзербайжан тарапы 2025 жылы осындай ЭКСПО көрмесін өткізуге ұсыныс білдірді. Осыған орай, біз шараны жоғары дәрежеде өткізген Қазақстан тарапының тәжірибесіне қызығып отырмыз. Сонымен бірге, ЭКСПО көрмесін өткізетін қаланы таңдауда қолдау білдірген Қазақстан Үкіметіне алғыс білдіреміз.

Біріншіден, бұл қадам қазақтардың бірлігін нығайта түседі, екіншіден өзге түркі халықтарымен Қазақстанның ынтымағы нығая түседі. Қазақстанның барлық жетістіктерін Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі деп айтуға болады. Сөзсіз Нұрсұлтан Әбішұлы  ең алдымен өз халқының ұлы, сонымен бірге әлемдік дәрежедегі тұлға!

 Әли Гасанов,

Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелері жөніндегі көмекшісі.  

Астана —  қазақтың айбыны

… Елге еңбекақы тауып бере алмай отырған кезде, зейнетақысын уақытында төлей алмай жатқан кезде бәленше миллиардты қажет ететін көшіп-қонуды қайтеміз деген сөз болды. Ал бірақ Елбасының көрегендігі сол, осы Астананы экономикалық тұрғыда көтеру арқылы, бүкіл Қазақстанды дамытатын механизмнің бар екендігін біліп отырған. Бір жыл емес, екі жыл емес, үш жылдан кейін бүкіл мемлекетіміздің құрылысы басталды да кетті. Иә, Астана —  қазақтың айбыны. Абыройы. Атақ-даңқы. Ар-ұжданы. Астана әлемдік саясаттың алқасы. Жаһандық үрдістердің арқасы. Астана – он шақты жыл омалып қалған ОБСЕ-нің бойына қан жүгіртіп, Ислам ынтымақтастық ұйымына жан бітірген шаһар. Астана – озық ойдың бастауы. Астана – сарабдал саясаттың көзі, нағыз көшбасшы қаланың өзі.

Мақсұт Нәрікбаев, қоғам қайраткері.

Елбасының ендігі арманы – Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату

… Біз ықылым замандардан бері Ұлы Дала төсінде сан қилы тағ­дырды басынан кешкен, осы күнді армандаған ел едік. Сақ Ата дәуі­рінде де, Қағанат, Хандық заманында да, әз Жәнібектің, ер Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұншалықты бақытты, мұншалықты дәулетті көрген жоқ. Арғы-бергі заманда Ұлы Далада Назарбаевтай мемлекет орнатқан, жер жүзіне даңқы асқан тұлға туған жоқ. Бүгінде әлем санасатын елге айналдық. Осының бәріне куә болып отырған, осындай елде өмір сүріп жатқан бәріміз де бақыттымыз. Бір кезде жығылған Орданы қайта тігу, құлаған туды қайта тіктеу, елдің елінің ғана, ердің ерінің ғана қолынан келетін іс еді. Шүкір, бүгінде ынтымағы жарасқан, егеменді еліміз бар, құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ұлан-байтақ жеріміз бар, Абылайдың да аманатын орындаған еріміз бар. Елдің аты – Қазақстан, ердің аты – Нұрсұлтан. Қазақстан, Астана, Назарбаев бүгінде бір-бірінен бөлінбейтін тұтас ұғымға айналды. Елбасының ендігі арманы – Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату. Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан арман, күллі адамзаттың асыл арманы. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі Ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр.

Мырзатай Жолдасбеков,

қоғам қайраткері.

Ел жағдайы Президенттің ұдайы назарында…

Мемлекетіміздің күш-қуаты мен мығымдығы, оның болашақтағы ілгері басуының кепілі Көшбасшы мен Ұлттың мызғымас бірлігінде. Әлем бұрынғыдан қауіпсіздеу, бұрынғыдан жақсылау болмай тұрған қазіргідей кезде қазақ­стан­дықтар бұл ақиқатты сергек сезінеді. Созы­лып бара жатқан экономикалық дағ­дарыс ең жағдайы дұрыс деген ел­дердің өзінде адамдардың әл-ауқа­тына елеулі түрде әсер етуде. Әр жер-әр жерде соғыс оты өршіп, ондаған мың адамдар құрбан болуда, мил­лион­даған адам босқынға айналып, көптеген елдердің сипатын өзгер­тіп жатыр. Бұл мә­се­ле­­лер­ді ұлт­шыл­дықтың, діни төзім­­сіз­діктің және экстремизмнің ұшынуы, мемлекеттердің блоктарға бөлініп алып қарсыласуы сияқты шетін жайлар одан сайын ауырлата түсуде. Алайда, Қазақстанда бел­гі­лі қиындықтарға қарамастан, Мем­­­лекет басшысының көп жыл­дарғы дәйекті экономикалық сая­сатының арқасында әлеуметтік бағдарламалар шектелмей, аза­мат­­тарымыздың әл-ауқаты нашар­­ламай отыр. Мұның өзі ел халқы­ның жағ­дайын Президенттің ұдайы назар­да ұстауының арқасы.

 Қанат Саудабаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері.

Астана – Елбасының ерлігі

Тарихты тұлғалар жасайды. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалып­­­тас­тырған ұлы тарихи тұлғалары болады. Олар қаншама уақыт өтсе де елдің есін­де қалады. Ұлы тұлға ұмытылмас тірлік, іс-әрекет­­­терімен адамзаттың ортақ қайраткеріне айналады. Мысалы, орыстарда – Бірінші Петр, түріктерде – Ататүрік, қытайларда – Мао Цзе Дун, француздарда – Шарль де Голль, поляктарда – Лех Валенса, ағылшындарда – Уинстон Черчиль, үнділерде – Ганди, америкалықтарда Вашингтон бар. Ал қазақтың маңдайына біткен тұлға, ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Әлі де Астанада талай алып құрылыстар бой көтеретініне біз кәміл сенеміз. Елбасының беделі – Қазақстанның абыройы.

… Елі үшін елеңдеген Елбасы Астананың дамуына алаңдайды, әлем таныған орталық болса деп армандайды. Оның атын өзі қоюында да шежіре, тарих, сыр жатыр.

…Қазіргі Астана әлем ойшылдары тізе қосып, ғаламдағы ауқымды мәселелерді сөз ететін іргелі орталыққа айналды. Жыл сайын мұнда көктемде Нобель сыйлығының ондаған өкілдері мен әлем мойындаған қайраткерлер келіп, толғақты ойларын ортаға салады. Сөйтіп, қазіргі таңда Астана дауысын әлем ести бастады. Өйткені, бүгінде Астана күн сайын өңденіп, өзгеріп, ай сайын айшықтанып, жыл сайын жігері тасып, құлпырып, қарқын алып, дамып келеді.

…Біз Елбасының ерен еңбегі, қайрат-жігерінің арқасында Астананы тұрғыздық. Астана – Елбасының ерлігі. Демек, біз мойындайтын бір шындық бар: Нұрсұлтан Назарбаев елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі болып қала бермек.

 Қазақбай ҚАСЫМОВ,

философия ғылымдарының докторы, халықаралық қауіпсіздік саласының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Мақалалар egemen.kz, presidentlibrary.kz, almaty-akshamy.kz, inform.kz  сайттарынан ықшамдалып алынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button