Мәдениет

Нариман

Былтыр «Фолиант» баспасынан Тынымбай Төлепбайұлының «Өмір сыры» атты кітабы жарық көрген болатын.  Кітаптың алғысөзінде былай делініпті: «Өзге салада қызмет істей жүріп көркем шығармаға да  ауық-ауық қалам сілтеген Тынымбай Төлепбайұлының бұл жинағына әңгімелері мен повестері топтастырылды.

Шығармаларына достықты, адамгершілікті, махаббатты арқау еткен автор өзі көзімен көрген, санасымен сезінген жағдайларды әсерлі де иланымды суреттейді.

Өзіндік айтар ойы бар,  жеңіл  оқылатын  туындылар өз оқырманын  табады деген  үміттеміз».

Біз авторды осы қуанышымен құттықтай отырып, оның «Нариман» атты жаңа туындысын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Көптен шетте жүрген Ербақ Нариманның қалада тұратынын кездейсоқ білді. Туған жердің жаңалығын есту үшін, іссапарға келген сайын, Олжабай кластасына хабарласатын. Бұл жолы да сөйткен еді, телефонның арғы жағындағы дауыс «үйге кел де кел» — деп, жабыса кетті. Бұрынғы көршісінің жайын сол жерде есітті. Ойлап қараса, ауылдан кеткеніне отыз алты жыл болыпты. Бәрін де ұмытқан секілді еді. Ал Нариман жайында әңгіме қозғалғанда, құлағы елең ете қалды. Күтпеген жерден балаша қуанып, мекен-жайын да жазып алған еді.

Мамыр айы болатын. Аспан ашық. Ағаш жапырақтары сәл ғана желпи ескен желге еркелей діріл қағады. Көшеде күндегі тірлік: әрлі-берлі жүгірген адамдар, машиналардың шуылы.

Ербақ қаланың батыс жағына қарай жүрді. Бұл баратын Мичурин көшесі сол маңда. Машинадан түспей, әбден жаман үйреніп кеткен екен, жүрісі де өнер емес. Бір сәт алыс күндерді ойлады…

…Нариман ол кезде он төрт жаста болатын. Жаратылысы қызық еді: ешкімнен

қорқып-именуді білмейтін. Сол жылдары аудан орталығымен жалғасып жатқан «Жайшаруа» деген ауылда Ербақтың үйі Наримандармен көрші тұрды. Өзінен екі жас үлкен Нариманның өжеттігі оған қатты ұнайтын. Бұл ғана емес-ау, әке-шешесі де оны жақсы көретін. «Тіл-көзден аман болсын. Болайын деп тұрған бала» — десетін. Нариманның қалай дүние келгені туралы әңгімені әкесінен талай естіген болатын: «…маусым айының іші. Аспан ашық болатын. Ал кешқұрым ауа райы күрт өзгеріп, көк жүзін бұлт торлап, қатты жел тұрды. Соңынан аспан айрылардай күн күркіреп, сатыр-сұтыр жалт ойнайды. Толғағымен арпалысып, қиналып жатқан Сәрбидің даусы тым ащы. Көрші-көлемде ес жоқ. Фельдшер де жолаушылап кеткен болатын. Жұрт келесі көшедегі жүз жасқа келген татар кемпірге жүгірді. Қашан да үстіне аппақ киім киіп, Құран Қәрімді ашып қойып, оқып отыратын адам еді. Бақтығали сол әжейді шелектеп құйған жаңбыр астында, зембілге отырғызып, тағы бір жігітпен көтеріп алып келген. Әжей Сәрбиді аман-есен босандырып алды. Атын да өзі қойды…».

Сөйткен Нариман өсе келе тентектігімен аты шықты. Бақтығали оны үстінен шағым айтып келгендердің көзінше аямай ұратын. Кейде Нариман ұрғызбай қашып кетіп, ұзақты күн көшеде тентіреп, әкесінің ашуы басылды-ау дегенде ғана үйге келетін, болмаса далада да түнеп шығатын. Қыстың күндері Бөрібасар итінің

қасындағы үйілген шөптің ішіне кіріп алып ұйықтайтын. Ауылдағы балалар одан именетін. Тіпті апаларына келген жігіттерге де кесек лақтырып, үйінің маңына жуытпайтын.

