Басты жаңалықтар

Жаралы жауынгердің хаты

Азамат басына зор қасірет әкелген қанды  соғыс аяқталып, Жеңіске жеткенімізге 65 жыл. Өзім  осы бір қуанышты күнді жыл сайын  ерекше құрметпен  қарсы аламын. Халқымыз үшін бұл Жеңіс өте  қымбатқа түсті.  Ырғыздың бір түкпіріндегі бытыраңқы 20-30 үйі бар «Жаңақұрылыс» колхозының, қазіргі Жаныс ауылының халқы бұл жеңісті шексіз қуанышпен қарсы алған болар. Соғыс есігін қағып, ер азаматын аттандырмаған үй  болмапты  сол шағын ауылда.

Есімнен  бір шықпайтыны – ес кіріп, есейе бастаған 40-жылдардың соңына қарай сол ауылдың кәрі-жасының аузынан түспей, жатқа айтылатын  майдангер хаты. Хат ұзақ, өлеңмен жазылған.

Сол  хаттың айтар сағынышы мен  мұңы, үміті мен  күдігі толарсақтан саз кешкен майдангерлерге ортақ сияқты. Бұл – жауынгер Беден Сейтекеновтің  – еліне, туған жеріне, халқына, туған-туысқандарына, өзінің ата-анасыз, елде қалған жалғыз қарындасына, ауылдастарына жолдаған сәлемі. Сол кезде бізден естияр бозбалалар Төлепберген, Елеусіз, Тиыштықбай ағалар бірнеше жүздеген жол осы өлеңді көпшілік алдында жатқа түгел айтып беретін. Өлең айтылғанда жаппай ұйып тыңдай қалатын шерлі жандар көңілі бұзылып, көздеріне жас алып, орамалдарымен көз жасын сүртіп, іштей егіліп, өлі тыныштық  орнай қалатын.

Хат авторы – Беден Сейтекенов майданнан жараланып, елге оралып, кешегі 90-жылдардың ортасына дейін өмір сүрді. Сол хаттың толық нұсқасын жариялау дұрыс деп ойлаймын. Себебі, бұл – ұмытылмайтын естелік, қастерлі мұра. Мереке  тұсында біздің ауылдан аттанып, оралмай кеткен, оралса да, жанын, тәнін жаралап оралған азаматтар мен тылдағы тозақы  өмірдің ауыртпалығын көтерген Жаныс ауылының тұрғындарының құрметіне, барлық соғыс қиыншылығын көргендерге деген құрмет сезімімен жолдап отырмын бұл хатты.

Құрметпен,

Телман САҒЫНБАЙҰЛЫ.

Жаныс ауылы,

Ырғыз ауданы.

Беден Сейтекенов

Қалам алып хат жаздым,

Еске түсіп еліміз.

Сағынып жатып сөз жаздым,

Ұлы Ырғыз туған жеріміз.

«Темірастау», «Бесоба»,

«Мәні әулие» шыңымыз.

Бұл да аман жатыр ма?

Айдын шалқар көліміз.

Аздап малды айдаған,

Асқар төбе беліміз,

«Кызылқабақ», «Қызылжар»,

«Жаманқұм» туған жеріміз,

«Сарықопа», «Сарысай»,

«Айырқызыл» беліміз.

Сол жерлерді жайлаған,

Жағалай бие  байлаған,

Аман ба халық-еліміз?

Алыста жатып сарғайып

Сағындық халық-елді біз,

Жыл басында келіп ек,

Айналып мына келді күз.

Талай жерді аралап,

Татып жүрміз дәм мен тұз.

Ел-халық еске түскенде,

Ие бермейді екі көз,

Көрмегенің көп екен,

Басқа түссе әрбір кез,

Елдегі қалған жетімді,

Көретұғын күн болса

Туған жерге айналып,

Осыдан былай  барсақ біз.

Айтар едім құдайға,

Бас ұрып құлдық мың бір жүз.

Елде жатқан ата-ана,

Ойлай ма екен баласын?

Ойнап жүрген жас бала,

Ойлай  ма екен ағасын?

Бауырлар еске түскенде,

Көңіл, шіркін, жанасың.

Халыққа тегіс болған соң,

Көңілді басып қоясың.

Ойламайтын жан бар ма

Атасы мен анасын,

Әйелі менен баласын.

Ойламасқа болар ед,

Елдің көрсең қарасын.

Көрмегенің көп екен,

Білмейді адам шамасын.

Көрмегенді көп көріп,

Араладық азырақ,

СССР-дің даласын.

Ойын ойнап біз жүрдік,

Көріп талай қаласын.

Аман-сау елге барған соң,

Есітіп бәрің қаласың.

Қысқаша айтып сөзімді,

Үлгі болсын балаға.

Рас болса жалғансыз,

Далада, сірә, қала ма.

Үш ай жүрдік фронтта,

Танымайтын далада.

Бір ай бойы қан кешіп,

Соғыста болдым жаңада.

Белімізден су кешіп,

Талай жаттық салаға.

Қиындықты көп көрдік,

Кететін сүйек, санаға.

