Мәдениет

«Ахтанов театрына үлкен арман алып келді»

Сырым АСҚАРОВ:

Т.Ахтанов атындағы драма театрының қазақ труппасына алматыдан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ түлегі қызметке келген еді. Олардың аяқалысынан  жастыққа тән жалын, жаңа леп күтеріміз рас. Ақтөбеге келгелі көрермендер назарына  алғашқы қойылымын ұсынып жатқан жас режиссер Сырым Асқаровпен сөйлескен едік. Сырымның әкесі Ерік Асқаров марқұм — республикаға танымал айтыс ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі еді. Анасы Бақыт Жанғалиева – Қр Еңбек сіңірген артисі, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актрисасы. Көзін ашқаннан әдебиет пен өнер адамдарының ортасында өскен Сырымның театр режиссері  мамандығын таңдауы тегін емес.

— Сырым, сізді Алматыдай ару қаладан Ақтөбедегі қазақ драма театрының өркендеуіне атсалысуды ойлап келді деп түсінеміз. Өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз.

— Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының театр және эстрада өнері факультетінің режиссура бөлімін тәмамдадым. Алғашқы курста Болат Атабаев, кейін  Ес-мұқан Обаевтардан тәлім алдым.  Академияның соңғы курсында оқып жүргенде Ақтөбеден Мағзом Бақытжанов ағай келіп, Ақтөбеге шақырды, «Барлық жағдайларыңыз жасалады» деді. Ахтанов театрының дамуына үлесімізді қоссақ деп келдік. Рашида Қажиеваның шеберханасынан тәлім алған алты актер және мен,  бәріміз осында қызмет жасап жатырмыз.

Әрине, мен үшін Ақтөбе бөтен жер емес, нағашы жұртым.

Театрдың жаңа маусымы басталғалы  Т.Ахтанов атындағы драма театр ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сондықтан Достық үйіндегі сахнада спектакльге дайындықтар жасадық. Әрине, техникалық  мүмкіндігі аздау, жарық беру құралдары жеткіліксіз, айналмалы сахнасы жоқ, кедергілер жетеді, соған қарамастан Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған   В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» пьесасын сахналадым.

— Иә, соғыс тақырыбына жазылған бұл пьеса бізге жақсы таныс, оны орыс труппасы бірнеше жыл бұрын сахнаға шығарған болатын, көрермендер өте жақсы қабылдады. Осы дүниені таңда-уыңызға не себеп?

— Бұл пьесаның өзі де ұнайтын, аудармасы да жақсы, драматургиясы, құрылымы көңілден шықты. Пьесаны аударған – театр сыншысы Әшірбек Сығаев. Тақырыбы да жүректі қозғайды. Кейіпкерлері де көп, ол театр труппасындағы актерлердің көбінің қойылымға қатысуына  мүмкіндік береді. Ал драматург Ежов Чухраймен бірге «Солдат туралы балладаны» жазған  адам.

— Сіздің Ахтанов театрындағы, жалпы кәсіби театр сахнасындағы тырнақалы қойылымыңыз «Бұлбұлдар түні» спектаклінің тұсаукесеріне біз де бардық. Көрермен қауым жаман қабылдаған жоқ. Қойылым режиссері ретінде өз жұмысыңыз жайлы не айтасыз, өзіңіздің көңіліңіз толды ма?

— Спектакль үзіліссіз бір жарым сағат жүрді. Үзіліспен 3 сағатқа созылатын дүние ғой, әдейі қысқарттық. Сахна суретшісі Айбек Орынбасаров екеуміздің ойымызда талай нәрсе бар еді. Бәрі жүзеге асты деп айта алмаймын. Оның себебін жоғарыда айтып кеттім. Шығармашылық адамының бір дүниені жасай сала, өзіне өзі риза болуы мүмкін емес, олай болған күнде оның тоқырағаны деп ойлаймын. Мен енді ғана іске кірісіп жатқан адаммын. Күдік пен күмән көп. Бір білетінім – әйтеуір осы қойылымды дайындау үшін көп тер төктік. Негізгі күш актерлерге түсті,  неміс қызы Инганы  ойнаған Сая  Жолдығалиева мен сержант Петр Бородинды сомдаған Уәлихан Жұмаділовтердің тәжірибелерінің  аздығы сезілді. Оның үстіне дайындық аз болды.  Саяның ойынынан  неміс қызына тән  салқынқандылық, нақтылық, аз сөзге көп мағына сыйғызу сияқты қасиеттер байқалды.

