Мәдениет

Тәртіп қорғаудың тамыршысы

Тағзым

Ол өз ғұмырының қырық жылдан астам уақытын құқық қорғау саласына арнады. Оның ішінде осы кезеңде қылмыс іздеу және оны ашуға белсене қатысқан тәжірибелі тәртіп сақшыларының бірі.

Біз еңбегін әңгімелегелі отырған милиция полковнигі Нұрсұлтан Қадырқұлов өз тұстастарына да өнегесін көрсетіп жүретін еді, енді кейінгі буынға үлгі ету — біздің парызымыз іспетті.

Нұрсұлтан Қадырқұлұлы Жарқамыстан Кеңқияқ мұнай өндірісіне қарай бет алған тұстағы Жем өзенінің бір сағасында дүниеге келген. Осы арада оның әкесінің атымен аталатын Қадырқұл бұлағы бар. Сондай тамаша табиғат аясында туып-өскендіктен бе екен, оның бойында сергектік, тазалық сезіліп тұратын.

Ол 1955-1958 жылдары әскер қатарындағы борышын өтеп келіп, Бүкілодақтық ішкі істер министрлігінің Горький қаласындағы арнайы орта мектебіне оқуға түседі. Екі жылдық оқуды бітірген жас лейтенант Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасына қызметке алынады. Әуелі қатардағы жол автоинспекторы, кадр бөлімінің инспекторы, алдын ала тергеу бөлімінің тергеушісі болып екі жыл жұмыс істеген жас маманды басқарма басшылығы құқық қорғау қызметінің ең ауыр бөлімі – қылмыс іздеу бөліміне жібереді. Сол жылдарда ол жедел уәкіл, аға уәкіл, Байғанин аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болып 1970 жылға дейін қызмет атқарды.

1971 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы қаулысымен және Ішкі істер министрлігінің ұйғарымы бойынша милиция капитаны шенінде Алматы қаласына жұмысқа ауыстырылып, 1983 жылға дейін Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қылмыс іздеу бөлімінің аға жедел инспекторы, Әуезов ауданы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, Алматы қалалық ішкі істер басқармасының арнайы қызметінің бөлім бастығы болып жұмыс атқарып, полковник шеніне дейін көтеріледі. Адал атқарған еңбегі бағаланып  «Бүкілодақтық  Ішкі істер министрлігінің  еңбек сіңірген қызметкері» деген атақтың иегері болады. Сол жылдары Қазақстан комсомолы Орталық Комитеті мен Алматы қалалық атқару комитетінің Мақтау грамоталарымен, Ішкі істер министрлігінің әртүрлі 42 сыйлығымен марапатталды. Өзіне тапсырған қызметін атқара жүріп Алматыдағы Бүкілодақтық Ішкі істер министрлігінің жоғарғы мектебі мен Академиясын  бітірді.

1983 жылы Нұрсұлтан Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалып,  елге оралды. Бұл жұмыста да ол өзін көрсете білгендіктен, Ақтөбе қалалық атқару комитетінің депутаты болып сайланып, тағы бірнеше марапаттар алып, екі жыл өткесін, 1985 жылы қазіргі Атырау облыстық ішкі істер басқармасын  басқару туралы шешім қабылданып, Алматыға барып, тиісті басшылық сынағынан өтіп, Ақтөбеге келіп, енді Москваға Одақтық Министрдің бұйрығын алуға ұшаққа мінер алдында Ырғыз аудандық ішкі істер бөлімінде тәртіп сақшысының өз басшыларына қару жұмсағаны туралы жаманат хабар жетіп,   Нұрекең сол жерден болған жағдайдың егжей-тегжейін тексеру үшін Ырғызға жедел жүріп кетті.

Осындай бір кездейсоқ оқиға оның ілгерілеу жолына кедергі жасады. Енді ғана қолын созып тұрған генералдық атақ аяқ астынан алыстап кетті. Амал жоқ, осыдан кейін ол өз орнында тағы бес жыл адал қызмет атқарып, 1990 жылы жасы жетіп, құрметті отставкаға шығып, зейнеткерлер қатарына қосылды.

Дегенмен бір салада ұзақ жыл қызмет істеген адам үйге сыймай, арада бір ай өтпей, ең болмаса өз қатарымның қасында жүрейін деп өзі басқарған басқармаға  кадр бөлімінің жай қызметкері болып кіріп, тағы екі жыл жұмыс атқарды. Ақыры отбасы болып жан-жақтан қаумалап жұмыстан шығарды да, немересі Ернұрды соның тәрбиесіне тапсырды.

