Әлеумет

Шыңыраубайдың шындығы

Тағдыр

Тасин  Шыңыраубай — (1903-1987) — Аққолқа болысы, Доңызтау елді мекенінде туған. Кеңес үкіметінің саясатына қарсы болып, көп жыл бойы қашып жүрген. Кейін Нөкіс қаласында тұтқындалып, 1953 жылы ақталып  шыққан. Ақталғаннан кейін «Жамбыл» колхозында ұзақ жыл бойы мал бағып, қажырлы еңбек еткен. Еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен, халық шаруашылық көрмесінің Алтын, Күміс медальдарымен марапатталған.

(Байғанин ауданының энциклопедиясынан. Ақтөбе-2008, «NOBEL» баспасы).

Доңызтау — Байғанин ауданының оңтүстік бөлігіндегі аласа тау. Мұғалжар тауы мен Үстірттің аралығында ендік бағытта созылып жатыр. Ұзындығы 75-90 шақырым, ені 15, кей тұсында 20 шақырымға дейін барады. Абсолюттік биіктігі 215 м. Салыстырмалы биіктігі 120-150 метр аралығында. (Бұл да сонда).

Жаудың Кеңес Одағына қапыл басып кіргені, адамдардың оған психологиялық жағынан дайын болмағаны кейінгі жылдары орыс баспасөзінде аз жазылып жүрген жоқ. Мұртты көсемнің сол арандатуға жол бермеу туралы нұсқауын желеу етіп, партияның әншейіндегі қызыл езу идеологтары да сол тұста бұл тақырыпта  ел ішінде әңгіме жүргізуден тартынғанға ұқсайды. Әсіресе, радиосы жоқ, газет-журнал бармайтын қазақтың қиыр шет жайлаған бұйығы ауылдары соғысқа мүлде хабарсыз киліккені анық. Сондықтан бірен-саран өз бетінше әркет еткен адамдар да болған. Сауаты жоқ, елдің тұтастығы туралы түсінігі аз, ескі қазақы ұғымдағы Шыңыраубайдың қылығы соның мысалы. Мұны «кеңес өкіметінің саясатына қарсы болды» деу де жөн болмас. Бастапқыдағы қате түсініктен, білместіктен ушыққан, ұлғая берген адамның тағдыры екені көрініп тұр. Мен бір кезде істеген әрекетін жазу түгілі, мемлекет тарапынан айтуға тыйым салынған адамның шым-шытырық, шырғалаң оқиғасына, тіпті ойламаған жерден, аяқ астынан қанықтым. Ақтөбеде іссапармен жүрген, «Темір» аудандық газетінің редакторы Меңдіхан Әділханұлы облыстық газет редакциясына соғып, әдеттегідей әңгімелесіп отырғанбыз. Туған, өскен жері Байғанин ауданының Оймауыты болып келетін Мәкеңнің шежірелі өңірдің көп оқиғасына құйма құлақ екенін мен бұрында да жақсы білетінмін. Әңгімеміздің бағыты күтпеген жерден соғыс жылдарындағы қилы тағдырлы адамдарға бұрылды. Шыңыраубайдың есімін мен алғаш рет әріптесіміздің аузынан естіп, ықылас қойдым.

— Кеңес өкіметінің саясатына қарсы болған кім ол?

— Бұл — белгілі адам Байғанин ауданынан, — деді ол жұлып алғандай.

— Соғысқа қай жерден алынған?

— Соғысқа бармайды. Ауылда бір күні түнде: « Ой,соғысқа барғанның бәрі қырылып жатыр дейді. Босқа барып, текке қырылғаннан не болады? Осы араға, тап осы ауылға келіп жатса, фашист, көрерміз, қорғармыз! Неге мидай далаға барып өлеміз» деп, он шақты жігітті үгіттеген ғой жинап алып.Содан бір күннің ішінде атқа қонған да, іргедегі Доңызтауға асқан да кеткен. Ауылдан он сегіз шақырым жердегі тау. Сонау Қоңыратқа  дейін созылып жатқан Үстірт қой. Соған тайып отырған. Сол кеткеннен келмеген, 1943 жылға дейін ұстатпаған.

— Тергеу органдары ауылдан жоқ болып кеткенін білмеген бе?

— Қай жерде қашып жүргендерін біледі, іздейді, бірақ ұстай алмайды. Өзі асқан шебер адам, етікші. Анау он сегіз шақырым таудан алғашқы кезде ауылға азық-түлік алып кететін көрінеді түнде келіп.

— Атпен келе ме?

