Мәселе

Ең басты мәселе — әлеуметтік парыз

Біздің тілшімізге өз қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуы жөнінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ біріккен кәсіподақ комитетінің төрағасы Мырзағали Қаражанов әңгімелейді.

— Мырзағали Олжабайұлы, сіздер еңбек ететін кәсіпорын біздің облыста ғана емес, жалпы мұнай-газ саласындағы ірі құрылымдардың бірі. Әуелі кәсіподақтарыңыздың жұмысы қалай ұйымдастырылатыны жөнінде әңгімелесеңіз.

— Біріккен кәсіподақ комитеті бекітілген жұмыс жоспарын ұстанады, әр сала бойынша, айталық, спорттық, мәдени-көпшілік, техника қауіпсіздігін сақтау, жатақхана мен асхана жұмысы жөнінде, т.б. комиссиялар құрылған. Айына бір рет кәсіподақ комитеті төралқасының мәжілісі өткізіледі.

АҚ қызметкерлерінің саны қазір 7844 адам, оның ішінде 4992 адам кен орындарында вахталық әдіс бойынша жұмыс істейді. Бұл ерекшелік кәсіподақ комитетінің қызметін кең көлемде, территориялық өлшем бойынша да, ұйымдастыру мәселесінде де, жан-жақты ұйымдастыруды талап етеді. Сол себепті де біріккен кәсіподақ комитеті құрамында 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар.

— «Бастауыштардың» қызметін қалай бағалауға болады?

— 2009 жылы осы кәсіподақ ұйымдарының барлығында да есеп беру-сайлау жиналыстары өтті, сонда бір ғана ұйымның жетекшісі өзгерді. Осыған қарап кәсіподақ комитеті төрағаларының жұмысына оң баға беруге болатын сияқты.

— Кәсіподақ комитетінің қызметі негізінен қандай шаруаларды қаузайды?

— Мен бұл шаруаларды негізгі немесе екінші кезектегі деп бөле алмас едім. Әрбір іс те маңызды. Біз Ұжымдық келісім-шарт жасақтаған кезде ылғи қызметкерлерді мазалайтын мәселелерді енгізіп, солардың орындалуына қол жеткізуге тырысамыз. Қосымша айта кетейін, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі номаларына, Қазақстан Республикасы мұнай-газ комплексі қызметкерлері кәсіподағының, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің және жұмыс беруші салалық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен 2008-2010 жылдарға арналған Салалық  келісімге сәйкес жасалған біздің Ұжымдық келісім-шарт, мамандардың бағалауынша, осы саладағы ең үздік шарттардың бірі. Біздің шартымыз екі жақтың да пікірін қамтыған және байсалды шарт.

— Олай болса, Ұжымдық келісім-шартқа қатысты жұмыс берушінің міндеттері туралы айтсаңыз…

— Бұл міндеттер — Жаңажол және Барлау блогы аймақтарындағы адамдарды үш мезгіл, ал Кеңқияқ және Бестамақ эстакадасы өңіріндегі технологиялық процеске қатысты адамдарды бір мезгіл тегін тамақпан қамтамасыз ету, қызметкерлерді жұмысқа апарып, әкелу, вахталық жұмыс кезінде адамдарды жайлы жатақханалармен қамтамасыз ету. Бұған қоса жұмысшылар жатақханасы мен асханаларды тиісті нормалар мен пайдалану ережелеріне сай ұстап, жарақтандыру, Жаңажол кен орнындағы вахталық поселкені дамыту мен көркейту, ауысым аралығында қызметкерлердің толық мәнді демалысын ұйымдастыру. Осылардың барлығы орындалып та келеді.

— Жұмысшыларға әлеуметтік төлемақылар беру жөнінде жұмыс берушіге тағы да қандай міндеттер жүктелген?

—Жұмыс істемейтін зейнеткерлер мен мерейтой иелеріне арналған, қайтыс болғандарды жерлеуге қатысты, сәби өмірге келген кезде берілетін, сондай-ақ мүгедек балалар мен мектеп оқушылары бар отбасыларына арналған материалдық жәрдемақы жүйесі бар.

Бұған қоса балалар жазғы демалыста «Нефтяник» балалар санаторийлік-сауықтыру лагерінде демалған кезде жолдама қаржысының 70 пайызын жұмыс беруші төлейді, ал 20 пайызын кәсіподақ комитеті көтереді, сонда қызметкер жолдама ақысының 10 пайызын ғана өз қалтасынан шығарады.

