Әлеумет

Бұқара

Айтайын дегенім…

Карточка бар. банкомат жоқ…

Бүгінде Ырғыз ауданының әл-ауқаты, халқының тыныс-тіршілігі осыдан он-он бес жылғы уақытпен салыстырғанда әлдеқайда көш ілгері.

Бұрынғы Ырғызбен қазіргі Ырғызды салыстыруға келмейді. Бұдан бірнеше жыл бұрын ырғыздықтар облыс орталығына бару үшін он екі-он үш сағат жол жүріп, әрең жететін. Қазір аудан мен облыс орталығына төрт жарым, бес сағат ішінде еркін қатынауға болады. Ал «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» дәлізінің де біздің аймақтан өтетіндігі жергілікті тұрғындар үшін қуанышты жаңалық. Себебі санаулы уақыттан соң Ақтөбе мен Ырғыздың ортасындағы көлік жолы тақтайдай тегіс болады.

Адамның көңілі бірленген сайын елде жақсы жаңалықтардың болғанын қалайсың. Бұл дұрыс қой. Аудандағы «Ырғыз» газеті редакциясының қызметкерлерінен басқа ішкі істер бөлімі, сот, аудандық өрт сөндіру бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің аудандық басқармасы тәрізді бірқатар мекеме қызметкерлері еңбекақыларын банкоматтан алуы тиіс.

Бұл мекемелердің қызметкерлерінде банк карточкасы болғанымен, ауданда банкомат жоқ. Тұрғындар ай сайын жалақыларын алу үшін бар уақытын сарп етіп, қыруар қаржысын шығындап, Ақтөбе мен Шалқарға жол тартады.

Ырғызды мекендейтін тұрғындарға банкомат аса қажет. Шалғайдағы ауылды мекендейтін халық үлкен қалаларда білім алып жатқан балаларына қаржы аудару үшін де банкоматтың көмегіне жүгінеді. Және бұл қызмет түрі қолма-қол ақша алумен шектелмей, өз есепшоттарын толықтыру, ақша жолдау, несиелік жарналарды тапсыру, коммуналдық төлемдер мен ұялы байланыс операторларына төлем жасау тәрізді түрлі қызмет ақысын төлеуге де қызмет ететіні белгілі.

Ендеше, өркениетке бет алған Ырғыз ауданына банкомат жүйесін қондыру жеделдететін шаруа.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

  • Алғыс

Өрттен аман қалдық!

Қыстың қаһарлы күнінде, ақпан айының аяғына таман электр жүйесінің салдарынан баспанамыз от құшағына оранып, әуре-сарсаңға түсірді…

Біз қаладағы Мәскеу шағын ауданында тұрамыз. Биылғы қыс мезгілінде баспанамыз электр жүйесінің нашарлығынан тосыннан өртке шалынды. «Тілсіз жау айтып келмейді». Ақ түтек боранда панасыз қалдық. Мұндай сәтте кез келген адам абдырап, өзіне қамқор, пана іздейді екен.

Біздің халық қашанда дос-жарандарына, туыстарына қол ұшын созып, қолдау көрсете білетін дархан ел. Ес жия алмай отырғанымызда, қаламыздағы көптеген мекемелер ұжымы көмек етті. Атап айтар болсам, облыстық мәдениет мекемесінің басшысы Н.Табылдинова басқарған ұжым мен С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми—әмбебап кітапханасының қызметкерлері біздің отбасымызға моральдық, материалдық жәрдемін тигізді. Бұл ұжымның басшылары мен қызметкерлеріне отбасымыздың атынан шексіз алғысымызды білдіріп, отбасыларына амандық тілейміз.

С.КЕМАЛОВА,

зейнеткер.

  • Ұсыныс

Мектепке батыр аты берілсе…

Ақтөбе қаласындағы №33 қазақ орта мектебі —  Мәскеу шағын ауданында орналасқан бірден-бір қазақ мектебі. Мектепте 941 бала тәрбиеленіп, білім алып жатыр.

Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, олардың бойында отаншылдық, ұлтжандылық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында бұл мектепте көптеген жұмыстар атқарылады. Мәселен, «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы талай белестерді бағындырып, түрлі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Клубтың жетекшісі  — алғашқы әскери дайындық пәнінің  мұғалімі Сыраж Серік. Жыл сайын 1-8  сынып оқушылары арасында мектепішілік саптық ережелер байқауы өткізіліп тұрады.

— Мектебімізге қаһарман батыр Бауыржан Момышұлының есімін алу мақсатында қалалық мәслихатқа, қалалық әкімшілікке және қалалық ардагерлер кеңесіне өтініш жазып, ойымызды білдірдік. Ардагерлер бізді қолдап отыр. Енді  осы мәселенің шешімін күтіп отырмыз. Әзірлігіміз тәуір. Мектепте Бауыржан Момышұлына арналған мұражай ашу жұмыстарын бастап кеттік, — дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Сағиева.