— Жаяу келеді. Атпен таудан түссе көрінеді ғой. Доңызтаудың жері жыра-жықпалы көп, кебірі де мол, қалыңдығы да жетерлік. Жаяу жүрген, жолын білетін адам көрінбейді. Ал атқа отырса, таудың астынан келе жатқаннан көрінеді. Он сегіз шақырым дегенің де, қашық емес қой. Теп-тегіс жер, бірақ жаяу адамға жасырынатын жыра-жықпалды, ал атты адам бірден байқалады. Сосын таудың бағытында үш шақырымдай кебір бар. Ол кәдімгі шекараның жолағы сияқты. Ештеңе шықпайды, теп-тегіс кебір, ізің сайрап жатады. Оған қараған адам кімнің қай бағытқа кеткенін қиналмай тауып алар еді. Таудың асты айнала солай кебір, қашып құтылатын жер жоқ одан. Сол таудан түседі де, ауылға келген соң, етіктің өкшесін, етікті өзі қолдан тігетін адам, кейін қарай қайта шегелеп алып, азық-түлігі қолға тиген соң, кейін қайтады. Ал іздеушілер болса, таудың етегінен із шығарып алып, ауылға келген екен деп, ауылдың ішін астан-кестен қылып іздейді. Себебі, қайтқан із жоқ қой. Ауылға келгенде етігінің дұрыс жағымен келеді де, кейін қайтқанда өкшені алдына қағып алатын көрінеді. Қазіргі үлкендер жағы жақсы біледі, қазақы етіктің алды мен арты бірдей болатынын. Бүгінгі аяқ киімдер сияқты оң-терісі жоқ, қисық емес. Содан да таудан түскен екі адамның ізі бар, кейін қайтқан ізі жоқ болады. Іздеушілер ауылдың ішін тінтеді-тінтеді де, шаршап қояды. Сөйтіп жүргенде біреу айтып қойыпты оны. Содан барып таудың ішін сүзеді. Оның да талай оқиғалары бар. Бірақ қалай іздесе де ұстатпай жүреді, 43-жылға дейін. Онда да тау ішінде бие сауып отырған серіктері қолға түскен, өзі ұсталмай құтылып кеткен. Жанындағы адамдары ұсталып жатқанда, бұл да жатаққа жақындап келген, бірақ өзінің ерекше қасиеті, белгісі бар ма, жоламай, төңіректеп, алыстан бір бәлені сезеді. Ешқандай сыбыс болмағаннан кейін, қайтадан Қоңыратқа қайтып кетеді, жатаққа келмейді. Ал бұлар  ұсталғандарды байлап тастап, Шыңыраубай келеді деп, бірнеше күн жатады күтіп. Мұны ұстау мақсат, қолбасшы сол ғой. Бірақ ол келмейді. Алайда бұл күз екен, қыс өтіп, жаз шыққанда барып:«Қоңыраттың базарында ұсталдым» дейді. Онда да

«Базардың ішіне кірейін деп келе жатқанымда көрдім, сурет қаптап тұр екен. Соғыстан қашқандардың, жалтарғандардың суреттерін қабырғаға жапсырып қойған. «Ай, кірмей-ақ қояйын!» деп ойлап тұрдым да, насыбайы құрғыр шыдатпады. Көк насыбай ататын едім. Тамақ емес, насыбай қолға түсірді. Базардың ішіне кіріп, көк насыбай алдым да, қақпаға қарай тез бағыт алып, есікке жақындай беріп едім, қарсы алдымнан екі жас жігіт шығып: «Сіз кім боласыз?» деп сұрады. «Менде не шаруаларың бар?» деп, бетіне қарадым. «Тасин Шыңыраубайсыз ғой»  деді. «Жоқ, ол емеспін» деп едім. Суретімді бетіме тосты. Әрі қарай әрекетке мүмкіндік бермеді. «Қозғалмаңыз!» деп бұйырды, ту сыртымнан біреуі келіп тұр екен. Ұсталғанымды сонда білдім. Жарқамысқа алып келді, одан Темірдің түрмесіне қамады. Сотым Ақтөбеде болды» деп, мойындағанын өз аузынан естідім.

