Рухани жаңғыру

Киелі орындар тізімі әлі де толықтырылады

Ұлт рухын көтеруге бағытталған құжат — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Мақалада алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатындағы жобалардың бірі — «Қасиетті Қазақстан».

Елбасы мақаласында атап көрсетілгендей, біз өз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Сондықтан республика аумағындағы қасиетті орындардың тізімін жасау қолға алынды. Ақтөбе аймағындағы киелі жерлерді анықтау облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығына тапсырылды. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар киелі жерлер қатарына — 10 ескерткіш, жергілікті маңызы бар киелі жерлерге 34 ескерткіш енгізілді. Дегенмен, қасиетті орындардың тізіміне енбей қалған нысандар әлі де бар. Ізденіс жұмыстары одан әрі жалғасып, болашақта киелі орындар тізімі толықтырылатын болады.

Айталық, облысымыздағы ежелгі тарихи орталықтың бірі — Доңызтау-Үстірт өңірінде 20-ға жуық ансамбль-кешен бар. Осы Доңызтауды 1979 жылдан бастап зерттеп келе жатқан Серік Әжіғали бұл өңірде үлкен жұмыстар жүргізу керектігін әрдайым айтады. Өйткені ата-бабаларымыз сақ-сармат заманынан бері киіз үймен көшіп жүрген. Көшпелі мәдениетті ХХІ ғасырға жеткізген қазақтар — Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы қандастарымыз. Ғалымның пікірінше, бұл дәстүр Баян-Өлгейде жалғаса беруі керек. Айнала — егіс, мұнай, газ өндіріліп, зауыттар салынып жатқан өз елімізде ол дәстүрді жалғастыратын мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ, Серік Әжіғалидың айтуынша, Доңызтауда көшпелі мәдениет 1964 жылға дейін жалғасқан. Қазақтың көшпелі мәдениетінің іздері сайрап жатқан Доңызтауды ашық аспан астындағы музей деуге болады.

«Қасиетті Қазақстан» — кешенді бағдарлама. Ол кітап шығарумен, карта жасаумен шектелмейді. Мәселе тарихи-мәдени, археологиялық, архитектуралық құндылықтарымызды жас буын санасына сіңіріп, өз халқымызға дәріптеп, шет жұртқа қалай насихаттауда болса керек. «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасына орай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, әлі де ескерілмеген тұстар бар. Облыс аумағын аралауға арнайы экспедияциялар шығуы тиіс. Түген деген батыр болған дейміз, алайда есімінен басқа еш дерегі жоқ. Жалпы, қазақта (руларда емес) қанша батыр бар? Бүгінгі оқу-тоқуы жетілген заманда, қанша хан-сұлтанымыз, биіміз, батырымыз болғанын анықтап, тізімдеу, біздіңше, аса қиын іс болмаса керек? Қуғын-сүргін жылдары атылып кеткен кейбір арыстарымыздың не қолжазбасы, не бейіті жоқ… Ақсақалдар айтатын шежірелер де ұмыт болып барады. Соларды іздестіруді, зерттеуді қолға алса, үлкен жұмыс болар еді. Бұл шаралардың арғы жағында халықтың, сол халық өкілі — жеке адамның рухын, қадір-қасиетін көтеру, «Мен осындай елде туғанмын» деген лайықты мақтаныш сезімін туғызу мәселесі жатыр.

Астана қаласындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан 2017 жылы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты екі жинақ жарық көрді. Бұл бастама ғана болуы тиіс. Екі жинаққа өз облысымыздан енген тарихи тұлғалар туралы жеке зерттеулер жүргізіліп, кітаптар жарыққа шықса, көрікті жерлеріміз бір-бір фотоальбомға айналса, оқулықтарға енгізілсе, құба-құп. Бұл істі қазір қолға алмасақ, 20-30 жылдан кейін кеш болуы да мүмкін. ХХ ғасыр басындағы Ахмет, Сәкендер аңызға айналып кетті, ал күні кешегі Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаевтарды көргендер де біртіндеп азайып барады.

Аталмыш жобаның толыққанды жүзеге асырылуы халқымыздың ұлттық-рухани тамырынан нәр алған жаңғыру үдерісін қарқындатпақ, ал бұл жас буынның болашаққа деген сенімін нығайтып, олардың бойына қазақстандық патриотизм мен мемлекетшілдік рух сіңіруге қызмет етпек.

Фархат ДОСМҰРАТОВ,

облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу,

қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button