Басты жаңалықтарМәдениет

Берік достықтың жаңа белесі

Өзбекстанның Қазақстандағы жылы

Биылғы жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Тарихи оқиғаның ресми ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде мұндай бастамалар аясында өткізілетін іс-шаралардың бауырлас халықтардың қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге септігін тигізетінін айтқан еді.

Қазақ пен өзбек — бауырлас халықтар. Бүгінде қазақ-өзбек арасындағы достықтың сан ғасырлық дәстүрі сақталып, тамыры тереңге жайылды.

Еліміздегі барлық мерекені өзбек ағайындар ескерусіз қалдырмайды. Екі елге ортақ мереке — Ұлыстың ұлы күнін «Согдиана» өзбек ұлттық-мәдени орталығының өнерпаздары Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында көпшілікті концерттік бағдарламаларымен тәнті етті.

Осыдан 13 жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Согдиана» өзбек ұлттық-мәдени орталығының жұмысына 22 адам белсене араласады. Аталған орталықтың төрағасы Ә.Исматуллаевтың айтуынша, бүгінгі таңда облыста мыңнан аса өзбек ұлтының өкілі тұрады.

— Биылғы жыл елімізде Өзбекстан жылы болып жарияланғаны мәлім. Бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршіліктің символы ретінде ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға  және мәдени-өркениеттік тұрғыдан жақындасуына зор үлес қоспақ. Мемлекет басшысы Астана мен Ташкент сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты табысты дамытып келе жатқанын, сондай-ақ олардың халықаралық және өңірлік маңызды мәселелерді шешуге қатысты ұстанымдарының ортақ екенін айтты.

Былтыр Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының

ХХV сессиясында Мемлекет басшысы жаңа бағдарламаларды баяндай келе, экономикамыздың дамуы, Тәуелсіздігіміздің берік болуы ел бірлігінің арқасы екенін айтты. Еліміздің әр түкпірінен жиналған Ассамблея мүшелері өзара пікір алысып, алда атқарылатын шаруаларды пысықтады.

Қазақстандағы Өзбекстан жылына орай Ақтөбе қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды лайықты атқару үшін дайындық шаралары жүргізіліп жатыр, — деді Ә.Исматуллаев.

Биыл наурызда Өзбекстан елінің Президенті Шавкат Мирзиеев қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбайұлының есімі мен шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойды. Құжатта Абай Құнанбайұлының есімі мен шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек ағайындардың рухани даму тарихында өшпес із қалдырғаны айтылған. Сондықтан Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттау турасында ұсыныс жасалды. Сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар жарияланып, теле-радио материалдар әзірлеу, оқу орындарында, мектептерде, әскери бөлімдер мен ұжымдарда тақырыптық кештер өткізу жоспарланған. Бұл мәселеге қатысты Ә.Исматуллаев: «Әрине, бұл бастаманы біз де қолдаймыз. Өз арамызда қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында танымдық кештер өткізуді жыл бойы жүргізілетін іс-шаралар жоспарына қосып отырмыз», — дейді.

Қос мем­ле­кеттің саяси еркіндігі мен екі­жақтың нық қадамы берік дос­тық­тың көрінісі екені айқын. Бұл бауырластық өзге елдерге үлгі екені анық.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button