Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Бердібек САПАРБАЕВ: 2018 жыл облыс үшін экономикалық серпіліс жылы болады

Облыс әкімінің есебі

Экономика өсімі — 105 пайыз!

Кеше Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында жұртшылық алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «2017 жылдың  әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2018 жылға арналған  міндеттері туралы» есеп беру кездесуі болып өтті.

Бұл жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асхат Қайнарбеков, «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Айдар Арифханов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев қатысты.

Сондай-ақ кездесуге облыстық мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, жастар өкілдері келді. Ауылдармен тікелей байланыс орнатылды.

— Ең бастысы, Мемлекет басшысының облыс экономикасын қарқынды дамыту туралы берген тапсырмасы орындалды. Бұл жұмыстарға барлық ақтөбеліктердің ауыз бірлігі мен еңбегінің арқасында қол жеткіздік.  Біздің облыс республикадағы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша жетекші орындарды иеленді. 2018 жылға облыстың болашақта белсенді әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына барлық жағдайларды туғызатын берік іргетас қаланды, — деп атап өтті кездесу беташарында Бердібек Сапарбаев.

2017 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы барлық көрсеткіштер бойынша 5%-ке өсіп, оң динамика көрсетті. Өнеркәсіп өсімі 5% құрап, рекордтық сома – 1,55 триллион теңгенің  өнімі өндірілді (2016 жылы – 1,2 триллион теңге). Өңдеуші өнеркәсіптің есебінен 7,9% немесе 527 миллиард теңгенің өсім деңгейіне қол жеткізілді.

Сондай-ақ, облыс еліміздегі инвестиция өсімі бойынша көшбасшылардың бірі ретінде  танылды. Облыс экономикасына 437 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл алдындағы жылғы деңгейден 63 миллиард теңгеге артық.

792,3 мың шашршы метр немесе 6600 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекорд көрсеткіш тіркелді. 17 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 40 мың адам кешенді жұмыспен қамту шарасына тартылды. Инфляция деңгейі 106,4% құрады.

«Биыл біз экономикалық өсімді 5% деңгейінде сақтау міндетін алға қойып отырмыз. Бұл өнеркәсіпке жаңа технологияны енгізу, сауда, ауылшаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес және басқа да салаларды дамыту есебінен болмақ», — деп облыс әкімі есебін жалғастырды.

Уақыт талабына сай атқарылатын басты қызметтердің бірі — биыл облыста 25 өнеркәсіп кәсіпорны жаңғыртылып, цифрландырылады. Бұл шаруаны жүзеге асыру үшін 38 миллиард теңге салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017»-нің 18 инновациялық технологиясын енгізу жұмыстары жалғаспақшы.

Өнеркәсіпте хром қосындылары өндірісінің процесін жақсарту үшін инновациялық сутектік қозғалтқыштарды, энергия көздерін жаңғырту технологиясын енгізу, сонымен қатар, мұнай-газ саласында жылу алу үшін қоқыстарды жағу әдісімен өңдеу және кәдеге жарату  жоспарлануда.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында былтыр 20 миллиард теңгеге жиырма кәсіпорын жаңғыртылған болатын. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін, еңбек өнімділігін 10% артыруға, өнімнің өзіндік құны  мен жарақат алуды төмендетуге мүмкіндік берді.

«Биыл облыс экономикасына 510 миллиард теңге тартылады. Мұнай өндіру көлемін 6 миллион тоннадан 6,2 миллион тоннаға дейін, газ өндіруді 6,6 миллион текше метрден 6,8 миллион текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Жалпы, шығарылатын өнеркәсіп өнімі шамамен 2 триллион теңгені құрайды», — деді облыс әкімі.

Облыс басшысы өз есебінде жаңғыртудың 5 векторына — әлеуметтік бағдар, өмір сапасын жақсарту, азық-түлік қауіпсіздігі, индустриялық даму және кедергісіз бизнес мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Ауыл шаруашылығына басымдық беріледі

«Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономиканың драйвері болуға тиіс. Біздің облысымыз бұл міндетті белсенді түрде жүзеге асырады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,3%-ке артып, 200,8 миллиард теңгені құрады. Облыстағы егін өнімділігі рекордтық деңгейге жетіп, гектарына 13,2 центнерден келіп, 512 мың тонна астық жиналды. Суармалы жерлердің алаңы 18,3-ден 21,6 мың гектарға, егістік алқаптарының алаңы 16%-ға көбейіп, 656 мың гектарға дейін артты», — деді облыс басшысы.

