Спорт

Бәрекелді, Бағдагүл!

Қазір Алматыда спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында 10-сыныпта оқып жүрген ақтөбелік Бағдагүл Есқалиева жақында өткен екі жарыста жеңіс тұғырынан көрінді.

Олимпиада резервін даярлау орталығының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Шымкент қаласында таеквондодан (WTF) өткен ашық біріншілікке Ақтөбенің намысын қорғаған 15 шақты жас таеквондошы барып қайтты. Мұнда ақтөбеліктердің қоржынына әртүрлі салмақ бойынша бес алтын медаль түсті. Оның ішінде, Бағдагүл Есқалиева 59 салмақ дәрежесіндегі таеквондошылар арасында І орынды жеңіп, алтын медальға ие болды. Команда кубогын да біздің таеквондошылар алды.

Жақында Атырау қаласында өткен Қазақстан Республикасының V Жазғы спартакиадасына 20 шақты ақтөбелік таеквондошы қатысып қайтты. Бұл спартакиадада өз салмағы бойынша Бағдагүл ғана алтын медаль тағып оралды.

Медаль ҚР білім және ғылым министрлігі Дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 10 жылдығына арналып шығарылған.

Бағдагүл қазір бабында. Себебі де белгілі, өзі жас, әрі ол спорттың 10 түрі бойынша даярлайтын спорт мектеп-интернатында оқып жүр.

— Осы интернатқа биыл келдім. Алғашқы айларда өте қиын болды. Ұйықтап қалып жүрдім. Мама жоқ қасыңда, бәрін өзің жасауға тура келеді. Интернат тәртібіне қазір үйрендім: ертеңгілік уақытта жүгіреміз, бассейнге барамыз, сабақ оқимыз, түстен кейін тағы жаттығамыз. Тамақты үш мезгіл ішеміз, дәрумендер береді. Жататын жеріміз таза әрі жылы. Қазақстанның әр түкпірінен келген балалармен достастым. Бір ғана таеквондо секциясында 25 ер бала, 5 қыз бала жаттығады. Алматыда таеквондодан Болат Райбеков, Есбол Сұлтанов деген бапкерлер дәріс береді. Жарысқа Ақтөбе атынан барамын. Осындағы жаттықтырып, ақыл-кеңестерін аямайтын Сергей Ким, Еркін Айса, Нұрлан Жалғасбаев, Қуаныш Қарашов секілді бапкерлерімнің бәріне алғыс айтамын, — дейді Бағдагүл.

Балғын қыз шілде айының басында Корея елінде таеквондодан өтетін халықаралық турнирге баруға талаптанып отыр. Бағдагүлдің айтуынша, ол жақта әуелі іріктеу, сосын жарыс өтеді. Таудай талабы бар жас таеквондошы бағын сынауы үшін барып-қайтуына қаражат таба алмай отыр. Дарынды спортшы балаларға қаржылай көмек көрсетуге ықыласты жандар болса, бабы келіскен Бағдагүлдің бағы жанар деген үміттеміз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button