Басты жаңалықтарБилік

Өңір басшысы аудан әкімдерін сынға алды

Бүгінгі күннің тақырыбы

Өткен демалыс күндері облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сегіз ауданның әкімдерінің 2017 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен осы жылға жоспары туралы есептерін тыңдады. Есептік жиынға ардагерлер, қоғам қайраткерлері, басқармалар мен ведомстволардың басшылары қатысты.

Әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндамаларымен Шалқар, Ойыл, Алға, Әйтеке би, Қобда, Қарғалы және Темір аудандарының әкімдері сөз алды.

Есептерді тыңдап шыққан өңір басшысы шешуді қажет ететін бірқатар проблемалық мәселелерді нұсқады.

Атап айтқанда, Әйтеке би ауданы мемлекеттік-жеке серіктестіктің бірде-бір жобасын ұсынбаған. Кәсіпкерлер мен шаруаларды мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шаралары тиімді қолданылып жатқан жоқ. Кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттағаны байқалады.

Алға ауданының әкіміне химия өнеркәсібін жандандырып, ет кластерін әрі қарай дамыту тапсырылды.

— Аудан үшін басты мәселе — дәстүрлі емес дін жетегіндегілерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл үшін теологтарды, имамдарды шақырып, халықпен жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, — деп атап өтті облыс әкімі.

Қарғалы ауданында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нашар дамуда. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны орташа көрсеткіштен 1,6  есе көп.

— Сіздер ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында қандай мүмкіндік барын білесіздер. Соған қарамастан, соңғы бірнеше жылда бірде-бір индустриялдық жоба жүзеге асырылмаған. Құс фабрикасын іске қоса алмағандарыңызға үш жыл болды. Ауыл клубын екі жыл бойы салып келесіздер.   Ұят емес пе?! — деп облыс әкімі қатаң сынға алды аудан әкімі Рахат Сыдықовты.

Осы жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің орынбасарларына да бірқатар ескертулер жасады.

Қарғалы ауданы әкімінің есептік кездесуінде тұрғындар көтерген Бадамша ауылындағы жаңа мектептің салынатын орнын ауыстыру мәселесі бірнеше ай бойы шешілмей келеді.

— Мектеп алдымен балалар үшін ыңғайлы болу керек. Мен жұмыс тобын құрып, жұртшылықпен кездесуді және мектеп құрылысының жаңа орнын анықтауды қаңтар айында тапсырған болатынмын. Неге әлі күнге дейін істелмеген? — деп ашынды өңір басшысы.

Бұл мәселенің нүктесін қысқа мерзім ішінде қою облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевке тапсырылды. Облыс әкімі сондай-ақ өзінің орынбасарына осы айдың соңына дейін мектеп формасының талаптарын сақтау мәселесін шешу қажеттігі туралы да еске салды.

«Ақтөбе-Атырау» көлік жолын қайта жарақтандыруға қажет құрылыс материалдары мен еңбек ресурстарының көлемін анықтау Серік Төленбергеновке тапсырылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға жергілікті кадрлар мен компанияларды барынша жұмылдыру керек.

Жиынды түйіндеген Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты есепке алып, еңбекке орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану, тоқтап тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, мемлекеттік жеке серіктестік пен «Туған жерге тағзым» акциясының механизмдерін дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Бұдан өзге, ол ауыл шаруашылығын, келешекте мал шаруашылығымен қатар, егін шаруалығын да дамыту міндетін қойды. Тұрғын үй және жол құрылысының көлемін арттырып, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын жалғастыру, жұмыссыздық деңгейі мен инфляцияны азайту тапсырылды.

— Елбасы қойған басты міндет — экономиканы кем дегенде бес пайызға өсіру. Ол үшін облысымыздың әр ауданы барынша күш жұмсап, қолда бар барлық қорларын жұмылдыру қажет, — деп түйді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button