Биылғы жылы облыста цифрлы технологияларды қолдану арқылы «Фермерлік қызмет көрсету орталығы» пилоттық жобасы іске асырылатын болады. Бұл — аталған сала бойынша Қазақстандағы алғашқы қадам.

Жобаның шеңберінде сатылатын малға арналған бірыңғай электрондық база енгізіледі, аукционда мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сату алаңы ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсететін қаржы институттарының кеңселері болады.

Мал шаруашылығында ірі қара 5,2%, құс 20%, жылқы 7,4%, қой-ешкі 5,7%-ға артты. Ет өндіру 4,1%, сүт 4,4%, жұмыртқа 6,1% өсті.

Облыс әкімі бұған мемлекеттің қолдауымен және ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын сәтті жүзеге асырудың арқасында қол жеткізгендігін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығына цифрландыру элементтері белсенді енгізілуде. Мысалы, «АқТеп» ЖШС мен «Айс» ЖШС шаруа қожалықтары толығымен автоматтандырылған, арнайы сенсорлар жануарлардың орташа тәуліктік салмағын арттыруға, олардың қызметі мен жалпы денсаулық көрсеткіштеріне бақылау жасауға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және егін жинау үшін де пайдаланылады», — деді Бердібек Сапарбаев.

Былтыр 200 ауылшаруашылық кооперативі 2100 тоннадан астам ет, 3 мың тонна сүт және 1700 тонна көкөніс және басқа да өнімдер өндірді. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салаларын дамыту маңызды. Облыста  ара, қоян, құлпынай, таңқурай өсіру және тағы басқа бағытта 188 жоба жұмыс жасауда.

Аймақаралық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерімен, сондай-ақ көршілес Ресейдің бірқатар аймақтарымен ынтымақтастық орнатылды.

2017 жылы өңіраралық ынтымақтастық бойынша тауар айналымы 26,8 миллиард теңгені құрады. Бұл көптеген азық-түлік тауарларының бағаларын төмендетуге және бағаны қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Әлеуметтік мәселелер — басты назарда

Биылғы жылы Ақтөбеде бюджеттен тыс қаражаттың есебінен мүмкіндігі шектеулі және аутизмі бар балаларға арналған орталықтар ашу жоспарланып отыр.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясымен» бірлесіп мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы құрылады. Онда ата-аналар мен балаларға мамандар тарапынан білікті көмек көрсетіледі», — деді Бердібек Сапарбаев.

Жоба «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының қолдауымен «Аутизм. Әлем бәрі үшін бірдей» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Құрылысты іске қосу 2018 жылдың бірінші жартысына жоспарланған. Аутизмге ұшыраған және олардың отбасыларына арналған мекемеде толыққанды білікті мамандардан көмек көрсетілетін жағдайлар жасалады. Бұл жерде ата-аналар аутизмді диагностикалау және емдеуге, балаларды жалпы білім беретін мектепте оқуға дайындауға көмек алады.

Облыс басшысының бұл хабарламасын кездесуге келгендер ризашылықпен қабылдап, алғыс сезімдерін білдірді.

Бұдан басқа, биылғы жылы «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығының құрылысы аяқталады. Жоба Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

2017 жылы Ақтөбеде «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылған болатын. Онда 90-нан астам балалар үйінің түлектері тұрады және жұмыс істейді. «Сәби» жекеменшік қоғамдық қоры «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысына 1,4 миллиард теңге аударды.

Биыл облыста кемінде 870 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 8 мың жаңа пәтер салынады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының белсенді іске асырылуы аясында жеке тұрғын үй салу үшін кем дегенде 15 мың жер учаскесін беру көзделуде. Ғимараттардың экологиялық үйлесімділігін және энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін жаңа заманауи материалдар мен құрылыс әдістерін енгізу басты назарда ұсталады.

«Өткен жылы құрылыс өсімі 10,4% немесе қаржылай есептегенде 156,9 миллиард теңгені құрады. 792,3 мың шаршы метр немесе 6 600 пәтер, соның ішінде 204 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2700 пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында пайдалануға берілді», – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес үй салу кезінде жергілікті өндірістің құрылыс материалдарының 85%-ін пайдаланып, облыстың құрылыс кәсіпорындарын толықтай пайдалануды қамтамасыз ететінін атап өтті.

