Әлеумет

«Батыс Еуропа-Батыс қытай»: Ырғызда жұмыс жалғасты

Ырғыз өңіріндегі бұл аумаққа былтыр жаңа көпір құрылысы аяқталар тұста келіп-кеткеніміз бар-ды. Облыс басшысы Елеусін Сағындықов сол кездің өзінде батыстан шығысқа тартқан алып жолдың елге құт-береке әкелетіндігін айтқаны жадымызда қалыпты. Арада көп уақыт өтпей-ақ, яғни қазірдің өзінде сол жақсы лебіздің алғашқы нышандары байқала бастағандай.

Ырғызға бағыт ұстаған жолдағы май құю станциясы жұмысы қызып-ақ тұр екен. Сан түрлі маркалы көліктер иелері мұндағы қызмет көрсету жүйесінің қалыпты жұмысы нәтижесінде көп кідірместен қозғалып жатты. Автокөлік жолы бойында орналасқан ауылдардың да ажары тәп-тәуір көрінеді. Теп-тегіс асфальт бойымен жөңкілте айдаған жеңіл көліктер бұрылыс сайын жалт беріп, сол ауылдарға қарай бет түзейді. Ауыл-ауылдардың арасы шашырай жайылған қой, әріректе ірі қара шоғыры көрінеді, бір бүйірде үйірлеген жылқы байқалады. Осының бәрі үйлесім тауып, даладағы кең тынысты, қозғалысы бар тіршілікті сездіреді.

Ақиқатын айтқанда, соның бәрінің себепшісі соңғы бірнеше жылдан бері қолға қызу алынған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі құрылысы екендігін және жасырып қала алмаймыз.

Басталған іс сапалы түрде, әуелгі қарқынын жоғалтпай аяқталуы тиіс. Биылғы жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Қазақстан аумағында бірнеше облыстың үстімен жүргізілетін осы жол құрылысы жобасын жүзеге асыруға қатысты партиялық бақылауды ұйымдастыруы да осындай игі ниеттен туындаған еді. Аталған мақсат аясында мемлекет қаржысының жұмсалуын бақылайтын комиссия жанынан сараптама тобы құрылды. Ол топқа ҚР Парламенті депутаттары, Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының мүшелері, сонымен бірге осы шаруаға қандай да бір түйінді мәселелер жөнінен қатысты деп саналатын мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енді. Топты басқару жауапкершілігі партияның ҚР Үкіметіндегі ресми өкілі Владимир Дворецкийге тапсырылды.

Аталған ауқымды шара аясында ҚР Парламенті Сенаты депутаты Еділбай Иманқұловтың жетекшілігімен жергілікті жерлерде тұрақты қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және Ақтөбе облысында осы жобаның іске асырылу барысы туралы ағымдағы объективті ақпараттарды дайындау үшін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының жанынан аумақтық қоғамдық комиссия құрылды.

Қоғамдық комиссия өз жұмысын жедел түрде бастап та кетті. Осы аптаның басында өткен комиссия отырысында алда атқарылатын жұмыстар ауқымы белгіленді, мекемелер мен кәсіпорындар басшыларының осы мәселеге қатысты  міндеттері сараланды.

Комиссия төрағасы Еділбай Иманқұлов алғашқы бас қосуда-ақ басты міндет тексеру емес, ортақ іске көмектесу, қолдау көрсету, істің сапалы жүргізілуіне қол жеткізу екендігін ашып айтты. Сонымен бірге комиссия мүшелеріне өз міндеттеріне сәйкес жауапкершілік қатаң сұралатындықтарын білдірді.

Келесі күні  Еділбай Иманқұлов бастаған топ жол құрылысы жүріп жатқан Ырғыз ауданына жүріп кетті. Топ құрамында  облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің бастығы Бағлан Баймағамбетов, Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Марат Ғабидуллин және басқа бірқатар сараптама-лаборатория қызметі жетекшілері болды.

Комиссия мүшелері жол құрылысымен таныстықты Қияқты карьерімен танысудан бастады. Мұнда қиыршық тастар шығарылады. Карьерде барлығы елу адам жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жиырма екі техникалық бірлік жерден алынған топырақтан тасты екшеп алып, жүк тиегіш көліктермен бірден жол бойына жөнелтеді. Карьердің жол бойына жақын орналасуы істің өнімді жүруіне септігін тигізіп тұр екен. Бұл ретте «Иврус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы әлден қызу қарқын ала бастағанын сырт көздің өзі анық байқар еді.

