Мәдениет

Мұндай фестиваль басқа облыстарда жоқ

Ақтөбеде жақында ғана өткен  халық театрларының «Театр — өнердің ұлы көші» атты VII дәстүрлі облыстық фестивальдың қазылар алқасының төрағалығына Алматыдан кәсіби маман шақырылды. Ол — Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының  актерлік шеберлік және режиссура кафедрасының доценті, «Алматымюзик» мюзикл театрының режиссері  Тасболат Омаров. Тасболат Есжанұлы Мәскеудегі ГИТИС-тің (Мемлекеттік театр  институты) түлегі, актерлік жолын Қарағанды театрында бастаған. Бірталай фильмге түскен. Болат Омаровтың «Таудан да биік» фильмінде Әбдірахман Бегімбетовті, Еркін Рақышевтің «Жаралы сезім» фильмінде қыздың әкесі Қаршығаны  ойнады. Фестиваль туралы пікірін білмек ниетпен  бірер сауал қойған едік.

—    Тасболат Есжанұлы, екі күн  бойы халық театрларының қойылымдарын көрдіңіз, қандай ойға келдіңіз, соны білгіміз келеді.

—    Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеде болғанмын, ол жолы да осы фестивальға қазылық  еткенбіз. Біріншіден, мұндай фестиваль басқа облыстарда жоқ. Бұл — Ақтөбе облыстық әкімшілігінің, мәдениет басқармасының өнерге оң көзқараспен қарайтындығының белгісі. Алғысымды білдіргім келеді. Қазір аудан-ауылдағы түгілі, облыс орталығындағы театрлардың  жағдайлары әртүрлі. Ауыл халқы үшін театрдың жөні бөлек,   түкпір-түкпірде жүріп, театр сияқты киелі өнерді алға тартып жүрген ағаларымызды көргенде шын қуандым. Ал олардың соңынан ерген ізбасарларының ішінде кәдімгідей маманданып қалған жастар баршылық екен. Соған риза болдым.

Ауыл өнерпаздарының бәрі бірдей  бұл еңбегіне жалақы алмайды, өздерінің ынтасымен,  өнерге деген сүйіспеншілігімен   жұмыс жасайды. Қазіргі заманда осы халық театрын жоғалтып алмай, алға қарай дамытуды ойлап, тер

төгіп жүрген жандарға көзінің тірісінде ескерткіш қою керек.

Екіншіден,  халық театрларының артистеріне, режиссерлеріне  білімдерін жетілдіру үшін, өзара тәжірибе алмасу үшін кәсіби мамандардың кеңесі,  бағыт-бағдар беруі керек-ақ. Алматыдан шақырмағанмен, облыс орталығында елдегі өнерпаздарға арналған семинар-кеңестер ұйымдастырып отыру керек. Ондай іске  Мағзом Бақытжанов сияқты актер әрі режиссер,  тәжірибесі мол адамдарды  тартуға болады. Сонда ғана ауыл режиссерінің  заман талабына сай шығармаларды сахналауына мүмкіндік туады. Актерлердің даусын қою керек.

Фестиваль барысында 8 театрдың қойылымын көрдік.  Әр салада жұмыс жасайтын адамдардың басын қосып дүние жасау —  қиынның қиыны, дегенмен қай театр да жауапкершілікпен дайындалған. Ал кәсіби тұрғыда шамалары жетпей жатқан жерлері болса, оны  жетілдіру алдағы күннің еншісіндегі шаруа.

Бір пьесаны  қайталап қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын. Дұрыстап іздесе, соғыс тақырыбына арналған шығармалар табылады. Пьесаның сөзін жаттап алып, сахнада соны ұмытып қалмай, сыдыртып оқып шығуды мақсат етуге болмайды.   Өз кейіпкерінің жанына терең үңіліп, оның ішкі көңіл күйін, іс-әрекетін көрерменін мезі етіп алмай, нанымды шығаруға тырысса құба-құп болар еді.

—    Бұл фестиваль жетінші рет өткізіліп отыр екен. Кәсіби тұрғыда өскендері де, бұрынғы деңгейінен алшақтай қоймаған театрлар да бар екені байқалды. Театрдың бар екенін фестиваль тұсында еске алғандары  да бар секілді…  Бұған не дейсіз?