Бірде Ербақ ауыл сыртында жайылып жүрген бұзауға кетіп бара жатып, бір топ балалардың алдында тұрған Нариманды көрді. Қолында таяғы бар. Сөйткенше болмай апыр-топыр басталды. Төбелес қалай тез басталса, солай тез аяқталды. Әп-сәтте балалардың бірі жығылып, енді біреулері алды-артына қарамай қашып бара жатты. Ербақ орнынан тапжылмай тұрған Нариманға жүгіріп келіп, таңданыспен:

— Аналарға не істеп қойдың?! — деді.

— Бәрін шығарып жүрген райкомның баласы Сәбит. Анада доп ойнап жүріп, қайта-қайта ойынды бұза берген соң, аяғынан шалып құлатқан едім. Сондағы өшімді аламын деп, балаларды жинап келген ғой… Өңкей қоян жүрек! Бір-екеуін құлатып едім, қалғандары тұра қашты, ─ деді ыржиып.

Келесі күні ойнап жүрген Нариман: «шұбат ішіп шығайық» — деп, Ербақты ертіп үйіне келген. Түксие қарсы алған әкесі, бір ауыз тіл қатпастан, оны шап беріп ұстап, түйе қораға жетелей жөнелді. Ербақ та ілесті.  Бақтығали оң жақ босағада ілулі тұрған үш қамшының ішіндегі қысқалау қызыл тобылғы қамшыны қолына алды. Оның ойын түсінген Ербақ шошып кетті. Нариман әкесіне қарап жайбарақат тұр.

Бақтығали ашудан жарылардай күйініп:

─ Жөніне кетіп бара жатқан баланың атын тартып алып мінгенде, қайда бардың? Онымен қоймай атын ақсатып келгенің не? Сенен-ақ өлетін болдым-ау. Жұрттың бетіне қараудан қалдым, ─ деп айқайға басты.

Жон арқаны қамшы тіліп жатыр… Қарауға дәті шыдамаған Ербақ бетін жауып, жүресінен отыра кетті. Содан Бақтығали шығып кеткенде ғана басын көтерді. Бір шетте бүріскен Нариман біразға дейін орнынан қозғалмады. Үстіндегі сарғыш түсті жолақ көйлегі әр жер-әр жерден сетінеген. Әр жер-әр жерден қан білінеді. Әлден уақытта:

─ Мен оған қазір көрсетемін,─ деген ызалы үні шықты.

Сөйткенше сыртқа қарай жүгіре жөнелді.

Ербақ та соңынан келеді.

Нариман география пәнінен сабақ беретін Ғалымжанның үйінің қасына тоқтады. Бұлармен қатар Сапар деген баласы бар болатын. Нариман жалма-жан жерден тас жиып алды да, Ғалымжан үйінің бергі беттегі екі терезесін

күл-талқан етті. Содан соң:

— Осы ма, сендерге керегі? ─ деп, тістене айқайлады.

Үй жақтан да айқай естілді.

— Терезені қиратқан кім?─ деп, алдымен Қалима жүгіріп шықты. Соңынан Ғалымжан мен Сапар да көрінді.

Нариманды көрген бойда Қалима:

— Сенен-ақ қалдық қой, бәлеге, ─ деп, бері жетіп келді. Ғалымжан да әлдене айтып жатыр.

Бірақ Нариман олардан сескенген жоқ.

─ Мен тас лақтырған — не істейсіңдер? Міне, көріңдер! Әкемнің маған не істегенін… Өле таяқ жейтіндей не жазығым бар еді? Атың ақсаса, мен емес қой, інге аяғын тық деген, ─ деп өршелене айқайлап тұр.

Аналар сасып қалған секілді. Бір ауыз сөз қайтара алмады. Әлден уақыттан соң ғана Қалима:

─ Мына баланың түрі жаман, ештеңеден тайынбас, ─ деді. Үні үрейлі шықты.

Ал Ғалымжан ештеңе демей бұрылып кетті. Нариманның атасы Рысқалидың емшілігі бар еді. Бірнеше жыл бұрын Рысқали Ғалымжанды алқым безі ісігінен емдеп-жазған болатын. Содан шығар, Ғалымжан Нариманды терезенің әйнегі үшін жазалаған да, не әкесіне шағымданып барған да жоқ…

… Өткен күн көріністері тізбектеліп көз алдынан өтіп жатты. Ой жетегіндегі Ербақ іздеген үйінің үстінен шыққанда ғана есін жиды. Шағын ғана ескі үй екен. Есіктегі қоңырауды басқанымен іштен ешкім шыға қоймады. Содан соң сыртқы есіктен имене басып табалдырықтан аттады. Ауызғы бөлмеде отырған орта жастағы кісімен амандасып:

— Нариманның үйі ме? — деген.