Ақтөбе «ақылды қалаға» айналады

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында «ақылды қалалардың» өңірлік дамудың, инновациялар мен елдің барлық аумақтырында өмір сапасын арттырудың қозғаушы күшіне айналатындығы айтылған. Аталған тапсырманы орындап, Ақтөбе экономикасын цифрландыру мақсатында «Smart Aktobe» жобасы жүзеге асырылуда.

«Біз «ақылды қаланың» бірыңғай жүйесін интегралдайтын қауіпсіз қала, цифрлық әкімдік, білім беру жүйесі, цифрлық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, зияткерлік көлік жүйесі мен цифрлық медицина сынды алты негізгі бағытын анықтадық»,-деді ол.

Жобаны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында құрылысы осы жылы басталатын жаңа ақпараттық технологиялар орталығы жанынан жүзеге асыру жоспарланып отыр. Орталық жұмысы сондай-ақ, стартаптар мен дамып келе жатқан ІТ-компаниялар үшін барынша қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Облыс басшысының айтуынша, бүгінгі күні барлық қоғамдық және коммуналдық көлік құралдары GPS-трекерлермен жабдықталған, мониторингті диспетчерлік қызмет жүргізеді. Автобустардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік беретін «AktobeBus» мобильдік қосымшасы іске қосылды.

Медицина саласында қала тұрғынының бірыңғай медициналық картасын, дәрігер қабыладуына электронды жазылу және т.б. жасау жоспарлануда.

«Қауіпсіз қала» бағыты бойынша 700 бейнекамера, отыз зияткерлік торабын, желілік участоктардың фотофиксацияларының  15 жүйесін орнату көзделуде.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданында халыққа қызмет көрсету орталығы, қаланың тіршілігін қамтамасыз ету және инженерлік желілерді бақылау, ішкі істер департаментінің жедел басқаратын резервтік орталықтары орналасатын энергия тиімділігі орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.

Жұмыспен қамту жалғасады

Биыл 43 мыңға жуық ақтөбелік жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша өз нәпақаларын табатын болады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету аймақтың дамуындағы басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Басты мақсат — өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды белсенді экономикалық қызметке мүмкіндігінше тарту. Қолдау бағдарламасының аясында 11,2 мың адам сұранысқа ие мамандықтар және кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, жұмысқа орналастырылды», — деді облыс басшысы.

Былтыр арнаулы жоспарға сәйкес 40 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, 17 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 76%-ы тұрақты деп есептелуде. Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар арқасында жалпы жұмыссыздықты 4,8%-ке, жастар жұмыссыздығын 3,2%-ке ұстап тұруға мүмкін болды.

Биылғы жылы кемінде 17,5 мың жаңа жұмыс орнын құру, жұмыссыздық деңгейін бір деңгейде ұстау және өнімді жұмыспен қамту арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын кемінде 10-15%-ке жеткізу жоспарлануда.

Күн тәртібінде — кедергісіз бизнес

Биыл облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 380 жоба жүзеге асырылатын болады.

Өткен жылы шағын және орта бизнестің белсенді әрекет етуші субъектілерінің саны 4,9%-ға өсіп, 50 мың бірліктен асты. Кәсіпкерлер белсенділігінің өсуіне бизнес саласымен айналысатын адамдар санының көбеюі себеп болып отыр. Өткен жылдың тоғыз айы ішінде кәсіпкерлер 493 миллиард теңгенің өнімін шығарған.

«Өңірдегі бизнестің дамуына мемлекеттің қаржылай қолдауы себеп болды. Осы мақсатқа өткен жылы 2,8 миллиард теңге бөлінген болатын. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша  1,5 миллиард теңге аударылды. Бағдарлама бойынша 323 жоба қаржыландырылды, бұл өткен жылға қарағанда 61 жобаға артық»,- деп талдау жасады Б.Сапарбаев.

Бұған қоса, өңірде сауда саласының дамығандығы байқалады. Жыл қорытындысы бойынша бөлшектік тауар айналымы 6,3%-ға өсті және рекордтық деңгейге жетіп, 561 миллиард теңгені құрады.