Осы аумақтағы жұмыстарды жүргізіп жатқан серіктестік басшысы Иван Игнатьев аталған карьерде бірыңғай шетелдік техника жұмыс істейтіндігін айтты. Оның көмегімен өндірілген тастарды қажетті деңгейде алты түрге лайықтап шығаруға болады екен. Сондай-ақ осында асфальт зауыты да күнделікті қажетті өнімді уақытында сапалы етіп дайындап береді.

Иван Игнатьевтің мәлімдеуінше, жол төсеу барысында қазақстандық белгіленген стандарттар толық күйінде сақталады екен. Оны күн сайын осындағы сараптама және лаборатория қызметкерлері бақылап отырады. Егер қажетті өлшемнен ауытқу білінсе, дереу қалыпқа келтіріледі. Негізінде жолшылар өздері атқарған жұмыстарға бес жылға кепілдік береді екен.

Карьер жұмысының тоқтаусыз жұмыс істеуі электр энергиясына байланысты. Мұндағы мамандар әзірге бұл ретте кідіріс жоқтығын айтты.

Арнаулы техника жол табанын биіктетіп, ол дереу нығыздала тапталып, белгілі бір өлшемге келтірілуде. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген жол мастері Абай Қазеев биылғы шаруаны наурыз айының соңында бастап кеткендерін айтты. Өзінің мамандығы жол қозғалысының ұйымдастырушысы екен.

Жол бойындағы штабта партиялық бақылау бекеті құрылып, жұмыс істей бастаған екен. Бекет басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Қосыбек Бөлекбай мұнда арнайы бөлме жабдықталғанын, оған көрнекі құралдар қойылып, жұмыс жүргізу мүмкіндігі жасалғандығын айтты. Біз осында болғанда топ мүшелері бас қосып, Еділбай Иманқұловпен пікірлесті.

Осындай екінші бір бақылау бекет жол құрылысын жүргізіп жатқан екінші мердігер аумағында құрылыпты.

Атқарылып жатқан жұмыстармен толық танысқан сенатор Еділбай Иманқұлов алғашқы әсерлерін бөлісті. «Біз жалпы алғанда қандай бір тұжырым жасауға ертерек деп санаймыз, бірақ мұнда көзделген меже орындалатыны қазірдің өзінде сендіреді, — деді ол, — біз үшін маңыздысы — Қазақстан аумағынан өтетін жолдың тұтастай сапалы, жоғары деңгейде пайдалануға берілуі. Сондықтан бәріміз бірігіп атқарар шаруалар жеткілікті. Осы сапарда мені халықаралық дәліздің Ақтөбе қаласынан айналма жол арқылы өтуі жайы көбірек толғандырады. Соны нақты шешуге күш салмақшымын».

Балғали Ордабаев, облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы:

— Бүгінгі сапарымыздың негізгі мақсаты — жол қалай салынып жатыр, кімдер салып жатыр деген секілді жалпы жайларды бағдарлау, соның негізінде жетістік-кемшіліктерді сараптау. Біз еңбек етіп жатқан жұмысшылардың жағдайымен таныстық. Сондай-ақ жол сапасына көңіл аудардық. Жұмыстарды атқаруға пайдаланылатын техниканың жарақталыну деңгейін байқадық.

Әрине, ұдайы назар аударып отыратын мәселелер бар. Және бір атап өтерлік жайт, бұл — біздің мұнда келуіміздің басы. Өз басым комиссия төрағасының орынбасары ретінде жол бойы жұмысымен байланысымды үзбеймін.

Бағлан Баймағамбетов, Автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің бастығы:

— Біз негізгі тапсырыс беруші болғандықтан бүкіл жұмысты ұдайы бақылауда ұстаймыз және мердігерлерге қоятын талабымыз да жоғары. Өйткені бұл — халықаралық дәліз, ертеңгі күні біткен шаруа халықтың көз алдында қалады, оның сұрауы да мықты. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша төрт жүз сексен адам жұмыс істеуде. Ертеңгі күні жұмыс қызған уақытта жұмысшылар саны мыңға дейін жетеді. Бұның ішінде жергілікті тұрғындардың да үлесі аз емес.

