Басты жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жолдама берілді

Ақтөбе қаласындағы «Юрта» мейрамханасында қоғамның бірігуі мен қайырымдылық мәдениетін дамытуға, мүгедек жандардың жарқын бейнесін қалыптастыруға бағытталған «Біз біргеміз!» атты акция өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын акция биыл «Еңбек және жұмыспен қамтылу — әрбір қазақстандықтың табысқа жету кепілі» тақырыбында өтті.

Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үнемі қолдау көрсетілетінін, Құралай Бәйменова бастаған қоғамдық бірлестік мүгедек жандардың мәселелерін шешуге қол ұшын беріп келе жатқанын айтып, акцияға қолдау көрсеткен кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.

  • Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты — әлеуметтік қолдауды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты көмектесу, әр уақытта мемлекеттің бақылауында болуын қамтамасыз ету. Ал мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің негізгі міндеттерінің бірі — мүгедек жандарға жағдай жасау, оларды қолдау.

Жалпы облыста жыл сайын 700-800 адамға дейін жұмысқа орналастырылады. Бұл, әрине, жеткіліксіз. Біздің мақсатымыз — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлығын жұмыспен қамту, олардың өз мамандығы бойынша еңбекке орналасуына жағдай жасау.

Қазақта «Бірлік түбі — тірлік» деген нақыл сөз бар. Егер бірлік болса, жағдай да жақсы болады. Сондықтан осындай акциялар біздің өңірде ғана емес, еліміздің басқа  да өңірлерінде өтіп, Қазақстанда тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетіледі деп ойлаймыз.

Облыс басшылығы атынан бүгінгі шарада сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі — Алғыс айту күнімен, сондай-ақ алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болсын! Сіздерге ұзақ өмір, қажымас қайрат, күш-қуат тілеймін, — деді Б.Сапарбаев.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі  мүмкіндігі шектеулі 25 азаматқа облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа орналасуы үшін жолдамалар табыстады.

Сондай-ақ акция барысында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, олардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсатында Ақтөбе қаласы әкімдігі, облыстық мүгедектер қоғамы және аймақтық кәсіподақ бірлестігі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының төрайымы Құралай Бәйменованың айтуынша, алдағы уақытта Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған арнайы қор құрылады.

  • «Біз біргеміз» акциясы облыста осымен он тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Биылғы акция мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналып отыр. Биылдан бастап Ақтөбеде елімізде алғаш болып мүгедектерді қолдау мақсатында қор құрылмақ. Қорға үш пайыздық квота бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамти алмаған кәсіпорындар белгілі бір мөлшерде қаражат аударып, сол арқылы жұмыс жасағысы келетін немесе жеке кәсібін ашқысы келетін мүгедектерге қолдау көрсетілетін болады, — дейді ол.

Айта кету керек, «Біз біргеміз» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жасаған бұйымдарынан көрме өткізіліп, шара барысында 50 адамға жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button