Әлеумет

Адалдық бәрінен де асқақ

40 жылға жуық уақыт бойы облыстың қаржы саласында еңбек еткен Рахмет Бөстековтің жүріп өткен жолы көпшілікке үлгі. Ол қызметте ғана емес, өмірде де өнегелі із қалдыруды мақсат етіп келеді.

Байғанин ауданы Доңызтау ауылында туып-өскен Рахмет Сыдықұлы өзінің аяққа тұруына, жалпы осындай дәрежеге жетуіне анасы Балбөпе Мәтекқызы мен бауырларының септігі мол тигенін әрдайым айтып жүреді. Ағасы мен 5 апасы, өзімен қосқанда 7 бала жастайынан әкесінен айырылса да, өмірдің көлеңкелі тұстарын көп көрмеген… Бұл, сөзсіз, әуелі анасының арқасы.

— Құдайға шүкір, өмір жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Бір жағынан, менің дұрыс жолдан ауытқымай, осылай азды-көпті белесті бағындыруыма, ең бастысы — саналы азамат болуыма солардың оңды әсері тиді деп ойлаймын. Осы орайда бұл тізімде бірінші боп анам, сосын ағам Орынбасардың тұрғаны анық. Осы екі жақын адамым мені қай жерде де қолдап, жоғары білім алуыма, өмірде өз орнымды табуыма айтарлықтай үлес қосты, — деген Рахмет ақсақал Алматы халық шаруашылығы институтын қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Десе де, әу баста оның осы сала бойынша оқимын деген жоспары болмаған екен.

— Расын айту керек, мектепте оқып жүргенде есеп-қисапқа ебім болғанымен, алдағы өмірімді осы саламен байланыстырамын деген ой мүлде болған жоқ. Мен жастайымнан жазу-сызуға құмар болдым. Достарыма арнап әзіл өлеңдер шығарып, әңгімелер жазатынмын. Осы қабілетімді әрі қарай ұштайын деп мектеп бітірісімен Алматыға тарттым. Ондағы ойым — Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсу. Онымен ол жаққа барған бойда оқуға түсе алмайтынымды іштей сездім. Өйткені жас талапкерлер көп екен, кіл «сен тұр, мен атайын» дегендер, бәсекелестік сол кездің өзінде күшті. Сөйтіп, алғашқы жылы журналистика маған қол емес екенін түсіндім. Сөйтіп, ауылыма қарай қайттым. Бір қызығы, жолда келе жатқанда, пойызда әйгілі жазушы Сәбит Мұқановпен сапарлас болғаным бар. Менің өлең шығаратынымды естіп-білген қаламгер іле-шала оқып беруімді сұрады. Өзім де тап сол бойда ауылыма деген сағынышымды жеткізбекші боп өлең шығарып келе жатыр едім, соны оқып бере қойдым. Менің бұл қырыма риза болған  Сәбит аға келесі жылы журфакқа түсетінімді айтып, өзінің кітабын сыйлап, алғашқы бетіне қолтаңбасын  да қойып берді. Сол сәтті әлі күнге ұмытпаймын. Жалпы, жылы естеліктер, әсерлі кездесулер ешқашан ұмытылмайды ғой. Кейін ағаларымның ақылымен Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түстім. Дипломды алған бойда, 1976 жылы облыстық қаржы бақылау комитетіне жұмысқа қабылдады. Сол жерде табан аудармастан 37 жыл еңбек етіппін, — дейді кейіпкеріміз.

Жоғарыда аталған мекемеде әртүрлі жауапты қызметтерді атқарған Рахмет Сыдықұлы сол кездегі Қаржы министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болыпты.

Институт бітірген жылы — 1976 жылы отау тігіп, шаңырақ көтерген ол зайыбы Лиза екеуі Талғат, Серік, Айнұр, Айгүл есімді 4 баланы өмірге әкеліп, адам қатарына қосты. Бүгінде солардан тараған 7 немересінің сүйікті ата-әжесі атанып, кішкентайлардың қызық-қуанышына куә боп жүр. Айтпақшы, қызы Айгүл әкесінің жолын қуып, қазірде қаржы саласында жұмыс істейді.

Биыл 70 жасқа толып отырған Рахмет ағайдың өмірдегі ең басты ұстанатын қасиеті — адалдық. Оның ойынша, адамның жан һәм ар тазалығы түбінде оны өрге сүйрейді…

— Балаларыма ылғи айтамын, қай істе де таза болыңдар. Соны ұл-қыздарымның санасына кішкентайынан сіңіруге тырыстым. Шүкір, жаман болмаған сияқты. Бүгінде енді немерелерімді солай тәрбиелеп жатырмын. Менің ойымша, адал адам ешқашан артта қалмайды. Жалпы, кісі ақысын жемей, адал еңбек еткенге не жетсін?! Өз басым тазалықты ерекше қадірлеймін, — деп ағынан жарылды мерейтой иесі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button