Басты жаңалықтар

Алғалықтарды алаңдатқан мәселелер: жол және жағымсыз иіс

Ашық әңгіме

Алға қаласы республикалық маңызы бар жол бойында орналасқандықтан, мұндағы тұрғындарды алаңдататын басты проблема — жол ережесінің қатаң сақталып, арнайы белгілердің орнатылуы. Бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы қауіпті қалдықтарды жою ісінің әзірге қолға алынбай отырғаны  жергілікті тұрғындарды жауыр еткен мәселелердің қатарында тұр.

Алға ауданы әкімі Нағымжан Алдияровпен редакциямызда тікелей байланыс арқылы өткен сұхбат барысында алғалықтардың көпшілігі осындай әлеуметтік мәселелерді алға тартты.

 — Алға қаласындағы №1 орта мектеп жанындағы шағын балабақша ата-аналары атынан хабарласып тұрмын. Аты-жөнімді атамағанды жөн көрдім. Біздің балабақшада ойын үшін, т.б. сылтаулармен ата-аналардан ақша жинау оқиғалары кездесіп тұрады. Жақында теледидар сатып алуға ақша жинаймыз деген ұсыныс айтылыпты. Әрине, «ұсыныс» ата-аналар комитеті атынан айтылады ғой. Дегенмен, білім беру мекемелерінде кез келген жолмен ақша жинауға тыйым салынған емес пе? Осыны тоқтатуға ықпал етсеңіз екен.

Нағымжан Алдияров:

— Алға аудандық білім бөлімі тарапынан  білім беру ұйымдарында ақша жинаудың алдын алу мақсатында хат жолданып, хат мәтінімен ұйым  басшылары мен қызметкерлері таныстырылды.  Ақша жинауға тыйым салынды.  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жеке кәсіпкерлер, түлектер, ата-аналар тарапынан сыйлық ретінде мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға керекті құрал-жабдықтарды сыйға тартуға болады.

 Қабиболла Жұма, Алға қаласындағы Абай көшесі, №28 үйдің тұрғыны:

— Лиман аталатын шағын ауданға көзқарасты заманға сай өзгертіп, жүргіншілер көп жүретін Абай, Ленин көшелерін талапқа сай көріктендіруді сұраймын және төмендегі жағдайларды баяндаймын. Аталған екі тар көшенің бойымен көлік көп жүреді. Жол-көлік оқиғасы тіркелмегенмен, мәселенің алдын алу керек сияқты. Себебі, екі бағытта жүретін бұл көшелердің бойында көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырып, бірін-бірі озып, сақтықты ұмыт қалдыратын жүргізушілер бар. Сондықтан көше бойына жол белгілері жиі орнатылып, кедергілер қойылса, жаяу жүргіншілер жолы өз алдына салынып, жол бойына адам өтетін жолақтар сызылса деген ұсынысым бар.

Нағымжан Алдияров:

— Алға қаласының Абай және Ленин көшелері республикалық маңызы бар Ақтөбе-Астрахань тасжолының құрамына енеді. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктің ұсынысымен Абай көшесіне жылдамдық шегі —  «40» және екі жаяу жүргінші жолы  арнайы ескертпелік белгілермен орнатылған. Ленин көшесі бойында да солай, жылдамдық шегі — «40», сондай-ақ, екі данадан балалар және жаяу жүргіншілер үшін арнайы арнайы ескертпелік жол белгілері орнатылған. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алға аудандық ішкі істер және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына жоғарыда аталған көшелерге арнайы жасанды төсеніш орнату туралы хаттар жолданды.

Рауан Ізбағанбетова, Алға қаласындағы 4 шағын аудан, №8 үй, 133-пәтер тұрғыны:

Алға ауданы аумағынан ауыл шаруашылығы мақсатына 3-4 гектар жер жалға беріле ме? Ол үшін мемлекеттен қандай қолдау аламын?

