Әлеумет

Зейнетақы: кім қанша алады?

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауынан.

Бүгінгі күні облыста жасына байланысты зейнетке шыққан 90 060 адам бар. Олардың дені бүгінге дейін 14 466 теңге мөлшерінде базалық зейнетақы алып келді. Сондай-ақ осы уақытқа дейін ер адамдар 63 жаста, әйелдер 58 жасқа толғанда зейнетке шығатын. Биылғы жылдан бастап бұл жүйе толығымен өзгерді. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындау жаңа әдіс бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ биылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғаяды.  

 Базалық зейнетақы мөлшері — 15 274 теңге

Өткен жылы 1 қаңтардан бастап елімізде зейнетақы 9 пайызға, 1 шілдеде 11 пайызға артқан болатын. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 8 пайызға артып отыр. Бұл — қуанарлық жайт. Елбасымыз биылғы Жолдауында зейнетақы жүйесіне ерекше тоқталып, әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысын көбейтетінін айтты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры Ізбасар Орынбасаровтың айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы 6 пайызға артып отыр. Сондай-ақ биыл мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін мемлекеттік әлкеуметтік жәрдемақылар 16 пайызға дейін, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер 16 пайызға, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, бала тууға байланысты берілетін жәрдемақылар 6 пайызға өскен.

Біздің департаменттің міндеті — әлеуметтік төлемдерді төлеу. Олардың қатарында зейнетақы, жәрдемақы, барлық әлеуметтік төлемдер, оның ішінде мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақылар, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін төлемдер бар.

Биылғы өзгерістерге тоқталсақ, 1 шілдеден бастап елімізде базалық зейнетақы қайта есептеледі. Қазіргі кезде базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық азаматтарға бірдей мөлшерде төленеді. Қазіргі базалық зейнетақы мөлшері — 15 274 теңге. 1 шілдеден бастап 10 жыл және одан кем еңбек өтілі бар азаматтарға осы мөлшер сақталады. Бұл — күнкөріс мөлшерінің 54 пайызы. Ал бүгінгі күні төменгі күнкөріс мөлшері — 28 284 теңге. Егер зейнетке шыққан адамның еңбек өтілі 10 жылдан асса, онда әр жылға күн көріс деңгейінің 2 пайызы қосылып отырады. Яғни биыл 1 шілдеден бастап 33 жыл еңбек өтілі бар және еңбек өтілі одан асқан адамдарға 100 пайыз күнкөріс мөлшері төленеді. Мысалы, 20 жыл еңбек өтілі бар адамдарға 74 пайыз, яғни 20 930 теңге төленсе, 30 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға 26 587 теңге төленеді.

Жаңа жүйе бойынша базалық зейнетақыны қайта есептеу үшін 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі еңбек кітапшасы, диплом мен әскери билет бойынша есептелсе, 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы қорына түскен зейнетақы жарналары бойынша есептеледі, — дейді департамент директоры.

Оның айтуынша, базалық зейнетақы — еңбек өтіліне қарамайтын, қосымша төленетін зейнетақы. Базалық зейнетақы еңбек өтілі болмаса да зейнет жасына жеткен азаматтарға төленеді.

Биыл 2 706 әйел зейнеткерлікке шығады

Әйелдердің зейнеткерлік жасын өсіру туралы мәселе осыдан бес жыл бұрын қозғалған. Алайда бұл мәселеге орай заң жобасы кері қайтарылып, кейінге шегерілген. Ал биылдан бастап әйелдердің зейнет жасын арттыру қарастырылып отыр. Демек, биылғы жылдан бастап 2027 жыл аралығында, яғни 10 жыл бойы әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен артады.

Ізбасар Орынбасаровтың айтуынша, әйелдердің зейнет жасын көтерудегі басты себеп — зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша әйелдердің қажетті ынтымақты еңбек өтілінің бірте-бірте азаюы, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің ұлғаюы.

Биылдан бастап 1960 жылы 1 қаңтардан 30 маусым аралығында туған әйелдер зейнеткерлікке 58 жас 6 айда шығады. Демек, 10 жыл бойы әйелдерге 6 айдан қосылып отырады. Осылайша 2027 жылы барлық әйел зейнеткерлікке 63 жастан шығатын болады, — дейді ол.

