Розаның ұлттық киімдері Үндістанға «барады»


Өткен жылдың соңында Алматы қаласында «Қазақстанның жыл көйлегі —2017» ұлттық байқауы өтті. Ақтөбелік жас дизайнер Роза Бисекенова бұл байқауда II орынды иеленіп, наурыз айында Үндістанда өтетін «Dress of the World» Халықаралық сән байқауына жолдама алды.
Роза Бисекенова 2011 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін дизайнер мамандығы бойынша тәмамдады. Бала күнінен анасының ою ойып, киім тіккенін көріп өскен ол, қазақтың қолөнеріне ерекше қызықты. Қолына ине-жіп ұстап, тігіншілікке ден қойды. Бүгінде Роза кәсіпкерлікпен айналысып, Ақтөбе қаласында өзінің тігін ательесін ашты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен білікті сәнгерлер мен дизайнерлер бақ сынаған «Қазақстанның жыл көйлегі — 2017» байқауында жерлесіміз ұлттық нақышта тігілген «Назерке» және «Ұлы дала» атты көйлектерін ұсынды. Мұндай ірі байқауға алғаш рет қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген жас дизайнердің жұмыстары көрер көзге ерекше қуаныш сыйлайды.
— Бұл байқауға ұзақ дайындалдым. Көйлектің эскизін түсірудің өзіне бір айдан астам уақыт жұмсалды. Үлкен кісілердің кеңесін алып, ұстаздарыммен ақылдастым. Жалпы, байқау шарты үш тақырыптан тұрды. Ұлттық киімдер бойынша, этно стильде және еркін тақырыпта. Мен екі көйлегімді ұсындым. Біріншісі — этно стильде тігілген «Ұлы дала» көйлегі. Бұл көйлекте кең-байтақ даламыз, көгілдір аспанмен ұштасқан тауларымыз, ауылдағы киіз үйлер бейнеленіп, түйелерге жалғасады. Кәжекейі мен бас киімінде орналасқан ою-өрнегі жүннен дайындалды. Төрт түліктің таңбалары да осы кәжекейден табылады. Көйлекпен бірге дайындалған қазақтың ұлттық ыдысы торсық та бұл топтаманы толықтырып тұрады.
Ал қошқар мүйіз стилі қолданылған екінші көйлекке «Назерке» деп ат берілді. Бойжеткендерге арналған көгілдір түсті көйлек нәзіктіктің, алтын түсті ою-өрнектер мен маржан тастар салмақтылылықтың белгісі. Баскиімі де өзгеше үлгіде жасалынып, қазақи ұзын салпылдақ сырғаларымен жалғасады. Иығындағы тастармен көмкерілген оюы қазақ қыздарының иықтарының сымбатты екенін көрсете түседі. Қынама белбеуге жалғасқан ою-өрнегі әсемдікті толықтырады. Шашына тағылған шолпысы да осы топтамамен үйлесім тауып тұр, — дейді көйлектің бар болмысын ашып таныстырған дизайнер.
Ендігі кезекте Роза Үндістанда өтетін дүниежүзілік байқауға киім үлгісін дайындап жатыр.
— Дүниежүзілік байқау еркін тақырыпта болғандықтан, қазақтың ертеден келе жатқан киімін алып шығуды ойластырып жүрмін. Ұлттық киімдерді тігудің жауапкершілігі де мол. Қазақтың ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, басқа дизайнерлердің жұмыстарын қайталамау керек. Дүниежүзінің әр мемлекеттерінен қатысатын ауқымды шараға Қазақстанның атынан баратын болғандықтан, өзіміздің ұлттық киімімізді насихаттауымыз керек деп ойлаймын. Шетелдіктерді ұлттық ою-өрнектерімізбен таңғалдыра аламыз, — дейді ол.
Дизайнердің айтуынша, бұл байқауда модель қыздарды таңдау да өте маңызды. Дене сымбатына қарай ғана емес, оның сырт келбетіне, көйлектің образын аша алатын қыздарды кастинг арқылы таңдап алыпты.
Роза сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы «Руханият» музейіндегі «Шебер Арт» клубының мүшесі. Өткен жылдың наурыз айында «Ою ойдым өмірімді өрнектеп» атты өзінің жеке көрмесін ұйымдастырды.
Бүгінде өзінің ашқан ательесінде ұлттық нақыштағы заманауи киімдерді тігеді.
— Астана қаласында Гүлназ Сисембаева деген дизайнермен бірге бір жарым жылдай уақыт жұмыс істедім. Сол кісіден сабақ алып, өнерімді шыңдадым. Кейіннен өзімнің жеке тігін орталығымды ашуға қызығушылық пайда болды. Сол ойым сәтті жүзеге асып, бүгінде жұртшылықтың тапсырысына қарай, түрлі киімдерді тігеміз, — дейді ол.
Роза қаңтар айының басында Астана қаласында өткен «Қысқы шабыт» атты Халықарлық байқауда жеңімпаз атанды. Бұл байқауда да Алтын адам мен Томирис ханшайымның, басқа да ұлттық нақышта костюмдерді ұсынды. Жалпы, Ақтөбе қаласындағы дизайнерлер арасында ұйымдастырылатын дефильелерге тұрақты түрде қатысып, өзінің жеке көрмелерін ұйымдастырып тұрады. Ендігі мақсаты — алда өтетін дүниежүзілік байқауда жүлделі орыннан көрініп, сән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыру.
Бүгінде ұлттық нақышта тігілген киімдерге сұраныс жоғары. Қыз-келіншектерге ерекше көрік беретін бұл киімдер сән әлемінде ерекше орын алады. Сол себепті Роза секілді дизайнерлер ұлттық киімдерімізді халықаралық деңгейге шығарып, жаңғыртуы керек.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.