Нағымжан Алдияров:

— Ауылшаруашылық жерін жалға алу құқығын табыстау заңнама  талаптары негізінде ауылшаруашылық жерлерін конкурстар өткізу ережесіне сәйкес беру қарастырылған. Ол үшін Алға ауданының уәкілетті органы — аудандық жер қатынастары бөлімі облыс деңгейіндегі басылымдарға ауылшаруашылық жерлеріне конкурс жариялайды. Онда жер қорына енгізілген ауылшаруашылық жерлері қойылады. Хабарлама берген күннен бастап 30 күн ішінде конкурсқа жеке немесе заңды тұлғалардан өтініш жинақталады. Ол үшін бизнес жоспар, жеке куәлік секілді басқа да қажетті құжаттардың көшірмесін тапсыруыңыз қажет.

Ал елді мекен аумағындағы ауылшаруашылық жерлеріне көкөніс өнімдерін өсіру мақсатында  аталған аумақтан уақытша қысқа мерзімге жер пайдалану құқығын аудандық жер комиссиясының оң қорытындысы арқылы рұқсат алуға болады. Ол үшін қажетті құжаттармен қатар, сұраныстағы жерлерді таңдау және ауылдық округ әкімі қол қойған келісім сұралады. Ауыл шаруашылығы өндірісіне мемлекеттік қолдау алу үшін сұранысыңыз көрсетіліп, аудан әкімдігіне арыздануыңыз қажет. Мүмкіндігінше көмек берілетін болады.

Айнұр, Алға қаласының тұрғыны:

— Ұмытпасам, бұрын облыстық газеттердің біріне Бестамақ ауылы тұрғындары хат жолдаған еді. Олар Есет баба кесенесі тұрған елді мекенде шошқа өсірілетінін, соның салдарынан ауылды жағымсыз иіс жайлағаны жайында мәселе көтерген болатын. «Киелі жердің киесі қашады» дегендей, расымен де, осы мәселе шешілді ме?

Нағымжан Алдияров:

— Бестамақ ауылындағы шошқа өсіріліп жатқан ғимарат бұрыннан мал қорын ұстаған база саналады. Қазір сол базада «Парижская коммуна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шошқа өсіріп жатыр. Бүгінде  ол жерде 100-дің үстінде адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың көпшілігі Бестамақ ауылы мен Алға қаласының азаматтары, арасында Ақтөбе қаласынан қатынап жұмыс істейтіндері де бар. Бүгінгі күні ол жерде иіс мәселесі бар. Біз серіктестік басшылығына шаруашылық қалдықтарын қайта өңдеп, иісті болдырмау мәселесі бойынша жұмыс жасау керектігі турасында талап қойдық. Ол жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Оразбай, зейнеткер:

— Алға қаласындағы көшелердің суағарларын жөндеу кеш қалып келе жатқан мәселенің бірі. Мәселен, Абай, Ленин және басқа да көшелердің бойына суағар салынса деген тілегім бар. Суағарлардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Көшенің көркін алып тұр. Қазіргі суағар өткелдерінің өзін тұрғындар темір, бетон, ағаштан жасап алған. Мәселен, көктемде суағарлардың дұрыс болмауының салдарынан су жиналып, Абай көшесі тұрғындарын біраз әбігерге түсірді. Егер бәрі талапқа сай болса, қала әкімдігіндегілер көктемде жүгірмеген болар еді. Осындай мәселенің келер жылы қайталанбауына ықпал етуіңізді сұраймын әрі нақты жауап күтемін.

Нағымжан Алдияров:

— Алға қаласының Ленин және Абай көшелерінде табиғи суағарлар бар. Күзде арнайы ұйымдастырылған сенбілік кезінде суағарлар тазартылған болатын. Алайда, суағарлардың өткізгіш құбырларының диаметрі кіші болуына байланысты, іші қоқыспен бітеліп, соның нәтижесінде су аулаларға ағып кетті. Көктемде осы олқылықтарды уақтылы шешу үшін көптеген шаралар қабылданып, «Алға-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны техникаларының арқасында аулаларды су басу қаупінің алдын алдық. Сонымен қатар, қаламыздағы суағарлар мәселесін шешу үшін былтыр Уәлиханов, Жангелдин, Айымбаев, Максим Горький, Транспортный және 4 шағын аудандағы №8 үй аумақтарына 3,1 шақырымға суағарлар салуға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптама қорытындысы алынды. Қаражат көздерінің бөлінуіне орай осы жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Айсәуле, Алға қаласының тұрғыны:

— Кеңестік кезеңде қаланың көркін келтіріп, ел игілігіне жараған Алға кинотеатры бүгінде жекенің игілігіне өтіп, қазір ғимарат қаңырап бос тұр. Егер осы ғимарат жастар орталығына айналса, қала жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы кешен болар еді деген ұсыныстар айтылғанмен, аяқсыз қалуда. Бүгінде ашық-шашық жатқан ғимараттың ішіне балалар, жастар кіріп-шығып жүреді. Бір жағынан, бұл — адам өміріне қауіп төндіретін жағдай.

