Спорт

Пхенчхан-2018: спортшыларымыз жалғыз қоламен қайтты

Жексенбі күні Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті.

Олимпиаданы Қазақстан ұлттық құрамасы бір ғана жүлдемен аяқтады, атап айтқанда, фристайлдың могул түрінен Юлия Галышева қола медаль иемденді.

Жалпы есепте 1-орынға Норвегия жайғасты: бұл елдің спортшылары 14 алтын, 14 күміс және 11 қола, яғни барлығы 39 медаль иемденген. Одан кейінгі орында — Германия (31 жүлде); ал үшінші орында Канада (29 жүлде) тұр.

Пхенчхан Олимпиадасына 95 елден 2,9 мыңнан астам спортшы, ал Қазақстан атынан 46 спортшы қатысты. Ойындар барысында 30 елдің спортшылары жүлделі орындарға қол жеткізді. Жалғыз ғана қола медалі бар Қазақстан жалпы есеп кестесінде Латвия және Лихтенштейн елдерімен ең соңғы орындарды бөлісіп тұр.

Галышеваның қоласына қоса, спортшыларымыз 6 рет үздік ондықтан көрінді: Пхенчханда Қазақстан туын ұстап шыққан Абзал Әжіғалиев бастаған шорт-трекшілер құрамасы (6-орын); фристайлшылар Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков; Алексей Полтаранин бастаған шаңғышылар құрамасы эстафеталық жарыста 8-орын алды, т.б.

Өкінішке қарай, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен бұл жолы, жарақат салдарынан, 27-орында қалды. Фристайлдың могул түрінен әлемдік үздіктер қатарындағы Дмитрий Рейхерд финалдың екінші сайысында қателік жіберіп, ақтық сынға шыға алмады. Ал 24 ақпанда шаңғышылар арасында өткен 50 шақырымдық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп күткен Алексей Полтаранин 15-орынды қанағат тұтты.

Айта кетелік, тәуелсіз Қазақстан тарихында спортшыларымыз 7 рет қысқы Олимпиадаға қатысты. Осы жеті Олимпиаданың қорытындысы бойынша, 8-ақ медаліміз бар. Оның төртеуі бір ғана спортшының, Владимир Смирновтың қосқан үлесі: 1994 жылы Лиллехаммерде ол бір алтын және екі күміс медаль 1998 жылы Наганода қола медаль алды. Владимир Смирнов — қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстаннан шыққан жалғыз ғана Олимпиада чемпионы. Оның Лиллехаммердегі алтынынан кейін қазақстандықтар қысқы Ойындарда ең биік тұғырдан көріне алмай келеді…

Айна САРЫБАЙ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button