Басты жаңалықтар

Мені ұмытып кетпеңдер!..

— Сәбит Мұқановтың бір кітабында: «Бурабайға барғанымда Ботагөзді көрдім. Ботагөздің көзінде күн көзіндей шуақ бар, Ботагөздің сөзінде таусылмайтын тарих бар» деп жазған. Менің көзімде күн көзіндей шуақ болмағанымен, сөзімде бір кемпірдің жүрегіне сиятын тарих бар шығар деп ойлаймын, — деп бастады әңгімесін Ақкербез Сәдуақаова әжей.

Ақкербез Сәдуақасова биыл сәуір айында 80-ге шығады екен. Оның әке-шешесі осыдан тура 80 жыл бұрын адайларды ата қонысынан зорлап көшіргенде Қобда ауданының қазіргі Еңбекшіқазақ деген ауылы тұрған жерге қоныстанған.

— Шешемнің аты Ақкірт, ол Сүйінғара деген болыстың қызы болған. Әкем қарапайым молда болыпты. Сүйінғара қызын кедейге бермеймін дегесін, қызы үйінен қашып кетіп, әкемнің соңынан қуып келіп тиген.  Сүйінғара қасына он бес кісі алып, қызын қуып шыққан, бірақ қызы менің әкемнен ажырамайтынын айтыпты.  Кейінірек Алматыдан журналистер келіп, менің аузымнан осы оқиғаны жазып алып кетті. Сүйінғараның Жансалқам мен Айсалқам деген екі қызын жаугершілікте түрікпендер алып қашып, Таған Дүрді деген кісі тоқалдыққа алған. Ол туралы тарихта бар. Алдыңғы жылы Маңғыстауда Отпан тауының төбесіне адайлардың ескерткіші қойылды. Ақтөбеден бізді шақыртты. Ақындар, жазушылар келді. Маған іні болып келетін Әбіш Кекілбаевтан да сөйлегіш Сабыр Адай деген мықты бар екен. Сұмдық сөйлейді. Сол кісі адай тарихына қатысты көп әңгіме айтты, — дейді ол.

Ақкербез әжейдің ағасы Балаби Дабылов Ақтөбеде құрылған 101-атқыштар дивизиясының құрамында болған. Түу Қобдадан жалаң аяқ, жалаң бас ағасына жаяулатып келіп кетеді екен.

— 1942 жылдың шілдесінде Ақтөбеге ағамызға келдік. Дәл сол күні маршал Ворошилов келіп жатыр екен. Бізді жақындатқан жоқ. Алыстау жерде тұрдық. Ворошилов ұшақпен келді де, екі сағаттай жиналыс ашып, қайтадан ұшып кетті. Сол жылы қыркүйек айында ағама тағы да келдім. Біз келгенде 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларын соғысқа жіберіп қойыпты. Ағамызды көріп үлгермедік. Одан кейін «Москва мен Ленинградтың ортасында Калининнің тұсында тұрмыз» деп хат келді.1943 жылы наурыздың 13-інде: «Соғыс қатты жүріп жатыр, бір рет кіріп шықтым, екінші рет кірейін деп тұрмын», — деп жазған тағы бір хат алдық. Бұл соңғы алған хатымыз болды. Одан кейін ағамыздан қара қағаз келді. Көз жасымызды сығып алып, жұмыс жасап жүре береміз. Соғыстан жаралы боп келген кісілер басқарма, бригадир болды. Жұмыс жасаңдар деп қамшыны үйіргенде жалаң аяқ жүгіреміз. Ол уақытта тақтайлы машинаға өгіз жегеміз. Өлген өгіздің терісін делбеге береді. Шошала тигенде суға қарай жүгірген өгіздің басына күшіміз келмей жылап отыратын едік. Қара қазанның күйесін қырып алып, суға езіп, соны қалам қылып жазамыз. Аш болдық. Тышқан аулап жеген күніміз де болды… — деп еске алады соғыс кезіндегі күндерді.

Ақкербез әжейдің шалы Рай Сәдуақасов Финляндия соғысы аяқталар-аяқталмастан екінші дүниежүзілік соғысқа кеткен. Майдан даласының жартысын шарлап, Ленинград қоршауында болып, бір аяғын майдан даласына тастап, бірінші топтың мүгедегі болып ауылға қайтқан.