Нағымжан Алдияров:

Алға қаласының Сейфуллин көшесінде ескі кинотеатр ғимараты 30 жылдан астам уақыттан бері пайдаланусыз бос тұр. Сол ғимарат  «Фирма ИРАН» серіктестігінің иелігінде болды. Былтыр қараша айында серіктестік иесі бұл ғимаратты Ақтөбе қаласындағы жеке кәсіпкер Б.Мәжиевке сатқан болатын. Ғимарат маңын абаттандыру,  аумағын қоршау туралы кәсіпкермен бірнеше мәрте келіссөз жүргізілді. Алайда уақтылы абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырмағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды. Қазіргі таңда кәсіпкерге ғимарат аумағын қоршау, қасбетін қалпына келтіру секілді жұмыстарды атқару үшін шаралар қабылдануда.

Жарқынбек Тайманов, Алға қаласының тұрғыны:

— Аманкелді, Комсомол, Желтоқсан сынды көшелерге жол салу мәселесі бірнеше жылдан бері айтылып, уәде орындалмаған күйінде қалып отыр. Неге?

Нағымжан Алдияров:

— Алға қаласында 52 көше бар. Соның 19-ы асфальтталған. Биыл қала көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 50 миллион теңге қарастырылған болатын. Мұндай жұмыстар Комсомол, Иманов, Водопроводный және Ағниязов көшелерінде жүргізілетін болады. Сонымен қатар, тағы 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өткізілді. Олардың қатарында Желтоқсан, Есет батыр, Пионерская, Транспортная, Чапаев және Наурыз көшелері бар. Қаражат көздерінің бөлінуіне қарай осындай жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Аты-жөнін айтудан бас тартты:

— Алға ауданында дәстүрлі емес дінді ұстанушылар қатары жыл өткен сайын көбеюде. Осы бағытта қандай шаралар қолға алынып жатыр.

Нағымжан Алдияров:

— Былтыр қазан айынан бастап аудандық ішкі саясат бөлімі жанында «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Бүгінгі күні орталық 5 штатпен, яғни басшы, талдаушы, 2 теолог, есепшімен қамтылды.
Алға ауданында діни ахуалды жақсарту мақсатында осы орталықтың мамандарымен жыл басынан бері 38 жалпы түсіндіру шарасы өткізіліп, оған 3052 адам тартылды. Аталған шаралар барысында облыстық дін істері басқармасы тапсырысымен түсірілген «Қара жол» фильмі мен деструктивті діни ағымдардың белгілерін сипаттайтын ақпараттық көрнекі құралдар таратылды.  Дәстүрлі емес дін жолында жүрген шамамен 30-дан астам азаматпен жеке кездесу өткізіліп, нәтижесінде 7 адам дәстүрлі мазхабымызға қайтарылды. Жеке кездесулерге «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы және «Ақтөбе-медресесі» колледжінің теолог мамандары шақырылды. Мәслихат сессиясында осы бағытта іс-шаралар өткізу үшін қаржы бөлініп, енді сол қаржыны мақсатты игеру жұмыстары жоспарланды.

Балзира әже, Алға қаласының тұрғыны:

— Аудан орталығындағы Байтұрсынов көшесі бойындағы №17 «а», 18, 19-үйлердің ауласында балалар ойын алаңы жоқ. Биыл Ақтөбеде Балалар жылы жарияланды. Бұл мәселе осы жылы шешіле ме?

