Әлеумет

Ендігі бір шаруа — егіс

Нәсібін қара жерден теріп жейтін диқандардың қызу науқаны басталады.

Былтырғы қуаңшылыққа қарамастан, облыста биыл да  дәл сол көлемде егін егілмек. Биыл 791 мың гектар жерге дән себіледі деп  күтілуде. Сондай-ақ майлы дақылдардың көлемі былтырғымен салыстырғанда 4 мың гектарға, ал көкөністердің көлемі 1300 гектарға артып отыр.

Санаулы күндерден кейін егіс даласында жұмыс  қызады. Диқандар жер жыртып, дән сеуіп іске кіріседі. Жалпы облыстың егін егуге дайындығы — тоқсан пайыз. Биылғы жылы әдеттегідей, егіншілерге мемлекет тарапынан біраз қолдау көрсетіліп отыр. Көктемгі егіске 10 мың тонна жанармай бөлінген. Ауылшаруашылық министрлігінің бекітуімен көктемгі  егіс кезінде оның құны 62 теңгеден ауытқымайды деп күтілуде. Ал Мұнай және газ министрлігі  бұл бағаны науқан аяқталғанша бір қалыпта ұстап тұрудың  қиындығын айтады. Әйтсе де, облыстағы диқандарға жанармай құны одан да арзанға түспек. Облыстық бюджеттен бөлінген  қаржының есебінен жанармай құны 41 пайызға арзандамақ. Есептеп келгенде 1 литр жанармайдың бағасы 36 теңге 46 тиын болмақ. Бұл — облыстағы шаруа қожалықтарына көрсетіліп отырған жақсы көмек.

Тұқымды  несиеге алуға болады

Былтыр облыстың кейбір аймақтарында болған  қуаңшылықтың салдарынан егін шықпай қалды. Егіншілер  түсім  түгілі, еккен тұқымдарын да қайтара алмады.

—  Өткен жылы  Алға, Қобда, Мәртөк, Әйтеке би аудандарының біраз шаруа қожалықтарында егін шықпай қалды. Олар біраз шығынға ұшырады. Осындай диқандарға көмек ретінде облыстық  бюджеттен 250 миллион теңге бөлініп, ол қаржыға тұқым сатып алу көзделіп отыр. Бұл диқандарға несие ретінде  беріледі. Несиенің пайызы  банктермен салыстырғанда төмен. Алты пайыз. Қазір  аталған аудандардың шаруа қожалықтары тұқымдармен қамтамасыз етілуде.

Былтыр облыста микронесиелік мекеме құрылды. Тұқым алғысы келгендер сол мекеме арқылы тұқымды алып, күзгі орақ кезінде аздаған үстемемен қайтарады, — дейді облыстық ауылшаруашылық департаменті егіншілік бөлімінің бастығы Жолтума Рахметов.

Ал тұқым алушылар несиені қолма-қол ақша түрінде қалталарына сала алмайды. Олар алдымен, өз аудан басшыларына қанша көлемде тұқым қажеттігі жөнінде тілек білдіреді. Сосын аудан несие беретін мекемеге сұраныс жібереді. Кейін несие беретін мекеме тұқым сататын жермен келісімге отырады. Бірі қажетті қаржыны аударса, екіншісі, тұқымды тиісті ауданға аттандырады. Содан әр шаруа қожалығы өзінің сұранысына сай қажетті  тұқымын алады. Диқандар несиені күзде қайтара алмай қалған жағдайда,  келесі жылға  шегеріледі. Бұл ретте  банктердегі секілді пайыздық қарыз көлемі көп болмайды. Тек азғантай өсім қосып төлейді.

Біздің облыс тұқыммен толық қамтамасыз етілген. 10 тұқым шаруашылығы жұмыс жасайды. Егілетін дәндердің сапасы мен сорттарына байланысты бағасы да әртүрлі.

Диқандарға қолдау бар

Жалпы, егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарына  республикалық, облыстық деңгейде жақсы қолдау көрсетіліп отыр.