Айта кететін жайт, Батыс Қазақстан өңірінде Бауыржан Момышұлының есімі берілген бірде-бір оқу орны жоқ. Біздің мектебімізге батырдың аты берілсе, атына заты сай оқу орны болуға тырысамыз…

Нұргүл АБЛАКИМОВА,

Ақтөбе қаласы.

  • О, несі-ай!

Адал қызмет иелері азайған ба?

Елбасы тікелей телехабарында басшылардың халыққа  адал қызмет етіп, әр іске жауапкершілікпен қарауын қатаң ескерткен болатын. Бірақ арамызда Елбасының тапсырмасын әлі де жөнді орындамайтын мамандар бар…

Менің айтпағым, дәрігерлердің істеріне жауапсыз қарайтындығы жөнінде болып отыр. Бұрын ақ халатты мамандар сырқат жандарға бар ынта-шынтасымен қарап, ем жасайтын. Қазір олай емес. Сөзіме дәлел ретінде басымнан өткізген бұрынғы екі оқиғаны айтайын.

1960 жылдың қаңтар айы болатын. Темір ауданынан 18 шақырым жердегі Жамбыл ауылында тұратын анамның сырқаттанғаны және оған дәрігердің қажеттігі  туралы жедел хабар жетті. Аудандық аурухананың бас дәрігері, хирург Ячменевке жолығып, бар жағдайды баяндадым. Ол уақытта ауданда не бары 3-4 дәрігер мен 5-6 медбике ғана қызмет етеді. Бас дәрігердің ұйғарымымен ауылға Варламова деген дәрігер баратын болды. Ячменевтің көмегімен шанаға ат жектіріліп, жолға дайындалдық. Күн алай-дүлей, көз аштырмайтын боранда дәрігер атты шанамен елге барып, анамның жағдайын біліп, Темірдегі аудандық ауруханаға жеткізді. Сол ауруханада анам мамандардан 15-20 күндей ем алып, сырқатынан құлан-таза айықты. Кейін білдім, елге барып, анамды аурудан арашалаған дәрігер Варламова бас дәрігер Ячменевтің зайыбы екен. Осы күнге дейін темірліктер ерлі-зайыпты дәрігерлердің есімін ұмытпай ардақ тұтады. Бұл дәрігерлердің өз ісіне адалдығы туралы бір мысал…

1980 жылдың жаз айы болатын, әкем науқастанып қалған соң, облыстық аурухананың бас дәрігеріне жолықтым. Аурухананың бас дәрігері сол кезде облыстың құрметті азаматы Ізбасқан Аймағамбетов еді. Жайымды білген соң ол науқасты көлікпен жеткізуге жолдың қашықтығын айтып, ұшақпен әкелуге жәрдем етті. Әкем де осы жолы білікті маманның қолынан ем алып, сауығып шықты.

Енді менің қолыма қалам алғызған мына жайт. Жақында Пригородный поселкесінің екінші бөлімшесінде тұратын Отан соғысының мүгедегі, 86 жастағы қария аяқасты ауырып, облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігеріне қоңырау шалдым. Мұндағы дәрігер бұл жердің тұрғындарына Қарғалы селолық ауруханасының мамандары жауапты екенін мәлім етті. Ал Қарғалы селолық ауруханасының бас дәрігері Сәкен Қапанов науқасқа дәрігер жіберетінін айтты. Бірақ бұл уәде бос сөзге айналды. Екі-үш күннен соң Сәкенге қайта қоңырау шалсақ, «Дәрігер науқасқа неге бармаған?» деген сауалды өзімізге қойды. Қарияның сырқаты үдеп бара жатқан соң, амалсыз облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың көмегіне жүгіндік. Басқарма басшысы дереу Қарғалы селосындағы аурухананың бас дәрігеріне хабарласып, науқасқа не себепті көмек көрсетілмегенін сұрады. Қызығы, басшының бұл сауалына да әлгі дәрігер «Қазір, міне, дәрігерлерді жіберем» деумен құтылды. Біз Қайраттың адамгершілігі мен азаматшылығына риза болып, алғысымызды айттық.

Қызығы, облыс орталығының — қаланың өзінде дәрігерлер басшылардың қаһарынан қорыққаннан ғана науқасқа қызмет ететін сияқты. Әуелі қамшы үйіріп, үркітіп алуың керек. Ал сонда ауылдағы тұрғындардың жайы қандай екен?

Қожаназар ҚАЛНИЯЗОВ,

құрметті теміржолшы.

Ақтөбе қаласы.