Нағымжан Алдияров:

— Былтыр Алға қаласының 27 көп қабатты тұрғын үй ауласына жалпы құны 181,0 миллион теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында қаланың қалған 19 көп қабатты тұрғын үй ауласына абаттандыру жұмыстары үшін «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Бұл жұмыстар былтыр желтоқсан айынан басталып, қазіргі таңда құжаттама сараптамадан өткізілуге тапсырылды. Осы құжаттама қатарында қаланың Байтұрсынов, Уәлиханов және 4 шағын аудандарындағы көп қабатты тұрғын үй аулаларына балалар алаңын салу жұмыстары қарастырылды.

Аудан тұрғыны (аты-жөнін айтудан бас тартты):

— Биыл 80 жылдық тарихын тойлайтын «Жұлдыз-Звезда» аудандық газетінің жағдайы ойландырады. Басылым журналистикаға қатысы жоқ жандардың жекеменшігіне айналғалы, бүгінде газеттің мәні мен сәні кетті. Газет жұмысы алға басып, оқырман көңілінен шығуы үшін дұрыс басшы, кәсіби мамандар керек. Басылымның қазіргі жағдайы талапқа сай емес болып тұр. Осы мәселені әкім қалай шешпек?

Нағымжан Алдияров:

— Аудандық газеттің бәсекелестік ортаға, яғни жекенің қолына өтуі елімізде жүргізіліп жатқан саясатқа байланысты жүзеге асырылып отыр. Дегенмен, газет жекенің иелігінде болғанмен, мемлекеттік тапсырысты да орындайды. Демек, мемлекет тарапынан бақылау бар. Ал, газет қызметкерлеріне келсек, бүгінгі күні аудандық газетте жұмыс істеп отырған 5 адамның екеуі — жоғарғы білімді журналист, біреуі —  жоғары білімді филолог. Барлығы да — жас мамандар. Бүгінгі күні газет құрылтайшысы екі маманды бір айлық тәжірибеден өткізуге облыстық газет басшылығымен келісім жасап отыр. Ал газетке жанашырлық танытқан сіздің басылымның сапасын жақсарту туралы ұсынысыңыз болса, біз тыңдап, талқылауға әзірміз.

Қасым, аудан тұрғыны:

— Облыстық экология департаментімен бірлесіп, бұрынғы Алға химия зауыты аумағындағы химиялық және өндірістік қалдықтарды жою шаралары қалай жүзеге асырылып жатыр? 

Нағымжан Алдияров:

— Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі  жанынан құрылған «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы бұрынғы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды, яғни химиялық және өнеркәсіптік, шлам жинақтағыш қалдықтарды жоюға арналған жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Биыл бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға қаржы бөлінген жоқ. Қазақстан Республикасының Ұлттық Экономика министрлігіне 2019-2021 жылдарға  қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім тапсырылды.

Ақмарал, үш баланың анасы, Алға қаласы:

— Аудан орталығында жүргізушілер жол ережесін сақтамайды. Кешкілік уақытты балаларымызды көшеге шығаруға қорқамыз. Әкімдік пен жол полициясы мамандары осы жағдайды неге бақылауға алмайды?

Нағымжан Алдияров:

— Қазіргі таңда Алға ауданы ішкі істер басқармасы қызмет атқару аймағы бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жол патрульдік-полициясының штаттық саны — 11. Оның екеуі — ваканттық орын. Олар  жыл басынан бастап жол жүру ережелерін бұзған 391 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды. Бұл жұмыс күнделікті жалғасуда.

Махаббат, Бестамақ ауылының тұрғыны, зейнеткер:

— Аудандық ауруханаға жиі барамын. Ондағы медицина қызметкерлерінің өз ісіне деген немқұрайлылығын жиі байқаймын. Емхана мен ауруханадағы мамандар үлкен адамдарға жекіп сөйлейді, көбінесе медициналық картамызды, қан талдау қорытындысын таппай жатады. Сала қызметкерлерінің науқаспен бұлайша  қарым-қатынасына қашан тәртіп орнатылады?

Нағымжан Алдияров:

— Алға аудандық орталық ауруханасының бас дәрігеріне тұрғындардан түскен ескертулерге байланысты шара қабылдау және медицина қызметкерлерінің қызметтік этиканы сақтау қажеттігі турасында тапсырма беремін. Сіздің сұрағыңыз бойынша осы салаға жауапты өзімнің орынбасарыма бұл мәселені бақылауға алуды тапсырамын.