«Шыңыраубайдың үңгірі»  деген бар, Үлкен Жыбысқыда. Менің  Көркемай деген ағайым бір жазда сиыр қайырыс деп алып кетіп, өзі сиыр бағатын еді, көрсетті маған соны — «Шыңыраубайдың үңгірі мынау» деп. Жыбысқының сайы дейтін де терең сай. Оның жарынан жаяу адам түсе алмайды. Баяғыдан келе жатқан сай ғой. Сол сайға  келіп қосылатын жыраның түйісетін жерінен қазған екен үңгірді. Тура алдынан келген адам ғана біледі. Үстінен келген адам түсе де алмайды, аңғармайды да. Қапталынан келе алмайды, тіке жар. Тек қақ алдынан келген адам ғана кіре алады. Онда да жыраның жоғары жағынан түсіп, жыраны жағалап қана жақындайды. Үңгірге басқа келетін жол жоқ. Сондай жерді таңдап алған. Сосын үңгірдің үсті толып тұрған жыңғыл менен тораңғы, қалың жыныс па, бірдеме. Үстінде үш метрдей биік боп өсіп тұр. Соның арасынан мұржа шығарған, түтін білінбесін деп. Жыңғылдың қасиеті — еш уақытта, жаздыгүні де, қыстыгүні де жапырағы түспейді, көкпеңбек күйінде тұрады. Алыстан қарағанда көк түтін емес, жыңғыл көрінеді де, түтін жоқ. Көзге түспесін деп істеген ғой. Шұңқырдың ішіндегі үңгірді әрі қарай екі бөлме етіп қазып, үй қылып жіберген, қыстақ қылып. Қысы-жазы сонда тұрады. Жылқының бәрін сайдың бойына тіздеп тастаған. Сайдың бойының шөбі белуардан. Мал бармайтын, адам аяғы баспайтын жер екі бастан. Сонда қыстаған ғой екі-үш жыл бойы.

— От жағып отыра ма сонда?

— От жағады, тамақ істейді. Түтіннің барлығы жаңағы жыңғылдың ішіне тарайды. Жыңғылдың ішіне шөгіп, көтеріліп кетпей, ұзақ тұрады. Қалың жыңғыл, соның ішінен шығарып қойған мұржаны.

— Қасындағы серіктері көп адам ба, нешеу?

— Он сегіз адам.

— Олар да сонда қыстаған ба? Кімдер өзі, тумалары-жақындары шығар?

— Тумалары бар, қатарлары бар. Жай, ауылдас адамдар да бар.

— Солардың бәрі соғыстан қалған ба? Сотталды ма?

— Бәрі сотталды. Ең соңы он жылға кеткен.

— Өзі ше?

— Өзі 25 жылға кетіп еді. 1954 жылы босаған. Сегіз-тоғыз жыл отырған ғой.

— Сосын келіп үйленді ме?

— Оған дейін үйленген. Өзі 1906 жылғы ғой. Брежнеевпен жастымын деп отыратын, марқұм. Әйелі, бала-шағасы бар.

— Әлгінде сөз арасында жалғыз баласы бар деген сияқты едіңіз.

— Сол жалғыз баладан тараған көп бала бар қазір.

— Баласының есімі кім дедің? Сол ма, айтып жүрген әкесіне «Отанын сатқан опасыз» деп.

— Баласының есімі — Темірғали. Ол беріде, кешегі сексенінші жылдарға жақындағанда, кеңес өкіметінің кезінде. «Отанын сатқан опасыз, сен сапқа тұрмайсың!» дейді ғой.

— Әңгіме қалай болған өзі?

— Жалғыз бала болғасын, еркелеу өседі ғой. Жеңіс мерекесі күні болса керек. Бір отырыстан достарымен көңілденіп келіп, құдық басындағы балаларды «Стройға тұрыңдар!» деп, қуалап жүр екен. Соны естіп әкесі: «Әй, әтеңе нәлет, балалардың мазасын алып неғып жүрсің.  Стройыңа мен де тұрайын ба ?» дейді ғой ренжіп. Сондағы айтқаны.  Үйден шыққан үлкен кісі ғой.

— Өзі қой бақты ма?

— «Дияр» кеңшарында қой бақты. Оймауыттан да шеткері жатқан алыс өңір ол. Сол ана жақтан келгесін-ақ, мал бағуға шыққан ғой бел шешіп. Басқа не істей алады? Жанқиярлық еңбегінің арқасында, атақты шопан болып, орден алды. Сосын берегірек келгесін жалғыз баласына берді бас шопандықты.

— Өмірден қашан өтті?

