Мәдениет

Адамдық борышың…

Өткен аптада Ақтөбеде ҚР Мәдениет министрлігі, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Ақтөбе қалалық білім басқармасы және «Ынсап» қоғамдық қоры, «Ақтөбе-Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен «Адамдық борышың…» атты Шәкәрім мұраларын жатқа оқушылар сайысы өтті. Қазақ халқының ғасырлардан бері жалғасқан руханиятының көшбасшысы, Абайдың жаңашылдық дәстүрінің жалғастырушысы, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және бабалар мұрасына деген жастардың құрметін арттыруды мақсат тұтқан байқауға қала мектептерінің оқушылары қатысты.

1858 жылы өмірге келген Шәкәрім өзінің 73 жылдық ғұмырында артына сарқылмастай мол қазына қалдырды. Оның шығармашылығының негізгі арқауы адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, имандылық жолына құрылған. Ол ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шәкәрім тұлғасына тек ақын, философ қырынан ғана тоқталмай, қоғам қайраткері, жалпы адамзаттық проблемаларды көтерген ғұлама ретінде көзқарас қалыптастыру керек.

Былтыр Шәкәрімнің туғанына 150 жыл өтті. Айтулы мереке еліміздің әр түкпірінде шама-шарқынша тойланды. Өткен жылдың сәуір айынан бастап ҚР Мәдениет, Білім және ғылым министрліктерінің қолдауымен Алматы, Астана, Талдықорған, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Атырау, Орал, т.б. қалаларында «Адамдық борышың…» атты Шәкәрім мұраларын жатқа оқушылар сайысы өткізіліп келеді.

«Ынсап» қоғамдық қорының директорының орынбасары Құдияр Бағдатұлы сайысқа қатысушыларға ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтауын жеткізді.

Байқауға Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, шәкәрімтанушы Саят Ыбыраев, «Алақай» театры әдістеме бөлімінің меңгерушісі Аманша Адасбаева, ақын Бауыржан Бабажанұлы, ақын Ертай Ашықбаев, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық инсититутының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Бағила Мұратбектер қазылық етті.

Байқауға қала мектептерінен барлығы 50 оқушы қатысты. Барлығы ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Сәл сүрінген балалар сайыстан шығарылды. Нәтижесінде сыннан сүрінбей өткен сегіз бала жеңімпаз деп танылды. Благодар орта мектебінің оқшысы Сәнді Әбдіғали бас жүлдеге, №32 мектеп-гимназияның оқушысы Ербол Жаулыбаев бірінші орынға ие болды. Айерке Зинадина (№5 ОМ) мен Гүлдария Кенжеғазовалар (Новый ОМ) екінші орын алды. Марал Зинуллаева (№31 ОМ), Арайлым Аманжол (№34 ОМ), Арайлым Акимова (№36 ОМ) мен Әйгерім Ермағамбетовалар (№36 ОМ) үшінші жүлделі орындарға ие болды.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button