Басты жаңалықтар

Владимир БОЖКО: Мұндай жұмыстар өзге елді мекендерде де жалғасуы керек

Сенбі күні Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко алдымен Ырғыз ауданына барып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған атқарушы билік өкілдерімен әлеуметтік ғимараттарды аралады, халықпен кездесу өткізді.

Еліміздің Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары әуелі Ырғыз ауданының орталығындағы құрылысы жүріп жатқан мектеп-интернатқа барды. Оған жауапты мердігер мекеме — «Фагот и К» ЖШС. 300 орынға шақталған мектеп және 100 балаға арналған интернатты салу үшін қазірде 50 құрылысшы тартылған. Оның 10-ы — ырғыздық азамат. Жоспар бойынша жыл соңында пайдалануға берілгелі отырған білім беру мекемесінің құрылысын Бердібек Сапарбаев мейлінше тиянақты атқаруды тапсырды.

Одан соң аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде облыс әкімі Елбасының халыққа ұсынған бес әлеуметтік бастамасын іске асыру басталып кеткенін, сондай-ақ, бұның ауыл-аймақта да жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Өткен жылы біз 790 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Биыл кем дегенде 850 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар негізінен мемлекеттік «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша студенттерге арналған жатақханаларды тұрғызу жоспарға енгізілген. Кәсіпкерлік саласына келер болсақ, бүгінгі таңда облыс халқының 32 пайызы бизнеспен айналысады. Одан бөлек, елді мекендерге газ тарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жалпы, былтыр облыс экономикасының 5 пайыздық өсімі қамтамасыз етілді. Биыл да жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп отырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко өз сөзінде Елбасының бес әлеуметтік бастамасының әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, оның мән-маңызын әңгімеледі. Атап айтсақ,

баспана алудың жеңілдетілгенін, әлеуметтің кейбір топтарына салық жүктемесінің азайтылғанын, жоғары білім алу қолжетімді бола түскенін, т.б. жөнінде жан-жақты баян етті. Жиналған жұртшылықты әуелі мемлекеттік тілде Наурыз мерекесімен құттықтаған Владимир Божко:

— Жаңа ипотекалық бағдарламаның арқасында биыл оған жүгінгендердің саны екі есеге артады деп күтілуде. Бұл үйлі болатындардың қатары артады деген сөз. Бірінші бастама аясында қазақстандықтар 25 жылға дейінгі мерзіммен алдын ала төлем жасай отырып, 7 пайызбен несие ала алады. Оның өзіндік артықшылықтары бар.

Былтыр мен Мәжіліс қабырғасында «Нұрлы жер» бағдарламасының қамтылуы елді мекенде кемшін екенін айтқан едім. Ырғыздағы осынау салынып жатқан ғимараттарды көріп, сол сөзімді қайтып аламын.  Аудан орталығында 17 үй салынғанын ескерсек, бұның үлкен жұмыс екенін айтуға болады. Сондықтан сіздерді осынау қуаныштарыңызбен құттықтаймын. Мұндай жұмыстар өзге елді мекендерде де жалғасуы керек. Жалпы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының да көздегені сол — халықтың тұрмысын жақсарту. Бұның елімізге берері мол болатынына сенімім кәміл, — дей келе, білім беру саласындағы жаңашылдықтарды, мұғалім беделін арттыруға бағытталған іс-шараларды тілге тиек етті.

Кездесу соңында Ырғыз ауданының тұрғыны Сәлима Жолмұратова баласының кәсіпкерлікпен айналысқысы келетінін, сол бойынша қосымша білімді қалай алуға болатынын сұрады. Аудан әкімі аталған сауал бойынша «Бизнес бастау» бағдарламасының жай-жапсарын айтып берді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button