Басты жаңалықтар

Өз көлігіңді өзің жу!

Бес бастама

 «2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын

7200 шағын несие берілді. Алайда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша

білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын

несиелерді ала алмады.

Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп,

шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард

теңгеге жеткізуді тапсырамын».

 ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінен.

Ақтөбеде біраз уақыттан бері жүргізушілердің өз көлігін өзі жууына мүкіндік беретін бекет жұмыс істеп жатыр. Нокин көшесіндегі көлік жуу бекетінің ерекшелігі сол — астыңдағы тұлпарыңды тазарту үшін сағаттап кезекте тұрмайсың, әрі кетсе 5-10 минуттың ішінде білегіңді түріп жіберіп, өзің-ақ іске кісіріп кетесің.

Жоба авторы әрі бекет басшысы Нұрболат Тұяқов бұл идеясын жүзеге асырмастан бұрын оның қаншалықты сұранысқа ие болатынын әбден зерттеген:

— Мен өзге елдерге сапарға жиі шығамын. Батыс Еуропа қалаларында, Ресей қалаларында дәл осындай көлік жуу бекеттері өте көп. Әсіресе, Ресейге жеңіл көлікпен шыққан кезде байқаймын: жолымызда кездесетін барлық қалаларда өз көлігіңді өзің жуып алуға мүмкіндік беретін бекеттер көп кездеседі, әр қалада кемінде осындай 7-8 орын бар. Өте ыңғайлы, сұранысқа ие табыс көзі екеніне көзім жетті. Қазақстан бойынша Астанада, Алматыда осы секілді бес бекеттен бар. Қостанайда, Орал қаласында да ашылды деп естідім. Ақтөбеге келген соң «Неге бізде де осындай орындар ашпасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, есептедік: ішкі істер департаменті берген дерек бойынша, қазір Ақтөбеде шамамен 17 мыңдай көлік бар екен. Оның 7 мыңға жуығы заңды тұлғалардың көліктері болса, қалған 10 мыңнан астамы жекеге тиесілі. Егер осы 17 мыңның 1 пайызы, тіпті 0,5 пайызы біздің қызметімізді тұтынатын болса, онда бұл істі бастауға болады деген сөз. Себебі біздің бекет ашылған кезде қалада дәл осындай басқа орын болған жоқ. Қала үшін жаңа инновациялық жоба болғандықтан, істі бастадық, — дейді Нұрболат Тұяқов.

2017 жылдың басында идеясы ғана бар жігіт жобасын жүзеге асыру үшін құрылыс жүргізетін жер һәм қаражат жолдарын іздестіре бастаған. Жерді қалтасындағы жеке қаражатына сатып алған Нұрболаттың жобаны жүзеге асыруға қаржысы жеткен жоқ. Толық жабдықталған бекетті іске қосу үшін 50 миллион теңге қажет болды! Банктерге, қаржы институттарына барған жас кәсіпкер несие алу үшін кепілге қоятын мүлкінің жоқтығын білді.

— «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына барып, кеңес алдық. Мемлекеттің қолдауы бар екенін, егер кәсіпкердің жеке мүлкі кепілге қоюға жетпесе, мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Даму» арқылы кепіл алуға болатынын білдім. Осылайша, «Даму» қоры 20 миллион 500 мың теңге көлемінде кепілдік берді, яғни 50 пайыз кепілдікті өз мойнына алды. Қалған қаражат үшін өз пәтерімді кепілге қойдым. Аталған қордың кеңесшілері құжаттар әзірлеу, банкке құжаттарды тапсыру, аймақтық үйлестіру кеңесінде жобаны қарастыру, банктен несие алу сынды рәсімдердің барлығында маған қолдау көрсетті. Осылайша, екінші деңгейлі банктен қаражат алып, ісімді бастап кеттім, — дейді кәсіпкер.

Қаржы қолға түскеннен кейін Нұрболат сатып алған жерге құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Ресейге көлік жуу бекетіне қажетті құралдарға тапсырыс берді. Екі ай ішінде жабдықтар келіп болды. Испаниялық «ISTOBAL»компаниясының жабдығын орнату үшін Мәскеудегі дистрибьютерлік компанияның мамандары арнайы келді, құрылғыларды реттеп, онымен жұмыс істеу үшін екі апта бойы мамандарды үйретті.

