Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Елбасы бастамасы халықтың өзекті мәселелерін шешеді

 

Кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін талқылау бойынша актив жиыны өтті.  Алқалы жиынға басқарма басшылары мен депутаттар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпорын басшылары, банк және қаржы институттарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, жастар қатысты.

Жиынды ашқан сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының жүргізіп отырған негізгі саясаты — халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айта келе: «Соңғы кезде қандай бір қиындықтар, дағдарыстар болса да, Қазақстан өзінің негізгі бағытынан тайған жоқ. Көптеген дамыған мемлекеттерде ондаған кәсіпорындар жабылып, мыңдаған жұмысшылар жұмыссыз қалып, жалақы мен зейнетақының мөлшерлері кеміген кезде, Қазақстанда керісінше, жалақы да, зейнетақы да  көбейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда елімізде төртінші өнеркәсіптік революция, «Рухани жаңғыру», «Ұлт Жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Оның барлығының негізгі мақсаты — Қазақстан халқының тұрмысын жақсарту. Енді сол саясатты жалғастыру негізінде Парламенттің біріккен отырысында  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына тағы да бес әлеуметтік бастаманы жариялады», — деп Бердібек Машбекұлы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің мәні мен маңызын жан-жақты түсіндіріп өтті.

Облыс әкімі бес әлеуметтік бастама қазіргі таңда қазақстандықтарды толғандырып отырған әрі олардың тұрмысына әсер ететін мәселелерді шешуге бағытталғанын айтты.

Әрбір адам үшін ең негізгі мәселе — баспана. Соның бәрін Нұрсұлтан Әбішұлы ескере келе, бірінші бастаманы халықты баспанамен қамтамасыз етудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға арнаған.  Қазіргі таңда облыста 32 мың адам баспана алу кезегінде тұрса, соның 22 мыңға жуығы — Ақтөбе қаласында. Былтыр біз облыста бірінші рет кеңес заманы кезінде болмаған 793 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бердік. Биылғы жылға қойып отырған мақсатымыз — ең кем дегенде 850 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру. Бұл — ең кем дегенде 22 мың ақтөбелік жаңа пәтермен  қамтылады деген сөз. Кешегі Елбасының берген тапсырмасына сәйкес, енді біз өзімізге қосымша міндеттер алуымыз керек. Өзімнің орынбасарларыма, аудан әкімдеріне беретін тапсырманы осыған сәйкес көбейту жағын қарастыруымыз қажет,  — деді Б.Сапарбаев.

Өңір басшысы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл өткен екі айда облыс экономикасының өсу қарқыны жоғарылағанын айтып өтті.  Ол Елбасының бірінші бастамасы — әрбір адамды баспанамен қамтудың жаңа мүмкіндіктерін «7— 20 — 25» бағдарламасы механизмі бойынша оңтайлы шешудің жолдарын түсіндірді. «Мемлекет басшысы айтқандай, жұмыс істейтін әрбір қазақстандық теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Яғни, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Екінші мәселе — бастапқы жарна. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, енді бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс. Сол сияқты, несие алудың мерзімі де ұзартылды.  Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, енді 25 жылға дейін болады. Бұл — тұрғындардың несие төлеу мүмкіндігін жеңілдетеді», — деген Бердібек Машбекұлы бүгіннен бастап өзінің орынбасарлары мен аудан әкімдері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үй алу кезегінде тұрғандар үшін жаңа бастаманың баспана алудағы тиімділігі турасында түсіндіру жұмыстарын бастайтынын айтты.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Үндеуіндегі екінші мәселе — жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға қатысты: «Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 60 мың теңгеден төмен адамдар үшін 1 пайыз ғана салу салу ұсынылады. Бұл — үлкен жеңілдік. Бұл орайда біз өз өңірімізді қарап көрдік. Осы тәсілмен ең кем дегенде 100 мыңға жуық ақтөбелік жеңілдік алатын болады. Бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. Сондықтан әділет, салық органдары  менің орынбасарларым арқылы бұл бағытта жұмыстар жүргізуі керек. Яғни, әрбір ақтөбелік тұрғынның нақты кірісіне мән беріп, қарау керек», — деді облыс әкімі.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіндегі үшінші бастама — жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Бұл орайда облыс әкімі еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет болуы үшін кадр мәселесін жан-жақты шешу керектігін, әсіресе халықаралық стандартқа сәйкес келетін маман даярлануы қажет екенін ерекше атады. Бердібек Машбекұлы нанотехнология, робототехнология, цифрлық технологияларды игеруде елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды тиімді пайдалану керектігін айтты.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2018-2019 жылдары қосымша 20 мың грант бөлінуі керек. Мен орынбасарым Ербол Нұрғалиевке Ақтөбедегі жоғары және арнаулы оқу орындарының басшыларымен бірге кадрға қажеттілік мәселесін анықтауды тапсырамын. Бұл мәселе бұған дейін де айтылып жүр. Сол сияқты, бұған дейін қанша грант алдық, енді қанша грант алуымыз керек, осы мәселені Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асыруымыз керек, — деп Бердібек Машбекұлы облыста студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесіне тоқталды.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі күні аймақтағы білім беру ұйымдарында 49 мыңға жуық студент білім алады.