Оның айтуынша зейнетақы жасын арттыруға байланысты өзгерістердің ерте зейнетке шығу жеңілдіктері бар әйелдерге қатысы болмайды. Атап айтсақ, бес және одан да көп бала туған әйелдер 53 жаста, сондай-ақ «Семей сынақ ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау жөніндегі» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрған әйелдер 45 жаста зейнеткерлікке шыға алады.

Бүгінгі күні қоғамда әйелдердің зейнет жасын көтеруге байланысты кереғар пікірлер бар. Халықтың бір бөлігі бұл жобаны құптаса, енді бірқатары әйелдердің зейнетке шығу жасын ерлермен теңестіру өте орынсыз деп есептейді. Алайда мамандардың айтуынша, заң барлығына ортақ. Сондықтан биылғы жылдан бастап 1960 туған әйелдер 6 ай тағы да жұмыс жасауы керек.

Департамент директорының айтуынша, бүгінде облыста 1960 жылы туған 5 262 әйел бар. Оның 2 706-сы 1960 жылдың І жартыжылдығында дүниеге келсе, 2 556-сы ІІ жартыжылдықта туған. Демек, биыл 1 шілдеде облыс бойынша 2 706 әйел зейнеткерлікке шығады.

Өткен жылы департамент қызметкерлері әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға байланысты облыс көлемінде бірқатар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, облыс бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 51 мақала, 17 сұхбат жарияланса, халықпен жұмыс жүргізу бағыты бойынша 201 кездесу, 8 семинар, 1 брифинг, 10 дөңгелек үстел, 44 қабылдау өткізілді. Осы шаралардың барлығында облыстағы әйелдерге зейнет жасын ұлғайтуға байланысты өзгерістер түсіндіріліп, жүйелі жұмыстар жасалды, — дейді І.Орынбасаров.

Оның айтуынша бүгінгі күні ең төменгі зейнетақы 33 745 теңгені құрайды. Ал базалық зейнетақыны қосқандағы зейнетақының мөлшері — 49 019 теңге. Сондай-ақ еліміз бойынша ең жоғарғы зейнетақы — 82 973 мың теңге.

«Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінде облыс бойынша барлық зейнеткердің 1998 жылға дейінгі ынтымақты зейнетақы төлеуге қатысты еңбек өтілі, барлық құжаттары туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорына жиналған зейнетақы жарнасы ескеріледі, — дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек. Егер осы жылға дейін зейнетке шығатын азамат бес жыл қызмет етсе, күнкөріс деңгейінің 54 пайызы сақталады.

  • Зейнеткерлікке жақсы шығу үшін 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ 1995 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі үш жылдағы еңбекақы мөлшері көп болуы керек. Сонда ең жоғары зейнетақы алуға болады. Көп жағдайда тұрғындар еңбекақы мөлшерін есептегенде, соңғы үш жылы ғана қажет екенін айтып, қателесіп жатады. Бұл дұрыс емес. Демек, адам неғұрлым көп жұмыс істесе, оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы да көбірек болады, — дейді Ізбасар Орынбасаров.

Айта кету керек, бүгінгі күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы — «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінде 125 қызметкер бар. Оның 70-і облыс орталығында қызмет етсе, 55-і аудандарда жұмыс жасайды.

Кеңес БІРМАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Елбасы зейнеткерлерге деген қамқорлықты ешқашан ұмытқан емес. Бұл мәселеге биылғы Жолдауында да көңіл бөліп, зейнетақы мөлшері 8 пайызға артқанын айтты. Сондай-ақ биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептелетін болды. Бұл жаңалық, әрине, облыстағы ардагерлерді бір қуантып тастады. Себебі арамызда еңбек өтілі болғанымен, ең жоғарғы зейнетақы ала алмай жүргендер бар. Сондықтан облыстың ардагерлері осындай оң өзгерістерді құп көреді.


 Біздің дерек   

*«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес, әр азаматтың зейнетақыға бөлетін жарнасы айлықтың 10 пайызын құрайды. Демек, кез келген адам өмір бойы жұмыс істеп, айлығының оннан бір бөлігін зейнетақы жарнасына аударып отырса, қартайған шағында қиналмай зейнетақысын ала алады.

*«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ зейнетақы шотын мынадай жағдайда пайдалануға болады:

– Зейнет жасына толған уақытта;

– Мерзімсіз I-II топтағы мүгедек болып қалса;

– Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударған жағдайда;

– Зейнетақы аннуитетін иеленген жинақтары жеткілікті болған кезде.

*Салымшы жазатайым дүниеден өтсе, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтар мұрагерлік жолмен беріледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button