Басты жаңалықтар

Ақтөбе агломерациясы: даму перспективасы

Үкіметте Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы мақұлданды.

Астанада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің мәжілісінде Ақтөбе агломерациясын дамытудың схемасын Үкімет мүшелеріне ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев таныстырды.

Жеңіс Қасымбек хабарлағандай, Ақтөбе агломерациясына Ақтөбе қаласы және облыстың алты ауданының (Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау) елді мекендері енді.

Жобада аумақтың ресурстық, минералды-шикізат және өндірістік әлеуеті есебімен агломерацияның өндіргіш күштерін перспективалық дамыту ұсынылды. 2030 жылға қарай жоғары технологиялық салалар, инновация, ғылым, сауда және қызмет көрсету бағыттары дами түсетін болады.

Министрдің айтуынша, Ақтөбе облысының көлік-логистикалық әлеуетін дамыту аясында қазіргі уақытта Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізін қайта құрылымдау мен Хромтау — Алтынсарин, Жезқазған — Сексеуіл — Шалқар — Бейнеу теміржол желісі құрылысын жүргізу аяқталды.

143 шақырымдық электрленген теміржол желісі (Бестамақ — Қурайлы және Бестамақ — Хромтау), сондай-ақ, Ақтөбе және Қандыағаш қалаларында көлік-логистика орталықтары құрылысы қарастырылуда. Бұдан басқа, агломерация аумағында көлік ағынын реттеу үшін агломерация орталығы — Ақтөбеде және негізгі көлік бағыттарында (Атырау, Қостанай, Орал, Орынбор, Шұбарқұдық, Орск және Мәртөк) сегіз көлік ауысу желілерін құру жоспарлануда.

— Ұсынылып отырған шаралар еліміздің стратегиялық хабы ретінде Ақтөбе қаласының ролін күшейтуге жол ашатын болады, — деп атап көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Министр сондай-ақ, агломерацияның инженерлік инфрақұрылымын үйлестіріп дамыту тұрғындар мен бизнестің су, газ және электрмен жабдықталуы инфрақұрылымындағы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін хабарлады.

— Қалааралық және поселкеаралық газ желілері құрылысы есебінен агломерацияны газға қосу 99 пайызға жетеді. Сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша шараларды жүзеге асыру 70 елді мекеннің орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігін қамтамасыз етеді, — деп атап көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 100 пайызға дейін жеткізу ұсынылады. 2030 жылға мектепке дейінгі ұйымдардағы орын саны 2,5 есе көбейеді және 85 мың орын шамасын құрайды.

Сондай-ақ агломерация аумағындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін қатаң шаралар қолданылатын болады.

— Табиғи экожүйелер мен биологиялық алуан түрліліктерді сақтау мақсатында «Қарғалы» аймақтық табиғат паркін (Қарғалы ауданы) және «Айдарлыаша» аумағында геопарк (Хромтау ауданы) құру ұсынылады, — деп нақтылады Жеңіс Қасымбек. — Агломерация аумағында «тарихи» ластаулар орындарын жою үшін Елек өзенін алты валентті хром мен бордан ластанудан тазартып, бұрынғы Алға химия зауытының қалдықтарын жою қажет.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұсынылған шаралар Ақтөбе агломерациясының кешенді дамуына жағдай жасайтынын, сонымен қатар болашақта аймақтың бәсекелестік басымдықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ететінін атап көрсетті.

— Облыс экономикасының жыл сайынғы өсімі 5 пайыз құрайды, бұл 2020 жылға ішкі жалпы өнім көлемін 2,1 триллионнан 2,8 триллион теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді, — деп тұжырымдарын алға тартты Бердібек Сапарбаев. — Сондай-ақ, 2020 жылға біздің болжамдарымыз бойынша, шоғырландырылған бюджетке түсімдер 472 миллиард теңгеден 650 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды.

Облыста қазіргі уақытта агломерацияны дамыту бойынша арнаулы жұмыс тобы қызмет етеді. 10 негізгі бағыт анықталды, олар — индустриалды-инновациялық орталық, индустриялды-аграрлық аймақ, озық шағын және орта бизнес, көлік-логистикалық орталық, медициналық және білім беру кластерлері, «Smartcity» және басқалары.

Облыс әкімі одан әрі хабарлағандай, ауыл шаруашылығында ет және сүт кластерін белсенді түрде дамыту, сонымен қатар үш пилоттық жобаны: фермерлерге қызмет көрсету орталығын, индустриялды-аграрлық аймақты және «Болашақтың ауылын» жүзеге асыру жоспарлануда.

— Бірнеше жыл ішінде біз 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деді Бердібек Сапарбаев құрылыс саласын дамыту туралы айта келіп, — Мұнда тұрғын үйдің негізгі бөлігі агломерация аймағында қатарға қосылмақшы.

Облыс әкімі сөзінің қорытындысында Үкіметтің бірқатар негізгі мәселелерді шешу тұрғысынан көмек көрсететіндігіне сенім артатындығын білдірді.

— Біз аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде, автожолдардың сапасын жақсартуда, Ақтөбе халықаралық әуежайының ұшу-қону алаңын 68 градусқа бұрылыс жұмысы және жаңа әлеуметтік құрылыстарды салуда Үкіметтің қолдауына үміт артамыз, — деп атап көрсетті облыс әкімі.

Үкімет мүшелері Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бойынша жасалған ұсыныстарды бірауыздан қолдады.

Нұр ДОСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button