Басты жаңалықтарЭкономика

Раушан СӘРСЕМБАЕВА, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы: Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық форумның еліміз үшін маңызы зор

Кеше Ақтөбеде «Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйым серіктестігі» тақырыбында әлеуметтік кәсіпкерлік саласы бойынша халықаралық форум басталды. Облыста 11-12 мамыр күндеріне жоспарланған халықаралық форумның ашылу салтанаты Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында өтті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының қолдауымен өткізілген форум  ел аймақтары арасында Ақтөбеде бірінші болып ұйымдастырылды.

Халықаралық деңгейдегі форумның жұмысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, ҚР Президенті әкімшілігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаева, сондай-ақ Израиль, Түркия, Польша, Грузия, Қырғызстан, Ресей елдерінің танымал сарапшылары мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.  

Бүгінде еліміз үшін әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамыту — өзекті мәселелердің бірі. Бұл саланы дамыту арқылы, яғни әлеуметтік-кәсіпкерлік қоғамда қоршаған ортаны қорғау, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерін ұсыну және тағы басқа да жұмыс орындарын құру секілді ең өзекті, әлеуметтік, экологиялық және мәдени мәселелерді шешеді. Өз кезегінде форумды ұйымдастырушылар әлеуметтік кәсіпкерлікті әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы тиімді серіктес ретінде қарауды ұсынды. Сондай-ақ, форум кезінде жұмыссыздарды еңбекке араластыру, бизнес-жоспар құрып, жаңа іс бастаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде Ақтөбе облысы экономикалық жағынан елімізде қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі екенін айтты. Соңғы жылдары өңір ішкі нарықтың қарқынды дамуымен, өнеркәсіп саласының жоғары өсімімен, ауқымды инвестициялар мен өндірістің технологиялық жаңғыруымен сипатталады.

Мемлекет үшін кәсіпкерліктің қандай маңызы барын білесіздер. Әсіресе, экономикалық қиындықтар кезінде мемлекет экономикасын дамыту, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін кәсіпкерліктің маңызы зор. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен 27 жылда  кәсіпкерлікке әрдайым көңіл бөліп келеді. Қабылданып жатқан заңдар, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар, бағдарламалар, бөлініп жатқан қаржылар еліміздегі кәсіпкерлікті дамытып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталып жатыр. Бұл орайда Елбасы барлық билік өкілдеріне 2025 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысатын қазақстандықтардың үлесі ең кем дегенде 50 пайыз болуы керектігі турасында тапсырма берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ақтөбеліктер де кәсіпкерлік саласын дамытуға үлкен көңіл бөлеміз. Қанша дегенмен, Ақтөбе өндірісті және ауыл шаруашылығы өңірі болып есептеледі. Сондықтан біз үшін кәсіпкерлікті дамытудың үлкен маңызы бар.

Облысымызда бүгінгі күні жалпы құны 19,6 миллиард теңге құрайтын 77 әлеуметтік жоба іске қосылды.  Биыл құны 29 миллиард теңгенің 33 жобасы іске асырылады. Оның ішінде 7 ауылға газ жеткізу және тасжол салу жобасы бар. Қазіргі кезде бизнестегі әйелдердің үлесі 40 пайызды құрап отыр. Форум ынталандырып, кәсіпкерлік дами түседі деп есептейміз. Облыс орталығындағы кәсіпкер әйелдер аудандағы қыз-келіншектермен тәжірибе алмасты. Енді аудан орталығындағы әйелдер ауылдағы әйелдерді оқытуы тиіс. Сол кезде жаппай даму болады, — деп облыс әкімі өз сөзінде ақтөбеліктер атынан форум қонақтарына алғысын білдірді.

Бердібек Машбекұлының айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік бұл тек қана мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлердің күшімен де әлеуметтік, экологиялық, мәдениет және басқа да мәселелерді шешуде әрі оң шешімдер қабылдауға ынталандырады. «Заманауи әлем  басқаларға көмек көрсету мен жақсылық жасау арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық форум алаңы қазақстандық қоғамның позитивті өзгерістер көзіне айналатынына сенемін. Бұл тәжірибе барлық қатысушылар үшін жаңа ресурстарды іске қосуға және жаңа әлеуметтік кәсіпорындардың жарқын болашағы үшін жаңа бизнес-модельдерді әзірлеуге мүмкіндік береді», — деді Б.Сапарбаев.

 ҰЛЫБРИТАНИЯДАН БАСТАУ АЛҒАН ФОРУМ

Форум модераторының айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік форумы осыдан он жыл бұрын Ұлыбританиядан бастау алған. Бұл елде жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамы әлеуметтік кәсіпкерлікке тиесілі деген ақпарат бар. Кейін бұл бастама әлемнің бірнеше елдерінде жалғасып, өз нәтижесінде кәсіпкерлердің қатары көбейіп қана қоймай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін беруде. Енді, міне, мұндай форум Қазақстанда тұңғыш рет халықаралық деңгейде Ақтөбеде өтіп жатыр.

