Басты жаңалықтарМереке

Қазақ халқына алғысымыз шексіз!

1 наурыз — Алғыс айту күні

2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып жарияланды. Алғыс айту күні — ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.  Сондай-ақ 1 наурыз — Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл —  тағдыр тәлкегімен Қазақстан аумағына қоныс аударған әр түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына тағзым ететін күн! Атаулы мереке қарсаңында біз облыстағы бірқатар ұлт өкілдерімен тілдескен едік.

Любовь НЕШКО,

«Оксана» украин халықтық хорының әншісі

ҰМЫТЫЛМАС СӘТ

1 наурыз — көктемнің басы ғана емес, Ассамблеяның құрылған күні. Ал біздің

«Оксана» ұлттық-мәдени орталығының құрылғанына 22 жыл болды. Бүгінде орталық құрамында 100-ден астам мүше бар. Жалпы, біз — украиндар, Қазақстан халқына шексіз алғыс айтамыз.

Қазақстан — біздің Отанымыз, ортақ үйіміз. Осы құтты шаңырақта бүгінгі күні 130-дан астам ұлттың өкілдері тату-тәтті, бірлікте, ынтымақта тіршілік етіп жатыр. Біздің бір отбасының балалары сияқты тату-тәтті өмір сүруімізге жағдай жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз зор.

Мен өмірімде Елбасымен үш рет кездестім. Соңғы рет Президент біздің облысқа жұмыс сапарымен келгенде менімен бірге Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлу» әнін орындаған еді. Сол жүздесуде өзге ұлт өкілдері Елбасының сүйікті әндерін орындаған болатын. Солардың ішінде осы әнді айту мен үшін үлкен қуаныш, бақыт болды. Мен сол сәтті ешқашан ұмытпаймын.

Бүгінгі күні мен еңбек ететін халықтық хор ұжымында 30-ға жуық адам бар. Ал хор  репертуарында 100-ге жуық ән бар. Оның ішінде Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сияқты белгілі сазгерлердің әндері бар. Жыл сайын біздің халықтық хор әртүрлі фестивальдерге, байқауларға қатысады. Халық біздің әндерімізді жылы қабылдайды. Бүгінгі мерекеде мен қазақстандықтарға бақыт, береке-бірлік және табыстар тілеймін!

 Иван ЛИПИРИДИ,

«Эллада» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы

МАҢЫЗЫ ЗОР МЕРЕКЕ

Соңғы екі жылдан бері Елбасының көреген көшбасшылығы мен сарабдал саясатының арқасында мемлекетімізде тағы бір тағылымды мереке атап өтіледі. Ол — Алғыс айту күні. Бұл күні cонау аумалы-төкпелі заманда пейілі кең, дархан қазақ даласына табан тіреген өзге ұлт өкілдері қазақ халқына, қазақстандықтарға өздерінің ыстық ықыласы мен алғысын білдіреді. Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор.

Көптеген гректер сұрапыл соғыс жылдар жылдары, одан кейінгі 50-жылдары Қазақстанға қоныс аударған. Біздің ата-бабамыз қыста далада қалып, барар жер, басар тау таппаған кезінде қазақ халқы оларды құтқарып қалған. Көптеген жер аударылған гректерді қазақтар ашаршылықтан, өлімнен құтқарып, үйлеріне кіргізіп, тамақтандандырып, көмектескен. Сондықтан біздің қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз.

Сондай-ақ облыстағы гректер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясына шынайы ықыласын білдіреді. Ассамблея  — ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің, достық пен ынтымақтың ордасы, қарашаңырағы. Біз, қазақстандықтар, көреген, сарабдал саясаты мен еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне  жасаған қамқорлығы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысымызды  айтамыз.

Бүгінгі бейбітшілік заманда өз халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұмытпау, мемлекеттік тілді білу өте маңызды, алайда ең басты байлық — еліміздегі ұлттар арасындағы достық пен ынтымақ. Сондықтан мен елімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық ұлт өкілдері тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілеймін.