— Күні кеше қайтты. Энциоклопедияда болу керек. Оның әңгімелері көп. Бектұрлы дейтін милицияның бастығы, Ақлепес дейтін ауылдық кеңестің төрағасы болды. Солар бір топ ізкесушілермен сай-саланың бойын қоймай сүзіп, тінтеді. Бұл Қошқар Атаның мешітіне барып тығылады. Қошқар Ата — Жанқылыштардың әулиесі. Сонда «Ай, Қошқар Ата, саған сыйынып келдім! Ал қуғыншым,бүгін Шыңыраубайды тапсаң тапқаның, таппасаң екі ұртыңа екі сақпаным» дейтін көрінеді. Содан ауылға келгенде жұрт әулиеге тіл тигізді деп, бірсыпыра уақыт кінәлап жүреді. Оны маған Шыңыраубайдың өзі айтты. Менің үлкен әкеммен жасты еді. Көрген сайын қалжыңдайтынмын: «Ой, әке, соғысқа барғаныңда ғой,  сен мына күш, зор қайратпен батыр болатын едің» деп. Орта бойлы, шегір көз, сары, жүректі адам еді. Ойламаған жерден шешім шешіп жіберетін батыр тұлғалы кісі. Қайрат жөнінен өзінің лақтырған таяғын алып келе алмайтын, майданнан оралған құрдастарының атын айтып:

— Анау мұрынынан боқ аққан пәленше алып келген «Қызыл жұлдыздың» мен барғанда онын алатын едім. Қайдан білейін мен немістің сау қоя беретінін. Біздің ойымызда, баяғы он жасымызда әкелеріміз айтқан: «Патшалы Ресей 1916 жылы әскерге әкеткендерді сол окопқа көмді» деген әңгіме. Наданбыз. Бізді де сөйтетін шығар дедік, — деп отыратын.

— Тіпті соғыстан қайтпайтындай көрген екен-ау!

— Солай деп есептеген ғой. Қырқыншы жылдары сонау Доңызтауда кім оларға жөн-жосығын айтып жатыр.

— Өзі оқымаған ба?

— Оқымаған, надан. Оның үстіне, сол 42- жылы Қартпан дейтін кісі қайтып келген, өздерімен қатар. Ол да қашып мыналарға қосылған, соғысқа қайтып алып кетеді деп қорыққан. Бір аяқтан айырылып келсе де, қорқып жүр. Сол Қартпаннан сұрайтын көрінеді: «Немістің жағдайы қалай? Анау өзіңмен бірге кеткен жігіттердің жағдайы қалай?» деп. Сонда Қартпан айтады дейді:

—  Ойбай, мен көрген неміс болса, ендігі Ақтөбеге келіп қалған шығар, — деп. Соғыстың басында немістер біздің әскерді ығыстырып, қуып келе жатыр ғой. Сол сөз біздің елде мақал болып кеткен, «Мен көрген пәлен болса, солай екен деп».

Бұл Қартпан да шебер, етікші адам еді. Бұлардың екеуі де етікшілер. Етік тіккенде сүмірейтеді, қолдарынан келмейтіні жоқ, ер жасайды, қамшы өреді. Шыңыраубайдың өзі — қолы шебер адам. Асқан қайратты. Менің үлкен әкеммен жасты еді. Әкемнің туған ағасымен. Ол кісі осы Ақтөбеге келіп, дүниеден өтті, 1979 жылы. Меніңше,  одан кейін төрт-бес жылдан кейін қайтты Шыңыраубай, сексенге жақындады. Келді ме, тіпті шықты ма, білмеймін. Оның өмірі көп әңгіме. Мен ол кісімен көп сөйлестім. Бірақ, қанша айтқанмен, сотталған адам үркек болады ғой. Көпке дейін айтып жарымайды, қауіп етіп отырады. «Сені біреу жұмсап отырған жоқ па, балам» деп.

— Қалай сөйлесіп жүрсің.

— 1970 жылы мен комсомол комитетінің хатшысымын ғой ауылда. Сонда ел аралаймыз, ауылдарға жиі шығып тұрамыз. Жақын білетін адамым болғасын, сәлем беріп барамын. Бұрын үлкендерден шамалап естуім бар, сосын өзімше оңашалап сұраймын ғой. Сол кезде шетпұшпақтап айтады, көп шешілмейді бірақ. Комсомолдан да сескене ме, партия жұмсап отыр ма деп…

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп, майдангер ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, ұлы қырғын аяқталғалы да 65 жыл өтіп отыр.  Оның негізгі ауыртпалығы мен қасіретін мойнымен көтерген де халық. Соғыс қилы-қилы тағдырларды оятты. Олардың ішінде әлі күнге беймәлім болып жүргендері де аз емес. Соның бірі — теріс түсінікпен қашқын боп жапа шеккен Шыңыраубайдың шындығы. Елдің мереке алдында мұны да білгені дұрыс сияқты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button