 Сухроб, құрылысшы, Өзбекстан Республикасы Бұхара қаласының тұрғыны:

— Осы мәселе бойынша шағымымды кімге айтарымды білмедім. Көші-қон полициясында жалғыз маман ғана қызмет істейді. Оның өзі бір айға жуық уақыттан бері жұмыста жоқ. Алға қаласына өзге елден келгендер қайда барып жүгінеді?

Нағымжан Алдияров:

Алға аудандық ішкі істер бөлімінде штат бойынша   шетел азаматтарын және азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркейтін, жеке куәлік және басқа да құжат түрлерін рәсімдеумен айналысатын көші-қон полициясының екі қызметкері бар.  Олардың екеуі де бала күтімімен демалысқа шығуына байланысты Ақтөбе қаласы көші-қон полициясының қызметкерлері аптасына бір рет Алға қаласына шығып, шетел азаматтарының және тұрғылықты жері бойынша тіркеумен, Қазақстан Республикасы жеке куәлік және басқа да құжат түрлерін рәсімдеумен айналысып келді. Биыл 6 сәуірден бастап Алға аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон полициясына тұрақты қызметкер тағайындалып, Халыққа қызмет көрсету орталығында және аудандық ішкі істер бөлімінде күнделікті құжат рәсімдеумен айналысады. Сонымен қатар, ерікті жалдамалы қызметкер тағайындалып, бұл мәселе бүгінгі таңда шешілді.

Мәжит ата, Самбай ауылының тұрғыны:

— Самбай және Нұрбұлақ ауылы тұрғындарын біраз жылдан бері жол мәселесі алаңдатады. Осы проблема қашан шешіледі?

Нағымжан Алдияров:

— Биыл Үшқұдық-Алға-Тоқпансай аудандық маңызы бар автомобиль жолының Алға-Самбай-Нұрбұлақ учаскесін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жобалық ұйымды анықтау үшін құжаттар әзірленуде. Құжат дайындалғасын, қаражат бөлуіне қарай құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылады.

Марина Ивановна, Алға қаласында кәсіпкер:

— Қала шетінде «АкТеп» кәсіпорнының жұмыс жасап жатқанына көп бола қойған жоқ. Шаруашылықтың құрылып, жұмыс жасағанына көпшілік расымен де қуанды. Ең бастысы — жаңа жұмыс орындары ашылды. Алайда, кәсіпорын тарапынан туындап жатқан проблема да бар: төгілген көң иісі қалаға келеді. Осы мәселе шешіле ме?

Нағымжан Алдияров:

— «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Алға қаласының аймағынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес ірі қара өсірудің  санитарлық қорғау аймағы 1000 метрден кем болмауы керек. «АкТеп» серіктестігі базасының орналасқан орны санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Шаруашылық шығарған көң исін қоршаған ортаға әсерін азайту бойынша аумақты абаттандыру және аумақты қоршауы  қарастырылған.

Алға қаласының селитибтік аймақтарында атмосфералық ауаны өлшеуді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» Ақтөбе облысы бойынша  филиалымен  үнемі жүзеге асырады. Зерттеу барысында денсаулыққа зиянды заттардың рұқсат етілген шоғырланудан асып кету жағдайы анықталмаған.

Жанна Городец, мұғалім (Алға қаласы):

— Мені қаланы көріктендіру мәселесі алаңдатады. Алға қаласы көшелері мен скверлерге жыл сайын тал егіледі. Алайда сол жас көшеттердің көпшілігі шықпай қалып жатады. Мұның себебі не? Тағы бір мәселе — ауызсу. Жаз шықса, судың қысымы төмендейді. Осы мәселелерді жергілікті билік қашан шешуге ықпал етеді?