Айта кету керек, бүгінгі күні облыста 50-ге жуық грек ұлтының өкілі тұрады. Ал этномәдени бірлестік құрамында 20-дан астам мүше бар.

Константин ЦХАЙ,

«Қазақстан кәрістері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе филиалының төрағасы

ҚАМҚОРЛЫҚ ШАРАПАТЫ

Биыл Алғыс айту күні елімізде үшінші рет тойланады. Бұл күн еліміздегі барлық ұлт өкілдерін бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек.

1937 жылы Қазақстанға 400 мыңнан астам кәріс жер аударылды. Олардың көпшілігі Хромтау ауданының Бөгетсай, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылдарында тұрды. Жер аударылған кәрістер көп қиындықпен бетпе-бет келді. Бұл жақтың ауа райы да қатал еді. Мұның бәрі артта қалып, олар аймаққа бейімделді. Сондай қиын-қыстау кезеңде жер ауып келген кәрістерге жергілікті халық қана көмек қолын созып, бауырына тартты. Егер де сол кезеңде қазақ жұртының қонақжайлылығы болмағанда, кәріс халқының тағдыры қиын болар еді. Қазақ елінің сол сәттегі қолдауын, қамқорлығын ешқандай ұлт өкілі естен шығармайды.

Қазіргі таңда өңірде 1300-ге жуық кәріс бар. Бұл күні әрбір кәріс шын жүрегімен қазақ халқына ризашылығын айтады. Бүгінде Қазақстандағы кәрістер аз болса да, олардың ішінен елуден астам Социалистік Еңбек Ері шыққан. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Еңбек ері, белгілі кардиохирург Юрий Пя медицина саласына қомақты үлес қосты.

Бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы жұмыс істейді. Бірлестік құрамындағы ұлттық ансамбльдер түрлі мерекелік іс-шараларға белсене араласып, шығармашылықпен айналысады. Ансамбльдегі әншілеріміз республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер атанып жүр.

Біз әрқашан Елбасының бастамасын қолдаймыз, ол жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға тырысамыз.

Валентина ДЫННИК,

«Алеся» белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз

Қазақстандағы 130-дан астам ұлт пен ұлыстың мәдениетінің бір арнаға тоғысуы — қазақ халқының дархандығы мен асқан төзімділігінің нәтижесі. Соның арқасында бүгінде елдегі халық бейбіт күнде тіршілік етіп жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 1242 белорус ұлтының өкілі бар. Ал этномәдени орталықтың құрамында 50-ден астам мүше бар. Белорустар облыстағы Алға, Мәртөк аудандарында көп шоғырланған. Ал менің өз ата-бабам облыс орталығына қоныс аударған.

Қазақстан — біздің ортақ үйіміз. Біз осы елде өзара бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі күні Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері еліміздің дамуына, облыстың дамуына өз үлесін қосып келеді. Әсіресе, арамыздағы талантты, өнерлі адамдардың бұл тұрғыда алар орны ерекше.

Біз, белорустар, өзге ұлт өкілдері сияқты жыл сайын 1 наурызда жиналып, мерекелік іс-шара ұйымдастырып, тойлаймыз. Себебі Алғыс айту күнінің біз үшін маңызы ерекше.

Мен Ақтөбе өңіріне 1964 жылы көшіп келдім. Содан бері осы жерде өмір сүріп, еңбек етіп, бүгінде сол еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Алғаш мен осы облысқа инженер-құрылысшы ретінде келіп, жұмыс жасап, кейін экономист мамандығын алдым. Содан ұзақ жылдар бойы облыстағы телекомпаниялардың бірінде бас экономист болып қызмет атқардым. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққан соң «Садовод» қоғамында жұмыс жасадым. Ол жерде де жасаған еңбегім жоғары бағаланып, көптеген жетістікке жеттім. Ал бүгінгі күні «Алеся» белорус этномәдени бірлестігін басқарамын.

Екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан үш немере сүйіп отырмын. Немерелеріме өткен тарихты, қазақ халқының бізге жасаған қамқорлығын үнемі айтып отырамын. Барша қазақстандықтарды бірлестік атынан бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

Әр өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен өнерінің дамуына, еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлікте өмір сүруіне жағдай жасаған Елбасына алғыс айтамын! Сондай-ақ бізге үнемі қолдау көрсететін облыс әкіміне ерекше ықыласымды білдіремін.

Арютюн МИКАЕЛЯН,

«Урарту» армян қауымдастығы» этномәдени қоғамдық бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы

ОБЛЫСТА ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ АРМЯН БАР

Біздің бірлестік 1997 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ал өткен жылдың аяғында Ақтөбе қаласында Армения Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Бұл консулдықтың ашылуы Ақтөбе облысы мен Армения арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға қызмет етеді. Қазір консулдықта қоғамдық қабылдау жұмыс жасайды. Оған армян ұлтының өкілдері келіп, өз мәселелерін айтады.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында екі мыңға жуық армян тұрады. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында «Урарту» армян қауымдастығы» этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Мен осы бірлестікте ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып қызмет етемін. Бұрын бірлестік құрамында кешкі мектептер, сондай-ақ би мектептері жұмыс жасаған. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандырмақпыз.

Сонымен қатар жыл сайын облыста белгілі шахматист Тигран Петросянға арналған шахматтан облыстық турнир, белгілі армян композиторы Арно Бабаджанянның құрметіне жас орындаушыларға арналған байқау ұйымдастырамыз. Өткен жылы осы байқауда І орынды қазақ қызы жеңіп алып, оған Арменияға саяхатқа жолдама берілді. Бұл байқауға жыл сайын Қазақстанның өзге өңірлерінен жас орындаушылар келіп қатысады.

Бүгінгі мерекеде ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде кеңестік кезеңде жаппай депортацияға ұшыраған армян ұлтының өкілдеріне қолдау білдіріп, кеңпейілдік, бауырмалдық танытқан қазақ халқына айрықша алғысымды білдіремін. Қазақтар еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасауда. Сондықтан қазақтарға айтар алғысымыз да, ықыласымыз да зор.

 

Инга СМОЛИНЕЦ,

«Возрождение» немістер этномәдени бірлестігінің төрағасы

ҚАЗАҚТАРДЫҢ БАУЫРМАЛДЫҒЫНА РИЗАМЫЗ

Біздің бірлестіктің басты қызметі — облыс аумағында тұратын неміс ұлтының өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі күні біздің орталықта тілді дамытуға арналған үйірмелер жұмыс жасайды. Аталған үйірмелерде әртүрлі тілге арналған жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ кешкі мектептер жұмыс істейді.

Облыстағы кез келген неміс ұлтының өкілі бірлестік мүшесі ретінде іс-шараларға қатыса алады. Әсіресе қосымша білім беру, шығармашылықты дамытуға арналған шараларға қатысуына болады.

«Возрождение» қоғамы 1994 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Мен осы бірлестікті 2011 жылдан бері басқарып келемін. Ал бүгінгі күні облыста 5 700 неміс ұлтының өкілі тұрады.

Немістер сұрапыл соғыстан кейінгі жылдары өзге ұлттар секілді жаппай депортацияға ұшырап, Қазақстанға қоныс аударған. Сол қиын кезеңде қазақ халқының бауырмалдығы мен қонақжайлылығының арқасында осы жерде қалып, еңбек етіп, өмір сүрген. Сондықтан ата-бабамыз тіршілік етіп, бізді өмірге әкелген Қазақстан жері — біздің Отанымыз. Біз қазақ халқына бауырмалдығы үшін ерекше алғысымызды айтамыз. Себебі қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы өзге ұлттың балаларын бауырына алып, өзі жеп отырған бір үзім нанды бөліп беріп, кеңпейілділік танытты. Біздің осы жерде баспаналы болып, бақытты өмір сүруімізге көмектесті. Сондықтан біз үшін бұл мерекенің, бейбітшіліктің маңызы, мәні зор.

