Әлеумет

Балаларымыз өрттен келетін қауіпті біле ме?

Көп жағдайда өрттің шығуының себебі  балалардың, оның ішінде мектепке дейінгі және мектептің  төменгі сыныптарында оқитын  балалардың отпен ойнауынан, өрт қаупі бар заттарға абайсыздығынан болып жүр. Өйткені олар өрт қауіпсіздігі ережелерін біле бермейді. Сондықтан ата-ана балаларға жас демей, өрттің туындауының негізгі себептерімен таныстырып, оттан абай болудың қарапайым дағдыларын үйретіп, ұғындырып отыруы керек. Тіпті  өрт болған жағдайда дұрыс қимыл жасау, өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауды да айта бергені жөн. Егер біз балаларымызды өрт қауіпсіздігіне мектептегі төменгі сыныптан бастап үйретпесек, онда ол өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмейді. Сондықтан балаларға отпен ойнаудың салдарын ескертіп, өрт қаупі бар заттарды еркелікпен пайдаланудың қаупінің күшті екенін айта беру керек. Мұнымен бірге, электр тұрмыстық аспаптарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ұқтырып, бастапқы өрт сөндіру құралдарын пайдалануды үйрету қажет. Шағын жалынды сумен, құммен, гүл құмырасындағы топырақпен, кір жуатын ұнтақпен көміп тастау немесе отты матамен жауып сөндіруге болатынын бала білуі тиіс. Бала міндетті түрде «101» және «112» құтқару қызметінің телефонын білуі тиіс.

Алайда, өкінішке қарай, ата-аналар балаларға өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін үйретуге іс жүзінде назар аудармайды. Балаға  өрттің қауіпті екенін түсіндірмегендіктен «Тентек болма!», «Ұстама!», «Сіріңкемен ойнама!» деген ескерту сөздер нәтиже бермейді. Оның үстіне ата-аналардың өздері де абайсыздық  көрсетіп, балалардың сіріңкемен ойнауына мүмкіндік беріп оңаша қалдырады. Әдетте, оның салдары баланы қазаға ұшырататын, не мүгедек ететін  оқиғаларға  әкеп соғады. Сондықтан әр ата-ана баланың қауіпсіздігін ойлап, қам жасауы керек.

Балалардың отпен ойнауынан болған өрт жағдайларында ересектер де кінәлі деп есептейміз. Өйткені балаларды үйде жалғыз қалдырып, олардың іс-әрекеттері мен ойындарын бақыламайды, сіріңкені баланың қолы жетпейтін жерге тықпайды. Тіпті ақаулы электр сымдарын, қолдан жасалған тұрмыстық аспаптарды қолданады, газ плиталардың үстінде киімдерді кептіреді және тағы басқа сондай себептерге жол береді. Мұндай салғырттықтың бірнеше минуттың ішінде орны толмас қайғыға әкеліп соғуы мүмкін екендігін ата-аналар естерінде сақтауы қажет.

Айталық, біз — ата-аналар балалардың қолдарына өткір кескіш заттарды алмауын қадағалап отырамыз. Мысалы, бала қолына пышақ алған жағдайда наразылық білдіреміз. Ал сіріңке немесе оттықпен ойнаған жағдайда, оны қолына құдды ойыншық алғандай елемейміз. Ал баланың оттық ұстауы пышақпен ойнаудан гөрі қауіпті. Бала өрттің қауіпті апат екендігін түсінбейді. Бірақ бұл туралы ересектер  есертуі керек еді. Тек қана үлкендер балаға жауапты.

Күйікке ұшыраған баланың жарақаты ауыр болады, жазылған күннің өзінде өмір бойы тыртық болып қалады.  Баланың бұл дене жарақатының өзі де қайғының бір жағы. Оның психологиялық  жарақаты одан да ауыр. Бала қараусыз қалдырғандықтан және салғырттықтан күйік алуына байланысты  ата-анасының жанына ауыр тиеді. Ата-ана ұлының немесе қызының алдында өзін үнемі кінәлі сезінеді. Сондықтан баланы өрт кезінде өзін қалай ұстауға және өртті болдырмауға үйрету өте маңызды.

Балалардың отпен ойнауынан болатын өрттерді болдырмау үшін сіріңкелер мен оттықты балалардың қолдары жетпейтін орындарға қою қажет. Балалардың ойындарын бақылаусыз қалдырмауға тырысу керек. Оларды үйде жалғыз қалдырмаған жөн. Кішкентай жастағы балаларға электр аспаптары мен газ плиталарды қосуға, ал оған қоса жанып жатқан пештер мен қосылып тұрған жылыту құралдарын  бақылауға рұқсат бермеу керек.

Тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдайларда балалар шкафтардың ішіне, кереуеттің астына тығылады. Өрт сөндірушілер қымбат уақытын есінен танып қалған балаларды іздеп, жоғалтады. Сондықтан ересек адамдар балаларға өрт болған жағдайда тез арада сыртқа шығуға тырысу керек екендігін, сондай-ақ кездескен кез келген ересек адамға өрт туралы айту керектігін түсіндіруі керек.

Құтқару қызметінің телефоны ересектердің есінде тұрары даусыз. Сол құтқару қызметінің «101» және «112» номерін балалар да білу керек. Оны балалардың есіне үнемі салып отырған жөн.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті өртке қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы халыққа хабар беру және оқыту тобы бұл мәселелерді көпшілікке ұдайы ескертіп келеді.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button