Нағымжан Алдияров:

— Алға қаласы бойынша былтыр 2000 түп ағаш көшеті егілді. Көшеттерді еккеннен кейін суару жұмыстары мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Егілген көшеттер жерсініп, жапырақ жайып, бой алды. Алайда, қысқы мезгілде қала тұрғындарының көшеттерді сындырып, қасақана жұлып тастау әрекеттерінен көптеген бөлігі жарамсыз күйге түсті. Бұл туралы бірнеше мәрте аудандық ішкі істер басқармасында құқықбұзушылық деректері тіркелген болатын. Бұған дәлел ретінде, ағымдағы жылдың сәуір айында анықтау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 800-ден астам жас көшеттің жарамсыз күйге түсірілгендігі белгілі болып отыр. Соған қарамастан, биыл тағы да 2000-нан астам көшет егу жоспарлануда. Көшеттерді суару қызметіне конкурстық хабарлама беріліп, жеңімпаздар анықталып жатыр.

Ал ауызсу мәселесіне келер болсақ, 2017 жылы Алға қаласында сумен жабдықтау жүйесі кеңейтілді. Нәтижесінде 6 жаңа ұңғыма іске қосылды.  Бірінші және екінші су сорғылау станциясына жаңа сорғылар орнатылды. Ол қала тұрғындарын толық деңгейде ауызсумен қамтамасыз ете алады.  Бірақ бұл ауызсу тұрғын үйлердегі бау-бақша және жасыл желектерді суаруға арналмаған. Соның салдарынан ауызсудың жетіспеушілігі туындайды.

Мақсат Ниязов, Бестамақ ауылының тұрғыны:

— Болашақта жоғары білім алып, туған жерімде мамандығым бойынша қызмет еткім келеді. Бірақ бір проблема мені алаңдатады. Қазір Алғада жер алу кезігінде 4 мыңға жуық адам тұр, пәтер алуға кезекте тұрғындардың саны екі мыңға жетеді. Танысымның айтуынша, кезек жылжымайтын көрінеді. Неге осындай жағдай орын алады? Жер алу, пәтер алу кезегінің баяу жылжуының себебі неде?

Нағымжан Алдияров:

— Алға ауданы бойынша 2006 жылдан бүгінгі күнге дейін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде 1500 адам тіркелген. Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 71-бабына сәйкес, жергiлiктi атқарушы органдар коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізіміне жыл сайын түгендеу жүргізеді. Биыл түгендеу жұмыстарының нәтижесінде  105 азамат кезектен шығарылды. Сонымен қатар, кезекке тіркелген азаматтарға тұрғын үй, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүруіне орай Заңның 71-бабы негізінде кезек ретімен берілетін болады.

Алға қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кезегінде 4200-ден астам азамат тіркелген. Бұл кезектің басын 2006 жылдары тіркелген азаматтар құрайды. Қазіргі таңда 300 жер учаскесіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, инженерлік желілер өткізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес 300 жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы жасақталып, дайын тұр. Заңға сәйкес, инженерлік желілер тартылғаннан кейін ғана жер учаскелері берілетін болады.

Маржан апа, «Подхоз» елді мекенінің тұрғыны:

— «Подхоз» тұрғын алабы аудан орталығына жақын орналасқан. Бірақ әлі күнге дейін бұл жерге газ құбыры тартылмаған. Осы мәселе қашан шешіледі?

Нағымжан Алдияров:

— Қазіргі таңда Алға қаласы «Подхоз» тұрғын алабының газбен жабдықтаудың кварталішілік желілерін және жеткізуші газ құбырын салу нысаны бойынша ашық конкурстың өтінімдері қаралып жатыр. Бас мердігер анықталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

P.S. Ақтөбеде Балалар жылы жарияланғалы облыстың әрбір ауданында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Биыл Алға ауданындағы барлық мектептің жанынан ойын-спорт алаңдарын салу жоспарланыпты. Бұл іске демеушілер тарапынан 3,4 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Сонымен қатар  Алға қаласында  балаларға арналған әмбебап спорт алаңының салынуына да облыс бюджетінен  5,6  миллион теңге қаржы бөлініпті. Балалар жылында Алға ауданы бойынша  жетім, аз қамтылған, қолайсыз отбасынан шыққан 103 бала Астана және Түркістан қалаларына саяхатқа барса, Қарақұдық, Маржанбұлақ, Нұрбұлақ ауылдарында жаңа балабақша халық игілігіне берілмек.

Тікелей байланысты жүргізген Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button