Басты жаңалықтар

Жер қойнауын пайдаланушылармен арада 5 келісімшарт бұзылып, сегізіне ескерту берілді

Бүгін Ақтөбеде  жер қойнауын пайдаланушыларға арналған өңіраралық форум өтеді. Онда «Жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс жан-жақты таныстырылып, жаңа мүмкіндіктер жайы сөз болады. Кеше облыс әкімдігінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттық міндеттемелерін орындау мәселелері талқыланды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов пен Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Руслан Баймышевтер қатысты.

Өз сөзінде  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  соңғы екі жылда Энергетика, Инвестициялар және даму министрліктерінің өкілдерімен бірге өңірде жер қойнауын пайдаланушылармен төртінші рет кездесу өткізіліп отырғанын айтты.

Осындай кездесуді өткізудегі мақсатымыз — келісімшарттағы алған міндеттерді толығымен орындау. Жер асты байлықтарымыз халық игілігіне, экономиканың дамуына жұмсалуы керек. Келісімшартқа байланысты әрбір жер қойнауын алушылар өздерінің міндеттерін толығымен орындауы тиіс. Өкінішке қарай, барлығы бірдей келісімшарттағы міндеттерді орындап отыр деп айта алмаймыз. Біз осындай міндеттемелерді орындамаған жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшартты бұздық. Енді бұл жұмыс әрмен қарай өз жалғасын табады, — деп Бердібек Сапарбаев әрдайым осындай кездесуге қатысатыны үшін қос министрлік  өкілдеріне алғысын білдірді.

Бердібек Машбекұлының айтуынша, жер қойнауының байлығын игеру бұл іспен айналысушылардың өз міндеттемелерін орындауына тікелей байланысты. Әсіресе, бұл сол аумақтағы тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, аймақтың экономикасын көтеруге бірден-бір әсерін тигізеді.

Соңғы жылдары облыс территориясында жер қойнауын пайдаланушылармен арада 5 келісімшарт бұзылды, 8-іне ескерту жолданды. Бұл орайда министрліктің бізге қолдау танытатынын ерекше атап өткен жөн. Әрбір кездесуде өнім көлемін арттыру, қазақстандық мазмұнды ұлғайту, өздеріңізге жүктелген міндеттемелерді толығымен орындау жайында айтылғанмен, алайда келісімшарттағы көпшілік міндеттер орындалмай жатады. Оның ішінде әлеуметтік аударымдарда мәселе бар, — деп облыс әкімі кездесуде аймақтағы кейбір жер қойнауын пайдаланушылардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырған жобалары, бұған жергілікті халықтың ризашылығы  турасында да айтып өтті.

Жиында қос министрліктің өкілдері аймақта өткен жылы көмірсутегі шикізаты және қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың өз міндеттемелерін орындау жұмыстарының қорытындысын баяндады.

Руслан Баймышевтың айтуынша, Ақтөбе облысында қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен 44 келісімшарт жасалған. Инвестицияны игеру көлемі — 81 пайыз. Сол сияқты, геологиялық-барлау жұмыстары 66 пайызға орындалған.

Егер Қазақстан бойынша орташа статистиканы алып қарайтын болсақ, қатты пайдалы қазбалар бойынша геологиялық-барлау жұмыстарының 1 шаршы шақырымы үшін кететін шығын — 7 АҚШ доллары. Бұл орайда, бұл көрсеткіш Ақтөбе облысында 14 АҚШ долларын құрайды. Яғни, бұл өңірге инвесторлардың айтарлықтай қызығушылығы бар деген сөз, — деді Р.Баймышев.

Жиында Ақтөбедегі жер қойнауын пайдаланушылардың арасында әлеуметтік инфрақұрылымдар үшін аударым жасамағандары да бар. Олардың қатарында «Кен Қазына», «КазКупер» секілді кәсіпорындардың аттары аталды. Сондықтан мұндай кәсіпорындарға өз міндеттемелерін орындамай отырғаны үшін министрлік тарапынан  шара қолданылатын болады.

Жиын барысында келісімшарттағы өз міндеттемелерін орындамай отырған бірқатар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын басшыларынан жауап алынып, ескерту берілді.

Облыс әкімі жер қойнауын пайдаланушылар үшін негізгі талап — келісімшарт міндеттемелерін орындау екенін қатаң ескертті. Сондай-ақ мұндай кәсіпорындардың алдына өндірістік көрсеткіштерді, әсіресе көмірсутегі шикізатын өндіру бойынша жоспарды орындау міндеті қойылды.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button