— Иә.

Ербақ әлгі кісінің қасына отыра кетті. Ішкі бөлмеден әйел даусы естіліп тұр:

─ Аурудың қайсысы да жақсы емес. Соның ішінде демікпе жаман екен. Әбден қинады. Дәрігерлер де емдей алмап еді. Қазір шүкір, тәуір болдым. Саған мың да бір рақмет …

Сөйлеп отырған қартаң әйел аздан соң шығып кетті. Орнына Ербақтың қасындағы адам кірді. Енді ауызғы үйде Ербақтың бір өзі қалды. Ішкі бөлмеге құлақ тігіп отыр.

─ Өз пиғылыңнан тапқансың, ештеңе істей алмаймын… — деген дауыс шықты. Бұл Нариманның сөзі болса керек.

Ал әлгі адам іштен көңілсіз шығып, бұған көңілсіз көз тастап, жүре берді.

Нариманмен қол алысып тұрып, Ербақ: «Көшеде көрсем танымайды екенмін» — деп ойлады. Орта бойлы, дөңгелек жүзді жігіт ағасы ақ көйлек, ақ дамбал киіпті, басында — ақ тақия.

Нариман алдымен қолын жуып келді.

Сосын бұған қарап отырып:

— Жүзің таныс секілді, — деді. Қатты шаршаған адамдай тым жай сөйледі.

Ербақ:

─ «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген, әйтсе де, мүмкін есіңізге түсірерсіз,─ деп, өзінің атын айтты.

Нариман көзі күлімдеп, орнынан жас балаша ұшып тұрды.

— Шынымен Ербақсың ба?

Екеуі қайта құшақтасты.

— Жамбыл қаласында тұрамын. Іссапармен осында жиі келемін, бірақ бұрын осында екеніңді білген жоқпын, ─ деп, Ербақ ақталып жатыр.

Аман-саулықтан соң:

— Үлкен кісілер бар ма? — деп сұрады Нариманнан.

— Әкем беріде қайтыс болды. Шешем біраз бұрын кетті. Үш қыз,екі ер балам бар. Биыл көшіп келгенімізге бес жыл болады…

Ербақ ол күні Нариманмен емін-еркін әңгімелесе алмады. Қаралу үшін келіп жатқан адамдар болған соң, Нариманның уақытын алуды жөн көрмеді. Келесі күні мейрамханаға шақырып еді. Нариман:

— Ондай жерге баруға болмайды ғой, — деп ат-тонын ала қашты. — Одан да таза ауада жүріп қайталық.

Сөйтіп, Нариманның әңгімесін келесі күні естіген:

— Мен Биада әжемнің бауырында өстім. Ауылдың үлкен кісілері жасы үлкен әжеме сәлем беріп келеді. Олар маған да ерекше ықылас танытушы еді. Ол уақыт мектепке бармаған кезім.Үйге кім келетінін алдын ала айтып отырады екенмін. Кім ауырып жатса, оны да айтамын. Кетіп бара жатқан біреу аяғын сындырып алады десем, айтқаным келеді екен. Әжем марқұм: «Бұл баламның аузы дуалы» — дейтін. Ата-бабаларымыз да, әкем де көрік ұстаған, күміс сақина соққан. Әкем білте мылтықты қолдан жасайтын, өзі мерген де болатын. Бірде құс атқанда балапаны бар үйрекке тиіпті. Соны көріп, қолындағы мылтығын сол жерде сындырып тастаған. Содан қайтып мылтық жасамаған, құс та атпайтын болған. Артынан садақа берді. Ал менің арманым әскери адам болу еді. «Онда ел-жұртыңды танымай кетесің. Орысқа үйленесің» — деп, әкем көнбей қойды. Жас кезімде араққа үйір болдым. Қанша ішсем де, мас болмайтынмын. Темекіні де үсті-үстіне тартушы едім. Неге екені белгісіз, әкем маған қырық бес жасқа келгенше үйленуге болмайды деген еді. Мен айтқанына құлақ аспадым…

… Осы арада Нариманның даусы өзгере қалды. Шаршаған адамдай, жиі уһілей бастады. Ербақта үн жоқ. Сабырмен әңгіменің жалғасын күтті.

