Әлеумет

Өз саласында бәсекелесі жоқ баспахана!

Бес бастама

«2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын

7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша

білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын

несиелерді ала алмады.

Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп,

шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард

теңгеге жеткізуді тапсырамын».

 ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінен.

Ақтөбедегі «М.Стиль» баспаханасының базасында тұтас ТМД-да жоқ техника бар: Miyakoshi MLP-13C аталатын машина жұмысты сапалы әрі жылдам орындауға септігін тигізеді. Miyakoshi MLP-13C офсеттік жартылай ротациялық баспа машинасы 2017 жылдың ақпанында әкелінді. «ЯМ Интернешнл (ТМД)» компаниясының өкілдері арнайы келіп, машинаны орнатып, іске қосқан-ды. Жоғары сапалы этикетка басып шығаратын техника тұтас ТМД бойынша тек осы баспаханада ғана бар. Себебі бағасы сапасына сай өте қымбат, сатып алу оңай емес, құны 700 мың евро тұрады.

«ДАМУ-ӨНДІРІС» — КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КЕРЕК БАҒДАРЛАМА

«М.Стиль» баспаханасының директоры Меңдіғали Жұмағұловтың айтуынша, бұл машинаны алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының Ақтөбе филиалы мемлекеттік «Даму-Өндіріс» бағдарламасы  аясында қолдау көрсеткен.

«Даму-Өндіріс» — өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағытында жасақталған бағдарлама. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша ел экономикасын одан әрі дамыту мақсатында Ұлттық қордан бөлінген қаражат «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктер арасындағы кредиттік келісімге сәйкес жұмсалады. Аталған сала бойынша кәсіпкерлер несие алып, өз ісін бастай алады немесе жұмысын одан әрі дамытуға мүмкіндігі бар.  Талапқа сәйкес, экономиканың өңдеу саласында жұмыс істейтін, соның ішінде қағаз және қағаз бұйымдарын, этикеткалар, орамалар, басқа да дайын бұйымдар шығаратын «М.Стиль» баспаханасы «Центркредит банкі» арқылы қаражат алды.

  • Кәсіпкерден бір кеңес:

Мен скептикпін, сондықтан кәсіпкерлік туралы толып жатқан теориялық кітаптарды оқымаймын, бизнес-тренингтерге қатыспаймын. Тек еңбекпен ғана, таза маңдай термен ғана жетістікке жетуге болады деп есептеймін.

Жастарға айтар кеңесім: күн сайын сабақтан, жұмыстан келгеннен кейін кемінде 1-2 сағат біліміңді кеңейтуге көңіл бөлу керек. Сонда ғана сен өз қатарластарыңнан көш ілгері боласың. Дәрігерсің бе, үйге келген соң бір-екі сағат медицина саласында болып жатқан жаңалықтарды оқы, зертте, мұғалімсің бе, өз салаңа қатысты білім-білігіңді жетілдір. Үш жыл болды өз бетіммен ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Күн сайын кемінде 1-2 сағат сабақ оқимын. Осының нәтижесінде шетелдерде ірі компаниялармен келісімшарттар жасасқанда аудармашысыз сөйлесе беремін.

— Бұған дейін де аталған банк арқылы несие рәсімдеп, кәсіпке қажетті құралдар алдық, ғимаратымызды салдық. Бұл жолы да құны 700 мың евро тұратын жобаны жүзеге асыру үшін тіке банктен несие алғымыз келген еді. «Центркредит банкіне» барғанымда сол жердегі менеджерлер «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктер арасында кредиттік келісім бар екенін, соған сәйкес «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие ала алатынымды айтты. Жоба құны қымбат, сондықтан осы бағдарлама бойынша жүзеге асыру тиімді екенін түсіндім. «Даму» қорының жергілікті филиалына барғанымда қызметкерлер бағдарламаны толық түсіндіріп, құжат жинауға бастан-аяқ көмектесті. Егер банктен тіке қаражат алсам, оны 18 пайыз жылдық мөлшерлемемен қайтаратын едім, ал «Даму-Өндіріс» арқылы алған несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 8 пайыздан көп емес. Әрі қаржы сомасы көп болғандықтан, банкке беретін қосымша кепілдеме қажет болды, үйімізді, баспахана ғимаратын кепілге қойғанымызбенен, жетпеді. Бұл жолы бізге «Даму» қоры көмектесті. Оған қоса, алған қаражатты субсидиялауға да қолдау көрсетті. Құжаттарды көктемде дайындай бастадық, қаражат сомасы үлкен болғандықтан, ұзақ дайындық жүргізілді, келесі жылдың басында құжаттар толық дайын болып, осы машинаны алу үшін Жапонияға бардым. Шыны керек, мұндай мемлекеттік бағдарламаларға бұрын-соңды мән бермеген едім. Осы жолы бастан-аяқ зерттедім, мемлекеттің қолдауы зор, кәсібін дамытамын, ісін бастаймын дегендерге мұндай бағдарламалардың берері көп,  —  дейді М.Жұмағұлов.

