Мәдениет

«Фестивальдар — халық аспаптары оркестрлерінің танылуы үшін бірден-бір мүмкіндік»

Өткен аптада Ақтөбеде дәстүрлі «Жұбанов көктемі» Халықаралық халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдерінің фестивалі өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Жұбанов көктемі — 2010» фестиваліне қатысуға 14 өнер ұжымы тілек білдірген болатын.  Олардың қатарында Астана, Алматы қалаларынан, бірқатар облыс орталықтарынан және Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген өнер ұжымдары бар.

«Жұбанов көктемі — 2010» фестивалінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова фестиваль «географиясының» жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын атап өтті.

— «Музыкадағы Әуезовіміз» атанған Ахмет Жұбанов Ақтөбе үшін — үлкен мақтаныш. «Жұбанов көктемі» фестивалі облыстық әкімдіктің қолдауымен жыл сайын өткізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат — жас таланттар өнерінің шыңдалуына, олардың танылуына, оркестрлердің өзара тәжірибе алмасуына, репертуарларының байи түсуіне ықпал ету, сол арқылы Жұбанов ісін жалғастыру. Осы фестиваль арқылы үлкен есімдер ашылса дейміз. Қатысушыларға сәттіліктер тілеймін, — деді Нәзира Сәрсенбайқызы.

Фестиваль шымылдығын Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Назерке» қобызшылар ансамблі (Астана қаласы) ашты.

Фестивальдың қазылар алқасын ҚР Халық әртісі, профессор Алдаберген Мырзабеков басқарды.

Өткен жұма және сенбі күндерінде өнер көрсеткендер арасында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің, маңғыстаулық «Домбыра сазы» фольклорлық ансамблінің, «Назерке» қобызшылар ансамблінің,  Самара облыстық мемлекеттік филармониясы жанындағы орыс халық аспаптары ансамблінің, өзбекстандық «Согдиана» өзбек ұлттық аспаптары мемлекеттік камералық оркестрінің, басқа да ұжымдардың өнерлерін тыңдармандар жылы қабылдады.

Фестиваль қорытындысында, қазылар алқасы шешіміне сай, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның «Сарын» фольклорлық ансамблі мен Самара облыстық мемлекеттік филармониясы жанындағы орыс халық аспаптары ансамблі бас жүлдеге ие болды.

Ал бірінші орынға —  Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі; Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Мұрагер» ансамблі; Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі және  өзбекстандық «Согдиана» өзбек ұлттық аспаптары мемлекеттік камералық оркестрі ие болды. Бұлардан басқа екінші орынға — үш ұжым, үшінші орынға тағы да үш ұжым лайық деп табылды. Сонымен қатар «Үздік орындаушылар» номинациясы бойынша сегіз адам дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Марапатталғандар арасында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблімен қатар, ақтөбелік әнші Гүлнәзира Сағынғанова мен домбырашы Асылбек Кенегесов бар. Біз, әрине, жерлестеріміздің табыстарына ерекше қуанамыз.

Фестиваль соңынан жұртшылық Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының Концерттік орыс халық аспаптар оркестрінің концертін тамашалады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Борис Ворон, Гнесиндер атындағы Ресей Музыка академиясының профессоры, «Жұбанов көктемі — 2010» фестивалі қазылар алқасының мүшесі:

—   Халық аспаптары оркестрлері үшін мұндай фестивальдар — тек өзара тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар халыққа танылу, тыңдарманға жету жолындағы тамаша мүмкіндік, бәлкім, тіпті бірден-бір мүмкіндік десек те болатын шығар. Телеарналар бізді көрсетпейді. Сондықтан мен осындай фестивальдардың ұйымдастырушыларын үлкен алғысқа, мақтауға лайық деп есептеймін.

Алдаберген Мырзабеков,  Қазақстанның Халық әртісі,  «Жұбанов көктемі — 2010» фестивалі қазылар алқасының төрағасы:

— Құрманғазы, Дәулеткерей, басқа да халық сазгерлерінің мұрасы біз үшін — баға жетпес байлық. Бұрынырақта Венгрияда Құрманғазының «Ақбай» күйін орындаған едім. Сонда тыңдағандар қатты толқып, тіпті бірі маған: «Осы шығарма авторының мекен-жайын айтыңызшы», — дегені бар. Ал мен оларға Құрманғазы туралы мәліметтер жеткізгенімде, бәрі таңғалысты. Өйткені Еуропада Құрманғазы күйлері сынды туындылар нотасыз тумайды… Біз бүгін сол асыл мұраны қайткенде де көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жайын, насихаттау жайын ойлауымыз керек…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button