Әлеумет

Ұлттық киім ұлық мерекелердің ғана сәні ме?

 Қазақтың шапан-қамзолын тігіп, этностильге ден қойған шеберлер ұлттық киімдерімізге деген сұраныс жөнінде не айтады? Ал сауда орталықтарындағы ою-өрнекпен көмкерілген костюмдердің сапасы бағасына сай ма? Жалпы,  ұлттық киімдердің қандай деңгейде ұлықталатынын білуге тырысқан едік… 

«Тапсырыстар көп, уақыт аз» 

Шапан, ұлттық үлгідегі бас киімдердің түр-түрін, жалпы қазақша костюмдер тігетін Светлана Есенғаринаның осы іспен айналысып жүргеніне 4-5 жылдың жүзі болған. Тапсырыс бойынша жұмыс істейтін ісмер өзі басшылық ететін ательеге тек Наурызда ғана емес, жыл бойы келушілердің саны мол екенін айтады. Оның сөзінше, этностильге әуес ақтөбеліктер аз емес.

— Жақында колледжде оқитын жас күйшіге шапан тәріздес, бірақ соншалықты ұзын емес ұлттық киім тігіп бердік. Өйткені жігіт өзінің жасына сәйкес әрі өзгелерден ерекше киінгенді құп көрді. Бір аптаның ішінде әсем тастармен әшекейленген, оюлар қосарлана тігілген аталған костюмнің құны 20 мың теңгеге шықты. Сондай-ақ, бірер күнде қыздарыммен 20 бишіге сахналық киім тіктік. Жалпы, бізге ұжымдық тапсырыстар да түседі. Десе де, мұндай жұмысқа көбіне-көп келісе бермейміз. Себебі бұл ұзақ уақытты алады әрі машақаты көп.

Былтыр да қаншама адаммен жұмыс істедік. Әсіресе, «ЭКСПО-2017» көрмесі жақындағанда тапсырыстан бас көтермедік десем болады. Мәселен, Байғанин ауданынан келген мәдениет қызметкерлеріне арнайы сұраныспен шапан тіккеніміз бар. Сол сияқты «Салтанатты кештерге бір киетінім болсын…» деген оймен қиялындағы киімін «жарыққа шығарғысы» келетіндер көп. Бір сөзбен айтқанда, осы салада бірнеше жылдан бері тер төгіп жүрген тігінші ретінде өзіміздің төл киімдерімізге деген қызығушылық ауыз толтырып айтуға тұрарлық дер едім, — дейді ол.

Редакцияға келген Светлананың үстіндегі көйлек те ұлттық стильде тігілгенін байқадық. Термопресс әдісі бойынша өзі тіккен киімнің кеуде тұсы мен жеңінен ою-өрнек салған шебер қажетті матаны, әшекей заттарды, тіпті жіп сияқты ұсақ-түйекті алысқа сабылмай-ақ, Ақтөбедегі базардан алатын көрінеді. Демек, бұл —шынымен ізденген адамға ешқандай кедергі жоқ деген сөз. Бұл пікірімізді әңгімелесушіміз де қуаттайды.

— Бұрынғыдай емес, қазір жаныңа керектің барлығын қиындықсыз табуға болады. Бұл ұлттық киімдерді тігуге қажетті материалдарға да қатысты. Іс жүзінде табиғатынан алыстағысы келмей, сонымен қатар сәнді болып жүруді қалайтын қазақтың қыздарына бар жағдай жасалған. Мысалы, мен мына көйлекті (сұқ саусағымен өзі киіп тұрған киімді көрсетті — А.С.) 1-2 күнде тігіп алғанмын. Талаптанған кез келген қыз-келіншек бұны ғаламтордан қарап-ақ жасаса болады.

Әйткенмен, әуесқой тігіншілер қазірдің өзінде жетіп артылады. Олардың жұмысына салғырт қарап, ұлттық киімімізді қорлағанына кейде қарным ашады. Көпшілігі қазақша костюмнің түр-түсіне мән бермей, қалай болса солай тіге салады. Оған жапсырылатын өрнекке де атүсті қарайды. Кейін оны киген адамды сыртынан қарасаң, құдды бір сайқымазақ көргендей боласың… Әрі дені жылтырға үйір. Осы жайт намысыма тиеді. Менің ойымша, тігіншілікпен де кәсіби мамандар айналысу қажет. Соны қадағалайтын белгілі бір орган болса, нұр үстіне нұр болар еді. Неге десеңіз, ұлттық киімдеріміз арқылы шетелдіктердің біз туралы пікірі қалыптасады ғой, — дейді Светлана Есенғарина.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда костюмдер бойынша суретші болып қызмет ететін ол — Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесінің түлегі. Беріректе Ақтөбе сервис колледжінде білімін жетілдірген маман соңғы уақытта киізден жасалған бұйымдарға қызығып жүр екен. «Болашақта киізден тігілетін көйлектерді көпшілікке ұсынсам деймін. Қазіргі таңда соның технологиясын зерттеп жүрген жайым бар. Меніңше, өзіміздің Ақтөбеде жасалатын мұндай көйлектерге сұраныс көп болады», — деп ой-жоспарымен бөлісті Светлана.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

Қазақтың ұлттық киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп, кейде әлгі жүздер ішіндегі рулардың аттарымен де айтылады. Мысалы: арғын тымақ, найман тымақ, қызай бөрік, ноғай бөрік, т.с.с. Кейде географиялық мекен атауына қарай да ерекше мәнер-үлгіге бөлінеді — Қоңырат үлгісі, Жетісу үлгісі, Арқаның үлгісі, т.б. Мұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдылығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады. 