— Жұмыс қауіпсіздігі мен еңбек қорғау мәселесінің де маңызы жоғары екені белгілі…

— Еңбек етуге жасалатын жағдай, өндіріс жарақаты, кәсіби және жалпы ауруларды талдау негізінде, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістегі ауруды азайту жөнінде жыл сайын профилактикалық шаралар жүргізіледі. Сол профилактикалық шаралар арқылы жұмыс орнында көзсіз тәуекелге жол берудің алдын алу, өндірістік құрал-жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз жолға аудару жөнінде жұмыстар жасалады.

Жұмысшылардың қажетті санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауына үнемі назар аударылып, олар тиісті нормаларға сәйкес арнаулы киіммен, аяқ киіммен, жеке қорғаныс жабдықтарымен, жуынатын және дезинфекция жасайтын заттармен, медициналық қобдишамен және сүтпен қамтамасыз етіледі. Арнаулы киімдерді жуу, медициналық қызмет, сақтандыру жүйесі ұйымдастырылған. Жұмыс қауіпсіздігі мен еңбек қорғауға жыл сайын 1 миллиард 250 миллион теңгеден кем емес мөлшерде қаржы жұмсалады. Қызметкерлердің ерікті медициналық сақтандыруға жүгіну құқы бар немесе акционерлік қоғам есебінен медициналық қызмет көрсетіледі. 2009 жылы ерікті медициналық сақтандыруға жұмсалған қаржы 146 миллион 662 мың теңге болды.

Жыл сайын еңбек ұжымы мүшелеріне берілетін әлеуметтік кепілдік мөлшері елеулі түрде өсіп келеді және бұл біріккен кәсіподақ комитетінің ғана емес, осы комитетке күнделікті іс барысында көмектесіп отырған Ақтөбе облыстық кәсіподқтар кеңесінің де жұмысының нәтижесі.

— Ұжымдық келісім-шартта қаралған әлеуметтік төлемақылар мен жеңілдіктердің барлығын қорытындылай келгенде, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының әр қызметкерінің әлеуметтік пакеті туралы не айтуға болады?

—Біз есептеп көрдік. Жоғарыда айтылғандардың барлығын есепке кіргізген кезде жұмыс берушінің есебінен және кәсіподақ комитетінің қаржысынан әр вахташы-жұмысшыға жылына 432 мың теңге жұмсалады екен, әр айға бөлгенде бұл 36 100 теңге болады. 2009 жылы жұмыс беруші әлеуметтік бағдарламаларға бәрін қосқанда 1 миллиард 250 миллион теңге жұмсады. Ал кәсіподақ комитетінің бюджеті өз қаржысынан қосымша 80 миллион теңге шығарды.

— Бірақ бұлай болған күнде де кәсіпорында жалақы деңгейі төмен ғой…

— Солай, кәсіподақ комитетінің де негізгі міндеті осы — қызметкерлердің жалақы мөлшерін көбейтуге қол жеткізу. Ұжымдық келісім-шарттың 3.1.5. пункттеріне сәйкес, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының тиісті кезеңдегі нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес инфляция деңгейін есептей отырып, жалақыны индексациялау жүргізуге міндетті.

2009 жылы біз Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесі мен Қазмұнайгаз кәсіподағымен бірлесе отырып, жұмыс берушіге осы мәселе жөнінде талап қойдық, Қазақстанның мұнай-газ секторындағы жұмысшылардың нақты салыстырмалы жалақы мөлшерін мысалға келтірдік.

2010 жылдың қаңтар айынан бастап бас директордың бұйрығына сәйкес ай сайын төмендегі мөлшерде төлемақы белгіленді: жұмысшыларға — 20 пайыз, қызметкерлер мен мамандарға — 10 пайыз, басшыларға — 5 пайыз.

— Жалақы енді қашан көтеріледі?

— Жалақыны көтеру мерзімдер бойынша жүргізіледі. Қазір акционерлік қоғамның барлық мүшелеріне мына жай хабарланды, 2010 жылдың 1 маусымынан бастап жұмысшылардың жалақысы 20 пайызға көбейеді. Ал 2010 жылдың 1 қазанынан бастап жұмысшылар жалақысы екінші қайтара 15 пайызға жоғарылатылады. Сол 1 қазаннан бастап басшылар, мамандар мен қызметкерлердің де жалақысы 10 пайызға өседі.

Өткен кезеңдерде біріккен кәсіподақ комитетінің бастамасымен акционерлік қоғамда және оның барлық филиалдарында еңбек дауы жөнінде келісім комиссиялары құрылды. Бұл бізге еңбек дауларын сотқа жүгінбей-ақ, келіссөздер арқылы шешуге мүмкіндік береді. Келісім комиссиясына жолданған барлық өтініш-талаптар филиал мамандарын қатыстыру арқылы жағдайды анықтау мақсатында мерзімінде қаралып, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарының нормаларына сәйкес шешімдер қабылданды.