Бір Аллаға сыйынып,

Келеміз күнде тобаға.

Талай жерде қысылдық,

Жан, шіркін, оңай шыға ма?

Талай жерде сақтады,

Ризамын құдайға.

Әуеде – жаңбыр, жер сабыр,

Жауыны күннің тына ма?

Бір шыбындай жан үшін,

Тығылдық талай жыраға.

Бәрі Алладан болған соң,

Көнбеске, сірә, бола ма?

Азырақ айтып қояйын

Көп айтса көңіл тына ма?

Сегізінші августа,

Жаралы болып мен келдім,

Павлов деген қалаға.

Сол жерде жатып хат жаздым

Елдегі жетім балаға.

Күніге бір хат жазамын,

Күн құрғатпай араға.

Елден хабар ала алмай,

Кетеді хатым далаға.

Хат келер деп қараймын,

Елді ойлап сағынам.

Елдегі қалған жетімді,

Ойлап жатып жабығам.

Әрі-бері ойласам,

Қарап жатып қамығам.

Айта берсем сөзім көп,

Бәрін айтып не қылам.

Алла, өзің жеткер деп

Құдайға жылап, зарығам.

* *  *

Өліміңнен құтқардың,

Келтірдің қайта қалыпқа.

Бергеніңе мың шүкір,

Енді қайтып налытпа.

Налыған жалғыз мен емес,

Келген сор тегіс халыққа.

Және де жатып ойлаймын,

Елдегі жүрген жетімдер,

Киімі тозып, қарны ашып,

Жүр ме екен әлде қорлықта?

Аударылып көше алмай,

Ақылына түсе алмай,

Бар малынан айрылып,

Ферманың сүтін іше алмай,

Жүр ме екен зорлықта?

Аласысын ала алмай,

Бересісін бере алмай,

Туғанымен шығысып,

Достықтың бетін көре алмай.

Жақсылықты қуа алмай,

Жамандықтан суалмай,

Жалғыз-жалғыз әр жерде,

Көзінің жасын жуа алмай,

Жүр ме екен қорлықта?

Ала болып ауызы,

Көп болып сырттан жауызы,

Күн көре алмай дұшпаннан,

Жүр ме екен әлде мұңлықта.

Мұңлы болған жетімді,

Шығарар Алла жарыққа.

Әлемге тегіс күн мен ай

Ортақ тегіс халыққа.

Соғыс бітіп созылмай,

Еліне қайтса азамат,

Келмей ме халық қалыпқа?!

* * *

Хат жаздым қалам алып елімізге,

Ұлы Ырғыз, туып өскен жерімізге.

Елдегі әке, шеше, аға, жеңге,

Қарындас бірге туған інімізге.

Және де хат жазамын теңімізге,

Сағынып көп ойлаймыз сізді біз де,

Елдегі тума менен туысқаннан,

Жаны ашып ойлайтұғын бар ма өзге?

Туған жер, туған елден хат ала алмай,

Айналып жыл басынан келдім күзге.

Сөзім жоқ айтатұғын мұнан өзге,

Аман барсам, айтар ем көрер көзге.

Елдегі хат алмаған ағайыным,

Біразырақ сөзім бар менің  сізге

* * *

Немере інісі Сырлыбайға:

Хат жаздым Әбекеңнің баласына.

Көзінің ағы менен қарасына.

Жылына амандығын бір білдірмей,

Неліктен хат салмайды ағасына?

Бала еді әкесінен жетім қалған,

Қараған ағасы мен анасына.

Дым көрмеген жастықтың салдарынан,

Оралып келмей жүр ме шамасына?

* * *

Әке-шешеден жетім қалған жалғыз қарындасы Құрмашқа:

Бір туған біздің бала Құрмаш қайда,

Ол неге хат салмайды осындайда?

Ұмытып кетті ме екен, күдер үзіп,

Жүр ме әлде әлдекімге көзін сүзіп?

Сау болса ағатайым келеді деп,

Әлі де жүрген шығар еске түйіп.

Айналайын қарағым,

Жүр ме екен әлде ағалап?

Бір шыбындай жаныңды,

Аллаға айтам аманат.

Ағасы жоқ қасында,

Қанатын жүр ме сабалап?

Ағайынның ішінде,

Жүрсің бе әлде паналап?

Өзі жылап жүргенде,

Жүр ме екен дұшпан табалап?

Айналайын, қарағым!

Мені ойлап жылама,

Уайымнан пайда жоқ

Көңіл, шіркін, тына ма?

Қауышармыз бір күні

Сиына бер құдаға.

Жетерміз бір күн мұратқа.

* * *

Ауыл қарттарына

да сөз арнайды:

Талай рет хат жаздым

Оразалы, Өксікбай,

Балсейіт, Сөкем, Нәбиге,

Тұяқбай мен Меңдібай,

Керуенбай, Нәкейге.

Қарттардан кім қалды деп,

Алды-артымды қармадым,

Ұмыт қалып Тартубай

Артынан қосып жалғадым.

Нұрғали, Сейсен, Аужай,

Оспан, Сәтер, Кенжебай,

Армияға кетпесе

Оларға сөз арнадым.

