Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе — инвесторлар үшін тартымды аймақ

Инвестиция

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық нақты тапсырмаларының бірі — ел экономикасын нығайтуға инвестиция тарту әрі осы бағыттағы жұмысты жандандыру. Бұл тапсырманы орындау мақсатында былтыр наурызда елімізде «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы»  акционерлік қоғамы құрылған болатын. Аталған компания елімізге инвестиция тарту саласында облыстардағы уәкілетті орган саналады. Бүгінгі күні ұлттық компанияның Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде өкілдерінің кең желісі бар.

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ аймақтық өкілдігінің директоры Марат Балмұхановпен арадағы әңгіме өңірдің инвестициялық ахуалы, облыс экономикасын нығайтуда инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктері турасында өрбіді.


 ИНВЕСТОРЛАРДЫ НЕ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ?

Бүгінгі күні «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ аймақтық өкілдігі өңірге инвесторларды тарту жүйесін жақсарту мақсатында облыс әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. «Ұлттық инвестициялық стратегия» инвестицияларды тарту бағдарламасына сәйкес, 2018-2020 жылдарға арналған инвестицияларды тартуға және сақтауға арналған өңірлік стратегия әзірленіпті. Марат Балмұхановтың айтуынша, бұл өз кезегінде облыстың инвестициялық климатын жақсартуға, тікелей шетелдік инвестиция тартуға және экономикалық тиімділікті арттыруға  септігін тигізбек.

Аталған стратегияға сәйкес, аймақтағы инвестициялық белсенділік талданып, әлсіз тұстар анықталды, сондай-ақ бәсекеге қабілетті салалар үшін нақты инвесторларды тарту бойынша ұсыныстар қалыптастырылды және аймақта бірқатар жобалар жүзеге асырылды, — дейді өкілдік директоры.

Бүгінгі күні елімізде металлургия және тау-кен өндірісі, химия және мұнай өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс индустриясы, медицина және фармация, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бәсекеге қабілетті салалар саналады.

Ақтөбе облысы аумағы жағынан да инвестициялауға тиімді және қолайлы өңір саналады. Ең бастысы — бұған өңірдің экономикалық-географиялық жағдайы себеп. Сонымен қатар, ТМД елдерінің ең ірі тауар нарығына шығуға да қолайлы аймақ. Облысқа инвестиция тартудың тағы бір артықшылығы — Ақтөбе стратегиялық көлік және транзиттік орталық саналады. Себебі мұнда жоғары дамыған әуе, көлік және теміржол инфрақұрылымы бар. Инвесторлар үшін тағы бір тиімділігі — облыста энергиямен жабдықтау қамтамасыз етілген әрі электр энергиясы мен көгілдір отын, су үшін баға төмен. Сонымен қатар, арзан жұмыс күшінің болуы да инвесторлар жұмысының жандануына септігін тигізеді. Өңірдегі минералды-шикізат базасының мол қоры — инвесторлар қызығушылығын туғызады. Ең бастысы — Ақтөбе миллиондар қаласы мәртебесін иеленуде экономикалық өсу әлеуетіне ие өңір, — деді М.Балмұханов.

БИЫЛҒЫ МЕЖЕ — 512,5 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

Ақтөбе облысы республика бойынша шетелдік инвесторларды тартуда жетекші орын алады. Марат Балмұханов соңғы 5 жылда облыс инвестициясы 12,6 миллиард АҚШ долларын құрағанын, оның ішінде 4,7 миллиард АҚШ доллары шетел инвестициясының ықпалымен келгенін айтты. Мәселен, бүгінгі күні аймақта табысты жұмыс жасап жатқан инвесторлардың қатарында қытайлық «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бар. Бұл компания облыста жиырма жылдан бері мұнай кен орындарын өңдеу ісімен айналысады. Сол сияқты, Ресейдің «Орыс мыс компаниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе жеріндегі мыс кенін игергеніне он жылдың жүзі болса, түріктің «Йылдырым Групп» компаниясы хром өндірумен айналысады.

Облыста шағын бизнес саласына қатысты емес 40-қа жуық шетел инвесторы жұмыс жасайды. Жобаларды іске асыру және инвесторларды тарту бойынша тұрақты жұмыс атқарылып жатыр. Биыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаев белгілегендей, облыс экономикасына 512,5 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Оның 25 пайызын шетелдіктер құрауы тиіс. Бұл көрсеткіш былтыр облыста 437 миллиард теңгені құраған болатын, — дейді М.Балмұханов.

 ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ 

«KAZAKH INVEST» акционерлік қоғамы 1 миллиард теңгеден асатын инвестиция көлемімен шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуы бойынша жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардан құрылымдалды және екі базалық тізімге мониторинг жүргізіледі. Бірінші тізімге Ақтөбе облысынан 3,45 миллиард АҚШ долларына 16 жоба енсе, екінші тізімге 300 миллиард теңгеге 20 жоба еніп отыр. Аталған жобалардың бірқатары биыл жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде Хромтаудағы «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-да «Весенне-Аралчинское» кен орнын игеру, индустриялды аймақта Германияның «Гигант КЗ» серіктестігі автомобиль дөңгелектерін қалпына келтіру зауытын, Болгарияның «Баумастер» серіктестігі бояу және лак өнімдерін өндірсе, ақтөбелік «Зерде Керамика» ЖШС керамикалық плиткалар мен фарфор плиталарын өндіреді. «Тізімге енген жобалардың қатарында «Көктас Ақтөбе» ЖШС иелігіндегі силикат кірпіш өндіретін зауыт және басқалары бар. Сонымен қатар, Хромтау қаласында плиткалар өндірісін қалпына келтіріп, ұялы блоктарды шығаратын зауытты іске қосуды, ірі көлік-логистикалық орталық салу жобасын жандандыру бойынша инвесторлар тартылды», — дейді М.Балмұханов.

ТҮРІКТЕР ЖЫЛЫЖАЙ САЛАДЫ 

«Kazakh Invest» және Түркиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен Ақтөбе өңіріне түріктің «Dal Holding Investment CO.» компаниясы өкілдерінің келу сапары ұйымдастырылған болатын. Түрік инвесторлары өңірде агроөнеркәсіп саласы бойынша жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытқан. — Түріктер Ақтөбеде газ электр стансалары есебінен оны электрмен, жылу және көмірқышқыл газымен қамтамасыз ететін жылыжай кешенін салу жобасын кезең-кезеңімен іске асырудың жоспарын айтқан болатын. Осы жоба бойынша инвестициялардың жоспарланып отырған жалпы көлемі — 650 миллион АҚШ доллары. Әрине, жергілікті билік бұл жобаның біздің өңірімізде жүзеге асырылуына қолдау танытты, — дейді Марат Балмұханов.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, «Dal Holding Investment CO.» компаниясының негізі 1985 жылы құрылған, әлемдегі алғашқы 5 компанияның бірі ретінде сындарлы жабдықты әзірлеу мен жеткізумен айналысады. Цемент, құрылыс, энергетика, химия және минералдық ресурстар секторында жұмыс істейді. Компания Түркияда автоматтандыру бойынша алғашқы компаниялардың бірі саналады.

Бүгінгі күні түрік компаниясының Ақтөбе аумағында жылыжай құрылысын салуы үшін  алаңы 200 гектар болатын жер телімінің тиісті нұсқалары қарастырылып жатыр.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button