Нұрекең өте сауатты, өз ісінің маманы, қызметіне адал, түйсігі биік, санасы нұрлы, тәлімгер ұстаз, еңбекқор жан еді. Оның тәжірибесі мен тәрбиесінен өткендер қатарында генерал-майор Кеңшілік Жұмабаев, генерал-майор Патрис Нокин, полковниктер Қуанышбай Ысқақов, Қуаныш Қожантаев, Аян Төреханов, Дәурен Нұртаев, Анатолий Маруев, Юрий Калугин, басқа да көптеген азаматтарды атауға болады.

Ол басшы бола жүріп қарамағындағы қызметкерлерімен іссапарларға бірге шығып, талай қылмысты ашуға өзі тікелей қатысқан еді.

1972 жылы Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қылмыс ашу бөліміне жәрдем беретін арнайы мекеменің бастығы болып жұмыс істеп жүріп,  өз қоластындағы қызметкерлерімен он екі жыл бұрын азаптап өлтірілген  екі әйел  адамның ісіне қатысты қылмысты ашады.

1985 жылдың қыркүйек айында Қандыағаш стансасының көне ғимаратының қасындағы тұйықтан пышақтап өлтірген  ер адамның мәйіті табылды. Мәйітте оның кім екенін анықтайтын ешқандай құжат жоқ, тек оның қасынан сол кездегі Шилісай фосфор комбинатында шартты түрде сотталғандар тұратын арнайы комендатурадағы жазаланушылар киіміне ұқсас пальто қолға ілікті.

Бұл қылмысты ашу өте күрделі екені ескеріліп, басқарма бастығының арнайы бұйрығымен қылмыскерді іздеу-тергеу тобы құрылып, топты облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары полковник Нұрсұлтан Қадырқұлов басқарды. Топ алты айдан артық жұмыс істеді. Осы мезгілде бірнеше нұсқалар ойға алынып, талай амалдар қолданылды, жүздеген адамнан жауап алынды, көптеген құжаттар тексерілді, бірақ қылмыс ашылмай, айыпты адам назарға ілінбеді. Нұрекең Қандыағашқа апта сайын барып, жиналған құжаттармен бірге қызметкерлердің әрқайсысын тыңдап, олардың пікірлерімен танысып, талқылап, жаңа нұсқаларды бекітіп, кейбір адамдармен өзі кездесіп, жауап та алып жүрді.

Осындай бір мәжілісте  ол бұрын-соңды ақтөбеліктердің қызмет тәжірибесінде кездеспеген, бұрын қолданбаған да, естіп-білмеген де тәсілді ортаға салды. Оның бұл тәсілі — мәйіттің биологиялық үлгілері мен оның қасынан табылған пальтоны Бүкілодақтық Ғылым Академиясының жанындағы ғылыми-зерттеу биология институтына жіберу болды. Оның айтуы бойынша, кез келген адам тірі кезінде терлейді де, оның тері мен дене майы үстіне киген киіміне сіңіп қалады. Егер мәйіттің биологиялық үлгілері мен қасынан табылған пальтодағы сіңген биологиялық бөлшектер сайма-сай келсе, пальто сол мәйіттікі болғаны. Ондай жағдайда қылмыскер тек Шилісай комендатурасының шартты түрде сотталғандар арасынан ізделінеді.

Артынан осы тәсіл дәл шығып, ол Нұрсұлтанның ойын түгелдей айғақтады. Мәскеуден жеткен қорытынды нәтижесінде көп кешікпей Шилісайда жұмыс істеп жүрген қылмыскер де анықталып ұсталды. Ол Ташкент қаласында туып-өскен, бұрын адам тонаған, фамилиясы орысша жазылған өзбек болып шықты.

Нұрекеңнің өз ісінің майталман маманы мен құқық қорғау саласындағы қызметте әбден  ысылған ұйымдастырушылық қабілеті облыстық ішкі істер басқармасының аса құпия арнаулы жедел бөлімінің төрт бірдей қызметкерін айуандықпен өлтірген қылмыскерлерді анықтап ұстау операциясын жүзеге асырарда да көрінді.

Біртуар азамат, елі мен халқына қолынан келген бар жақсылығын аямаған, аяулы әке, қымбатты ата, сүйікті жар бола білген Нұрекеңнің өз тұсында атқарған қызметінің бір бөлігін ғана айттық. Көзі тірі болғанда бұл күндері жетпіс бес жасқа толар азамат рухына жасаған тағзымымыз болсын бұл.

Төлеубай Сарбаев,

отставкадағы милиция полковнигі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button