МәселеӘлеумет

Жолдас ҚАЛМАҒАНБЕТОВ, облыстық дін істері басқармасының басшысы: Діндегі асырасілтеушілік қасіретке ұрындырады

Мамандар зайырлы қоғамда діни сауаттылықтың маңызы мен оның рөлін ерекше айтады. Себебі, соңғы жылдарда білім беру ұйымдарында жалпыға бірдей киім үлгісінің енгізілуімен шариғат заңдарын басшылыққа алатын ата-аналар мен мектеп арасында дау тудырып жүрген жайттар жиі кездеседі.

Қазір  ата-аналарының діни көзқарастарының салдарынан  облыста  245 бала мектепке бармай, білімсіз қалып отыр.  Осындай өзекті мәселелер мен өңірдегі жалпы діни ахуалға қатысты облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетовпен әңгімелескен едік.

— Елімізде, оның ішінде облыста діни ахуалды тұрақты деп бағалауға толық негіз бар десек, бұл нәтижеге қол жеткізуге бағытталған шараларда ең әуелі нені ерекше айтар едіңіз?  

— Конституциямыз айқындағандай Қазақстан —зайырлы мемлекет.  Қазақстан — дін мен мемлекеттің арасы ажыратылған ел. Дегенмен де соңғы кездері халықтың діндарлығының өсуі, діни мекемелердің көптеп тіркелуіне байланысты еліміздің дін саясатына бірқатар өзгерістер енді.  Осының нәтижесінде арнайы Қазақстан Республикасы Дін істері жөніндегі азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Бұл министрліктің жұмыс жасағанына екі жылға жуық уақыт болды. Ал облыста дін істері басқармасы 2013 жылдан бері қызмет атқарады.Басқарманың негізгі міндеті өңірде тіркелген діни бірлестіктердің тұрақты келісімде жұмыс жасауын қамтамасыз ету. Сол сияқты, діни бірлестіктердің жұмысында заңнама талаптарының сақталуы мен орындалуын қадағалау — басқарма мамандарына жүктелген міндет.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысы аумағында он түрлі діннің өкілдері өмір сүріп жатыр. Оның ең көбі — ислам және христиан діндерінің өкілдері. Ал бұл көрсеткіш республикада 18 конфессияны құрайды.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 90 діни бірлестік тіркелсе, соның 66-сы — ислам дініне тиесілі. Яғни, бұл облыс аймағында 66 мұсылман ғибадатханасы бар деген сөз.

Иә, қазір елімізде, оның ішінде облыста діни ахуалды тұрақты деп бағалауға толық негіз бар десек, бұл нәтижеге ең алдымен — елдегі діни қатынастарды нормативтік-құқықтық тұрғыдан ретке келтіру, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі тұғырларын айқындай отырып, ақпараттық-ағарту шараларын белсенді түрде жүргізудің арқасында қол жеткізілгенін ерекше айтар едім.

Бүгінде рухани байлық — дінге деген бетбұрыс көбейді, сондықтан мемлекетімізде діннің дамуына әрдайым қолдау бар. Өткен он жылмен салыстырсақ, бүгінде мешіттердің саны үш есеге өсіп отыр. Яғни, мешіттер кеңейтіліп, жөнделіп жатыр, жаңадан ашылып жатқан мұсылман ғибадатханалары бар. Соның бір дәлелі, биыл облыста жеті мешіт қолданысқа беріледі деп күтілуде. Яғни, жамағаттың діни рәсімдерді орындауына елімізде, оның ішінде Ақтөбеде ешқандай кедергі жоқ. Әрине, халықтың дінге деген бетбұрысы артқан сайын, сол қызығушылықты, дінге деген көзқарасты ұлтымыздың салт-дәстүрімен үндестіріп үйретер, ұлтымыз таныған Ханафи мазхабының ілімдерін терең білетін мамандар аса қажет. Бір сөзбен айтқанда, сондай мамандарға зәруміз.

— Мамандар мәселесін шешудің оңтайлы жолы қарастырылған ба?

— Бүгінде елімізде 9 медресе жұмыс жасайды. Соның бірі — Ақтөбеде. Ең бастысы — діни білім беретін «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс жасап тұрғасын, қазір діни сауат алу үшін білімді шетелден іздеудің қажеті жоқ. Аталған оқу орнында Ақтөбеден барған 44 бала діни сауатын жетілдіруде.   Бұл орайда, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жергілікті жерде діни мамандарды даярлау мақсатында біз Қазан қаласындағы Ресей ислам университетімен келісімге келдік. Бүгінгі таңда сол оқу орнында ақтөбелік 25 бала тегін білім алып жатыр. Олардың әрқайсысына өңір басшылығы қолдау білдіріп, көмектесіп отыр. Өзіңіз білесіз облыс әкімі өткен жылы жергілікті жердегі діни жамағаттың сұранысына байланысты арнайы медресе құрылысы үшін Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік-батыс ауданынан 5 гектар жер бөлуге ықпал еткен болатын. Биыл  сол жерден 400-ге жуық ер бала білім алатын медресе құрылысы басталмақ. Сонымен қатар медресе жанында өзінің мешіті мен жатақханасы, ұстаздардың тұрғын үйі үшін де арнайы жер бөлінді. Бұл тек қана Ақтөбе облысы үшін емес, еліміздің батыс өңірлеріне де діни мамандарды даярлайтын оқу орны болмақ. Міне, осындай шаралардың барлығын мемлекеттің дінге деген қамқорлығы деп түсінген абзал.

— Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету әрі әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосу мақсатында елімізде «Уақып» қорының құрылғанын білеміз. Қазір бұл қордың Ақтөбе үшін үлесі қандай?

— Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен  «Уақып» қоры құрылды. Өзіңіз айтқандай, бұл қор еліміздің бірлігі мен тыныштығын, тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған тобы мен мүгедектерге көмек көрсетуді, балалар мен жастардың физикалық және интеллектуалдық дамуын қолдауды, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуды, мамандардың біліктілігін көтеруді, сондай-ақ шалғайда орналасқан діни бірлестіктердің әлеуметтік мәселелерін шешуді көздейді. Бүгінгі таңда «Уақып» қоры облыстағы 66 мешіттің 23-не қолдау танытып отыр. Яғни, шалғайдағы мешіттердің имамдарына ай сайынғы еңбекақы  осы қордың қаражаты есебінен төленеді. Осындай нақты мысалдардан-ақ мемлекеттің дінге қарсы емес, керісінше қай-қай діннің болмасын, елімізде тұрақты дамуына үлес қосып келе жатқанын сезінуіміз керек. Дегенмен де,  діннің атын жамылып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, жалпы ұлттық мәдениетімізге қарсы келіп жүрген діни ағымдар да қоғамда бар. Мұны біз «жат ағым» немесе «псевдосалафиттер», яғни «жалған салафилер» дейміз.   Салаф дегеніміз кім? Ислам дінінің пайда болуындағы ең алғашқы кезеңде өмір сүрген адамдарды «сәләфтар» дейді. Олар — Пайғамдардың көзін көрген, діннің пайда болу дәуірінде өмір сүргендер. Ал бүгінде өзін «сәләфпін» деп санайтындардың оларға ешқандай қатысы жоқ. «Сәләф» деп исламның алғашқы үш дәуірінде өмір сүрген адамдарға ғана айтылады. Бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқандардың өзін «сәләфпін» деп айтуға ешқандай хақысы жоқ.   Себебі, олар Пайғамбардың көзін көрген жоқ, Пайғамбардың көзін көрген сахабалардан білім алған жоқ. Сондықтан өзін «сәләфпін» дейтіндерді біз «жалған салафиттер» дейміз.

— Сонда бұлар қайдан келді, қайдан жүр?

— Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы кездерде бізде діни білім беретін оқу орындары болмады. Қазақтың дәстүрімен үндескен ата дінімізді насихаттайтын адамдар да өте аз болды. Себебі, кеңес заманында жетпіс жыл дінсіз қоғамда өмір сүрдік. Сол себепті, қазақ елінің көптеген азаматы, әсіресе жастар шетелдерден білім алуға ұмтылды. Солар шетелдің дәстүрімен сіңіскен дінді бізге алып келіп, қазақ қоғамына орнатуға кірісіп кетті. Мысалы, ислам діні бір дегенмен, әр елдің діні өзінің ұлттық салт-дәстүрімен байланысып жатады. Мәселен, келіннің атаға сәлем салуы —  қазақта ғана бар дәстүр. Ал шетелден діни білім алып келген азамат бұл дәстүрге мүлдем тыйым салады. Олардың түсінігінде Алладан басқаға бас июге болмайды. Сондықтан олар:  «ата-енеге сәлем салмаңдар» деген мәселелерді айтады. Сосын осындай түсінікпен-ақ қоғамға зиян келтіреді.

— Осындай дін жолынан адасқандарға түсіндіру жұмыстарынан бөлек қандай шаралар қолға алынады?

— Бүгінгі таңда облыста «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы жұмыс жасайды. Осындай мекемелер облыстың 5 ауданында да ашылды. Оның құрамына білікті теологтар қызметке алына бастады. 2016-2017 жылдармен салыстырар болсақ,  қазір теологтар саны екі есеге өсті. Өзіміздің білікті мамандарымыз пайда болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да біздің бұл ісімізді жан-жақты қолдап келе жатыр. Бүгінгі таңда облыстағы барлық мешіт білікті мамандармен толықтай қамтамасыз етілді. Мамандарымыздың түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде былтыр аймақта жат ағымның жетегінде жүрген 400-ге жуық адам дәстүрлі дінді ұстануға көшті.