  • Пікір

Ырымың қырын кетпесін…

Жақында «Ақтөбе» газетінің №43-44 санындағы «Бұқара» бетінде Л.Берішованың «Есіміңді айтшы, замандас?» атты мақаласы жарық көрді. Осы мақала жөнінде оқырмандарға өз ойымды білдірсем деп ем…

Мақала авторы сәбиге ат қою жөнінде жақсы ой қозғапты. Расында қазіргі жаңақазақтар «мода» деп шетелдік әнші, актерлердің есімін сәбилеріне қояды. Бұл дұрыс емес.

Қазақ атты қалай қояды? Бұрын дүние есігін ашқан сәбиге есімді ырыммен ата-әжелеріміз қоятын. Қазір жаңақазақтар «басқа ырымға» жүгінеді. Жастар адам түсінбейтін шетелдік ныспыларды балаларына жапсыратын болыпты. Шетелдік әнші  актерлердің есімдеріне сұраныс жоғары. Бәлкім мұны әсіре телесүйгіштер зор мақтаныш санайтын шығар. Бірақ сол ырымдар енді қырын кетіп жүрмесе болғаны дейік.

Және бір айтарым, ертеде есімдердің көбі «гүл, бек, бай құл, жан» деген тіркестермен аяқталатын. Қазір бұлардың көпшілігі қысқартуға ұшыраған. Айтпағым, адам есімі әрқашан мағыналы болуы шарт.

Егемендік алып, бой түзедік. Енді есімізді жиған шақта өз мағыналы есімдерімізден бас тарту жарамас, ағайын.

А.АЙДЫНҚЫЗЫ,

Темір ауданы.

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

  • Тыл

Біз ерте есейдік…

Біз соғысқа бармасақ та, майданның қаһарын тылда жүріп көрдік. Сұм соғыс біздің жастық шағымызды ұрлап, ерте есейтті. Елдегі арқасүйер азаматтар қару асынып, Отан қорғауға аттанғанда, ауылда атқарылар ауыр жұмыстар біздің еншімізге тиді.

Соғыс басталған жылы біз ойын баласы едік. Ол заман біздің еркелігімізді көтеретін, асыр салып ойнататын халде болмады. Керісінше, біздер майданға аттанған жауынгерлердің артында аңыраған ананың зарлы үні мен жесірдің өксігін көріп, қиналып, өмірдің жүгін көтеріп өстік. Әр шаңырақтың қарадомалағы жауынгерлерден жақсы хабар күтіп, үнемі алаңдап жүретін. Біздің отбасы да екі ағам мен жездемнің жолын тосып, күтуші еді. Алайда олардың туған топыраққа оралуына тағдыр жазбады.

Әлі есімде. Соғыс жылдарының орта тұсы болатын. Елдегі бар тірлік әйелдер мен өзім құралыптас балалардың мойнына артылды. Тойып тамақ ішпесек те, жөнді киінбесек те, өзімізге жүктелген жұмыстарды тиянақты орындайтынбыз. Шөп ору, жер тырмалау, мал қарау, егін науқанындағы қыруар жұмыстарды реттеу істері балалардың мойнында. Біз шексіз еңбектенуіміздің нәтижесінде қырманға мол өнім жиып, мал басын қаһарлы қыста аман алып қалуға жәрдем еттік.

Ол заман өтті. Қазір елде мереке қарсаңында Отан үшін от кешкен майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасалып отыр. Облыс әкімінің тікелей ықпалымен соғыс ардагерлері елу пайызға коммуналдық төлемдерден босатылып, қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік алды. Облыс басшылығының мұндай игі істері көңіліңе демеу болады. «Ешкім де еш нәрсе де» ұмытылмайды деген осы.

С.МЫРХИН,

Жаңақоныс селолық округі

ардагерлер қоғамының төрағасы.

Ақтөбе қаласы.

  • Оймақтай ой

«Жеңістерге» құрмет көрсетілсе

Ұлы Жеңістің 65  жылдығын ерекше тойлау үшін республикамызда әзірлік науқаны жақсы жүріп жатыр. Бұл туралы біз газеттерден оқып, теледидардан көріп жүрміз. Жеңіс күні қарсаңында мен жергілікті басшыларға ұсыныс айтсам деп едім…

Соғыс жылдары көптеген шаңырақта сәбилер дүниеге келді. Сол бөбектердің көпшілігінің есімдері ырыммен, игі тілекпен Жеңіс деп қойылды. Менің есімім де майдангерлердің ұсынысымен Жеңіс аталыпты.