—    Әрине, аудандық мәдениет бөлімдері  жергілікті жердегі ағымдағы шаралардан босай қоймайды. Дегенмен олардың театрға деген ниеттері түзу көрінді, әр ауданның мәдениетінің тізгінін ұстап отырған азаматтар театр ұжымының  қасынан қалмай еріп жүр, спектакльдің  бағдарламасын, тағы басқа да керек-жарақтарын тастай етіп даярлаған.  Басқа театрлардың  даярлығы да жақсы.

Кәсібилік жағынан Шалқар аудандық халық театры өзгелерден көш ілгері. Бексұлтан Жәкиевтің  «Әке тағдырындағы» Зураның екінші енесін сомдаған актриса  Оразаева Гүлсіннің рөлі қандай керемет.  Келінін қалай тұқыртады, ұршықты иіріп отырып, қолындағы   шүйкесін неше рет жерге тастап кеп жібереді. Келін байғұс қайта-қайта иіліп алып береді. Бұл— режиссердің тапқырлығы және спектакльде  паузаны әдемі ұстайды, әрбір кідіріс өзін-өзі ақтайды.  Достық үйінің айналмалы сахнасы болмаса да соғысқа аттанып бара жатқан жас жігіттер, жылап-сықтап қоштасып жатқан бала-шаға, әйел, кәрі-құртаң сахнаны айналып шығады, әдемі көрініс, киімдері де тақырыпқа сай. Артық айтты, асырып айтты демессіздер, бұдан кейін  Шалқар театрын кәсіби театрлардың фестивальдарына қатыстыру  керек. Себебі ол өзінен өнері озық профессионал театрларға жетуге талпынады, өседі, әйтпесе бір орнында қала береді.  Бұл басқа   халық театрлары ұжымдарының ұнжырғасын түсірмей, алға жылжуына, бас бәйгені алуына жол ашады. Өйткені фестиваль сайын бір театрдың оза беруі басқаларына кері әсер етуі де мүмкін. Мәселе орын алуда емес,  дегенмен жарыстың аты жарыс, ешкімнің көштен қалғысы келмейді.

Әрине, мүмкіндік болып жатса, тек фестивальдың болуын күтпей, ауылдағы театрлар жыл сайын жоқ дегенде бір  пьесаны сахналап, халық назарына ұсынып отырса,  өздері үшін жақсы болар еді.  Театр деген аты болған соң, соған сай болуға ұмтылғаны жақсы ғой.

—    Фестиваль ұйымдастырушыларына қандай тілегіңіз бар?

—    Фестиваль өткізу оңай-оспақ нәрсе емес,  ал оны дәстүрлі шараға айналдыру — өнерге деген жанашырлықтың көрінісі. Осы фестиваль жалғасын таба берсін демекпін. Қолдағы барды жоғалту оңай, сондықтан бардың қадіріне жетіп, алдағы уақытта да театр өнерінің дамуына атсалыса берсе деймін. Рақметтен басқа айтарым жоқ.

—    Сіздің «Алматымюзик» атты жеке театрыңыздың бар екенінен хабардармыз. Қандай спектакльдер қойып жатырсыз? Өз шығармашылығыңыз туралы айтып өтсеңіз.

—    Мюзикл қоюды Қазақстанда алғаш бастағандардың бірімін. Осыдан 5 жыл бұрын Ақтөбеге келіп, Эндрю Ллойд Уеббердің шығармасы бойынша   қойған «Кошки Кетц» деген мюзиклімізді көрсеткенбіз.  «АББА» тобының әндері бойынша қойылған «МаммаМия» мюзиклі де табысты өтті. Қазақстанда Нұрқанат Жақыпбай «Көшкін» деген мюзиклін қойды, Болат Атабаевтың бір мюзиклі бар, оның театрының аты мюзикл театры болғанымен, көбіне драмаларды қойып жүр.

Қазіргі заманның қарқыны басқа, жылдам,  уақыт тығыз. Мюзиклде ойнайтын актер әмбебап болуы шарт , әнші, биші ретінде кәсіби  деңгейі жоғары, оған актерлік шеберлігі де сай болуы тиіс. Көрерменді күлдіре де, жылата да алатындай қабілеті болса ғана жанрдың үдесінен шығады.  