Дегенмен еңбек зая кеткен жоқ, спектакль шықты деп ойлаймын. Менің ойлағанымдай болды деп айта алмаймын. Әлі де шикі тұстары бар, бірақ олар келешекте орнына келеді. Театр ғимаратында болғанда спектакльдің басқаша шығары сөзсіз еді. Кей актерлердің даусы қойылмағаны, актерлік техниканы меңгермегені көрінді, актерлер серіктеспен жұмыс істеу, көру, есту, сезіну, қабылдау, өзара қарым-қатынас жөнінен  ақсап жатыр.

Алматыдан келген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақыт Жанғалиева:

«Кәсіби деңгейі жоғары, сауатты қойылған спектакль, жастықтың лебі сезіледі», — деп баға берді. Жастар-ға да ұнады.  Ол кісі менің анам болғанмен,  сахна шебері ретінде менің сыншым әрі әріптесім.

— Жалпы режиссер болу оңай емес, ол театр ұжымының көшбасшысы бола алатын, өзгелерден  білім көкжиегі кең, қиялы ұшқыр, қай жағынан да оқ бойы озық тұратын адам болуы керек деген қағида бар. Актерлер көп болғанымен, өзіндік орны бар режиссерлер  тым аз. Осы мамандықты таңдауыңыздың  сыры неде?

— Бұл мамандыққа мектепті бітіре сала бел буатындар аз. Өйткені режиссер басқалардан гөрі көп білуге тиіс. Мысалы, мен бұған дейін филолог мамандығын алдым, ағылшын тілінің маманымын. Жасымнан   театр өміріне көзім қанық, ішкі жан дүниемнің қалауымен режиссер ретінде өзімді сынап көргім келді.  Студент кезмде Чеховтың «Шағала», Оралхан Бөкейдің «Жанар», Гетенің «Фауст» шығармаларынан үзінділер қойдым. Бұл енді институт бағдарламасындағы міндетті жұмыстар ғой.   Екі ай бойы Ташкен қаласында режиссерлік зертханада білім жетілдірдік. Түркіменнің атақты режиссері Овлакули Хаджикулиевтен,  Мейерхолд орталығынан келген мамандардан, Америкадағы Ли Страсбергтің шәкірті Марк Дженкенстен, орыстың театртанушысы Павел Рудневтерден шеберлік сабақтарын алдық. Сол зертхана арқылы режиссураға қатысты көп нәрсеге көзіміз ашылды.  Академия  әрі кеткенде білімнің 10 пайызын береді, жалпы бағыт-бағдар сілтейді, қалғаны өзіңнің біліміңді жетілдіруіңе байланысты. Режиссерлік ұдайы ізденісті қалайды.

— «Шіркін, осындай режиссер болсам!» деп еліктеген  режиссеріңіз бар ма?

— Әзірбайжан Мәмбетовтің қойылымдары кезінде ең жоғары деңгейде қойылды. Бірақ ол кісіге жетсем деген мақсатым жоқ. Әркімнің өз жолы, өз уақыты бар. Қалтай Мұхаметжановтың «Біз періште емеспіз» деген  пьесасын сахналағанда бала рөлін ойнағанмын. Жалпы академтеатр репертуары маған жақсы таныс. Мәмбетов  спектакльдері – монументалдық-эпикалық қойылымдар.

Дүниежүзілік театр репертуарынан Чеховтың «Иванов» пьесасын бейнетаспадан көрдім. МХАТ режиссері Олег Ефремов сахналаған, сондағы Инокентий Смоктуновскийдің сомдаған рөлі актерліктің шеберліктің шыңы деп ойлаймын.