Жұмыс істейтіндердің арасында Түркиядан, Ираннан келген мамандар бар. Олар мұндағы зауыттың компьютерлік орындаудағы бағдарламаларын жақсы біледі. Екі мердігердің бірі — «Иврус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы қазіргі уақытта өнімді жүруде. Өйткені олардың материалдық базалары, шикізаттары жұмыс орындарына жақын орналасқан. Бұл серіктестік өзінің негізгі жұмыстарын биыл бітіреді деп отырмыз. Келесі жылы жол бойын жарақтандыру, қапталдағы жер бөліктерін дұрыстау секілді жұмыстарды жүргізеді.

Ең басты мәселесі – жол сапасы дейтін болсақ, бізде бес дүркін қадағалау жұмыстары жүргізіледі.

Марат Ғабидуллин, Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары:

— Біз үшін ең басты жан ауыртар мәселе — еңбек қауіпсіздігінің сақталуы. Заңда белгіленгендей, егер ұжымдағы адам саны елу адамнан асатын болса, еңбек қорғау қызметі ашылуы тиіс. Бүгін мен осында болғанымда ең алдымен осы жайға назар аудардым.

Сондай-ақ азаматтардың құқықтары сақталуы, жұмыс кестесінің жұмыс беруші тарапынан өрескел бұрмаланып пайдаланылмауы сияқты көптеген мәселелер де біздің назарымызда. Егер ондай деректер байқалып не орын алған жағдайда біз өз тарапымыздан заң талаптарына сәйкес шара алуға дайынбыз. Құрылған комиссия мүшесі ретінде мен бұл тұрғыдан жұмысшылармен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірмін.

Комиссия мүшелеріне бұл сапарда тапсырыс берушілер тарапынан да, сондай-ақ мердігерлер жағынан да сын-ескертпелер немесе басқаша туындап тұрған проблемалар туралы ұсыныс түсе қойған жоқ. Жол басында жұмыс істейтіндердің айлық мөлшерінің тоқсан мың теңгеден кемі жоқ екен. Жол құрылысшылары арнаулы киімдермен, үш мезгіл тамақпен, жатар орынмен қамтамасыз етілген.

Жұмыс басында айта кететіндей қиындықтар байқалмайды. Тек қана ауыз су сырттан тасылады. Сосынғы бір ауыртпалық Қияқтыдан өндірілетін қиыршық тастарды сонау Арал ауданы шекарасына дейін жеткізуге байланысты екен.

Осында басқарушылық қызметте жүргендердің  айтуынша, жол құрылысына жүз елудей шетелдік маман тартылады екен. Бұл — бүкіл жұмыс істейтіндердің он бес пайызы шамасын құрайды. Олардың өзі шетелдік техникаға қатысты қардар мамандық иелері болып шықты. Бұл жердегі асфальт зауыттары — Германия, Италия өндірісі өнімдері. Біздің мамандар әзірге мұндағы компьютерлік жұмыстарды игере қоймапты.

Мұндағы еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы инженері Берік Тоқпанов «Ивруста» үш жылдан бері еңбек етеді екен. «Жұмысшылармен еңбек қауіпсіздігіне қатысты шараларды тұрақты жүргізіп отырамыз, — деді ол, —  сондай-ақ жол бойына қажеттілігіне қарай белгілерді орнатып, көліктер қозғалысына бағыт-бағдар белгілейміз. Соның нәтижесінде болар, қауіпті жағдай орын ала қойған жоқ».

Екінші мердігер — «Дена Рахсаз Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жолдың екінші бөлігінің құрылысын жүргізуде. Оның жұмыстары туралы алдағы уақытта баяндайтын боламыз.

…Ырғыздың тұсынан Арал аумағына дейін созылған шұқыршағы мол, ойқы-шойқы, кедергісі көп жол бұрын жүргізушілердің аузында «өлім жолы» деп аталатынын талай естігенбіз.

Қазір бұл жол Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, «өмір жолы» деген атауға ие бола бастапты, тіпті «Жібек жолы» деген атауы тағы бар екен.

Осы теңеулердің өзі-ақ оң өзгерістердің халық көңілінен шыққанын, жұртшылықтың жолға қатысты жақсы бағасын білдірмей ме?

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button