Спорт

Соңғы минут сан соқтырды

Премьер-Лига

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 3:2

«Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос мұндай кездесулер инфарктіге соқтыруы мүмкін екендігін мойындады. Өйткені ұпай жөнінен онсыз да ең басты бақталасы «Астанадан» қалып келе жатқан «Қайратқа» тағы да екі әйтпесе тіпті үш ұпайдан айрылып қалу қаупі төнген болатын.

Дегенмен ойын алматылықтар үшін сәтті басталғандай да еді. 3-минутта Бауыржан Исламхан есеп ашып кетті. Біздің қорғаушылар кері қайтарған доп Бауыржанның тура алдына келе қалды да кәнігі футболшы қақпаны қатесіз көздеді — 1:0.

Бұдан соң қонақтар дүр көтеріліп, алаң иелерін біраз тықсырды. Осындай сәттердің бірінде алматылық қорғаушылар ойын ережесін бұзып, қонақтардың айып алаңына таяу тұстан 15-минутта айып добы белгіленді. Сол аяқпен жойқын соққы жасаған Маркос Пиззелли «тоғыздықты» дәл нысанаға алды — 1:1.

«Ақтөбе» бұдан соң да шабуылдаудан тынбады. Ақыры тағы да нәтижеге жетті. 30-минутта тағы да айып алаңына тақау келе қалған Маркос Пиззелли сол қанаттан тасталған тамаша пасты тағы да сол аяқпен шірене тепті де, қақпашы қақпашы Владимир Плотников тағы да сан соғып қалды — 1:2.

Жалпы бірінші тайм негізінен ақтөбеліктердің басымдылығымен өтті.

Екінші таймда да «Ақтөбе» тізгіннен айрыла қойған жоқ. Тіпті Маркос Пиззелли хет-трик жасауға сәл қалды, оның соққан добы қақпашының қолынан тайқып өтіп, діңгекке серіпіліп қана кері қайтты. Сәтті қимылдағанда Руслан Валиуллин мен Рейналдо да есепті ұлғайтуы мүмкін еді. Сөйткен футболшыларымыз, әттең, соңғы оншақты минутта қырағылықтарын жоғалтып алды. Қорғаушылардың қателіктерін тиімді пайдаланған қайраттықтар 77, 90-минуттарда екі гол соғып, жеңісті жұлып әкетті.

Осылайша соңғы минутта сақалды қолдан берген «Ақтөбе» турнир кестесінде соңғы орынға қайта оралды.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 3:2

Гол авторлары: Бауыржан Исламхан, 3-минут (1:0);Маркос Пиззелли, 15-минут (1:1); Маркос Пиззелли, 30-минут (1:2); Иво Иличевич, 77-минут (2:2); Уго Сильвейра, 90-минут (2:3).

Ескерту қағазын алғандар: Ғафуржан Сүйімбаев, 14-минут, Исаэль Барбоза, 81-минут («Қайрат»)  — Силва Рейналдо, 73-минут, Рамиль Нұрмұхаметов, 88-минут («Ақтөбе»).

«Қайрат»: Владимир Плотников, Ғафуржан Сүйімбаев, Нұралы Әліп (Георгий Жуков, 46-минут), Шелдон Бато, Станислав Лунин, Хуан Фелипе (Уго Сильвейра, 65-минут), Акош Элек, Бауыржан Исламхан (капитан), Исаэль Барбоза, Андрей Аршавин, Чума Анене (Иво Иличевич, 41-минут).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Бағдат Қайыров, Александр Симчевич (капитан), Виталий Волков, Милан Радин (Силва Фабрисио, 83-минут), Руслан Валиуллин, Саша Марьянович, Хрвое Милишевич, Жамбыл Көкеев (Игорь Юрин, 66-минут), Маркос Пиззелли, Силва Рейналдо (Жан-Эд Морис, 74-минут).

31 мамыр 2018 жыл. Алматы, Орталық стадион. 11500 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ордабасы»-«Атырау» — 0:2

«Қайсар»—«Астана» — 0:2
«Тобыл»-«Қызылжар СК» — 0:1

«Ертіс»-«Ақжайық» — 2:0
«Жетісу»-«Шахтер» — 1:0

13-турдан соң  37 ұпаймен «Астана», 32 ұпаймен «Қайрат», 25 ұпаймен «Тобыл» көш бастап келеді. Дегенмен астаналықтардың екі ойыны артық.

4-орындағы «Ордабасының» 19 ұпайы бар.

5-6 орындарда 17 ұпайы бар екі команда тұр: «Ертіс», «Ақжайық».

7-9 орындардың иелері: «Жетісу» — 14 ұпай; «Шахтер» — 13 ұпай; «Қайсар» — 12 ұпай.

10-11 орындарға 11 ұпайдан жинаған «Атырау» мен «Қызылжар СК» көтерілді.

Соңғы, 12-орын иесі — 8 ұпайы бар «Ақтөбе».

*   *   *

 14-турдың ойындары екі апталық үзілістен соң 17 маусым, жексенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды. 7 сәуірде өткен бірінші ойында бұл командадан 1:3 есебімен ұтылғанбыз.

Басқа кездесулер:

«Қайсар» (Қызылорда) — «Жетісу» (Талдықорған)
«Астана» (Астана) — «Ертіс» (Павлодар)
«Ақжайық» (Орал) — «Қайрат» (Алматы)

«Атырау» (Атырау) — «Тобыл» (Қостанай)
«Кызылжар СК» (Петропавл) — «Шахтер» (Қарағанды)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button