—   Иә, әкем аруақты адам болатын. Бірінші баламыз дүниеге келерде маған: «Балам, келіншегің қыз туады, бірақ сәбиің сөйлей алмайтын болады. Аруақ ұстамағанның кесірі…» — деді. Екінші жолы: «Баланың ақыл-есі кеміс болады» — деді. Сол сөздері расқа шықты. Ол кезде жұмыс үстінде де ретін тауып, арақ ішетінбіз. Бір жолы түс кезінде бірге істейтін Аршын деген жігіт мотоциклін «жуды». Он бес шақты жігіт жиылдық. Дастарқан орнына жайылған газеттің үсті — толған тағам. Арақ алдымен жасы үлкендерге құйылды. Менің есі-дертім ащы суда, «қашан келесің» дегендей стаканды екі көзіммен жеп барамын. Әдетте таңертең жұмысқа келгенде де жұтып алушы едік. Сол күні таңертеңгі «үлестен» құр қалғанмын. Сірә, стаканға есім кеткені содан болса керек… Маған да кезек келді-ау. Зып еткізіп стаканды алған қолымды аузыма апара алмадым. Басқа бермесін, жаман екен. Өз қолым өзіме бағынбайды. Отырғандардың бәрі маған қарап қалған. Қысылғаннан терлеп те кеттім. Ақыры арақты іше алмадым. Денем құрысып, жұмыстан ерте кетуіме тура келді. Үйге келгесін болған жәйді әкеме айтып едім, бар айтқаны: «Ә, бала, бетің бері қараған екен» — болды. Осы оқиғадан кейін, көп ұзамай аяғымды баса алмай қалдым. Дәрігердің емінен нәтиже болмады. Соңында операция үстеліне жатқызды. Сонда ұйықтату үшін берген дәрі әсер етпеді. Дәрігерлердің не істеп жатқанын айтып сөйлей беріппін. Олар бетімді жауып тастады. Сонда да мен оларға бәрін көзіммен көргендей айтып жаттым…  Әйелімнің тағы да аяғы ауыр еді. Әкем мені шақырып: «Әй, бала, тағы қызды боласың. Аты Жаңылсын болсын, бұл жолы сау бала туады. Содан үш жылдан кейін ұлды боласың. Бірақ ол уақытта мен болмаймын», ─ деді.

… Бір жылдары, ұмытпасам, сексенінші жылдардың орта тұсы. Маңқыстау жерінен ыссы су шығып, жұрт шұбырып сол суға барды. Соған барғанда жүз де үш жастағы Нәсимолла мен әкем кездесіп қалыпты. Сақалы аппақ қария әкеме: «Әй, Бақтығали, сенің балаң аруақ ұстасын» — депті. Әкем: «Ол балам айтқанды тыңдамайды», ─ деген екен, «онда маған жібер», — депті.

Үлкен ұлым туғаннан кейін, арада бір жыл өткенде, Нәсимолла атаға бардым. Жапырайған ескі үйдің дәлізінде — қазағы бар, орысы бар — толған адам екен. Мені: «Ә, балам, келдің бе? ─ деп қарсы алды. — Әкең о дүниеге кетіпті, иманды болсын». «Тағы да ұлды боласың, — деді. — атын Ғасырбек қой. Перзентханада сол баламен қатар бір қыз бала дүниеге келеді. Шешесі оны тастап кетеді. Сен сол қызды асырап ал, атын Балкенже қой», ─ деді. Айтқанындай, ұлды болдым. Айтқанындай, перзентханаға әйеліммен қатар бір студент қыз түсіп, кейін сәбиін тастап, терезеден қашып кетіпті. Алдында мен бар жайды келіншегіме айтып, әлгі сәбиді алатын болып келіскен едім. Бірақ жеме-жемге келгенде әйелім: «наркоман қыздың баласын алмаймын» —  деп отырып алды.  Қанша жалынсам да көнбеді, тіпті азар да безер болды. Міне, жыл сайын сол баланың туған күнінде қатты ауырамын.

Нариман осы жерден әңгімесін үзіп, тағы да үнсіз қалды. Аздан соң бұған күлімсірей қарап:

— Сені жалықтырып жіберген жоқпын ба? Шыныңды айт, — деді.