Өмірдің өзі драма емес пе, біреу баласын жетімдер үйіне, біреу ата-анасын қарттар үйіне тапсырып жатыр. Адамдарға онсыз да өмір сүру оңай соғып тұрған жоқ. Интернет  арқылы, шет елдерге сапарға шығу арқылы театрдың өзге түріне ден қойдым. Мюзикл  көз тартарлықтай көркем  әрі қызықты, кәсіби жағынан жоғары деңгейде шықса ғана көрерменін баурап алады.                               Жақында Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» пьесасының желісі бойынша «Дос-Мұқасан» тобының біраз әні, Төлеген Айбергеновтің өлеңдері пайдаланылған «Ғашықтар әні» атты мюзиклімізді фильм етіп түсірдік. Мамыр айының соңына қарай Алматыда  сол фильмімнің тұсаукесері өтеді.

—    Ахтанов шығармасы арқау болған фильмді көруге ақтөбеліктер де асығатыны даусыз…

—    Алдағы уақытта «Ғашықтар әні» фильмінің тұсаукесерін Ақтөбеде өткізу де ойымызда бар, оны уақыт  көрсетеді.

Амангелді ЖҰМАНОВ:

Халықтық  атағын алғаш алған  — Ойыл театры

Театр фестивалі кезінде қуана қауышатын ағаларымыздың бірі – ойылдық Амангелді Жұманов. 45  жыл  бойы Ойыл театрында  Төлеген, Кебек, Қарабай, Қодар рөлдерін сомдап, Ғарифолла ағасына еріп жүріп Мұхиттың әндерін шырқаған ағамыз әлі де қара жаяу емес. Ойыл театрының режиссері, өзіне ізбасарлар дайындап жүр.

—    «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген осы,  Ақтөбеге спектакль апарамыз деп алашапқын болып дайындаламыз. Ауылдағы өнерлі жастардың басын қосып, Әкім Таразидің «Қыз махаббатын» қойдық. Әлияға арналған пьеса ғой. Сахнадан хабары аз жас буын шамалары жеткенше өнер көрсетті.

Бұл театр құрылғалы биыл  46 жыл болды. Ең алғаш Ойыл мен Ырғызда театр ұйымдастырылды, облыстық байқауға келіп, бірінші орынды жеңіп алдық. Б.Майлиннің «Шұғасын» қойғанбыз. Шұғаны Бақтылы Әнесова, оның әкесін Мұхтар Садықов,   Әбішті Сейіткерей Қуатов ойнағаны есімде қалыпты.  Бұл өзі бір жолаған адам кете алмайтын кәсіп қой. Халық та жақсы көреді. Бірақ спектакль қою үшін қаражат көп керек, артистердің киімі, декорациясы бар. Қай уақытта да сақадай сай тұруы керек. Фестиваль деген кезде ғана етек-жеңіңді жинағанмен, аяқ астынан бәрі бірден түгенделе қоймайды. Осы спектакльді дайындауға көп көмегі тиген Мәдениет үйінің директоры Шамшырақ Жоламановаға  алғысымды білдіргім келеді.

Ғанибет ТӨЛЕГЕНОВ:

Бәйгеге ат қосқаннан кем емеспін

Басқаларды қайдам, Шалқар аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ғанибет Жүгінісұлын фестиваль сайын көреміз.  Қашан көрсең де қобалжып жүргені,  спектакльде  ойнайтын актерден кем уайымдамайды. Аудан театрының №1 жанкүйері.

— Осы фестиваль біткенше менде ұйқы жоқ. Бәйгеге ат қосқан адамдай жаным жай таппайды. Бұл өзі 1987 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан театр, Айгүл Муытова  басқарғалы 12 жылдың жүзі  болыпты. Халық жақсы таниды, қойылымдарына қуана-қуана келеді. Аудан әкімі де назардан тыс қалдырған емес. Аудан мәдениетіне жауапты болған соң, ауылымыздың намысын қорғайтын осындай өнер ұжымдарын қолдан келгенше демеу, жағдай туғызу — міндетіміз. Сондықтан осылай шапқылап жүрміз. Бұрын да театр қойылымдарына Алматыдан келген  театр сыншылары неше рет   жоғары баға берді, сол деңгейден түсіріп алмайық деп тырысып жүрміз.

Фестиваль  керек, ес жиғызады, қамшылайды адамды, әрі осы өнердің айналасындағылар үшін, жалпы халық үшін үлкен мереке.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button