— Ақтөбеге шығармашылық шабытпен, үлкен армандарды арқалап келген шығарсыз?

— Әрине, бойымызда шабыт та, жастыққа тән құлшыныс та бар. Жас режиссер болғандықтан, іштей жүрексіну де жоқ емес. Жауапкершілік сезімі де мазалайды.
Театр ұжымымен тіл табысып, шығармашылықпен  жұмыс істеу үшін, бір-бірімізге үйренісіп, сіңісіп кеткенше біраз уақыт керек. Әр актердің  мінезі бар дегендей. Бұл да оңай емес. Қазір біртіндеп тіл табысып келе жатырмыз. Мағзом Бақытжанов сияқты актердің жөні бөлек. Әрине, мұндағы актерлердің мектебі басқа, сырттан келгендердің  мектебі бөлек. Екі  түрлі тәрбие алған актерлердің бір спектакльде  серіктес ретінде түсінісіп кетуі де оңай  емес. Осы спектакльде тұтас  актерлік ансамбль қалыптастыруға мұның да  кедергі келтіруі мүмкін. Дегенмен жаңа спектакльге жан салып кірістік. Спектакльді сәуірдің аяғында дайын болады деп жоспарлағанбыз, солай болды. Дәлелді себептермен дайындығымыз аздау болып қалды. Актерлер өз рөлдеріне байланысты тап-қан бір деталін келесі дайындықтың кешігуі себепті ұмытып қалып та жатыр.

— Ақтөбе театрының көрермені көп емес. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

— Ақтөбе көзіме шағын қала болып көрінді. Жалпы, қала да, халқы да ұнады. Театр – тірі өнер. Көрерменмен көзбе-көз сырласуға мүмкіндік бар. Кез келген өнердің шарықтау шегі, құлдилау сәті болады. Жалпы, халықтың бәрі бірдей театрға бара бермейді, бұл заңды нәрсе. Халықтың 3-4 пайызы ғана, өнерге, әдебиетке құштар, солардан хабары бар жандар театрға келеді. Театрға көрермен тартамыз деп халтураға жол беруге болмайды. Не қытықтап күлдіретін, не жылататын дүниелерді, қарапайым халыққа ұнайтын қойылымдарды қоюдың қажеті жоқ.  Бүйтіп  өз жолынан адасып, ақша тапсақ болды деген ниетке бой ұру   талғамсыздыққа апарып соқтырады.Әрине, қазір  заман өзгерді, адамдар ұжымдық қабылдаудан гөрі, жеке қабылдауға, индивидуализмге ойысты. Заман жедел, жылдам қимылды қалайды. Жалпы республикамыздағы қазақ театрларының деңгейін орта дәрежеде деуге болады Себебі режиссер жоқ. Болат Атабаев, Жанат Қажиев, Есмұ-қан Обаев ағалар алпыстан асып кетті. 40-50 жастардағы буынның ішінен шыққан режиссерлер жоқтың қасы. 25-30 жастардағы  жас режиссерлер әлі өздерін танытып үлгерген жоқ. Мүмкіндігінше жоғары кәсіби деңгейдегі дүниелер жасау арқылы көрерменді соңымыздан ерткеніміз жөн.

— Сырым,  режиссердің бо-йында сан өнер тоқайласып жатады ғой. Пьеса не өлең, не театр туралы мақалалар жазып жүрген жоқсыз ба?

— Жалпы, жазу қолымнан келеді. Өнер туралы ойларымды оңашада қағазға түсіріп отырамын.  Өзім үшін ептеп өлең жазатыным  да бар. Пьеса жазып көрмеппін.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Салеметсизбе! Мен улкен театрлык шыгармаларда,көрністерде ойнагады унатамын және колынан келеді. Егер мүмкіндік болса менде өз өнерімді көрсетсем калай??? болама екен??? Жауап кутем….

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button