Бүгінгі күні облыста студенттерді жатақханамен қамтудың пайыздық көрсеткіші өте төмен. Арнаулы орта білім беретін ұйымдарда бұл көрсеткіш шамамен — 18 пайыз. Біздегі колледждердің 40 пайызға жуығында дерлік жатақхана жоқ. Ал жоғары оқу орындарында бұл көрсеткіш сәл ғана жоғарылау, шамамен —  37-40 пайыз. Жатақхананы қажет ететін студенттердің санын, олардың контингентін анықтап, білу керек. Әсіресе, ауылдан  келетін студенттердің көбісі пәтер жалдап болмаса ағайындарының үйінде тұрады. Олар есепте жоқ. Осындай студенттердің барлығын есептеу керек. Себебі, студенттер пәтерде тұрғаннан кейін ақша төлейді, ағайынның үйінде тұрғанда да белгілі ғой оның қалай болатыны. Сондықтан бұл мәселеде барлығы есепке алынып, тиісті құжаттарды дайындауымыз керек, — деді Б.Сапарбаев.

Үндеуде айтылған төртінші бастама — шағын несие беруді көбейту. Бердібек Машбекұлының Елбасының Қазақстанда экономикалық белсенді халықтың 50 пайызы шағын және орта бизнеспен айналысуы керек деген тапсырмасын алға тартып, бүгінгі күні бұл көрсеткіш облыста 31 пайызды құрап отырғанын айтты.

Былтыр шағын несиелеу бойынша 2,5 миллиард теңге қаражат алдық. Сол сияқты, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп «Бастау» жобасы аясында жұмысы жоқтарды оқытуға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні облыста осы жоба бойынша 1500 адам оқытылды, оның 30 пайызға жуығы жұмысқа орналастырылды. Қазір Мемлекет басшысының қойып отырған талабы, Үкіметке беріп отырған тапсырмасы  — шағын және орта бизнеске беретін несие қаражатының көлемін көбейту. Енді қосымша 20 миллиард теңге бөлінеді. Бұл бағытта жұмыс жасайтын менің орынбасарларым аудан әкімдерімен бірлесе отырып ауылдық жерлерде бұл жұмысты жандандыру керек. Тағы бір мәселе — өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды да есепке алып, оларды әрдайым жасайтын жұмыспен қамтамасыз ету керек, — деді облыс әкімі.

Актив жиынында Бердібек Сапарбаев Президент Үндеуінде айтылған ең маңызды мәселе ретінде елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру ісі болды. Әрине, бұл тек Астанаға ғана емес, барлық өңірлер үшін айтылған мәселе.  Облыс әкімі бұл мәселеде облыстың өз бағыты бойынша жұмыс жасауы керектігін айтып: «Қазір республикада халықты  газбен қамтамасыз ету көрсеткіші шамамен 55 пайыз болса, бізде бұл көрсеткіш — 88 пайыз. Президент халыққа арнаған Үндеуінде еліміздің 9 облысы газбен қамтамасыз етілгенін, оның ішінде батыс аймақтарды баса айтты. Бірақ, біз 2020 жылға дейін облыс халқының 95 пайызын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жөнінде өзімізге міндет алдық», — деген облыс әкімі ақтөбеліктердің Президент тапсырмасын әрдайым дер кезінде сапалы орындайтынын айтып өтті.

