Құқық

Желілік бөлім жедел қимылдайды

Бірлескен рейд

Қайнаған тіршілік теміржолдың бойында.  Бұл жерде қоғамдық тәртіп бұзылып, түрлі қылмыс орын алуы мүмкін. Оның ішінде Ақтөбе — тоғыз жолдың торабындағы қала. Жылына миллиондаған тонна жүк тасылып, мыңдаған жолаушы сапар шегеді. Ал жолаушы мен жүктің тиісті жерге аман-сау, бүлінбей жетуіне және теміржол бойында тәртіптің сақталуына, заңсыздық болмауына көлік сақшылары жауапты. Осы жауапкершілікті ақтөбелік сақшылар қалай атқарып жүр? Көліктегі ішкі істер департаментіне қарасты Ақтөбе станциясы ішкі істер желілік бөлімінің бір күндік жұмысын көзімізбен көріп қайттық.  

ЖОЛ БОЙЫНДА ҰРЛЫҚ КӨП

Бізді таңертең  Ақтөбе стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция  капитаны Алмас Молдағалиев қарсы алды. Жұмыс таңғы 8:30-да басталып кетті. Тәулік бойы кезекші болатын қызметкерлер жиналып, жұмыс тәртібі пысықталды. Жедел тергеу тобы мен теміржол вокзалында кезекші болатын қызметкерлер іске кірісті.

Алмас Молдағалиевтың айтуынша, ішкі істер желілік бөлімінің қызмет ету аймағы Жайсаң станциясынан басталып Ақтөбе, Қандыағаш станциясы аралығындағы 180 километр аумақты қамтиды. Осы аралықтағы он тоғыз станция мен разъезд, вокзал және теміржол ұйымдарындағы қауіпсіздіктің сақталуына көлік сақшылары жауапты.

Ішкі істер желілік бөлімінің қызмет ету аймағында үш бекет бар. Олар — Ақтөбе вокзалы, Жайсаң станциясындағы желілік полиция бөлімшесі, Ақтөбе халықаралық әуежайындағы жергілікті полиция бөлімшесі. Әуе немесе теміржол қатынасы кезінде азаматтар қандай да бір қауіпке душар болса, осы бекеттерге барып, арыз-шағым қалдырып, көмекке жүгінеді. Қазір теміржол аймағында ұрлық көп.

— Азаматтардың жеке мүлкі жиі ұрланады. Көбінесе азаматтар жолаушылар пойыздарында бағалы заттарын, оның ішінде ұялы телефондарын қараусыз қалдырып, жоғалтып алып жатады. Бұл ретте көлік сақшыларымен ұдайы алдын алу шаралары мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ азаматтардың көпшілігі теміржолдың үстіндегі белгіленген жерден емес, кез келген жерден өтеді. Соның салдарынан жүк пойыздарының қатынасына кедергі келеді. Қанша рет ескерту жасап, айыппұл төлетіп жатсаң да құлақ аспайды. Өз өмірлерін қатерге тігеді, — дейді Алмас Молдағалиев.

Жалпы жыл басынан бері жеті жүз жиырмаға жуық әкімшілік құқықбұзушылық орын алған. Оның ішінде, ұрлық, кісі тонау, белгіленбеген жерді кесіп өту секілді түрлі заңсыз әркеттер бар.

САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ КЕСІРІНЕН КӨЗ ЖҰМДЫ

Вокзал — қаланың қақпасы. Қалаға келген әрбір азамат қандай да бір жағдайға тап болса  полицияның көмегіне жүгінеді. Вокзалдың бірінші қабатындағы полиция бөлімшесінде тірлік қайнап жатыр. Әртүрлі шағым айтып келген азаматтар арыз толтырса, қызметкерлердің бірі монитор арқылы  бейнебақылау қондырғыларын қарап отыр. Монитордан теміржол аумағы түгелдей көрінеді. Жол бойындағы 82 бейнекамераның қылмыстың алдын алуға, қауіпсіздіктің сақталуына, бұзақылық, ұрлық сияқты қылмыстардың дер кезінде ашылуына тигізер көмегі көп.

Бұл күні вокзалдағы бөлімшеде әкімшілік полиция бөлімшесінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі тобының учаскелік инспекторы Гүлмира Төлегенова, патрульдік полиция тобының полицейі, полиция сержанты Әділет Құрманбаев пен осы топтың полиция сержанты Саламат Мырзахан кезекшілік етті. Бөлімше қызметкерлері жол бойында тәртіп бұзған тұрғындарға ескерту беріп, әкімшілік хаттамалар толтырды. Байқағанымыз құқық бұзатын тұрғындар көп.Түске дейін белгіленбеген жерден өткен онға жуық азамат ұсталып, үшеуіне айыппұл салынды. Соның ішінде екі азамат теміржол мекемелерінде жұмыс істейтін болып шықты. Өзін технологпын деп таныстырған Иван деген азамат көлік сақшыларының сөзіне құлақ асқысы келмеді. Тіпті өзінің ісінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, дауыс көтерді. Ал механикпін деген Махамбет есімді тұрғын полиция қызметкерлерінің бұл ісі заңсыз екенін, теміржол қызметкерлеріне кез келген жерден өтуге болатынын айтып, тәртіпке бағынбай, қарсылық танытты. Көлік сақшылары жұмыстан тыс уақытта теміржолшылардың белгіленбеген жерден жүруіне рұқсат етілмейтінін айтып, екі азаматтың үстінен әкімшілік хаттама толтырды.

