Мәдениет

Достықты ту еткен фестиваль

Облыстық Достық үйінде жыл сайын өткізілетін ХІ Халықтар достығы облыстық фестивалі Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды. Ол «Ер есімі ел есінде» деп аталды. Екі күн бойы  залға сыймаған көрермендер 14 ұлттық мәдени орталықтың өнерімен сусындап бір жасап қалды.  Хор ұжымдары мен жекелеген әншілер орындаған соғыс тақырыбындағы небір әндер мен тыңдаған жанды тебірентпей қоймайтын Мұса Жәлел сияқты неміс тұтқынында болған ақынның өлеңдері көңілді толқытса, кісіге рух беріп, шаттыққа бөлейтін ұлттық билер көрермендер ықыласына бөленді. Сол күні үлкен де, кіші де  бір керемет сезімді басынан кешірді. Сонау бір сұрапыл кезеңді еске алған жұрт бейбіт өмірдің, татулықтың қадіріне жеткендей болды.

Фестивальдің шымылдығын ашу үшін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова: «Достық үйінде жеңімпаздар немесе жеңілгендер деген болмайды, бұл жерде тек қана Достық жеңіске жетеді», — деді.

Ақтөбе облысында тұратын түрлі ұлт өкілдерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін сақтап, одан әрі дамытуды,  ұлтаралық татулықты нығайтуды көздейтін бұл фестивальдің басында соғыс құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін «Жастық» ансамблінің бишілері өнер көрсетті. Чехтардың ұлттық  мәдени бірлестігінің кішкентай ұлдары орындаған «Песня о маленьком трубаче» әні, «Олеся» беларусь  ұлттық мәдени орталығының мүшесі.  Раиса Мушаева оқыған тарихи отаны мен  туған жері туралы өлеңі есте қалды.

Жалпы фестивальде 2 жастағы сәбиден бастап, сексендегі қарияларға дейін өнер көрсетті. Кейінгі ұрпаққа өнеге көрсеткен деген осы шығар.

«Шатлық» татар-башқұрт орталығы көрсеткен «Хатынь» композициясы халыққа ерекше ұнады. Болгарлар түлі-түсті, жарқыраған ұлттық киімдерімен көрермендерін таң қалдырды.  Әзірбайжандардың «Лезгинка» биі фестивальдің көрігін қыздырды. Көрермендердің делебесі қозып, қосыла билеп кете жаздады., Немістердің хор ұжымы әріптестерінен оқ бойы озық көрінді, жасөспірімдердің рок тобы да жақсы өнер көрсетті.  «Шалом» еврей орталығы өнерпаздары  Шыңғыс Айтматовтың «Ана — Жер-Ана» шығармасынан үзінді көрсетті,  Даниил Стрелков баласының рөлін, ана рөлін Наталья Стрелкова (орталықтың көркемдік жетекшісі) сомдады. Еврей орталығының бишілері жаңа би композициясын ұсынды.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрмені тамашалаудың өзі бір ғанибет болды. «Славяне»  қоғамдық бірлестігі қойған жұмыстардың ішінде 14 жастағы Настя Сербова құрастырған шіркеу ерекше көз тартады. №11 мектептің технология пәнінің мұғалімі Наталья Кравцованың  жапондық оригами техникасы бойынша жасалған гүлдері мен оның шәкірттерінің осы әдіспен қағаздан құрастырған аққулары, гүл салатын вазалары кісіні сүйсіндіреді.

Чехтардың қолдан жасалған әрі нәзік, әрі көркем безендірілген фужерлері, шыны ыдыстары, тоқылған дүниелерінің жанына тоқтамай өту мүмкін емес. Бұл дүниелерді ақтөбелік чехтар Чехияға барған сапарларында алып келген. Чех мәдени орталығының жетекшісі Валентина Пэструмен бірауыз тілдесудің сәті түсті:

— Бүгінгі фестиваль айрықша өтіп жатыр. Өйткені соғыс  тақырыбы бәріміздің жүрегімізді қозғайды. Ол туралы әр ән, әр өлең біздің есімізден шыққан емес.  Осы соғыстан қайғы-қасірет  шекпеген отбасы жоқ. Менің әкем  де соғыс ардагері еді. Мен мұнда бес жаста келіппін. Репрессияға байланысты қоныс аударған сияқтымыз. 51 жылдан бері тұрамыз осында. Өзіміздің туған еліміз деп санаймыз. Қазақыланып кеткен чехтармыз,  ішетін  асымызға дейін қазақтікі,  қазақша ет жемесек, тамақ жемегендей боламыз. Қазақтар бауырмал, қонақжай.  Біздің орталықта 50 шақты адам бар. Көбі өндірісте жұмыс  жасайды. Осы Достық үйіне келіп бас қосып, өзіміздің ұлттық мәдениетімізді, дәстүр-салтымызды сақтап, дамытуға мүмкіндігіміз бар, — деді ол.

«Шатлық»  татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының көрмесінде  1883 жылғы  киім үтіктеуге арналған ағаш құрал бар екен, ол осы орталықтың жетекшісі Равиль Құрманғалиевтің    жеке коллекциясынан алынған.     Самаурынның үлкенді-кішілі түрі, құман, Құран кітабы, жайнамаз, Саратовтың гармошкісі қойылыпты. Г.Нағметжановтың салған портреттері де назар аудартады.