Амансың ба, шалдарым!

Аман ба үй-іш, балларың

Аман болсаң, шалдарым,

Бергені ғой Алланың,

Қиынсынбай жұмысын,

Баға бер колхоз малдарын,

Елде қиын жұмыс жоқ,

Келетін  болар қалдарың.

Құлданбаңыз ерініп,

Кәріліктің салдарын.

Амандықты білуге,

Хат білмей ме балдарың?

Жылына бір хат салдырмай,

Ұмыттың ба, шалдарым?

Мен сияқты соғыста

Сенің де жүр ғой балдарың.

Балаға хат сал деуге де

Келмейді ме әлдерің?

Сағыныштан айтамын,

Ата менен анаға,

Жеңге менен балаға,

Сағынады адамзат,

Жүрсе жалғыз далада.

Аман  болсақ барамыз,

Ұлы Ырғыз туған салаға.

Айтылмаған ағайын,

Өкпелеме балаңа.

Маған да бәрің бірдейсің,

Айырмаймын алаға.

Көпті көрген үлкендер,

Мұны білмей қала ма?

Айтпаймын сөзді балаға.

Осылай талай хат салып,

Балаларға жатырмын.

Шал байғұста не хал бар,

Балаларға айтар деп

Дәме етемін ақылын.

Осылай деп сөз жаздым,

Дүниенің біліп ғапылын.

Үлкен-кіші, ағалар,

Сендерге айтқан нақылым.

Тыңдамайды екен дәм мен тұз,

Жердің алыс-жақынын.

Жел  аударған  қаңбақтай

Айдап келеді ақырын.

Әр жердің татып дәм-тұзын,

Павлов деген қалада,

Госпитальда жатырым.

Не боларын білмедім,

Істің берсін  ақырын.

Болғай-ақ деп тілеймін

Жақсылықтың жақынын.

Жалғыз жатып ауырсаң,

Түседі екен басыңа,

Мүсәпіршілік пақырың.

Көріп жүрмін  қиындық

Таңдайға әлі татырын,

Кәріп болып жатырмын,

Қасыма келер кісі жоқ,

Орыстардың ісі жоқ,

Алақтап жалғыз жатырмын.

Тума менен туысқан

Іздеп арттан келуге

Алыс жерде жатырмын.

Қашықтығы жерімнің

Бес жарым мың шақырым.

* * *

Госпитальда жатқанда

бір жақсы түс көріп, оны

өзінше жақсылыққа жорыды:

Бір күні жатып түс көрдім.

Түсімде жақсы іс көрдім:

Өткел бермес қара су,

Ортасынан жол берді.

Шағамын деп көп жылан,

Айнала тұрып қамады.

Ата-бабам жар болып,

Сол жыланды өлтірді.

Түсім екен оянсам,

Жориын деп түргелдім:

«Өткел бермес қара су

Ортасынан жол берсе,

Ауылға аман барғаным.

Шағайын деп көп жылан,

Айнала тұрып қамаса,

Ата-бабам өлтіріп,

Сол арада қол берсе,

Өлімнен аман қалғаным».

Осылай етіп жорыдым

Алла ауызға салғанын.

Осылай деп болғанда,

Доктор келіп қарады,

Жарамның аз-кем қалғанын.

Олай-бұлай аударып,

Батырды қатты бармағын.

Жарам жаман ауырды

Көтере алмай салмағын.

Ауырса да аузыма,

Жамандықты алмадым.

Түсімнен әлгі сездім бе,

Жақсылықтың болғанын.

Он алтыншы декабрь,

«Комиссия болад» деп,

Айтты күннің қалғанын.

Он алтыншы декабрь

Комиссия болатын,

Болмай сол бір күн өтті.

Жаңадан туып январь,

Қырық үшінші жыл жетті.

Өмір сүріп өлмеген,

Жаңа жылға бұл жетті.

Бір күндері болғанда,

«Жаңа приказ шықты» деп,

Жұрттың бәрі күңк етті.

Жаралы болған қолынан

Майданға түспейді деген сөз

Құлағыма дүңк етті.

Рас болмай қалсын ба,

Басшымыздың жарлығы.

Мен сияқты жаралы,

Босанып елге көп қайтты.

Біз сияқты жетімге,

Алланың бар да жазғаны.

Қуаныш, шіркін, жетер ме.

Күндіз-түні тілесем,

Тілекті құдай берер ме?

Ұшқан құстан хат жазсам,

Хабар алып берер ме?

Бұрынғы жазған хаттарым,

Айналып бармай жүрер ме?

Азамат елге қайтуға,

Соғыстың өрті сөнер ме?

Қырылғыр герман болмаса,

Бұл жерді адам көрер ме?

Дәм айдаған пендеңіз,

Әрбір іске көнер де.

Алланың жазған істерін,

Әрқашан пенде көрер де.

Алдында тұрған не барын

Адамзат өзі сезер ме?

Жақын да емес алысқа

Шығынып елден безер ме?

Жаратқан жалғыз бір құдай,

Маңдайды бір күн түзер де.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button