Қазір біз екі бағытта жұмыс жүргіземіз. Оның бірі — теріс ағымның жетегінде жүргендермен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, екінші бағыт — жалпы жұртшылықты тура жолдан таймас үшін кереғар теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында жүргізілетін профилактикалық шаралар. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен «Есігімді қаққан кім?» атты қойылым жұртшылық назарына ұсынылған болатын. Биыл осы мақсатта облыстық бюджет есебінен «Қара жол» атты көркем фильм түсірілді. Қазір елімізде кино өндірісі жақсы дамығанмен, діни мақсатта түсірілген кинолар саусақпен санарлықтай. Бұл — Ақтөбе облысының осы бағытта қосқан үлкен үлесі деп білеміз. Сонымен қатар, биыл тағы бір спектакль дайындалды. «Үлкен сұрақ» аталатын қойылымды ақтөбелік жұртшылық жақын аралықта театр ұжымының орындауында тамашалайтын болады.

Бүгінде кез келген адам жат ағымның жетегінде жүргендерді айыратын дәрежеге жетті. Әрине, қазақта «батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» деген сөз бар. Сондықтан бұл мәселе қоғамда осындай іс-шаралардың арқасында оңтайлы шешімін тауып келеді.

Дін саласында кейбір мәселелер заңдық тұрғыдан шешуді қажет етіп жатады. Үстіміздегі жылы діни мәселелерге байланысты елімізде онға жуық Заңға 40-қа жуық өзгеріс мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде. Енді ғибадат үйіне некеге тұруға барған адамнан ең бірінші АХАТ бөлімінің қағазы сұралады. Егер мемлекеттік органның құжатынсыз ғибадат үйінде неке қиылса, неке қиған жан жауапқа тартылады. Сол сияқты, қоғамдық орындарда тұмшаланып, бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім кигендер де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жаңа Заңға енгізілетін өзгерістердің бірі — осылар.

Бүгінгі күні мектеп формасы үлкен мәселеге айналып отыр. Мұның себебі діндегі асырасілтеушіліктің әсерінен туып отыр деп санаймын. Егер әрбір мұсылман орамалды тағуды парыз етілген күннен бастап ұстанатын болса, бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтерілмеуі де мүмкін еді. Себебі, біздің кейбір жерлестеріміз балаларын балабақшада, бастауыш сыныптарда да орап қойып отыр. Балиғатқа толмаған балаға орамал тағу — исламда міндеттелмеген амал. Екіншіден, әрбір адам аурухананың, өндіріс орындарының, қасиетті орнымыз —  мешіттің де ішкі талап-ережелерін сақтайды. Ендеше неге мектептің ішкі талап-ережесіне бағынбауға тиістіміз? Ежелде қазақ үшін мешіт мектептің де рөлін атқарған. Себебі, балаларымыз медресеге барып, мешіт жанынан  хат таныған. Әрине, қазір қоғамда мешіт өзінің діни қызметін атқарса, мектеп зайырлы білім берумен айналысады. Сондықтан мектепті мешіттен жоғары да, төмен де қоюға тиісті емеспіз. Мектеп — қадірлі, қастерлі орын. Мектептің талап-тілегін орындауға міндеттіміз.

Жаңа оқу жылының басында 394 бала мектепке орамал тағып келді. Қазіргі таңда олардың 245-і қалып отыр. Яғни, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 149 оқушының ата-анасы балаларының білім алуын мақсат етіп, мектеп формасын сақтауға көшті.  Қалған ата-аналар да мектеп талаптарын орындауы тиіс.

— Мұндай жағдайлар облыстың қай өңірлерінде көптеп тіркелді?

— Ақтөбе қаласы мен Алға, Мұғалжар және Темір аудандарында осындай деректер  тіркеліп отыр. Әрине, теологтардың, ұстаздар қауымының, жергілікті атқарушы органдардың келтіріп жатқан дәлелдеріне құлақ асып жатқан ата-аналар бар. Өңірдің барлық аудандарында шаралар өткізіп, білім алудың басты парыздардың бір екендігін түсіндіріп жүрміз.  Соның нәтижесінде соңғы аптада Ақтөбеде — 27, Алғада — 6, Темірде — 33 , Мұғалжарда 18  оқушы мектеп формасын сақтап, білім алуда.

Өз басым, балиғат жасына толмаған баланың орамалды өз еркімен тағады деген пікірмен келіспеймін. Меніңше, әрбір адам оңы мен солын танығаннан кейін ғана өз шешімімен дінге келгені орынды.  Дінде міндеттеу, мәжбүрлеу болмауға тиіс.

 Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button