Осы жылы билік бизнес жағдайын әрі қарай жақсартуға күш жұмсамақ. Осы мақсатта «Кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кем дегенде 380 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Рухани жаңғыру — қозғаушы күш 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы биыл да белсенді түрде жалғасын таба беретін болады.

Бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қамқорлық белсенді дамып келеді, әлеуметтік нысандарды қаржыландыру бойынша нақты жұмыс үшін облыстың табысты адамдарының электрондық дерекқоры құрылды.

2017 жылы алыс және жақын шет елдерден: АҚШ, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Украина, Армения мен Әзербайжаннан келген 300-ден астам танымал ақтөбелік жерлестердің қатысуымен «Tуған жер» жерлестер форумы өтті.

Форум аясында 76 миллиард теңгеге 20-дан астам меморандумға қол қойылды, 100 түрлі кездесулер, тренингтер, семинарлар өткізілді. Сондай-ақ 63 шеберлік класы ұйымдастырылды, олардың 25-і 10 мыңнан астам адамды қамтитын жоғары технологиялық медициналық операциялар.

«Туған жерге тағзым» акциясы да белсендi түрде дамып келеді. Биылғы жылы жалпы сомасы 2,1 миллиард теңгеге 500-ден астам жоба абаттандыру, әлеуметтік нысандар құрылысы және қайта құру және т.б. жүзеге асырылады.

Жаңадан 13 мектеп пен 38 балабақша пайдалануға беріледі

Президенттің үш ауысымды мектептер мен апаттық жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста 26 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде биылғы жылы кемінде 13-і пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде 5,7 мың орынға арналған 38 балабақша ашу жоспарланып отыр. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 98%-ға арттырады.

«Адами капитал — елдің және қоғамның бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста білім беру қызметтерінің сапасын және тиісті базаны жетілдіру бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. 2017 жылы 3500-ден астам орындық 39 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 93%-дан 96%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. 32 мектептің құрылысы жалғасуда, оның ішінде 15 апаттық жағдайдағы, төрт ескі және жеті үш ауысымдық мектептің мәселесі шешілді»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы «Бақытты бала» жобасының аясында жүзеге асырылатын шаралар туралы баяндады. Жоба 218 балабақшаны және 243 мектепті интерактивті жабдықпен жабдықтауды, робототехникаға арналған ресурстық орталықтар ашуды, жалпы мектептерде 77 спорт алаңдарын және тағы басқаларды жабдықтауды қарастырады.

Облыс әкімі әлеуметтік саланың дамуы туралы айта келіп, 2017 жылы халықты спортпен және дене шынықтырумен қамту 27 пайыздан 31 пайызға дейін көтерілгенін атап өтті. 22 спорт алаңы салынды.

Биылғы жылы Қобда ауданында спорттық-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр және Әйтеке би, Қарғалы және Ырғыз аудандарының аудан орталықтарында 3 дене шынықтыру-спорт кешені құрылысы басталады. Батыс-2 шағын ауданында жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын Мұз айдыны сарайы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Биылғы меже: 10 әлеуметтік нысан

2018 жыл 10 әлеуметтік нысан құрылысын жүргізумен есте қалмақшы.

Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Ақылды Ақтөбе» жаңа ақпараттық технологиялар орталығының құрылысы басталады. Орталықтың базасында «ақылды қала» жүйесін енгізу жұмысы жүргізілетін болады. ІТ-парктің қызметі, сондай-ақ, ІТ-компанияларды іске қосу және дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

«Аналарға тағзым» атты рухани-адамгершілік тәрбие орталығы да осы санатқа енеді.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құрылысы биыл аяқталады. Тарих және өлкетану мұражайының қорында 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Олардың барлығы жаңа көрме залында қойылады.

Жетілдірілген халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы басталады. Ғимараттың жалпы ауданы 8 500 шаршы метр.

Мұз айдыны сарайының құрылысы да аяқталады. 1,7 миллиард теңге тұратын теннис орталығы спорт кешені 8 корттан тұрады: 4 ішкі және 4 ашық. Мұнда 500-ден астам адам жаттыға алады.

Басқа да құрылыстар қала және облыс тұрғындары үшін қызмет ететін болады.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жаңғыртылады

Алдағы наурыз айында облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жаңғыртылады.

