БілімБасты жаңалықтар

Соңғы қоңырау: 410 мектеп. 136 678 оқушы. 6669 түлек

Ертең облыстағы 410 мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтеді. 136 678 оқушы салтанатты түрде ұйымдастырылатын шараға қатысады. 6669 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылады. Сондай-ақ, 14994 оқушы бастауыш сыныпты бітіреді. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 16 000 балдырған алғаш рет соңғы қоңырау сыңғырына куә болады.

ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖӘНЕ ПИЛОТТЫҚ МЕКТЕПТЕР  

— Соңғы қоңырау рәсімі әдеттегідей мамыр айының 25-і күні өткізіледі. Ал мектеп бітіру кештері маусымның 15-і күні  Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай «Ел жүрегі — Астана» тақырыбында ұйымдастырылады. Бұл күні салтанатты жиындар, мерекелік концерттер, мектеп бітірушілер мен білім беру ұйымдарының жетістіктерін жариялайтын кездесулер ұйымдастырылады.

Жалпы облыс бойынша 136 678 оқушы бар. Оның ішінде 9-сыныпты бітіретін, яғни орталау білім алғандығы жөнінде куәлік берілетін оқушылардың саны — 9892. 6669 оқушы мектеп бітіреді, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Аманжолқызы.

Биылғы оқу жылының өзіндік ерекшеліктері болды. Өткен оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 1-сыныптар ғана оқыған болатын. Биылғы оқу жылында жаңа жүйе бойынша 3 сынып — 2,5,7-сыныптың оқушылары білім алды. Бұл — бірінші ерекшелік. Жалпы 12 жылдық бойынша білім алған балалардың саны — 57 821 бала. Келесі оқу жылында осы сыныптармен бірге 3,6,8-сыныптардың оқушылары да жаңартылған білім беру жүйесіне көшеді.

Екінші ерекшелік, биылғы оқу жылында біраз мектеп 5 күндік оқу жүйесіне көшті. 2016-2017 оқу жылында тек қана 5-сыныптың оқушылары бес күндік жүйе бойынша білім алған болатын.

  • Мектеп-интернаттар, мамандандырылған мектептер, мектеп-гимназиялардағы балалардың оқу жүктемесі басқа мектептердегі оқушыларға қарағанда көп. Сол себепті, балаларға салмақ болмауы үшін ата-аналармен келісімі бойынша мұндай мектептердегі оқушылар 6 күн оқыды. Сонымен қатар, облыстағы үш ауысымда білім беретін мектептер де 5 күндік білім беру жүйесіне көшкен жоқ, — дейді басқарма басшысы.

Үшінші ерекшелік, биылғы оқу жылында сабақ уақыты 5 минутқа қысқартылып, 40 минуттан болды. Дегенмен, қоңыраулар қысқартылған жоқ.

Ләззат Аманжолқызының айтуынша, Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназия мен қалаға қарасты Жаңақоныс ауылындағы мектеп  жаңа жүйе бойынша апробациялық мектептер болып саналады. Үш тілде білім беру бойынша биыл 74 мектеп пилоттық жобаға енгізілген. Бұл білім шаңырақтарына физика, химия, биология, информатика  пәндері бойынша үш тілде білім берудің элементтері қосылды. Әр мектепке осы төрт пәннің бір-екеуін таңдауларына мүмкіндік берілген.

Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп үш тілде білім беру бойынша әзірленген оқулықтарды сынақтан өткізу бойынша пилоттық мектеп болып бекітілді.

ҰБТ: ЕКІ КЕЗЕҢ ЖӘНЕ ЕМТИХАНДАР

 Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл да жаңа форматта, екі кезеңде өткізіледі. Тестілеудің бірінші кезеңі мектептерде ұйымдастырылады.

  • Еліміз бойынша барлық мектепте емтихандар нақты бекітілген күндері өтеді. Жалпы 5 емтиханды 4 күнде өткізу жоспарланды. Емтихан 29 мамырда басталады. Түлектер оқыту тіліне байланысты әдебиет пәнінен эссе жазады. Сонымен қатар оқушылар 2 маусым күні екі емтихан тапсырады. Таңдау пәні бойынша және қазақ тіліндегі мектептің оқушылары — орыс тілінен, орыс мектептерінде білім алған балалар қазақ тілі пәнінен тест тапсырады. Ал төртінші емтихан (алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша) 6 маусым күні өтеді. Бақылау жұмысы болады. Соңғы емтихан 9 маусым күні Қазақстан тарихы пәнінен ауызша өткізіледі, — дейді Ләззат Оразбаева.

Ал ҰБТ-ның екінші кезеңі түлектердің жоғары оқу орындарына оқуға қабылдануы үшін өткізіледі. Облыс бойынша тестілеу өткізілетін 15 пункт бар. Оның 12-сі аудандардың орталығында орналасқан.

  • «Алтын белгі» иегерлеріне ерекше жеңілдіктер болмайды. Егер «Алтын белгі» иегері мен жай аттестат алған баланың балдары тең болып, екеуі бір орынға таласса, онда «Алтын белгі» иегеріне басымдық беріледі, — дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, «Алтын белгі» аттестатына үміткер 532 бар.

Еліміз бойынша ҰБТ-ны 20 маусым мен 1 шілде аралығында өткізу жоспарланып отыр. Тест тапсырмасы — 120 сұрақ. Өту балы — 50. Берілетін уақыт — 3 сағат 50 минут.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button