Мысалы, республикалық бюджеттен егін шаруашылығына қажетті заттарды алуға және шығындарын жабуға 417 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінсе, облыстық бюджеттен 50 миллион 400 мың теңге субсидия қарастырылған. Тыңайтқыштарды арзандатуға 34 миллион теңге және элиталық тұқым құнын төмендетуге 31 миллион теңге республикалық бюджеттен тағы бөлінген.

Диқандарға мемлекет тарпынан қолдау болып тұр, енді тек табиғат анамыз дем беріп, оң қабақ танытса…

Биыл өнім қалай болмақ?

Ол жайында алдын ала дөп болжау қиын. Бәрі де  түсетін жауын-шашынға байланысты.

— Қазір ауа райы қолайлы болып отырғанымен, нағыз егінге қажетті кезде жауын жаумай қалса, тағы да қуаңшылыққа ұрынуы мүмкін. Сондықтан бәрі де табиғатқа байланысты. Болжам айтуға ерте. Кешегі соңғы жауған қардың есебінен әзірге жер ылғалды болып тұр. Тағы жаңбыр жаумаса, жағдай қиын болуы мүмкін. Республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда біздің облыстағы ылғал төмен. Мүмкін, қыста болмаған ылғал жазда  жауар. Әсіресе, дән салу кезінде жауған жауынның пайдасы зор.  Содан кейін түбірленуі  және  гүлденуі кезінде ылғал мол болса, онда егін жақсы өнім береді, — дейді Жолтума Рахметов.

Былтыр бармағын тістеп қалған диқандар биыл егіннен үлкен үміт күтіп отыр. Қуаңшылыққа тап болып, кеткен шығынын осы жылы қайтарамыз деп үміттенеді. Егін егуден бас тартып жатқандар некен-саяқ.

Шаруа қожалықтарының  ауыл шаруашылығы техникасына да сұраныстары жақсы. Мысалы, биыл  облыс бойынша техниканы  лизинкке  берумен айналысатын «КазАгроФинанс» мекемесіне 650 миллион теңге көлемінде сұраныс түскен. Ал облыстық деңгейдегі компанияларға сатып алушылар тарапынан 180 миллион теңгеге сұраныс  берілген.

Бидайдың бағасы

Тірнектеп жиған  дәнін тиімді бағаға тапсырып, пайдасын көру кез келген диқанның тілегі. Бірақ ол мақсаттарына қол жеткізу оңай емес екені анық. Былтыр астықтың бағасы түсіп кетті. Бұл онсыз да қуаңшылыққа тап болған егіншілер үшін  жағымсыз болды.

— Былтыр  астықтың бағасы жоғары болады деп күтіп отырғанымызда, аяқ астынан арзандап кетті. Шаруа қожалықтарын қинап отырған да осы жағдай. Әлі күнге дейін былтырғы өнімін сатпағандар да бар. Олар мемлекеттен алған несиелерін қайтара алмай жүр. Тіпті, екі-үш жыл бойына қарыздары барлар да кездеседі.

Бидайдың бағасын реттейтін басқа мекеме, олардың орақ науқаны кезінде қандай баға қоятынын білмейміз. Сондықтан бұл жөнінде ештеңе айта алмаймын, — дейді Ж. Рахметов.

Арзан жанармайды тізім бойынша береді

Жоғарыда айтып өткеніміздей, егіс науқаны кезінде берілетін арзан жанармайды тек  алдын ала сұраныспен тізім арқылы алуға болады. Әр ауданның егіс көлеміне байланысты бөлінеді. Әр дақылдың түріне, гектарына сәйкес есептелінеді. Әр ауданда құрылған арнайы комиссия тексеріп,  тізім құрып, реттеп отырады. Содан кейін операторлар қажетті  диқанға  тізімде көрсетілген көлемде жанармай береді.

P.S.«Егін ексең тыңға, шықтым дей бер шыңға» демекші, біздің облыс диқандарының шыңға жетуі үшін жағдай жасалып отыр. Тек ауа райы оң қабақ танытсын деп тілейміз. Ал  түскен өнімді қолайлы бағаға өткізу жайындағы мәселе  алдағы күндердің үлесінде. Оған уақыты келгенде қайтып ораламыз.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button