Спорт

Мәнерлеп сырғанаушылар өсіп келеді

Мәнерлеп сырғанау — негізгі Олимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Әрі әдемі, әрі күрделі саналатын бұл спортқа ақтөбелік жасөспірімдердің қызығушылығы артып келеді. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Олимп» хоккей модулінде 225 жас мұз үстіндегі әсем өнердің қыр-сырын үйреніп жүр.

 225 ЖАС ҮЙІРМЕГЕ ҚАТЫСАДЫ

«Олимп» хоккей модулінің ашылғанына жарты жылдан асты. Бүгінде жабық ғимараттағы мұз айдынында 225 жасөспірім мəнерлеп сырғанаумен айналысады. Өрендерге бұл спорттың қыр-сырын мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға жаттықтырушысы Анна Лычко үйретеді.

 — «Олимп» хоккей модулінде өткен жылдың қыркүйек айынан бастап мәнерлеп сырғанау үйірмесі жұмыс істейді. Бұған дейін «Керуен сити» ойын-сауық орталығында сегіз жыл жаттығу жасадық. Әрине, қазіргі мұз айдынының аумағы әлдеқайда кең әрі барлық стандарттарға сай жасалған.

Үйірмеге төрт жастан бастап, он алты жасқа дейінгі жасөспірімдерді қабылдаймыз. Балаларды белсенді әрі конькиде шеберлікпен сырғанауға баулимыз. Бұл тек қана спорт емес, сондай-ақ әртістік қабілетін дамытуға және денсаулықты шынықтыруға мүмкіндік туғызатын, ішкі дүниесін көрсету өнері, — дейді ол.

Тәжірибелі жаттықтырушының айтуынша, балалардың мұз үстінде сырғанауға, түрлі іс-қимылдарды меңгеруге деген қызығушылықтары жоғары.

Өткен жылы кіші топтаға спортшыларымыз мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан чемпионатында жүлделі екінші орынды иеленді. Ал жоғары топтар арасында елімізде бәсекелестік өте жоғары. Әсіресе, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында мәнерлеп сырғанау спорты жақсы дамыған. Біздің спортшыларымыздан да мықты команда даярлауға бар күшімізді саламыз, — дейді Анна Лычко.

Оның айтуынша, жұртшылық қаламызда мәнерлеп сырғанау үйірмесі бар екенінен әлі де болса хабарсыз. Айта кетейік, аталған хоккей модулінде  мәнерлеп сырғанаудан өзге, хоккей, шорт-трек спорт түрлерімен барлығы 800-ге жуық бала шұғылданады.

Мәнерлеп сырғанау спорты синхронды сырғанау, жұптық сырғанау және спорттық би болып бірнеше түрге бөлінеді. Қазіргі таңда кіші топтағы балалар синхронды сырғанау түрін меңгеруде. Синхронды сырғанау — бір топта 16 адамның бір мезетте мұз айдынына шығуы. Балалармен екі хореограф және бір жаттықтырушы жұмыс істейді.

СПОРТТЫҚ КИІМ МЕН КОНЬКИДІҢ БАҒАСЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Коньки мен жаттығуға арналған арнайы киімдерді балалардың ата-аналары сатып алады. Ақтөбе қаласында мәнерлеп сырғанауға арналған киімдер жоқ. Сондықтан Астана, Алматы және Мәскеу қалаларынан арнайы тапсырыспен алдыруға тура келеді.

— Әрине, мәнерлеп сырғанау көп қаржыны қажет ететін спорт түрі болғандықтан, ата-ананың, мемлекеттің, ортаның жан-жақты қолдауы керек. Мәнерлеп сырғанауға арналған конькидің бастапқы бағасы 40 мың теңгеден басталады. Ал арнайы мұз алаңына арналған жылы әрі ыңғайлы спорттық киімнің орташа бағасы 30-35 мың теңге тұрады. Мәнерлеп сырғанауға арналған би көйлектерін ата-аналардың мүмкіндіктеріне қарай тіктіреміз. Көптеген ұсақ тастармен көмкеріледі. Көйлектің бағасы 45 мың теңгеден басталып, 2 мың долларға дейін барады. Біз көп жағдайда, сәнді көйлектерді жалға сатып алып жатамыз. Алдағы уақытта аз қамтылған отбасы балаларын спорттық киімдермен және конькилермен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, — дейді жаттықтырушы.

Мұз үстінде шеберліктерін шыңдап жүрген жас спортшылар биыл сәуір айында Қарағанды қаласында өтетін Қазақстан чемпионтына қызу дайындық үстінде. Сондай-ақ мамыр айында Шымкент қаласында өтетін жарысқа қатысу жоспарлануда.

ЖАС СПОРТШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?      

Эвелина ПОРВАН:

— Мәнерлеп сырғанау — танымал қысқы спорт түрлерінің бірі әрі көңілді уақыт өткізудің де таптырмас құралы.Үйірмеге алғаш жеті жасымда атам ертіп әкелді. Бұл дайындыққа аптасына 3 рет қатысамын. Мектепте басқа да көптеген үйірмелерге қатысып, бос уақытымды тиімді өткіземін.

 

 

Сәбира ОҢҒАРБАЕВА:

— Бұл спорт менің жан қалауым. Мұз үстінде музыка ырғағымен сырғанай жүріп, түрлі кескіндерді салу, иықты тік ұстау секілді негізгі талаптары бар. Қазір қысқы олимпиада ойындарын үзбей тамашалап жүрмін. Келешекте мен де ел намысын қорғап, олимпиада ойындарына қатысуды армандаймын.  

 

 

Рашида ӘМІР:

— Менің жасым сегізде. Мәнерлеп сырғанаумен айналысқаныма бір жылдан асты. Бастапқы кезде конькимен аяққа тұру қиындау болды. Кейін тез меңгеріп кеттім. Мақсатым — танымал спортшы болу.

P.S. Ақтөбедегі «Олимп» хоккей модулінде мәнерлеп сырғанау үйірмесі тегін жүргізіледі. Кіші топтар аптасына 3 рет, ал жоғары топтар аптасына 5 рет мұз үстінде бір жарым сағаттай жаттығумен айналысады.

Биыл қазан айында жеке-мемлекеттік әріптестік бағдарламасы аясында 2500 көрерменге арналған Мұз сарайы қолданысқа берілмек. Аталған спорт кешенінің ашылуына орай мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы чемпионатын өткізу жоспарланып отыр.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button