— Шынымды айтсам, ертегі тыңдағандай күй кешіп отырмын. Өте қызық екен…

— Ертегі деймісің? Иә, өз басынан кешпеген соң, мұндай әңгіменің сенімсіздеу көрінетіні рас. Мынау Доссор жақ — менің атамекенім. Ол жақта әлі де туыс-жегжаттар бар. Ауыл сыртында неше ғасырдан келе жатқан үлкен қорым бар. Сол қорымда біздерге аталас Байбақты ата жатыр. Қиналған жұрт «қасиетті кісі» деп, басына барып түнейді. Кейде сол Доссордан да: «Ата Нариманға бар деп аян берді», — дегенді айтып келетіндер бар. Алланың құдіреті! Бірде бір топ адам қорым арасында келе жатқанбыз. Алдымнан үстінде аппақ шапаны бар, он бес-он алтының шамасындағы бала шығып амандасты. Мен де сәлем беріп, жауап қаттым. Басқалар түкке түсінбей, аңтарылып тұрып қалды. Болған жайды айтып едім, арамыздағы ақсақалдардың бірі: «Бала әулиенің жатқан жерін таппай жүр едік, осы болды ғой», ─ деді. Ал өткен қыста бір үлкен кісі іздеп келді. «Тамақ іше алмай, ауырып жатқаныма біраз болып еді.Түсімде бір адам ашылып қалған көрпемді жауып: «жазыласың, менің атым Нариман. Таңертең тамағыңды ішесің» — дегені. Айтқаны келді. Содан жұрттан естіп, өзіңе келдім», — дейді. Менің алдыма қаншама адамдар келеді? Солардың кейбірінің арнайылап келе тұра сенбейтіні жаман. Ондай кезде қатты қиналамын…

Осыны айтып Нариман: «намаздың уақыты болыпты-ау» — деді, әңгімесін аяқтағанын сездіріп. Ербақ қоштаса бастады.

Арада он бес күн өткенде, бұл қалаға тағы жолы түсті. Бұл жолы келген жұмысын тез бітіріп, кешкілік пойызға мінетін болды. Ал мезгіл сағат үштің шамасы екен. Такси алып, Нариманның үйіне келді. Ауызғы бөлмеде біраз адам отыр екен. Қайтсе де амандасып кетуді жөн көріп кезек күтті.

Ішкі бөлмеден естілген жіңішке дауыс Ербаққа таныс секілді көрінді:

— Бір адамнан сіз туралы естіп, шешемді қоймай алып келдім…

Ал Нариман әлгі дауыс иесімен емес, оның шешесімен сөйлесіп отырған секілді:

─ Сіз осында балалардың көңілін қимай келген екенсіз. Жиырма бір күн қалды… Солай аян берілді. Бұндай әңгімені басқаға айтпас едім. Сіз көтере алатын болғасын айтып отырмын. Қызыл май мен су әкеліңіз, дем салып берейін.

Кете-кеткенше тамақ ішесіз, ─ деді.

— Айналайын, балам, айтқаның рас. Балаларым қоймай алып келген… Бәрін біліп отырсың. Рақмет!

Әжейдің үнінен қамығу, уайым байқалмайды.

Адам көтере алатын жағдай ма? Айтарын айтқанмен, Нариманның даусы бұзылып шыққанын Ербақ сезіп отыр. Ізінше басына ақ жаулық тартқан әйел есіктен шықты. Соңында — өзімен бір институтта оқыған Жайрагүл. Ербақ орнынан ұшып түрегеле жаздады. Тек арғы жақтан шыққан:

— Кірсін! ─ деген қажыған үнді естігенде, өзін-өзі ұстап қалды.  Сөйтіп отырғанда Ербақтың да «кезегі» келді. Оны көргенде Нариман өзінің шаршағанын лезде ұмытып, дөңгелек жүзі бір сәт жадырай қалды.

— Жаңа бір әжей келді, ─ деді сөзінің арасында. — Былай қарағанда, жетпістен асқан адам дегенге сенбейсің. Кескін-келбеті келіскен, өңі де сақталған екен. Сөзі де орнықты. Күні жақын қалғанын білсе де, уайымға түсіп, өмірден күдер үзіп, түңілген адам емес. Не деген қайрат десейші!

Ербақ табиғаттың әлдебір тылсым, өзіне бейтаныс сырына таңғалған күйі отырып қалды…

Тынымбай ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button