Жиында Елбасы Үндеуін бірінші болып қолдағандардың қатарында — облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Аманкелді Есіркепов болды. Ол: «Біз тағы да үлкен жаңалықтың куәсі болдық. Парламенттің бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы елдің, оның ішінде қарапайым халықтың басындағы мәселелерді айтып, осыны болашақтағы істің, жобаның арқауы ретінде көтеріп отыр. Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асуын әрбір отбасы үлкен үмітпен, шаттықпен күтетіні рас. Ең бастысы — баспана, сол баспананың ішінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу, сапалы білім беру секілді мәселелердің аз уақыттың ішінде ғана шешілетіні айтылды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері маңызды мәселелерді шешіп, зор қадамдарға барды, үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бес әлеуметтік бастамада айтылған мәселелерді шешу — еліміздің отыз дамыған елдің қатарына кірудегі ең басты кілттерінің бірі болмақ», — деді А.Есіркепов.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі, білім берудің сапасын арттыру мәселесіне қатысты сөйлеген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков: «Елбасы қосымша 20 мың грант артық берілетінін айтты. Бұл — үлкен демеу әрі бізге беріліп отырған үлкен жағдай. Бұл техникалық мамандықтарға беріліп отыратын болса, онда біз осы мүмкіндікке қарманып қалуымыз керек. Батыс өңіріндегі ең үлкен оқу ордасы болғандықтан, университеттің 3 факультетінде онға жуық техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярланады. Біздің міндетіміз — өндіріске қажетті мамандарды даярлау. Бүгінгі күні бірнеше өндіріс орындарымен меморандумдар жасалып, студенттеріміз осы келісімнің нәтижесінде дайындықтан өтіп жатыр. Тағы бір мәселе — гранттың санымен қоса, сапасын да арттыру керек», — деді ол.

Жиын кезінде Елбасы Үндеуінде айтылғандай, құрылыс саласының дамуы, Үкімет тарапынан жасалып отырған қолдауларға қатысты Ақтөбедегі «Крост» құрылыс компаниясының директоры Олег Федоров өз тәжірибесімен, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Ал ҚР Бейбітшілік пен келісім кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов: «Парламенттің қос Палатасы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына тағы да бір үлкен маңызды және ел тұрғындарының көкейтесті мәселелерін қозғады. Президенттің бес әлеуметтік бағыт бойынша жасалатын шараларды айқындап беруі — халықтың үлкен қолдауына ие болып, ауызбіршілік пен тұрақтылықтың тұтқасы болатынына сенімім мол», — деген ол әрбір айтылған бастаманың халық үшін тиімді тұстарына жеке-жеке тоқталды.

Сондай-ақ, жиында «Ақбұлақ» АҚ кәсіподақ комитеті төрағасы цех басшысы Мұхамбет Алдияров жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту мәселесіне қатысты өз пікірін білдірсе, Ақтөбе политехникалық колледжінің 1-курс оқушысы Құралай Бауенова жастарды жатақханамен қамту, олардың жағдайын жақсарту мәселесінің облыста оң шешім табатынына сенім білдірді. Жас отбасының  мүшесі Тарғын Жақыпов баспана алудың жеңілдетілетінін зор мақтанышпен айтса, Ақтөбе қаласындағы «Люкс Хостель» ЖШС директоры Жанна Алтынбаева  елімізде шағын және орта бизнес иелеріне көрсетіліп отырған қолдаудың шарапатын сезінгенін айтты. Бүгінде он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Елбасы Үндеуінен үлкен үміт күтетінін, бұл ретте бизнесін кеңейтудің мүмкіндігі арта түскенін қуанышпен жеткізді.

Активті қорытындылаған сөзінде облыс әкімі Елбасы Үндеуінде айтылған тапсырмаларды орындауға күш салу керектігін, ол үшін ақтөбеліктерді бірлікте, ынтымақта жұмыс жасауға шақырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button