Самира ХАЙРУЛЛИНА,

башқұрт ұлтының өкілі

БІР КҮНМЕН ШЕКТЕЛМЕЙТІН МЕРЕКЕ

Ақтөбе қаласына 1981 жылы Ресейдің Орынбор облысынан қоныс аудардық. Жұбайым әскери салада қызмет еткендіктен, Қазақстанның Орал, Ақтау қалаларында да біраз жыл тұрдық. Осы кезеңдері көпұлтты қазақ халқының татулығы мен ынтымағына көзім жетті.

Өзім 1995 жылға дейін Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтта жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым.

Туысқандарымның барлығы Ресей мен Башқұртстанда тұрады. Мені жиі іздеп, сонда көшіп келуімді сұрайды. Бірақ мен «Қазақстаннан ешқайда көшпеймін» дедім. Себебі мен үшін Қазақстанымның топырағы ыстық. Осы жерде балаларымды өсірдім, шәкірт тәрбиелеп, еңбек еттім. Бүгінде немеремнің қызығына бөленіп отырмын.

2005 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық бірлестікте өтетін мерекелік шараларға тұрақты түрде қатысып тұрамын. Ассамблея өкілдері де бізді әр кез назардан тыс қалдырмайды. Үнемі құттықтап, жағдайымызды сұрап тұрады. Адамдардың бір-біріне алғысын білдіріп, өздеріне жасалған жақсылықтарды еске алуы — аса маңызды. Бұл жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Жүзі, діні мен тілі басқа өзге ұлттың өкіліне қолындағы барын бөліп берген қазақ халқына бір күн ғана емес, мәңгілік алғыс айтып өтеміз. Елімізге тыныштық, әр шаңыраққа береке тілеймін.

 

Әлішер ИСМАТУЛЛАЕВ,

«Согдиана» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы

БҰЛ МЕРЕКЕ сыйластықты арттырады

«Согдиана» өзбек этномәдени бірлестігі 2005 жылы құрылды. Қазір орталық жұмысына 50-ге жуық адам белсене араласады. Ал ресми дерек бойынша облыста мыңға жуық өзбек ұлтының өкілі тұрады. Облыстағы өзбек ұлтының көпшілігі негізінен ірі өндіріс орындары мен құрылыс компанияларында  жұмыс істейді.

Еліміздегі барлық мерекелерді өзбек ағайындар ескерусіз қалдырмайды. Биыл Алғыс айту күнінен бастап, наурыз айындағы барлық мерекелерге қызу дайындық жұмыстары басталып кетті.

Облыста ұлттық орталықтардың дамуына барлық жағдай жасалған. Орталық жанында ақсақалдар кеңесі де жұмыс істейді.

Өзім Ақтөбе қаласына 1991 жылы Ташкенттен қоныс аудардым. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасының бастамасымен еліміз қарыштап дамып келеді.

Ең бастысы, бізде әр адамның алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Алғыс айту күні адамдарды жақындастырып, сыйластықты арттырады. Сондықтан бүгінгі мерекеде қазақ халқына алғыс айта отырып, барша қазақстандықты осы мерейлі мерекемен құттықтаймын.

Камила ДОСМАТОВА,

қырғыз ұлтының өкілі, студент

ДОСТЫҚ ПЕН АУЫЗБІРШІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

Мен Қырғызстаннан келіп, академиялық ұтқырлық оқыту жобасы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім алып жатырмын. Көктемнің алғашқы айында Қазақстанда осындай Алғыс айту күні тойланатынына қуаныштымын. Біздің елде мұндай мереке жоқ.