Ұлы Отан соғысы басталғанда 56 күннен кейін Жұрын ауылынан майданға кетіп бара жатқан бір топ азамат  біздің үйге келіп, марқұм әжем Зәуреге: «Немереңіздің атын Жеңіс қойыңыз. Біз майданнан жеңіспен оралайық» деп өтініш жасапты. Қанды қырғынға кеуде тосқан майдангерлердің тілектері қабыл болып, елге аман оралсын деген ырыммен менің есімім осылайша Жеңіс атанған. Сол кезде Жеңіс атты бөбектер елімізде көп болды…

Менің айтпағым мына жайт. Мереке қарсаңында майдан ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен бірге қиын кезеңде дүние есігін ашқан сәби тілекші Жеңістер де ескерусіз қалмаса екен. Сонымен қатар соғыс уақытында аш-жалаңаштық пен сансыз бейнет көрген біздерге жеңілдік жасалса жақсы болар еді. Себебі бұрын ұжымшар мен кеңшарлар тарап, көптеген өндіріс орындарының жабылу кезеңі біздің зейнеткерлікке шығар уақытымыздан бұрын болғандықтан, Кеңес үкіметі кезіндегі айлық жалақыларымыз есепке алынбай, қазір ең төменгі санаттағы зейнетақыны алып отырмыз.

Мұндай ұсыныс жасауыма мына жағдай себеп болды. 1980 жылдың басында «Қазақстан әйелдері» журналы Индира есімді қыздардың суреттерін редакцияға жолдауларын өтінді. Журналда жас Индиралар 18 жасқа толғанда Үндістан еліне тегін барып-қайтатындары жөнінде хабарлаған еді. Әрісін айтпағанда, 2000 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Ақжүніс» бағдарламасын жүргізуші С.Әбиденова кішкентай Ақжүністерді телестудияға шақырғанын да көрдік. Сәби есімін ескеру жақсы нәрсе. Оның үстіне Үндістан мен Алматыға тегін жолдама алып, құрметке бөлену ерекше нәрсе. Сондықтан соғыс кезінде майдангерлердің тілеуін тілеген Жеңістер той қарсаңында облыс орталығында бас қосса жақсы болар еді…

Жеңіс СМАҒҰЛОВ,

Қайыңды ауылы.

Мұғалжар ауданы.

  • Масқара

Дәстүрді бұзба, діндар қыз!

«Естімеген елде көп». Ертеде, тіпті қазірде де үлкендер бейіт басына келсе, аруақтарға Құран бағыштап, дұға етеді. Енді бұл үрдісті біреулер жоққа шығарып, келеке етіп жүр.

Бақилық болған пендені ақ жуып арулап, оң жаққа қою ежелгі дәстүр. Ал қазалы үйге бас сұққан әрбір нәзік жандылар салт негізінде жоқтау айтып, өліге құрмет көрсетуі тиіс. Ер азаматтардың дауыстап Құран оқып, дұға бағыштауы да ежелден келеді. Соңғы кезде жаңа қазақтардың жазылмаған ережелері пайда болыпты. Бұл қандай дейсіз бе?

Бірде ауылға қайтпақ ниетпен пойызға міндім. Бағытым — Шалқар қаласы. Жол қысқарту үшін жанымдағы серіктермен әңгіме-дүкен құрдық. Арамызда намаз оқып, ораза ұстайтын орамал таққан екі жас қыз бар. Бұл қыздар бізбен көп араласа қоймады. Әңгіме төркіні салт-дәстүрге келгенде әлгі екі діндар қыз: «Ол болмайды да, бұл болмайдыға» салып, ескі қағиданың быт-шытын шығарып, талдап тастады. Сондағы айтқандары: «Келін түссе беташар рәсімі жасалмау керек. Келін жүзін көпшілік емес,  жолдасы ғана көруі тиіс. Қазалы үйде жоқтау айтылу күнәға жатады. Әрі бұл шейіт болған адамға ауыр тиеді. Құран бағыштап, дұға ету де имандылыққа жатпайды» деп шорт кесті. Жағымыз талмай сумаңдап отырған біздер ләм-мим тілсіз қалдық. Аз уақыттан соң арамызда егделеу тартқан ағайымыз ғана есін жиып, салтымыздың ерекшелігін сөз ете бастап еді, әлгі қыздар: «Біз бұрын адасып жүріппіз, сіздер намаз оқығанда ғана түсінесіздер», — деп шаптығып, ешқайсысымызды сөйлеттірмей тастады.

Бұл қыздар Жем стансасынан түскеннен кейін ғана есімізді жиып, әңгімемізді жалғастырдық. Жанымдағылар «бұлар уахабистер» деген шешімге келді. Мені мазалағаны, әлгі қыздардың ата-бабадан жалғасын тауып келе жатқан дәстүрімізді қаралағаны. Біздер ата-баба аманаттаған дәстүрімізге сызат түсірмей, өзгеріс пен түзетусіз, қаз-қалпында ұрпақтан-ұрпаққа табыстауымыз керек қой. Ал әлгіндей орамал таққандар, басқан іздерінде салтымыздың «үкі- түкісін» шығарып, жүнін жұлған тауықтай етсе, біздің неміз қалады.

Ү.АЛЛАОҢҒАР,

Шалқар қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button