Рухани жаңғыру

«Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана»

Ақтөбеде «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» атты халықаралық конференция өтті.

Едіге би — Алтын Орданың соңғы хандары тұсында өмір сүріп, іс жүзінде осы мемлекеттің билеушісі болған, ел есінде «Ел қамын жеген Едіге» деген атпен қалған, Алтын Ордадан шыққан түркі жұрттарының бәріне ортақ тұлға. Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі Ноғай Ордасының билеушілерінің арғы атасы да осы Едіге. Тіпті орыс деректерінде де Едіге бидің жеке иелігі Еділ-Жайық-Жем өзендері бойында, яғни бір бөлігі қазіргі қазақ жерінде болғаны көрсетіледі. Едігенің елдікті сақтау жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресі кейіннен эпостық жырға айналып, көптеген түркі жұрттары арасында кең тараған. Ал ол эпостың кеңестік кезеңге дейін де зерттелуінің (Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев) өзі бізге көп жайтты аңғартады. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап бұл жырды таратуға тыйым салынып, тарих бетінен Едігенің атын өшіру көзделген.

Дегенмен, бүгінде Едігенің ұлт тарихындағы орнын айқындау бағытында қолға алынып жатқан істер бар. Жоғарыдағы жиын да солардың бірі.

«Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» атты конференция ЮНЕСКО-ның глобальды геопарктер жөніндегі ұлттық комитетінің, Ақтөбе облысы әкімдігінің және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұйымдастыруымен өтті. Конференцияға  өз еліміздің және Ресейдің әр аумағынан — Башқұртстан, Татарстан, Қарашай-Черкес республикаларынан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан келген белгілі ғалымдар, сондай-ақ жас зерттеушілер қатысты.

Пленарлық мәжілісте ұйымдастырушылар атынан —С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова және ЮНЕСКО-ның глобальды геопарктер жөніндегі ұлттық комитетінің өкілі Азат Ерімбетов құттықтау сөз сөйледі.Өз сөзінде Бекежан Ахан: «Қазіргі рухани жаңғыру тұсында Ақтөбе жұртшылығы Едіге бабамызға айрықша назар аударып отыр. Биыл Ақтөбе қаласынан ер Едігенің атына бір көше атауы беріліп, көрнекті жерге ескерткішін қоюға шешім шығарылды», — деп атап өтсе, Бұлбұл Елеусінова Едіге тұлғасын зерттеп, тарихтағы орнын айқындау мақсатындабұған дейін де облысымызда бірнеше тарихи-танымдық конференциялар ұйымдастырылғаны, 2016 жылы Мәртөк ауданы аумағындағы Едігенің қаза тапқан жеріне белгітас қойылғаны жөнінде айтты.

Ал Азат Ерімбетов: «Едігенің 1399 жылдың 12 тамызындағы Борсықтыдағы жеңісі түркі жұрттарын жойылып кету қаупінен аман сақтап қалды.  Ендеше, бұл күнді түркі халықтарына ортақ мереке ретінде атап өтуге болар еді деп ойлаймыз. Тіпті орыс зерттеушілері де бұл оқиғаны ерекше маңызды санайтыны Карамзиннің, Гумилевтің іргелі еңбектерінде жазылған», — деді.

Пленарлық мәжілісте «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, Ресейдегі Қарашай-Черкес гуманитарлық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нәсіпхан Суюнова, Әжинияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Кеңесбай Алламбергенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұбаназар Асан, т.б. баяндама жасады. Ғалымдар, негізінен, Едігенің эпостық жырлардағы бейнесі, оның дәуірі, жырдың ұлттық нұсқаларының тілдік ерекшеліктері және Едіге тұлғасына қатысты бүгінгі зерттеулер нәтижелеріне көбірек тоқталды.

Нәсіпхан Суюнова: «Кейбір тарихшы-ғалымдар Едігені Алтын Орданың әлсіреуіне, ыдырауына кінәлі етіп көрсеткілері келеді. Дегенмен, керісінше, Едігенің империяның өмірін ұзартуға атсалысқанына дәлелдер бар, нақтылар болсақ, ол күні өткен империяныңсақталып қалғанкүш-қуатын жаңа мемлекет — Ноғай Ордасының іргетасы ретінде қалап беріп кетті», —деп атап өткендей,Едігенің тарихтағы орнына қатысты даулы мәселелерге өзініңқалың жұрты ғасырлар бойы тынбай жырлаған: «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді» — деген сарынды жауап ретінде ұсыну — конференцияда мінбеге көтерілген ғалымдардың ортақ пікірі болды.Конференцияның екінші бөлігі «Жаһандану және ұлттық сана» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.

Қорытындысында, «Едіге батыр» эпосын орта мектеп бағдарламасына енгізіп, «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша оқыту; 12 тамызды тарихи күн ретінде атап өту және Ресейдің көне карталары арқылы анықталған Байғанин ауданы аумағындағы Едігенің зиратына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button