2016 жылы Германияның Дюссельдорф қаласында өткен полиграфиялық, баспа және қағаз өндірісі саласындағы халықаралық «Drupa» көрмесінде ақтөбелік «М.Стиль» баспаханасы мен жапониялық «ЯМ Интернешнл (ТМД)» компаниясының өкілдері салтанатты түрде жабдықты сатып алуға қатысты келісімшартқа қол қойған-ды. 2017 жылдың басында М.Жұмағұлов Жапониядағы Miyakoshi зауытына барып, машинаны қабылдап қайтты.

— Әлемдегі түрлі көрмелерге қатыстым. Германияның Дюссельдорф қаласындағы халықаралық «Drupa» көрмесінде Испания, Жапония, Тайвань компанияларының жабдықтары қатты ұнады. Көрме аяқталғанша осы үш компанияның арасында саудаласып жүрдім. Ақыры, сапасы жақсысын, Жапония компаниясының машинасын сатып алуды шештік. Келісім жасалып, қаржысын төлегеннен кейін жабдықты Қазақстанға өздері тасымалдап, әкеліп берді. Солтүстік теңізі арқылы, Ноттердамға, Нидерландыға, одан әрі жер жолмен тіке әкелінді. 2017 жылдың ақпан айында «ЯМ Интернешнл (ТМД)» компаниясының мамандары келіп, жабдықты орнатып, екі айдай жұмыс істеді. Жабдықты іске қосу салтанатына жапон корпорациясының халықаралық сауда-саттық жөніндегі бас директоры Ючи Икеда арнайы келді. Осыдан кейін біздің компания туралы Ресейдің, Жапонияның, басқа да елдердің ақпарат құралдары жарысып жазды, — дейді М.Жұмағұлов.

«БІЗДІҢ ЖЕТІСТІГІМІЗ — ЖАҚСЫ МАМАН БОЛҒАНЫМЫЗДА»

«М-Стиль» — отбасылық бизнестің жемісі. Меңдіғали мен Гүлнәр Жұмағұловалар Ресейдің Мәскеу қаласындағы полиграфиялық институтта бірге оқыған. Студент кезде отбасын құрған екеуі тоқсаныншы жылдары оқуын бітіріп, Ақтөбеге келеді. Сол кездегі Ақтөбедегі жалғыз типографияға екеуі бірге жұмысқа орнасалады.

— 1997-98 жылдары елде экономикалық дағдарыстың бірінші толқыны соққан кезде жалақы уақытында берілмей қалған кездер болды. Осы жылдары типографиядан бес адам болып жұмыстан шығып кеттік те, «Нобель» баспаханасын ашып, сонда жұмыс істедік. 2002 жылы жолдасымыз екеуміз «Нобельден» бөлініп, өз кәсібімізді ашуға ниет еттік, — дейді М.Жұмағұлов.  