Болгарлардың «Псевдогобелен» техникасымен  салынған 7-сынып оқушысының «Менің қиялымдағы Болгария», Қазақстан жайлы «Менің туған жерім» сияқты суреттері  ой саларлық. Әзірбайжандардың сегіз шекті саз аспабы, кәкпірі, қыста киетін жылы шұлықтары да өзгеше.

Мәртөктегі бұрынғы «Колос» кинотеатрының ғимаратында орналасқан «Достық үйінің» бас әдіскері Гүлсім Тәжікова былай дейді:

— Біздің Мәртөкте көп ұлт өкілдері тұрады. Татулықтары жарасып, осы үйде бас қосып, өздерінің өнерлерін дамытуына мүмкіндіктері бар. Мына көрмедегі дүниелер солардікі.

Мәртөктіктер көрмесінде ерекше көзге түскені — Ерлан Қаспақтың ағаш кемесі мен Асхат Балсейітовтің танкі.  Алтын Жұбанова тіккен қазақтың ұлттық киімі шебердің қолынан шыққанын аңғартады. А.Горелов салған «Мәңгілік алау»  және Әлия Сәрсенбаеваның  «Әлия жүрегімнен өшпес мәңгі» деп аталатын Әлияның суреті фестиваль тақырыбына сай келіп тұр.

«Оксана» украин ұлттық мәдени орталығының   көрмеге қойған заттарының ішінде Л.Н.Воробьеваның «Қазақстандағы украиндықтар» кітабы бар. Түрлі экибаналармен қатар С.Балюраның жұмыстары көп. «Табиғат», «Терезе алдындағы гүл», т.б.  суреттерінен өмірге деген құштарлық сезіледі.

Бойынан  сан өнер табылатын Сталина Сергеевнаны сөзге тарттық:

—    Бұл фестивальдің жылдағыдан екі ерекшелігі бар. Біріншіден,  тақырыптық жағынан, яғни Ұлы Жеңістің құрметіне арналды. Екіншіден,  Достық үйінде, жаңа ғимаратта өтіп жатқандығы. Елбасына алғысымыз шексіз. Қазақстандағы түрлі ұлттардың  өз тілін, салт-дәстүрін жоғалтпай, мәдениетін дамытуға мүмкіндік жасап отыр. Мен осы фестивальге қатысатындарға арнап 20 ұлттық киім тіктім.

Біздің орталықта басында 8-ақ адам  бар еді, қазіргі жетекшіміз Валентина Моисеенко келген соң, сол кісінің іскерлігінің, белсенділігінің арқасында санымыз 80-ге таяп қалды. Жексенбілік мектеп жұмыс жасайды, жас ұрпақтың ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпауына жақсы болды. Бұл жұмыстардың бәрі қоғамдық негізде жасалады. Валентина   Михайловнаның осы орталықтың жұмысының жандануына қосқан үлесі үлкен, тыным таппайды. Өнер ұжымдарының қалыптасуына көп еңбек сіңірді.

Астанадағы Украина елшілігімен байланыс орнаған. Балаларға Артекке жолдамалар алып береді.

Мен өзім: «Украина анамыз бізді өмірге әкелсе, әкеміздей болған Қазақстан өсіп, адам болуымызға көмектесті» деп айтамын. Бұл жаққа  1941 жылдың қарашасында келдік. Алға ауданына. Қазақтар өздерінің жүдеу-жадау тұрмысына қарамастан,бір уыс бидайын, бір шыны аяқ ыстық суын бізбен бөлісті. Осында өсіп-өндік. Алматыдан жоғары білім алдым, Ақтөбе филармониясында әнші болдым, жұбайым Виктор Меркушев сырнайшы болатын. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артистері Жүсіп Сейілов пен Рахила Ақжаровалармен бірге ауыл-ауылды аралап концерт қоятынбыз. Мен сол кісілерден «Мынау не? Нан.  Мынау не? Шай» деп қазақша үйрендім, олар бізден орысша үйренді. Тың игеру кезінде де ел аралап концерт қойдық. Кейін Металлургтер мәдениет үйінде жұмыс жасадым. Өмірімді өнермен байланыстырдым.

Фестивальге атсалысқан 14 мәдени орталықтың үлкен дайындықпен келгені, зор ықыласпен қатысқаны сезіліп тұрды, олардың қай-қайсысы да  сый-құрметке әбден лайық. Қазылар алқасына да  олардың ішінен ерен жүйрікті айқындау оңайға түспеген болар. Дегенмен сарапшылар төмендегідей шешімге келді. Бас жүлдеге «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени  бірлестігін   лайық деп тапты. 1-орынды «Оксана» украин этномәдени бірлестігі жеңіп алды. 2-орын Ақтөбе қаласының Республикалық әзірбайжан қоғамдық бірлестігі өнерпаздарының үлесіне тиді. 3-орынды Қазақстан кәрістер Ассоциациясының Ақтөбе облысы өкілдігі  иеленді.

«Фестиваль қалай өтті?» деген сауалды көрермендердің біріне қойып үлгердік.

—    Өте тамаша өтті. Барлығы да шын көңілмен, жауапкершілікпен

дайындалған, ұйымдастырылуы да жақсы. Өзіміз өте ризамыз.

Аты-жөні Нурислам Мухамедияров екен.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button