Басты жаңалықтар

Қазақ халқына мың алғыс!

1 наурыз — Алғыс айту күнінде облыс орталығындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласы алдында «Алғысым шексіз өзіңе» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, сондай-ақ ардагерлер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Мерекелік шарада облыстағы 18 этномәдени бірлестіктің мүшелері өздерінің ұлттық тағамдарынан көрме-жәрмеңке өткізді.

Салтанатты шара «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің биімен басталды. Бұдан кейін ортаға облыстағы 18 этномәдени бірлестіктің өкілдері шығып, әрқайсысы өздерін таныстырып, қазақ халқына айтар алғыстары мен шынайы ықыластарын жеткізді. Олардың қатарында грек, армян, кәріс, ұйғыр, неміс, татар, белорус, орыс, өзбек, украин, т.б. ұлттың өкілдері бар.

«Қазақстан — біздің ортақ үйіміз» деп ұрандатқан өзге ұлттың өкілдері кең алаңда би билеп, ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті.

Шарада облыс әкімі жиналғандарды мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Бүгін — жанашырлықтың, қамқорлықтың, мейірімділіктің, достықтың мерекесі.

Қазақта «Адам өмірінде алғыс көп алып өссе, оның болашағы жарқын болады» деген сөз бар. Біз, ең алдымен, алғысты бізге өмір сыйлағаны үшін ата-бабаларымызға, ата-аналарымызға, ардагерлерімізге айтуымыз керек. Екінші алғысты Қазақстанның өсіп, өркендеп, бүгінгідей халықаралық дәрежеде абырой-беделінің көтеріліп жатқаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтуымыз керек.

Біз тарихтан жақсы білеміз, өткен ғасырда Қазақстанға қаншама ұлттың өкілі көшіп келді. Қазақтар өздерінің қиын жағдайына қарамастан, оларға пана, қамқоршы болып, қолдау көрсетті. Бүгінгі шарада өзге ұлттың өкілдері қазақ халқына алғыс айтып жатыр. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ осы тарихты ешқашан ұмытпауы керек.

Алғыс адамға күш-қуат, белсенділік, болашаққа деген сенімділік береді. Сондықтан еліміздің жастары әрдайым алғыс алып жүрулері керек.

Бүгінде Ақтөбе облысында 90-ға жуық басқа ұлттың өкілі тұрады, 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Біз барлығымыз бір шаңырақтың астында тұрып жатырмыз. Былтыр ашылған ескерткіш те ақтөбеліктердің бір-біріне деген достығын, қамқорлығын көрсетеді. Мен облыс басшылығы атынан осы ескерткішті салуға көмектескен кәсіпкерлерге, қолдау көрсеткен кәсіпорын, компаниялардың басшыларына рақмет айтамын. Мерекелеріңіз құтты болсын! Елімізде бейбітшілік болсын! Қазқстанның, қазақтың абыройы арта берсін! — деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс әкімі алдағы уақытта «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласының аумағында этноауылдар салынып, облыстағы барлық этномәдени бірлестіктер өздерінің мәдениеті мен ұлттық тағамдарын ұсынатынын жеткізді.

Мерекелік шара соңында облыс әкімі меценат, кәсіпкер Нұрлан Сағыналинге, «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эльвира Хабибуллинаға, «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе филиалының өкілі Елена Когайга және «Урарту» армян қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гайк Тертерянға мерекелік сый-сияпат ұсынды.

Шара соңында алаңда белсенді жастар «Рақмет! Қазақ халқына мың алғыс!» және «Рухани жаңғыру» атты жазулар құрап, ортада флешмоб ұйымдастырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button