Қазір Ақтөбе халқының экономикалық белсенділігі — 32 пайыз. Кәсіпкерлер тарапынан ішкі өнімге берілетін мөлшер — 20 пайыз.  «Үкіметтің қолдауымен кәсіпкерлік саласын дамыту үшін бөлінетін қаражат мөлшері жыл сайын көбейіп келеді. Биылдың өзінде 18 миллиард теңге қаржы бөлінді. Кәсіпкерлікті қолдау, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін Мемлекет басшысы 5 әлеуметтік бастама қабылдады. Соның бірі тағы да кәсіпкерлікке арналған. Қазір біздің тиісті министрліктермен келісіміміз бар. Енді тағы да қосымша 2,5 миллиард теңге қаражат алуымыз керек», — деді өңір басшысы.

Облыс басшысының айтуынша, Ақтөбеде кәсіпкерлік саласына, әсіресе әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінеді. Себебі, әлеуметтік кәсіпкерлік бірінші кезекте ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың, жұмыссыздардың мәселесін шешеді.

Форум жұмысы кезінде Бердібек Машбекұлы Ақтөбедегі белсенді іскер әйелдер — Күлпаршын Айдарханова, Әлия Тасыбаева, Күлшат Масалимова, Зәмзәгүл Баймағамбетова секілді кәсіпкерлердің ел игілігі үшін жасап жатқан істерін ерекше атап өтті.

ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ЫҚПАЛЫ

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваны облыс әкімінің айтқан, яғни аймақта әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту ісі жаппай жүргізіліп жатқаны, әсіресе облыс орталығындағы кәсіпкерлердің аудандық жерде өз тәжірибесімен бөлісуі, ал аудан орталығындағылардың ауыл кәсіпкерлеріне өз ісін үйрету шарасы қызықтырды.

Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық форумның еліміз үшін маңызы зор. Себебі, әлеуметтік кәсіпкерлік әлемдік тренд болып қалыптасып, өңірдің әртүрлі саласының дамуын қамтиды. Қазақстанда алғаш рет өткізіліп жатқан бұл форумның мақсаты —  мемлекет пен бизнестің және үкіметтік емес қоғамның бірлесіп, әлеуметтік салада кәсіпкерліктің жауапкершілігін арттыру. Ақтөбе облысы — тың бастамалар мен идеяларды жүзеге асыратын әрі осындай іс-шараларды ұйымдастыратын лайықты аймақ. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 20 миллиард теңгеден астам қаражатқа 77 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл — мемлекет пен бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп жасап жатқан жобасы. Әрине, бұл іске жергілікті іскер әйелдер қауымдастығының да ықпалы бар. Бүгінгі күні Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығы жиырма жылдан бері елімізде әлеуметтік жобаларды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал тобына қолдау көрсету бағытында жұмыс жасап келеді, — деді қауымдастық төрайымы өз сөзінде соңғы бес жылда атқарылған жұмыстары турасында айтты.

Оның айтуынша, небәрі бес жылда елімізде 2 мыңнан аса жұмыссыз әйел оқытылған. Оның 80 пайызы жұмысқа орналастырылып, 10 пайызы өз кәсібін ашқан. Ал соңғы екі жылда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында жүзден астам мүмкіндігі шектеулі жан оқытылған. Р.Сәрсембаеваның айтуынша, мемлекет пен бизнес, үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп жұмыс атқарса, іс нәтижелі болады. Ол өз сөзінде бұл бағыттағы бірқатар проблемаларды да айтып өтті. Соның бірі — халықтың әлеуметтік кәсіпкерлік турасында жіті білмеуі. Инвестицияға қол жеткізу де оңай шаруа емес. Сондықтан форум арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ұсыныстар қабылданады.

Форум жұмысы кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова Елбасы Жолдауы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасына қатысты айтылған нақты міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, Елбасы жүктеген міндеттер ғаламдық бәсекеге қабілетті әрі еліміздің экономикалық тұрақты дамуы мен әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіруге негіз болады.

Елбасы осы жылғы екі жаңа Жолдауында тағы да маңызды міндеттерді алдымызға қойды. Ол — төртінші өнеркәсіптік революцияны енгізу және бес әлеуметтік бастама. Осы форумның тақыры да әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар шағын несие беру мәселесі бес әлеуметтік бастаманың бірі саналады, — деген министр Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарлама аясында әлеуметтік бағытта атқарылып жатқан шаруалардың барысына оң бағасын берді.

Энтони Станислав, Экономика ғылымдарының докторы, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша еуропалық сарапшы (Польша):

Польшада әлеуметтік кәсіпкерліктің бүгінгі деңгейде дамуы бірнеше кезеңнен өтті. Әрине, бастапқы кезде бұл саланың дамуында қателіктерге бой алдырған тұстар да болды. Аудиторлар тарапынан қатаң бақылау орнады. Бұл істе украиналық және поляк әйелдері бірлесіп көп іс тындырғанын ерекше айтар едім. Ол үшін  Украинадан 54 әйел шақырылды. Олар Польшадағы іскер әйелдермен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатты. Бұл істе табысқа қол жеткізумен қатар, кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, бір-бірімен жеке қарым-қатынас орната білді. Соның нәтижесінде бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырып, адами құндылықтарды басты орынға қойды.