— Жұмысшылар кәсіподақ комитетіне қандай мәселелер бойынша өтініш айтады, оның сіздер қалай шешесіздер?

— 2009 жылы біріккен кәсіподақ комитетіне акционерлік қоғамның 32 мүшесінен жазбаша өтініш түсті. Бұл өтініштерді талдай келгенде көбірек мазалайтын мәселелер мынадай болып шықты: міндетті әлеуметтік сақтандыру, медициналық сақтандыру, еңбек қарым-қатынастары мәселелері, Ақтөбе-Кеңқияқ жолының жөнделу жайы, өнім алынатын  орындар мен Бастамақ эстакадасының ауысымдағы және бес күндік режимдегі қызметкерлерінің тамақтану жағдайы.

Жаңажол мұнай-газ өндіру комплексі жұмысшыларының өтініштері бойынша вахта жұмысшыларын ауысымдық мәселесі қаралды. Кәсіподақ комитеті мен әкімшіліктің біріге жүргізген жұмысының нәтижесінде жұмысшылардың талабын толық қанағаттандыратын шешім қабылданды.

— Енді үлкен шуға негіз болған Арнаулы көлік басқармасын қайта құру мен кәсіпорынның кәсіподақ комитеті осы кезде атқарған рөл туралы әңгімелесеңіз…

— Арнаулы көлік басқармасы — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының ірі филиалдарының бірі. Оның штатында Ақтөбе, Қандыағаш қалаларында, Кеңқияқ және Жаңажол поселкелерінде орналасқан төрт көлік паркінде жұмыс істейтін 2052 адам бар. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы шешіміне сәйкес «Арнаулы көлік басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасы негізінде «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясын» құру туралы жұмыс басталды және кәсіподақ комитетінің төрағасы да енгізілген комиссия құрылды.

Алғашқы сәттен бастап-ақ Біріккен кәсіподақ комитетінің алға қойған негізгі мәселесі жұмыс орындарын, жұмысшылардың барлық әлеуметтік кепілдіктерін, соның ішінде жалақы мөлшерін де сақтап қалу болды.

Бас директордан барлық тиісті кепілдіктер алынды, сондай-ақ қосымша талаптар да келісілді. Бірақ бұл жұмысшыларды қанағаттандырған жоқ. Жиналыстарда жұмысшылар жаңа қытай компаниясы құрылған кезде жұымссыз қалу қауіптерін айтып мазасызданды.

Біріккен кәсіподақ комитетінің атына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамымен еңбек қарым-қатынастарын бұзудан және жаңадан ашылғалы отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке көшуден бас тарту жөнінде ұжымдық арыз түсті.

Біз бұл арызды Ақтөбе облыстық кәсіподақтары кеңесі арқылы Мұнай және газ министрлігіне жібердік.

Осындай хатты бастамашыл топ облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтың атына да жолдады. Облыс әкімінің облыстық кәсіподақтары кеңесінің қатысуымен бастамашыл топтың өкілдерімен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының және «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директорларымен жүзбе-жүз кездесуінен соң, Елеусін Наурызбайұлы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы басшылығына Арнаулы көлік басқармасын жабудан бас тартуды ұсынды.

Осының нәтижесінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры облыстық әкімшілікке компания Арнаулы көлік басқармасын жабудан бас тартатынын және бұл басқарма акционерлік қоғамның қарамағында қала беретінін мәлімдеді.

— Осы әңгімелердің тұсында жұмысшылардың Жаңажол вахталық поселкесіндегі судың сапасы жөнінде наразылық білдіргендері де мәлім…

— Бұл ретте бірден облыстық кәсіподақтары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары В.А.Пфаненштиль, екі кәсіподақ комитетінің төрағалары және Арнаулы көлік басқармасы бастығының орынбасары, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру басқармасы кәсіподақ комитеті төрағасының қатысуымен вахталық поселкедегі барлық тұрғын үй-тұрмыстық жағдайды жан-жақты зерттеу ұйымдастырылып, поселкедегі жатақхана мен асханалар тексерілді. Тамақ мәзірі жөнінде де ескертулер болды, бірақ бұл «науқандық» себептер ретінде тұсіндірілді. Жалпы алғанда комиссия қанағаттанарлық баға берді.

Ал жұмысшылардың басқа да әлеуметтік-экономикалық талаптарына келсек, оларды кәсіподақ комитеті әр кез жіті назарда ұстайтын болады.

Әңгімелескен Мир БАЛМҰХАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button