— Шалдың бізге алыстан қосылатын туыстығы болды. Басқа жақыны болмаған соң, 1943 жылы соғыстан жаралы боп оралғанда бізді сағалап келген ғой. 47-жылы шілденің жетісінде шешем: «Алла бұйыртса, күндердің күнінде еншіңді берермін, алда-жалда көз жұмсам, інің саған аманат» деп өзімнен он жас кіші інімді маған тапсырып, 16 жастағы мені сол кісіге ұзатты. Оған шыққасын бүтін киім киіп, соны дәреже көріп, адам қатарына қосылғандай болдым. Жиырма тиындықтарды егеп, содан сақина жасап, әйелдерге бір стақан бидайға сататын едік…  — дейді ол.

Шалы Ұлы Жеңістің 50, 60 жылдығы құрметіне арналған медальдармен марапатталды. Үкіметтен екі рет көлік алды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны үшін ардагерге Ақтөбенің қақ төрінен екі бөлмелі пәтер берілді. Екеуі тоғыз бала өсірді. 13 немере, 6 шөбере сүйді. Екеуі елу тоғыз жыл бірге өмір сүріп, шалы осыдан төрт жыл бұрын дүниеден озды.

— Адам тозады, уақыт озады екен, қарағым. Біз аштықты да, жоқшылықты да, соғысты да көрдік. Әрбір тоғызыншы мамыр — Жеңіс күні келгенде бала болып ойнамаған, есесіне қарным ашқан, жетімдік көрген күндерім, өгізге күшім келмей тығылып кемсеңдегенім, таяқ жеген күндерім, бір уыс бидай болса, шаршадым деп айтпас едім деп жылаған күндерім есіме түседі. Шалдың көзінің тірісінде жыл сайын 9 мамыр күні үйдің іргесінде тұрған №36 мектепке, басқа да жерлерге шақырып, балалар концерт қойып, көңілімізді көтеріп, соғыста, тылда болғандармен қауқылдасып, көңіліміз өсіп, марқайып қайтушы едік. Шал қайтқан соң мені мүлде ұмытты. Ешқайда шақырмайды. Үлкен балам алпысқа келді. Ауырады. Соны бағамын. Кейде баламмен есік алдына күн шуағына шығып отырғанда, ардагерлер мен олардың кемпірлері «бізді 9 мамырға мерекеге шақырды» деп мәз болып кетіп бара жатады. Ішімде қандай алақұйын болғанын сезбейді-ау олар. Жылап аламын. Сосын қолдарына пакет алып қайтып келе жатып, жылап отырған мені көріп: «Сен пакет алмағасын жылап отырсың-ау» деп күйдіріп кетеді. «Қасқыр жегеніне емес, қырғанына мәз» деген сөз бар. Шырақтарым, маған пакет керек емес. Маған балаларымнан күн сайын пәленбай пакет келіп жатыр. Мен тек соған барғаныма, мені шақырғандарына мәзбін. 9 мамыр біз үшін ұлы мейрам, жетімдікті, біз көрген қиындықты еске түсіретін күн. Ардагер, батыр ана екенімді ешкімге бұлдамаймын. Үкіметке, облыс әкіміне разымыз, бізге барлық жағдайды жасап қойды. Тек бір сұрарым — мені 9 мамыр күні басқа шал-кемпірлермен бірге шақырыңдаршы… Шақырмайтындай менің не жазығым бар еді? — деп кемсеңдеп, орамалының ұшымен көзін сүртті.

Расында, кешегі сұрапыл соғыс жылдарында аштықтың, жетімдіктің тақсіретін тартқаны үшін жазықты ма ол?

Жақында өткізген бір жиналысында облыс әкімі Елеусін Сағындықов: «Ешбір соғыс ардагері, ешбір тыл ардагері назардан тыс қалмауы керек. Ешкім ешқандай реніш айтпауы керек», — деп қатаң тапсырған болатын. Ендеше, Ақкербез әжейді де ұмытпайық…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button