— Булайтын, суды көпіршікпен араластырып, автоматқа жіберетін, қатты қысым арқылы су атқылайтын алты сорғы алты постқа жалғанған. Алты арнайы бағдарлама бар: ақ қою көбік кішкене пистолетпен көлікке жағылады, бұл көбік лас балшықтарды жұмсартады, одан соң су мен сусабынды араластырып, көлікте жұмсарған лас балшықтарды тазартады, сосын сумен жақсылап шаяды, төртінші қадамда көлік бетінде қалған ақ дақтарды тазарту үшін тағы бір рет шаяды. Одан кейін автокөлік бояуын жақсы кептіру және өңдеу үшін балауыз жағылады. Арнайы ерітіндімен шыбын-шіркей іздерін жоюға арналған тетігі де бар. Көлікті тазартып болғаннан кейін салон ішін шаңсорғышпен тазартып алуға болады, ол үшін арнайы орын дайындалған, — дейді. Бұл жұмыстарды әрі кетсе, он минуттың ішінде тындыруға болады. Сондықтан бұл жерде ұзын-сонар кезекке тұратын көліктер жоқ. Тез-тез «жуынып» алып, кете береді. Нұрболаттың айтуынша, бекетке сағатына кемінде 40 көлік келеді. Жаңбырлы, балшықты күндері осы бекетке темір тұлпарының басын тірейтіндер саны көп болады. Олардың арасында үлкенді-кішілі көліктің сан түрі бар.

  • Кәсіпкерден кеңес:

Кәсіп бастағысы келетін адам ең алдымен ол кәсібінің нәсібі қандай болады, яғни ол ертеңгі күні сұраныста бола ма, жоқ па, соны әбден зерттеп алу керек. Қаржылық, экономикалық, маркетингтік біліммен қарулану қажет. Интернетте толып жатқан түрлі видеоларды көріп алып, кәсіп ашамын деу ақымақтық. Менің бір танысым экскаватор сатып алды. Рас, алғашқы айларда жақсы табыс тапты, себебі танысы арқылы экскаваторын жалға беріп тұрды. Танысы жұмыстан шығып кеткеннен кейін экскаваторы да «жұмыстан шығып қалды». Қазір экскаваторы ауласында қаңтарылып тұр, пәленбай теңге несие төлейді. Бұлай іс бастауға болмайды. Жан-жақтың барлығын есептеп алу керек. Пәтерін сатып жіберіп, соның қаржысына іс бастап, кейін кәсібі тұралап қалғандар да бар. Әрине, тәуекелсіз ештеңе де болмайды, бірақ барынша кез келген қиындыққа дайын болу керек. Идея болса, оны жүзеге асыруға тырысу керек. Жүзеге асырылмаған идеяның түк пайдасы жоқ.

— Жүргізушілердің ұтатын тұсы — уақытын үнемдейтіндігі. Басқа көлік жуу бекеттерінде, әсіресе, жаңбырдан кейін кезек өте баяу жылжиды. Себебі ол жерлерде кезекте кемінде екі сағат тұрасың, кезегің келген кезде көлігіңді тағы бір сағат жуады, осылайша бір көлікті жуу үшін үш сағат уақытыңды сарп етесің. Ал біздің бекетте ары кеткенде 10-15 минут күтуің мүмкін, әйтпесе, 5-6 минутта-ақ көлігіңді жуып ала аласың. Күні-түні жұмыс істейміз. Жастар жағы түнде асықпай келіп жуып алады. Такси жүргізушілері үшін де өте ыңғайлы, таңертең жұмысқа шыққанда көліктерін осында келіп тазартып алатындар саны көп. Өткен жылдың қазан айында аштық осы бекетті, көп уақыт өткен жоқ, соған қарамастан тұрақты клиенттеріміз бар, — дейді Нұрболат.

Қазір «MoiSam», яғни «Өзің жу» бекетінде Нұрболатпен бірге үш адам қызмет етеді. Кезекпен тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың міндеті — көлік жүргізушілеріне жетон алуға көмектесу, жаңадан келген клиенттерге үйрету, қалғанын техниканың өзі-ақ атқарады.

Бүгінде қаладағы кейбір көлік жуу бекеттері Нұрболаттың бекетіндегідей көлікті клиенттің өзі жууына мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асырып жатыр…

Нұрболаттың іске асырар жобалары мұнымен таусылған жоқ. «Ойға алған тағы бір инновациялық идеям бар», — дейді.

Жас кезімнен кәсіппен айналысып келемін. Институтты бітірген бойда-ақ өз кәсібімді бастадым. Өзім қаржы маманы болғандықтан, әр істі бастар кезде міндетті түрде маркетингтік зерттеу жүргіземін. Осы жобам аяғынан нық тұрып, несиені біраз қайтарғаннан кейін келесі жаңа жобамды қолға алуға болады. Әзірге оған тәуекел ету қиындау, — дейді Нұрболат Тұяқов.

 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button