Университет қабырғасындағы ерікті жастардың қатарына қосылып, түрлі шараларға қатысып жүрмін. Бұл күннің мән-маңызын ерекше ұғындым.1 наурызда тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдері қазақ жеріне, қазақ халқына алғыстарын білдіре алады. Бұл күн —  ынтымақтың, қайырымдылықтың, мейірімділік пен төзімділіктің мерекесі.

Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын жақсылық жасағысы келіп тұратыны белгілі. Сондай-ақ, жасаған амалының алғысын алып, еңбегінің зая кетпегенін біліп, бір марқайғысы келетіні анық.

Алғыс айту — татулықтың, ауызбіршіліктің бір көрінісі. Сол себепті Алғыс айту күнінде жанымызға жақын жандарға алғыс білдіруді ұмытпайық!

Эльвира ХАБИБУЛЛИНА,

«Шатлык» татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің төрайымы

АҚТӨБЕГЕ АЛТЫ ЖАСЫМДА КЕЛГЕНМІН

Менің ата-анам — Татарстан елінің азаматтары. Атам 1937 жылы Қазақстанға көшіп келіп, кейіннен Өзбекстанға қоныс аударған. Осы кезеңдері көшіп-қону оңайға соқпағанын ата-анамның сөздерінен көп естимін.

Отбасым 1978 жылы Ақтөбеге көшіп келген уақытта мен алты жаста болыппын. Осы жерде білім алып, тұрмысқа шықтым. Музыкалық жоғары білім алдым. Өнерді жаным сүйеді. Өнерге деген сүйіспеншілігім өзім өскен отбасымда қалыптасты. 30 жылдан бері ансамбльде жұмыс жасап келемін. Қазіргі таңда жұбайым мен екі ұлым «Шатлык» татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінде өнер көрсетеді. Бұл да болса құтты қоныс бола білген елге деген құрмет деп білемін. Біз әрдайым осы еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосуға дайынбыз.

Қазақ елінің киелі шаңырағы астында әртүрлі ұлт өкілдерінің татутәтті өмір сүріп жатқандығы бізді қуантады. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Сондықтан татарлар қазақ халқына ерекше алғысын білдіреді.

ИНГУШТАРДЫҢ АЛҒЫСЫ

Осы аптада Алғыс айту күніне орай Ингушетия мемлекетінің басшысы Юнус-Бек Евкуров Ұлы Отан соғысы жылдарында жер аударылған ингуш халқына көрсетілген көмек үшін қазақ халқына алғысын білдірді.

Ингушетия Республикасы Президентінің ресми сайтында ингуш халқы депортациясының 74 жылдығына байланысты үндеу жарияланды.

«Ингуш халқының депортацияланғанынан бері 74 жыл өтті. Сол қиын кездері жақындары мен отбасынан айырылған, көптеген қиындықтарды бастан өткізген әрбір отбасына көңіл айтамын», деді Президент үндеуінде.

Оның айтуынша, 1944 жылдың 23 ақпанында бірнеше сағат ішінде бүкіл ингуш халқының тағдыры шешілді. Сол күні әділетсіз айыпталған ингуш халқы Орталық Азия мен Қазақстанға жер аударылды. Халықтың басым бөлігі қарттар, әйелдер мен жазықсыз балалар болған. Олар ата-бабалары қоныс тепкен жерде бейбіт өмір сүріп, балаларын тәрбиелеу құқығынан айырылды. Ал бұл уақытта 21 мыңнан астам ингуш жеңіс үшін өмірін қиып, батылдық танытып, Ұлы Отан соғысына қатысқан.

«Қазақстан мен Орталық Азияның көптеген аумақтарында азық-түлік пен баспанадан шектелген ингуштар тағдырдың соққысына мойыған жоқ. Керісінше, олар өз тілін, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтап, рухтанып, өмір сүріп жатқан жердің дамуына өз үлестерін қосып, еңбекқорлығымен және ауызбіршілігімен ерекшеленді. Даналық, шыдамдылық және рухтың күші, сонымен қатар әділеттілік орнайтынына деген сенім бізге көмектесті» — делінген үндеуде.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button