Қазақ киімдері іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге — көйлек, кеудеше, қамзол, кәжекей, сырттық киімдерге — шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге — шекпен, қаптал шапан, брезент, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осыны аңғартады. Қазақ салтында ер-жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдерінің ең жақсы, көрнектісін киген.

Ең арзаны — 3 мың теңге, ал қымбаты…»  

Көктем мезгілі басталысымен Орталық базар мен сауда үйлерін аралайтындар баршылық. Олардың іздегені — ұлттық киім… Саудагерлер де осы мезгілде қазақша костюмдерді Алматы мен Бішкектен көптеп тасиды.

 — Бутигімде 20-дан астам ұлттық костюм бар. Олар негізінен мектеп жасындағы ұл-қыздарға арналған. Ең арзаны 3 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін барып жығылады. Әрине, бағасы сапасына қарай қойылады.

Қыздарға деп ұлттық оюмен бедерленген кеудешені баскиімімен қоса сатамыз, ал ұл балалардыкі — кеудеше мен шалбары, сондай-ақ, тақиясы.

Мұндай тауарға сұраныс ақпан-наурыз айларында болғандықтан, бұл — маусымдық жұмыс. Бір сауда орталығында мен сияқты кемінде 10-15 осындай сатушының барын ескерсек, бәсекелестік бар деуге болады. Мүмкіндігінше киімдердің бағасын түсіруге, келушілердің талабымен санасуға тырысамыз. Бірақ саудада достықтың жоқ екенін тағы ұмытпаймыз, — деп ағынан жарылады қаладағы сауда орталықтарының бірінде этнокиімдерді сататын Шаттық Елеусізова.

…Қызылды-жасылды, әсемдігі жағынан бірінен-бірі асып түсетін киімдерден, қай жерде болсын, көз сүрінеді. Әсіресе, кішкентайларға арналған костюмдер жұтынып тұр. Орталық базар мен ірі сауда үйлерде самсап тұрған ұлттық үлгідегі киімдер ұлық мерекенің сәні екенін ондағы иін тірескен адамдардан да байқауға болатындай…

Жалға алатындар — жастар

Өркениеттің дамыған, сәт сайын өзгерістер орын алатын заманында адамдардың да үнемі жаңашылдықты аңсайтыны сөзсіз. Соның ішінде жастардың былтыр кигенін биыл көргісі келмей, оны тіптен көзге қораш қабылдайтыны шындық… Жылда келетін Наурыз мерекесінде де қолдан келгенше жаңарғанды қолай көріп, ұлттық киімдерге «уақытша иелік ететіндердің» көбейетіні сондықтан. Осыдан барып белгілі бір мейрамдар жақындағанда ұлттық киімдерді жалға беретін орындарға қарай ағылатындар біршама. Сондай орталықтардың бірінде жұмыс істейтін Гүлзат Есқалиева былай дейді:

— Бүгінде бізде 50-ге жуық ұлттық костюм бар. Олар 2003-2014 жылдар аралығында арнайы тігілген. 80-250 мың теңгенің киімдерін халықтың сұранысына сай жалға да береміз, сатылымға да шығарамыз. Әр костюм тәулігіне 2 мың теңгеден жоғары сомаға бағаланады. Көбіне-көп арулар байқауларға қатысарда келіп жатады. Сондай-ақ, наурыз айында студенттер оқу ордасындағы кештерге киіп бару үшін жалға алады. Соңғылары келгенде олардың да жағдайына қарап, бағасын түсіріп беретініміз бар. Ең бастысы, ұқыпты кисе болғаны. Сосын айтулы шаралар ұйымдастырылғанда әскери киімдер, өзге де бұйымдарды жалға береміз.

Гүлзат сөз арасында кішкентайларға арналған ұлттық костюмдердің жоқтығын, бұл олқылықты алдағы уақытта жою жоспарда барын жеткізді. Мұнда ұлттық киім іздеп келетін жастардың саны Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ерекше молаяды екен.

Айтпақшы, мұндай тектес костюмдерді тұрғындар, сонымен қатар шаһардағы мәдениет мекемелерінен де жалға ала алады.

P.S. Бір көзіміздің жеткені, жыл бойы ұлттық киімдерімізді ұлықтап, қазақтың ою-өрнегін де заманауи сән талаптарымен үйлестіре білетін қыз-жігіттеріміз бар. Оған жоғарыда біз әңгімеге тартқан кейіпкерлеріміздің сөзі дәлел. Әрі соңғы уақытта өз арамызда да этностильдегі шеберлердің саны артып, облыстық деңгейдегі сән көрсетілімдерінің ұйымдастырылуы бұл пікірімізді нықтай түсетіндей… Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымыз қай кезде де ұмыт қалмаса игі!

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button