«Президент тапсырмасы бойынша 2016 жылдың күзінде Бас прокуратурамен бірлесе «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып, нәтижесіне халық оң баға берген болатын. Жоба үш рет жаңғыртылды, осы жылдың наурыз айында оны жүзеге асыру жұмыстары жалғасатын болады»,-деді облыс әкімі.

Жобаның өңір тұрғындарының маңызды мәселелерін нақты шешуге бағытталған төрт «десанты» аясында облыс аудандарында 400 мың адамды қамтыған 7 мың іс-шара өткізілді. Облыстың 14,5 мыңнан аса тұрғынына 4,2 миллиард теңгеге көмек көрсетілді. 317 жұмыссыз жұмысқа орналасып, 83 хирургиялық ота жасалды, 1500-ден аса адам ем алды. 1,2 миллиард теңгеге 164 бизнес жоба қаржыландырылды.

Бұдан басқа, жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде қылмыс деңгейі азайды.

Медициналық кластер қызметі

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қымбат стационарды емдеуге емес, аурулардың алдын алуға бағытталған міндеттерді қойды. Осыған орай, Ақтөбеде медициналық кластерді дамыту шеңберінде Қазақстандағы алғашқы кешенді диагностикалық орталықтың құрылысы Оңтүстік Кореядан мамандарды тарту арқылы жүргізілуде. Тексеру орталығын құрудың негізгі мақсаты әртүрлі ауруларды ертерек және уақытында диагностикалау, аймақтағы мамандардың біліктілігін арттыру, заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін енгізу.

Бұдан басқа, медициналық кластер шеңберінде позитрондық эмиссия томографиясы (GE Heathcare, АҚШ), балалар онкогемотологиясы орталығы (Шаритэ клиникасы, Германия), 500 келушіге арналған екі емхана, облыстың аудандарында 15 стоматологиялық клиника және 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

Таяу арада түрік инвесторларының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде салынған жедел медициналық пункт іске қосылады. Жобаның құны 2,4 миллиард теңгені құрайды.

Жаңа «Жедел жәрдем» барлық халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Оның енгізілуімен «103» қызметі жылына 250 000 қоңырауға дейін қызмет көрсете алады. Станция Ақтөбедегі барлық ауруханалармен қосылатын автоматтандырылған бағдарламаны орнатады. Қоңыраулар Call-орталығына жіберіледі, ал 25 диспетчер онлайн тәртібінде барлық командалардың маршруттарын қадағалай алады.

Былтыр Ақтөбе медициналық кластерінде 400 жоғары технологиялық ота жасалды

Облыс басшысы өңірлік медицинаның 2017 жылдағы жетістіктері жайында айтып берді. Ақтөбеліктердің өмір сүру ұзақтығы 72,8 жасқа жеткен, жалпы өлім-жітім 5,7%, нәресте өлімі 24,3%, ана өлімі 64,6%-ға азайған.

Өткен жылы бірнеше жетекші клиникалардың бірігуі негізінде құрылған «AktobeMedicalCenter» Ақтөбе медициналық кластері базасында 15 мыңнан аса ота жасалса, оның 400-і жоғары технологиялық. Олардың қатарында 11 бауыр ауыстыру, 35 бүйрек ауыстыру операциялары бар.

Облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында құны 3,7 миллиард теңге болатын елдің батыс өңіріндегі тұңғыш офтольмологиялық емхана ашылды.

Осы жылы онкология және өзге де ауруларды бастапқы сатысында анықтайтын ядролық медицина орталығының, заманауи Check-up  диагностикалық орталығының құрылысы басталмақшы.

«Бақытты бала» жобасы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 2018 жыл «балалар жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты облыста балалардың толыққанды дамуына жағдай жасайтын «Бақытты бала» жобасы іске қосылды. Жобаны іске асыру үшін қаржыландырудың әр түрлі көздерінен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Биыл Ақтөбеде «Әсем» лагері базасында салынған жыл бойы жасайтын балалар лагері ашылады. Болашақта ол халықаралық болуы керек. Ақтөбенің жас тұрғындарынан басқа, Қазақстанның басқа өңірлерінен және көршілес елдерден балалар демалуға келеді.

Жыл бойы жұмыс істейтін лагерьге оқу ғимараты кіреді. Осының арқасында балалар білім беру үрдісінен үзіліссіз демалады.

…Облыс басшысы есеп беру соңында бірігіп атқарған жұмыстары үшін көпшілікке алғыс сезімін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button