«Шешінген судан тайынбас» дегендей, екеуі тәуекел етіп, «Тұран Әлем Банктен» несие алып, 93 мың евро тұратын құрал-жабдық сатып алады. Ол кезде еліміздің батыс аумағында мұндай құралы бар баспахана болмаған. Жабдықты үйге орналастырып, күні-түні жұмыс істеді. Материалдарды, бояу-сырларды Мәскеуден алдыртты. Алайда несие төлеу қиын болғандықтан, үстіндегі үйлерін, астындағы көліктерін сатып, баспанасыз, жаяу қалды. Бірақ сонда да жұмысты тоқтатпау керек деп шешті. Меңдіғали Жұмағұлов досынан қарызға ақша алып, 5 мың долларға шағын ғана кеңсе сатып алды. Машинаны сонда орналастырып, кәсібін одан әрі жүргізе берді. Алдымен балмұздақтың орамасын шығарды, одан кейін қағаз өнімдерін шығаруға кірісті.

— Біздің жетістігіміз — жақсы маман болғанымызда. Екеуміз де қара жұмысшымыз. Полиграфия ісінің қыр-сырын жақсы білеміз. Менің мамандығым инженер-механик, жолдасым Гүлнар инженер-техник. Жолдасым қазір баспаханада өндіріс басшысы. Ұлымыз Қайрат та біз оқыған институтта білім алды. Қазір осы баспаханада бас инженер. Қызымыз Америкада мұнай саласында еңбек етіп жатыр. Балаларымыз өскесін кәсіп аясын кеңейтуді мақсат еттік. Жұмысымыз жақсы жүріп, несиелерді төлеу жеңілдегесін 2007 жылы қала ішінен жер сатып алдық. «Центркредит» банкінен несие алып, құрылыс жүргіздік. Ал өткен жылы тұтас ТМД-да бірінші болып өте сапалы машинаға қол жеткіздік, — дейді М.Жұмағұлов.

Бүгінде баспахана үш бағыт бойынша дайын өнімдер шығарады, олар — азық-түлік өнімдерінің орамалары, этикеткалар және офсеттік басылымдар. Түрлі бұйымдардың этикеткалары, шұжық, сүт тағамдарының, басқа да азық-түлік өнімдерінің орамалары, күнтізбелер, билеттер, қорапшалар, дәрі-дәрмектің тыстары, нөмірленген бланкілер, т.б. бұйымдар шығарады. Баспахананың қызметін Ақтөбедегі «Силла», «Рокос», «Балюн», «Ақтөбе нан», «Айс», «Рамазан» сынды ірі компаниялармен бірге Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды, Астана қалаларындағы компаниялар да пайдаланып отыр.

—  Баспаханада 27 адам қызмет етеді. Екі кезекте жұмыс істейміз. Қажетті мамандарды өзіміз оқытып, үйретіп аламыз. Бүгінде тапсырыстар өте көп. Өзіміздің сенімді клиенттер базасы жасақталып қалды. Сондықтан жарнама жасамаймыз. Өңірде басқа салада жұмыс істейтін баспаханалар бар, бірақ дәл біздікіндей бағытта, жоғары сапалы технологиямен жұмыс істеп жатқан баспаханалар жоқтың қасы, — дейді М. Жұмағұлов.

Баспа жұмысына қажетті жапсыратын, бояйтын, басқа да химиялық құралдар Америка, Германия елінен, Атырау, Алматы қалаларынан әкелінеді.

Отбасылық кәсіпкерлердің алға қойған жоспары да көп. М.Жұмағалиевтің айтуынша, баспахана жапониялық «ЯМ Интернешнл (ТМД)» компаниясымен тағы да қосымша келісімге қол қойған. Бұл құжатқа сай, Miyakoshi MLP-13C машинасына қажетті құны 70 мың евро тұратын автоматты жабдық әкелінеді. Бұл өнім сапасын арттыруға септігін тигізбек.

 P.S. Мамыр айында Меңдіғали ұлы Қайрат екеуі Миланда өткен полиграфия ісі көрмесіне барып қайтты. Алдағы жылы Бельгияның Брюссель қаласында өтетін полиграфия, баспа өнімдері мен орамалар, этикеткалар көрсетілетін халықаралық «Labelexpo Europe 2019» көрмесіне қатыспақ. «Мұндағы мақсатымыз — өз ісіміздің аясын кеңейту үшін, жұмысымыздың сапасын арттыру үшін әрі қарай не істеу қажеттігін бағамдау. Әлемдік стандарттарға сай болу үшін әлемдік деңгейдегі шараларға мүмкіндігінше қатысу керек», — дейді М. Жұмағұлов.

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button