Саломе Хутсишвили, Грузиядағы әлеуметтік кәсіпкерлік альянсының жетекшісі:

Бүгінде Грузияда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағытында заң жобасы әзірленіп, енді Парламенттің көктемгі сессиясында қаралатын болады. Себебі, бүгінгі күні Грузияда жұмыссыздық деңгейі өте жоғары көрсеткішке ие. Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға оң қадамдар жасалып жатыр. 2009 жылдан бері осы іске баса назар аударылды. Сол кездері британ кеңесімен бірлескен жұмыстар жүзеге асырыла бастады. Оқыту, тәжірибе жинақтау істері алдыңғы орынға қойылды.

Форумға шақырылған спикерлердің бірі — Түркия  елінен келген еуропалық сарапшы Айлин Сатун. Ол жиналғандарға түрік елінде әлеуметтік кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуы турасында баяндай келе, бейнероликті ұсынды. Мұнда ол Түркиядағы әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушылардың ісін көпке үлгі ретінде көрсетті. Солардың бірі —  «Нар Кадын» компаниясы. Компания президенті Недрет Гюрдал  түрік еліндегі ең негізгі үкіметтік емес ұйымдардың бірі — Edremit CYDD филиалының басшысы. Бұл филиал ауылдық жерлерде ресми түрде 11 балабақша ашып, 450 студенттің тегін білім алуын қамтамасыз еткен. Бүгінде компания жергілікті 9 серіктестікпен қызметтік байланыс орнатып отыр.

АБЗАЛДЫҢ ЖОБАСЫ

Биыл Ақтөбеде жергілікті «60/15» пилоттық жобасы жүзеге асырылған болатын. Бұл — кәсіпкерлерге берілетін  мемлекеттік грант бағдарламасының тиімді жүзеге асырылу тетіктерін қамтамасыз ету үшін ойластырылған жоба. Алғалық азамат Абзал Әбдуәлиев облыста жүзеге асырылған жаңа пилоттық жобаның жеңімпазы ретінде танылды. Форум жұмысы кезінде облыс әкімі Б.Сапарбаев бизнес бастаушы А.Әбдуәлиевке 3 миллион теңгенің сертификатын салтанатты жағдайда табыстады. Енді алғалық кәсіпкер банктегі тәлімгерінің ықпалымен органикалық тыңайтқыш өндіру ісін қолға алмақ.

Ал «60/15» жобасына қатысып, әбден іріктеуден өткен 15 адамның 14-і «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант алу конкурсында өз бақтарын сынайтын болады. Бұл мақсатқа биыл 40 миллион теңге қаражат қарастырылған.

6 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында өткен халықаралық форум жұмысы кезінде 6 меморандумға қол қойылды. Бұл — аймақта әртүрлі бағытта кәсіпкерліктің дамыуына ықпал ететін келісімдер. Соның бірі — «Азая» ЖШС алдағы уақытта Израильдің «Хашемекем» кәсіпорнымен тығыз байланысты жұмыс жасайтын болады. Израиьлдік кәсіпорын — әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын танымал компаниялардың бірі.  Бүгінгі күні алдыңғы қатарлы бұл компанияның озық үлгісі жүздеген ақтөбеліктің қызығушылығын туғызып отыр.  Сондай-ақ, форум жұмысы кезінде Ақтөбедегі іскер әйелдер қауымдастығы мен түріктің «Нар Кадын» кооперативі арасында келісімге қол қойылды. Бұл құжат ауылдық жерде әйелдер бизнесін дамытуға күш салады. Сонымен қатар, қауымдастық алдағы уақытта Қырғызстанның әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі басшылығымен да тығыз байланыста жұмыс жасайтын болады.

Бұдан соң министр Мәдина Әбілқасымова «Таксим» мейрамханасына бас сұқты. Еліміздің бірқатар аймағында желілері жұмыс істейтін «Таксим» мейрамханасының асханасында бүгінде бірнеше қыз-келіншек дәріс алып жатыр. Олар мейрамхананың ас мәзірі бойынша тамақ әзірлеудің қыр-сырын үйренгеннен кейін осы жерде жұмысқа алынады. Бұған қоса сенбі-жексенбі сайын ниет білдірген қыз-келіншектер аталған мейрамхананың базасында торт пісіру шеберлік сабақтарына тегін қатыса алады.

Министр мейрамхана басшылығымен, дәрістерге қатысып жатқан қыз-келіншектермен пікірлесті.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлыбек Мұқанов палата тарапынан ресторатор клубының құрылғанын, олардың әлеуметтік желілерде өзара жеке пікір алысу алаңдары ашылғанын тілге тиек етті.

P.S. Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің бірінші халықаралық форумына  мыңнан астам сарапшы қатысты. Форумның  пленарлық отырысына қатысушылар халықаралық тәжірибені қарап, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың жаһандық үрдістерін талқылады. Сонымен қатар, форум аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарында көшпелі шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, B2B, B2S форматында кездесулер өтпек.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button