Алмас Молдағалиевтың айтуынша, бір рет ережені бұзған адамға ескерту беріледі. Егер бұл әрекеті бір жылдың ішінде тағы да қайталанса, айыппұл салынады. Айыппұл көлемі — үш айлық есептік көрсеткіш, яғни 7 мың теңге көлемінде. Соңғы енгізілген өзгертулерге байланысты құқық бұзушы айыппұлды жеті күннің ішінде төлейтін болса, елу  пайыз жеңілдікпен өтейді.

Көлік сақшылары қанша рет рейд өткізіп, тұрғындарға ескертулер беріп жатса да талапқа бағынбайтындар көп. Әсіресе теміржолға жақын жердегі колледж оқушылары құлаққап киіп алып, жолдың үстімен өтеді. Жүк пойыздарының дабылын естімей, жазатайым оқиғаға ұшырайтындар бар. Былтыр түнде теміржол маңында тұратын бір студентті жүк пойызы басып кетіп, қаза болды. Түнде дүкенге нан алуға шыққан жас жігіт белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан, құлаққаптың кесірінен пойыздың дабылын естімеген. Ал қатты жылдамдықпен келе жатқан пойыздың бірден тоқтауы қиын. Өткен жылы автовокзал маңында 25 жастағы жігіттің аяғын пойыз басып кетіп, мүгедек болып қалды. Рельсте ішімдік ішіп отырған азамат пойыздың келіп қалғанын байқамаған. Ал биыл жылдың басында ағайынды ағалы, қарындасты екеуді пойыз қағып өлтірді. Бұл азаматтар да ережені сақтамаған, белгіленбеген жерден өткен. 1978 жылғы тұрғын сол жерде тіл тартпай кетсе, қарындасы жан сақтау бөлімінде бір күннен кейін көз жұмыпты.

Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін бөлім қызметкерлері үнемі және жүйелі түрде жұмыс істейді. Бірақ азаматтар өз өмірлеріне немқұрайлы қарайды. Тіпті полиция қызметкерлеріне бағынғысы келмей, айқай шығарып, «әке-көкесіне» звондап жататындар бар. Қызметкерлер теміржол аумағын күні-түні қадағалайды. Соның  өзінде жазатайым оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, жолдың арғы бетіне өту үшін ерінбей арнайы жолмен жүру керек. Жолдың үстімен жүріп бара жатқан адам жан-жағына қарап, сергек болғаны дұрыс, — дейді Алмас Молдағалиев.

Соңғы жылдары полиция қызметкерлерінің нәтижелі жұмысының, қырағылығының арқасында вокзал маңында төбелесу, жастардың бірін-бірі пышақтауы, терезе сындыру секілді бұзақылық түрлері азайған.

Вокзалға сапар шекпесе де келетін адамдар көп. Полиция қызметкерлері жүріс-тұрысынан күдік тудырған азаматтардың құжатын тексереді. Әділет Құрманбаев пен Саламат Мырзахан вокзалдың екінші қабатында отырған, өзбекстандық екі азаматтың құжаттарын тексерді. Ресейден елдеріне қайтып бара жатқан жігіттердің бірінің билеті жоқ болып шықты.

ҚЫРАҒЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

Ақтөбе станциясы — Ресей мен Орталық Азияға, одан әрі алыс шет­елдерге шығуға мүмкіндік беретін күретамыр. Ресей мен Еуропадан тасымалданатын  жүктің  негізгі бөлігі теміржол арқылы біздің аймақтың  үстінен  өтеді. Сондай-ақ, қазір көрші елдердің мыңдаған азамат­та­ры өзге елдерде жан бағып жүр. Біздің елге де жұмыс іздеп келетіндер көп. Олардың арасында көші-қон ере­же­лерін бұзушылар да жоқ емес. Көліктегі ішкі істер қызметкерлері осындай  азамат­тарға заңға сәйкес шара қолданып, елдеріне қайтарады. Мәселен, күніне теміржол вокзалынан 22 жолаушылар пойызы өтеді. Ал осы жолдағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу, оны дер кезінде анықтау —  көлік полицейлерінің міндеті.

Мәселен, Ақтөбе — Алматы — Ақтөбе, Ақтөбе — Маңғышылақ — Ақтөбе бағытындағы пойыздарда бақылау мықты. Оны жолаушылар пойыздарының ілесіп жүру батальонының қызметкерлері жүзеге асырады. Кейінгі кезде «Тұлпар-тальго» пойыздарында да бақылау күшейген. Себебі бұл пойыздарда да ұрлық, бұзақылық деректері жиі орын алатын көрінеді.

Бұдан басқа  әуе көлігі арқылы сапар шегетін жолаушылар мен сырт елден тасымалданатын жүктің қауіпсіздігін қадағалау  да көліктегі ішкі істер қызметкерлерінің құзырында. Өткен аптада әуежайда ішімдік ішіп, қоғамдық орында тәртіп бұзған ақтаулық азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, үстінен әкімшілік іс қозғалыпты.

—  Менің осы салада еңбек еткеніме 18 жылдан асты. Қазір бұрынғыдай емес, қауіпсіздікті қадағалау жүйесі өзгерді, жаңа технология енгізіліп жатыр және талап та қатты. Осының барлығы заңсыздықтың алдын алуға, қылмыстың дер кезінде ашылуына мүмкіндік береді. Дегенмен теміржол мен әуе көлігіндегі қауіпсіздікті қадағалау қырағылық пен мықты жауапкершілікті талап етеді, — дейді Ақтөбе стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция  капитаны Алмас Молдағалиев.

Көлік сақшыларының бір күндік жұмысы осындай қым-қуыт тірлікке толы. Қоғамның тыныштығын күзеткен  полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Сақшылардың жұмысына сәттілік тіледік.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button